Жалпы клиникалық сипаттамасы
Шизофрения жеке ауру ретiнде алғаш немiс психиатры Э.Крепелинмен бөлiніп қарастырылды. Ол гебефрения (Е.Геккер), кататония (К.Кальбаум) және параноидтар (В.Маньян) диагнозы қойылған науқастар тобын алып, катамнездерін бақылағанда, оларда алыс кезеңде өзiне тән ақыл кемдігі дамығанын байқаған. Осыған байланысты Э.Крапелин осы үш топ ауруларды бiрiктiрiп, оларды ерте ақыл кемдігі деген атаумен атады (dementia praecox). Жеке ауру ретінде қарастыра отырып, бұл дерттің жазылу мүмкіндігін ол жоққа шығармады. Мұндай жiктеу принципiндегi танымал қайшылық өзiне назар аудартты және сын көзбен бағаланды.
Кейiнiрек швейцария психиатры Е.Блейлер (1911ж) бұл ауруға жаңа атау «шизофрения» (грекше шизо – ыдырау, френ - жан) терминiн ұсынды. Е.Блейлер бұл ауруға өзіне тән ақыл кемдігі жағдайымен аяқталу емес, тұлғаның психикалық үрдістерінің ерекше диссоциациясы, оның дертті үрдіс нәтижесіндегі арнайы өзгерісі тән деп есептеді. Ол бұл дерттің біріншілік және екіншілік белгілерін ажыратты. Бiрiншiлікке ол науқастың әлеуметтік контактын жоғалтуын (аутизм), эмоциональдылықтың кедейленуін, психиканың ыдырауын (ойлаудың ерекше бұзылыстары, әртүрлі психикалық көріністер арасындағы диссоциация және т.б.) жатқызды. Осы психикалық бұзылыстардың барлығы тұлғаның шизофрениялық тип бойынша өзгеруі ретінде қарастырылды. Бұл өзгерістерге шизофрения диагностикасында шешуші мән беріледі.
Е.Блейлермен екiншi реттiк деп танылған басқа психикалық бұзылыстар сенестопатиялармен, иллюзиялармен, галлюцинациялармен, сандырақтық идеялармен, кататониялық және т.б. бұзылыстармен көрінеді. Бұл бұзылыстарды ол шизофрения диагностикасында мiндеттi деп санаған жоқ, себебi олар басқа ауруларда да кездеседi, дегенмен олардың кейбiрi шизофренияға аса тән болып келеді.
Шизофренияның жеке формалары анықталып, суреттелді. Оның үш классикалық: гебефрениялық, кататониялық және параноидты формаларына төртiншi – қарапайым формасы қосылды. Кейiнiрек басқа да формалары суреттелді: ипохондриялық, кезеңдік және т.б. Формаларды жетекшi синдром негiзiнде бөлiндi. Бiрақ, клиникалық бақылаулардың көрсетуi бойынша шизофренияның әртүрлi формаларында тән психопатологиялық симптоматика өзiнiң тұрақтылығымен ерекшеленбедi. Бастапқы кезде қарапайым формада өткен ауру, кейін келе параноидты және басқа формалардың психопатологиялық белгiлерімен көрініс беруі мүмкін болды.
Шизофренияның психопатологиялық көрiністері көп түрлiлiгiмен ерекшеленедi. Өздерiнiң ерекшелiктерiне байланысты олар негативтi және продуктивтi болып бөлiнедi. Н е г а т и в т i функциялардың түсіп қалуы немесе бұрмалануын білдіреді, п р о д у к т и в т i – ерекше психопатологиялық симптоматиканың пайда болуымен: галлюцинация, сандырақ, аффективті күйзеліс және т.б. сипатталады. Науқастың психикалық жағдайында олардың арақатынасы және айқындылық дәрежесі аурудың үдемелілігі мен формасына тәуелдi.
Шизофренияға, атап кеткендей, науқас тұлғасының өзгерiсiмен сипатталатын ерекше бұзылыстар тән. Бұл өзгерістердiң айқын көрінуі ауру үрдісінің қатерлiлігін көрсетедi. Бұл өзгерістер науқас тұлғасының барлық психикалық қасиеттерiне қатысты. Дегенмен интеллектуальды және эмоциональды бұзылыстар аса тән болып келеді.
И н т е л л е к т у а л ь д ы бұзылыстар ойлау бұзылысының әртүрлi вариантымен көрiнедi: науқастар бағынбайтын ой ағынына, кідірісіне, параллелизміне және т.б. шағымдар айтады. Оларға кiтаптан оқыған тексттiң мазмұнын түсiну қиын және т.с.с. Жеке сөйлемдерден, сөздерден ерекше мағына түйсіну, жаңа сөздер ойлап табуға (неологизмдер) тенденция бақыланады. Ойлау жиі қалқымалы болып келеді, сөздерінде логикалық байланссыз бiр тақырыптан бiр тақырыпқа ауысу байқалады. Дертті өзгерістер тереңге кеткен науқастардың сөздеріндегі логикалық ретсіздік сөз үзілісі (шизофазия) сипатын алады.
Э м о ц и о н а л ь д ы б ұ з ы л ы с т а р моральды-этикалық қасиеттердi, үйірлік және жақындарына деген аяныш, түсіністік сезімін жоғалтудан басталады, ал кейде бұл жеккөру және ызалылық сезімімен бірге жүредi. Сүйiктi ісіне қызығушылық төмендеп, уақыт өте келе тiптi жоғалады. Науқастар ұқыпсыз, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамайды. Аурудың елеулi белгiсi олардың жүріс-тұрыстарының ерекшеліктері де болып табылады. Оның ерте белгiлерi науқастың тұйықталуы, туыстарынан алшақтау, қылықтарындағы оғаштықтар: бұрын науқас тұлғасына тән болмаған ерекше iс-әрекеттер, жүріс-тұрыс мәнері байқалады және осы әрекеттерін ешқандай жағдаймен байланыстыруға келмейді.
Сонымен қатар шизофренияға өзiндiк сенестопатиялық көрiністер тән: басында және дененің басқа да бөліктеріндегі жағымсыз сезiмдер. Сенестопатиялар түсініксіз, оғаш сипатта болады: науқастар миының жарты шарының кернеп тұрғанына, асқазанның кебуiне және т.с.с. шағымдар айтады. Сенестопатиялық көрiністердің орналасуы соматикалық ауруларда болатын ауру сезiмдеріне сәйкес келмейдi.
Қабылдау бұзылуы жиі есту галлюцинацияларымен және әртүрлi сезім мүшелерінің әрқилы жалған галлюцинацияларымен көрінеді: көру, есту, иiс сезу т.б. Сандырақтық күйзелістер ішінен сандырақтың әртүрлi формаларын бақылауға болады: паранойяльдi, параноидты, парафрендi, ерте сатыларында - жиі паранойяльды. Шизофренияға авторларының есімімен Кандинский-Клерамбо синдромы деп аталатын псевдогаллюцинациялармен бірге жүретін физикалық әсер ету сандырағы айтарлықтай тән болып келеді.
Қозғалыстық – ерiктік бұзылыстар өздерiнiң көрініс берулері жағынан көпқилы. Олар ерікті әрекеттер бұзылысы түрiнде де және күрделi еріктік актiлер патологиясы формасында да көрінеді. Ерікті әрекет бұзылысының көрнекі түрi кататониялық синдром болып табылады. Кататониялық синдром құрамына кататониялық ступор және қозу кiредi. Кататониялық ступордың жеке өзiнiң екi түрi болуы мүмкiн: люцидтi және онейроидты. Люцидтi ступор кезiнде науқастарда қоршаған ортада қарапайым бағдарлау және ондағы құбылыстарды бағалау сақталады, ал онейроидты жағдайда науқас санасы өзгерген. Люцидтi ступор жағдайынан шыққан науқастар сол кезеңде болған оқиғаларды есiне сақтайды және әңгімелеп бередi. Онейроидты жағдайдағы науқастар ступорозды күйде өздерін жаулап алған фантастикалық күйзелістер мен елестер жөнінде әңгімелейді. Ступорлық жағдай кататониялық қозу жағдайы сияқты күрделi психопатологиялық құрылым, оның құрамына әртүрлі симптомдар кiредi. Бұл синдромдар жөнінде нақтырақ 9-тарауда жазылған.
Күрделi ерiктiк актiлер, ерiктiк үрдістер дерт әсерiнен бірқатар бұзылыстарға ұшырайды. Апатия және сылбырлықпен аяқталатын еріктік белсенділіктің төмендеуі аса тән болып келеді, еріктік бұзылыстардың айқындылық дәрежесі дерттің үдемелілік дәрежесіне байланысты болып келеді. Кейбiр науқастарда қандай-да бір дертті идеяларға және сенімдерге байланысты белсендiлiк артуы мүмкiн. Мысалы, сандырақ идеяларымен науқастар аса ауыр қиындықтарды жеңе алады, инициатива мен табандылық танытып, үлкен жұмыстар атқарады. Науқастардың сандырақтық идеяларының мазмұны әртүрлі болады. Сонымен қатар ол заман рухын және әлеуметтік маңызды құбылыстарды бейнелейдi. Егер ежелгі заманда науқастар сиқырлы күштер, дiни мотивтер басым орын алған болса, ал қазiр ғылым мен техниканың жетiстiктерi жиі көрініс береді.
Шизофренияның тұрғындар арасында таралу дәрежесі ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан маңызды мәселе болып отыр. Оған жауап табудың қиындығы тұрғындар арасында мұндай науқастарды толық анықтау мүмкінсіздігінде болып отыр. Бұл шизофрения болмысын түсіндіретін сенімді мәліметтердің және оны анықтайтын диагностикалық критерийлердiң жоқ болуымен байланысты. Қолымызда бар эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелерi мен статистикалық деректер оның таралуы барлық елдерде бірдейлігін және жалпы тұрғындарға шаққанда 1-2 % құрайтынын көрсетті. Шизофрения дамушы елдерде сирек кездеседі деген бастапқы мәлімдеме дәлелденген жоқ. Дамушы елдерде арнайы жүргiзiлген зерттеулер нәтижесiнде шизофрениямен науқастардың саны 1000 тұрғынға шаққанда Европа елдерiндегi шизофрениямен науқастар санына сәйкес келдi. Тек бұл дерттің клиникалық көріністерінің қандай-да бір түрлерінің кездесуінде айырмашылықтар болды. Дамушы елдерде тұратын науқастар арасында сана шатасуымен жедел жағдайлар, кататониялық көріністер жиi кездеседi.
Шизофрения кез-келген жас кезеңінде басталуы мүмкін. Дегенмен шизофрения дамуына аса тән жас кезеңі 20-25 жас. Шизофренияның бастапқы клиникалық көріністерінің кейбірінің өзiндiк оптимальды мезгiлі бар. Параноидты көріністермен шизофрения нефроз тәрізді симптоматикамен жиі 30 жастан кейiн, ойлау бұзылысы көрінісімен – жасөспірімдік шақта басталады. Ер адамдарда әйелдерге қарағанда ауру ерте басталады. Клиникалық көрінісінде де науқас жынысына қарай ерекшеліктер болады. Әйелдерде ауру жедел өтедi, әртүрлі аффективтi патология жиі және айқынырақ болады.
Ауру көпжылдық созылмалы, үзiлiссiз немесе ұстамалы ағыммен ерекшеленеді. Үзiлiссiз ағымында ауру қатерлi дамиды және 3-5 жыл ішінде ауыр, тұлғаның соңғы өзгерісі жағдайына алып келуі мүмкін. Соңғы күйдің типті формасы апатиялық ақыл кемдігі болып табылады: науқастар әрекетсiз, ешнәрсеге қатыссыз, сөздерi монотонды. Оларды қарапайым жұмыстарға баулу қиын. Соңғы жағдай көрінісi ортақ тән белгiлермен көрініс бере тұра әртүрлі болып келеді. Тұлғаның өзіне тән ауыр өзгерістерімен: апатия, аутизм, ойлау бұзылыстарымен қатар – басқа да психикалық бұзылыстар болуы мүмкін, олар бірігіп соңғы жағдайлардың кең спектрін құрады.
Қосымша психикалық бұзылыстарға фантастикалық жүйеленбеген сандырақтық идеялар, галлюцинациялар, ойлаудың шизофазиямен көрінетін ерекше бұзылыстарын және т.б. жатқызуға болады. Мұндай қолайсыз нәтиже шизофренияның қатерсіз ағымында да байқалуы мүмкiн, бiрақ аурудың ұзақ ағымынан кейiн дамиды. Шизофренияның үзiлiссiз ағымының өзінде де салыстырмалы түрде қолайлы нәтиже болуы мүмкiн. Ауру дамуының жеке сатыларында, және де кейінгі кезеңдерінде де дертті үрдіс психиканың терең емес зақымдану симптомдарымен (тұлғаның айқын өзгерістерінсіз невроз және психопатия тәрізді, редуцирленген галлюцинациялар және сандырақтық идеялармен) көрінуі мүмкін. Осындай жағдайларға және аурудың белгiлерiн толық жоюға ем нәтижесінде қол жеткізуге болады.
Ұстама тәрiздi ағымда ауру ұстамаларының ашық аралықтармен кезектесуі бақыланады. Ауру ұстамасы жедел психопатологиялық жағдайлармен сипатталады. Галлюцинаторлы, сандырақтық немесе басқа психопатологиялық көріністер эмоциональды кернеулiс күйімен - қорқыныш, депрессия, көңiл-күйдiң көтерiлуiмен, кейде сана бұзылысымен бiрге жүреді. Аурудың ұстама тәрiздi ағымында науқас тұлғасының өзгерістерi айқын болмайды. Тұлғаның бұл өзгерістері жөнінде ұстама аралық кезеңдерде ғана дөп басып айтуға болады, өйткені ұстама кезінде олар аурудың психопатологиялық көріністерімен бүркемеленеді. Ұстамалар санының көбею дәрежесіне байланысты науқастардың тұлғалық өзгерістері күшейе түседi. Сонымен бiрге ұстама аралық кезеңде байқалатын қалдық симптомдар да күшейедi. Науқастарда ұстама саны оның өмір кезеңінде әртүрлі, жиі 2-3 рет болады. Ауру ағымының көрсетілген нұсқалары бір науқаста қатаң сақталмайды. Үзiлiссiз ағымнан ұстама тәрiздi ағымға өтіп, немесе керiсiнше болуы мүмкiн. Дегенмен ауру ағымындағы ортақ тенденция анық көрініп тұр, науқас жағдайы мен дертті күйдің келесі динамикасы арасында тәуелділік бар, бұл байланыс дерттің жақын арадағы, және де алыс кезеңдегі салдарын болжауға мүмкіндік береді.
Шизофренияны жеке ауру ретінде қабылдағаннан бері клиникалық көріністерiнің әрқилылығына және дерттің әртүрлі аяқталуына байланысты жүйесін құруға көптеген әрекеттер жасалды. Шизофренияның клиникалық көріністерін ары қарай зерттеулер мәліметтері оның көпқырлылығын 4 формаға сыйғызу қиындығын көрсетті. Басқа да формалары ажыратылды: ипохондриялық, тон тәрiздi, кезеңдік және т.б. Шизофренияның неврозбен және психопатиямен науқастардағы көріністерге ұқсас клиникалық белгiлерi суреттелді. Бұл тек сыртқы ұқсасатық болып табылады. Оларды тексергенде тұлғалық өзгерістердiң күшейгендiгi байқалады. Ұзақ катамнездік бақылау арқылы арнайы клиникалық тексерулер шизофренияны жүйелендірудің маңызды критерийлерiн анықтауға мүмкіндік берді. Бұл критерий ауру ағымының принципi – шизофрениялық үрдістің үдемелілік ерекшелiгi болып табылды. А.А.Снежневскиймен мұнымен қатар аурудың психопатологиялық көріністерi мен оның дамуының динамикасы арасындағы тығыз байланыс көрсетілді. Осының негiзiнде шизофренияның үш негiзгi варианты көрсетiлдi: үзiлiссiз, кезеңдік (рекурренттi), ұстама тәрiздi – прогредиенттi (тонтәрiздi).