ЖылдардаҒы Әдеби сын 1 страница

Қазақтың керемет бай ауыз әдебиеті қалыптастырған халықтық эстетика, көне заман кемеңгерлері мен қазақ тарихындағы. сан-алуан ақын-жыраулардың ұлы ойлары, ағартушы-демократтардын толымды пікірлері, қазақ баспасөзінде жарияланған қоғамдық-эстетикалық құжаттар негізінде сын жанры туды. Көркемдік әуселесі әрқилы болғанымен сынның әралуан түр-формалары көрінді. Оның айбынды жанр екені әсіресе 20-жылдары айқындалды.

Төңкерістен кейінгі 10-15 жылда қоғамдық-әлеуметтік және эстетикалық-көркемдік ізденістің екпіні айрыкша болды. Өйткені түрмыс-тіршілік те, сана-сезім де заман тартысына кезікті де, ескіні қирату, жаңаны орнықтыру күресі мейлінше қатты жүрді. Бұл - бір. Екіншіден, патша заманында тұншыққан ой-пікір демократиялық негізде ағыл-тегіл айтылуына мүмкіндік туды. 20-жылдары ойды тежеу, сақтана сөйлеу, күлбілтелеп айту машығы әлі жоқ еді. Үшіншіден, көркем шығарманың қадір-қасиетін түсіну, эстетикалық деңгейін белгілеу, оның қоғамдық-әлеуметтік әсерін айқындау тұрғысынан келгенде алашшыл деген ақын-сыншылар пролетар жазғыштардан көш ілгері еді. Олардың қолында білім қаруы мол, яғни өздерінің қомақты ойлары, толымды пікірлерімен төңкерісшіл ақын-жазушыларды білім айдынына еріксіз жетелеп отырды.

1917-1920 жылдар аралығында сын басы болып табылар бірді-екілі мақала «Мүғалім» журналы (1919), «Ұшқын» газетінде (1920) жарияланғанымен азамат соғысының лаңынан бұл кезең білінбей қалды. Өйткені, әлі де болса сын үлгілері былай тұрсын, әдеби шығармалардың өздері тіпті аз болатын.

1921 жылы «Қазақстан» баспасы ұйымдастырылды. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов қазақ жазушыларының съезін шақыру идеясын қолға алды. Небәрі үш-ақ кісі келді. Ахаң мұндай ынтасыздықтың талай себебін айта келіп, оның мәнісін «әріректен, тереңіректен» іздеді.

1922 жылы А. Байтұрсынов 8 шілдеде «Еңбекші қазақ» газетінде «Қалам қайраткерлерінің жайынан» дейтін мақала жариялады.

Қазақ жазушылары қалай туған, қашан шыққан деген сауалға: «1.Қазақ қалам қайраткерлері орыстан қорлық көрген, таяқ жеген, орыстың табанында езілген жұрттан туған. 2.Қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-кыстау, тар заман түсіп, қайғы бұлты үстін торлап қаптаған шақта шыққан», деп жауап береді де, әрі қарай ойын былай созады: «Қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері Қазан өзгерісі болғанда бірден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін бейбауырмалдық үкімет хош көрмейтін болды. Сөйтіп, қазак қалам қайраткерлерінің халінде дағдарыс болып, өзгерістен бұрынғы қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды. Айтқанды тыңдамайтын, «жасасын бейбауырмалдық» дейтіндер ауызға қағып сөйлетпейтін болды, омырау қағып, күш көрсететін болды.

Жалғыз қалам қайраткерлері емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеу керек. Бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл десін, оған құлақ асып, ауыр алмасқа керек. Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп, теңелуіне керекті ісімізді қолға алайық... Қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жүмысқа күшін, ісін сарп етуі керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса, жармаса күнелтуге қазақ жеткен күні қазақты қасындағылар қансылатуды қояды, қазақ азаматтарының қазақ үшін айрықша қайғыруы, қан қызуы жоғалады, бауырмалдық сонда өзінен өзі жоғалады. Бас өзгерді, бастық өзгерді, төбе өзгерді, төре өзгерді, басқасы әлі қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кеміген жоқ. Жеуге жеңіл тұрғанда жеу табиғи іс. Қазақты бұрын жегендер әлі де зорлық қыльш отыр. Қазақ мәдениеті орыстан кем болған соң жем болатыны сөзсіз. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады».

Батыл сөздермен айтылған бұл ойды ұлтшылдық бағдарламасы деп тапқандар көп болды да, идеологиялық күресті шиеленістіріп жіберді. Мұның аяғы А.Байтұрсыновтың партиядан шығуына, комиссарлықтан кетуіне апарып соқты.

Қазақтың саналы азаматтары биік мәдениетсіз өркендемейміз, теңдік алмаймыз деген ойға ойысты. Ол үшін «кеңес өкіметі тарапынан қазақтың қазіргі күтетін көмегі - мәдениеті көтерілуіне қолдан келген жәрдемін аямау. Солай болған соң қазақ үкіметі құр декретті көбейте бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына көбірек көз салып, көбірек күш жүмсау керек. Мәдениет күшейеді - өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді - оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Әдебиетсіз оқу, қуаттану жоқ, окусыз мәдениет қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазақ қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Азаттық, асылы мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі - оқу мен әдебиетте», - дейді А. Байтүрсынов.

Қазақ әдебиет сынының алғашқы мәнді толқыны 1921-1925 жылдар аралығында айқын сезілді. Бұл тұста әдебиеттің жалпы мәселелерінен гөрі жеке дарындардың күш-қуатын, алған бағытын, ұстанған мұратын айқындау төңірегінде пікірлер көп айтылатын. Айқын белгіленген ағым өкілдерінің шығармалары сарапқа түсіп отырды.

Жаңа заманның негізгі мақсаты төңкерісшілдік тенденцияны туғызды. С.Сейфуллин оған серке болды. Оның әлеуметтік және мемлекеттік ісі мен беделі 1922 жылы табаны күректей үш кітапты бірден шығаруы әрқилы ой-пікірге қозғау болды. Бұл кітаптар жайында жазылған 20 шақты мақала, қағытпа, құптаулардың бәріне белгілі идеялық-көркемдік нысана негіз болды.

Сәкеннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасы бірінші болып сыналды. Оны Қоңыр деген бүркеншік атпен «Шолпан» журналының 1922 жылғы 2-3 санында Орынбор қаласынан таяуда Тәшкентке ауысқан М.Әуезов жазды.

Өзі «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» трагедияларын жазған автор бұл пьесадағы диалогтардың олпы-солпылығын, динамикасының солғындығын, тіл кестесіндегі кейбір оралымсыздықты, адам образын сомдаудағы кемшілігін аңғарып, «кітапта түгел көрінген бір адам (законченный, цельный тип) жоқтықтан, жазушының адам танымайтындығынан бар кісі тұтасып, адамдардың жан ыспаты (психологнясы) көрінбейтін жарты адамдар болғандықтан, үшінші, Еркебұлан деген ат сияқты ешбір ойсыз, ақылға сыймайтын, қисындылық (целесообразность) дегеннен алыс түрған қалыптарына қарағанда бұл кітапты өзге жақтарынан сынау орынсыз» дегенін қостауға да болар еді, бірақ түйіндеріне, әсіресе қазақтың төнкерісшіл сахнасына жарқ етіп шыққан Еркебұланды даттауына, «сөйлетіп қойған граммофон секілді, бәрі Сейфуллиннің бір-ақ қалыбынан шыққан жансыз адамдар» дегеніне қол қою қиын.

«Бұл пьеса қазақ өмірін көрсете ме, қазақ пьесасы екені таныла ма, қазақ баласы осы кітаптың ішінде бар ма?» деген түбегейлі мәселеге назар аударғанда «қазақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыда айтқан әлгі геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстіне, оларда қазақтан белгі де жоқ. Олай болса пьесаны қазақтікі деп адасудың орны жоқ. Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатыным сол, қазақ әдебиетінің жұрнағы болып, оның ішінен орьш алуы неғайбыл» деген өктем үкімді кейінгі тарих қоштамады.

Ал, төңкерісшіл әдебиеттің жақтастары бұл тұжырымға қарсы шығып, «Қызыл сұңқарлардан» басқаша қасиет тапты. «Жыл құсы» деген мақалада «Қызыл сүңқарлардың» әдебиет майданында жол көрсетіп шығуы Қазан төңкерісімен байлаулы нәрсе, оны ұмытпасқа керек. Қоңыр мырза бұл пьесаны қазақ әдебиеті тарихының бетінде орын алуына шектенсе де, біз шектенбейміз. Қазақ әдебиетінің бет алысын жаңа ағымға бұрып, жол салған - «Қызыл сұңқарлар». Сондықтан ол - жыл құсы» («Е.Қ», 02.02.1923) деп білді.

Ал қазақ кеңес әдебиетінің тұңғышы - «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы жайында «Темірқазық» журналында Нәзір Төреқұловтың атынан шыққан мақала даттау тенденциясын соза түсіп, Сәкенді шығармашылық тұлға деп тану, ақындық өнеріне баға беру мәселесіне ойысқанда: «Сөздің қысқасы, мұндай білімсіздікпен өлең жазып, әуре болып жүрудің өзі ұят. Сәкеннің өз ақылымен жазғандары түкке жарамайды. Не десек те байғұс Сәкен өзінен шығарьш, бір ұнамды пікірлі өлең айта алмаған. «Қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге» деген өлеңдері Сәкеннің пайдасына жүрмейді. Бір жақтан парнография жазған, бір жақтан Азия мен Еуропаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жақтан өзінен шығарып жазуға келгенде білімсіздігін «интернационализм» қылып көрсеткен кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз» (№1. 1923) деп, бұл кітапты жастарға оқытпауға жарлық қылды. Ол аз болса, Сәкендей «қызық кісіні музейден басқа жерге қойып та болмайды» деген мазақтау, даттау сөздерінде эстетикалық мән-мағына түгіл, оң тілектің ізі жоқтығыи кереміз.

Әрине, мұны сыни қаламның түзу жүре алмағандығынан болды деп желе жортуға болар. Алайда, Нәзірдің осы мақаласы 1923 жылы орыс, татар, башқұрт, өзбек, қырым татарлары т.б. тілдерге аударылып басылғанда Қазақстанның жас каламгерлері онға тарта мақаламен қарсы жауап берді.

«Известия Киргизского Обкома РКП(б)» журналы тарихи-эстетикалық тұрғыдан «Асау тұлпардың» қадір-қасиетін айқындады: «Қазақ әдебиетінде жаңа бағыттың, жаңа жолдың, яғни оны пролетариат идеологиясына жақындату мағынасындағы жаңа бағыттың негізін салу қанша үлкен қиындыққа түскенін көреміз.

Жинаққа енген өлеңдерді талдаған уақытта біз сахара өмірін көркем сөз өрнегіне кереметтей түсіре білгендігін, онан әрі Абайдың ықпалымен, тіпті оның өлеңдерінің түріне еліктеп таза халықшылдық дәуірге ауысуы, ал соңынан революцияшыл кезеңнің оған мүлде тың бағыт - революцияшыл бағыт бергендігін көреміз. Бүл жол - сүрлеуі жоқ жаңа жол, бұрын ешкім жүрмеген жол» (№ 2,80-бет, 1923) деген қорытынды пікір жасайды.

Сәкеннің жеке өлеңдері де, оқыған дәрісінің мазмұндамасы да, жазған өткір мақалалары да оңды-солды сыналып-мінелмеген күні аз. 1923-24 жылдары «Сынға мін», «Сынға сын», «Журналист, жазушы, ақын һәм оқушы», «Қазақ әдебиетіндегі орынды һәм орынсыз сындар туралы», «Сын орнына қисынсыз күн», «Қазақ әдебиеті тарихынан», «Қисық сынға әділ төре», «Өзің адассаң да өзгені адастырма», «Сынау һәм сынауды сынау», «Қисынсыз жала» деген мақалалар сол кездегі сыншылық қаламның өрісін танытатыны анық.

Тап осындай, тіпті мейлінше ұшқары сынға сол кездерде Мағжан Жұмабаев та кезікті.

Мағжан - бірден жарқырай шыққан жұлдыз. Оның алғашқы жинағының «Шолпан» аталуының символикалық мәні бар. Мағжан Шолпан болуға ұмтылды, ниет қылды және болды да. Елі, халқы үміт артты. «Қазақ» газеті арқылы жарияланған өлеңдері ел сенімін күшейте түсті. Отаршылдық пен озбырлықтың шымбайға батқанын айтуға келгенде алдына жан салмады және оны кестелі сөзбен, терең сезіммен жеткізе білді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің трагедияға ұшырауы, Ақпан революциясыныд жеңуі, ол жария еткен бостандықты Қазан төңкерісінің жалмап қоюы, онан кейінгі апалаң мен топалаң азамат соғысы, теңдік алу жолындағы алаш азаматтарының іс-әрекеттері сезімтал ақынның жүрегінен қан аралас жыр болып төгілді. Оны тапшылдар қарсылық деп түсінді, ал халық болса шерлі жырлар деп ұқты. Ақын халық жанына жол тапты, атақ-даңқы ен далаға жайылды. Бұл кезде саяси құжаттарда болмаса, сын жанрында Мағжанның мынасы оң, мынасы теріс деген мақалалар әлі туа қойған жоқ-ты.

1923 жылы «Мағжанның өлеңдері» Тәшкентте Сұлтанбек Қожановтың кіріспе сөзімен шықты:

«Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап бастырып отырмыз. Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек кезде тұттық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүниетануына ұқсамайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына көбірек көз салуы керек.

М.Жұмабайұлының өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз» дегені алдымен Мәскеуде оқып жатқан жастарды дүрліктірді. Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде 1924 жылы 24 карашада жасаған баяндамасында Н.Төреқұлов социологияға әбден бой алдырып: «біреу айтады: саясат пен әдебиетті араластыруға болмайды дейді. Мағжан өлеңдері көбіне сол пікірге сүйеніп бастырылған. Бұл - қате. Саясат жағынан Мағжан кеңес топырағына отыртатын адам емес, Мағжанның өлеңінде қазақтың шаруашылығына, әдебиетіне, саясатына үлкен қарсылығы бар. Сондықтан ішін ашып тексермей, мынау әдебиет деп қабыл ала берсек, барлық идея, коммунистік ниеттен айырылып қаламыз. Мағжан ақын, бірақ қазақ ақыны емес, қазақтың тұрмысынан айырылған ақын» деген түйінді тапшылдық қасиет бойына енді сіңіп келе жатқан жастар дуылдатьш әкетті. Жиналған 60 жастың жиырмасы желпіне сөйлеп, тұңғыш рет дөрекі социологиялық қаулы алды.

«Мағжан өлеңінде көбінесе өткенді көксейді, ескілікті іздейді, ұлтшылдықты жырлайды, өзімшілдік, менмендікті дәріптейді.

Мағжан өлеңдерінің сырты әдемі, бірақ сыртқы бояуын сыпырып тастасақ, ішіне көз жіберсек Мағжанның коммунистік партиясы мен кеңес үкіметінің негізгі жолына қарсы жерлері бадырайып шыға келеді. Қазақтың кедейі, момынымен байдың күні де, күйі де, тілегі де бір, кедей, бай деп қазақты тапқа бөлудің керегі жоқ дейді. Бұл қазақтың қалың бұқарасы - кедей, момын, жарлы-жалшыларыка зиянды жол» деген тұжырымдар тапшылдық көзқарастың әбден дендеп келе жатқанын аңғартады. Алайда, демократиялық ой-пікір айтуға тұсау түспей, тіл байланбай тұрған кезеңде Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылы «Мағжанның ақындығы туралы» дегеи классикалық баяндама жасап, мақала етіп бастырды. Ал, әбден танаурап алған тапшылдар әдебиеттің өзіндік ерекшелігіне, көркемдік шарттарына назар аударуды қойды.

Ж.Аймауытовтың шын мәніндегі сыни-эстетикалық еңбегі бізге екі тұрғыдан: біріншіден, Мағжан ақындығының қыры мен сырын ұғып алу, көркемдік әлемін түсіну, ақын жанының қалтарыс-бүкпелерін қалай ұғу керектігін көрсетсе, екіншіден, әдеби сынның қаншалықты биік нұсқасы ретінде айрықша туынды болуымен құнды. Теориялық ой-пікірлерін мөлдіреген әсем тілмен, ажарлы орамдармен жеткізуі - үлкен өнер. Дұрыс айтқанына да, бұрыс айтқанына да эстетикалық дәлелдер келтірген, көздеген мақсатына жетудің өнегелі үлгісін осы еңбектен көреміз.

Мағжан, сөз жоқ, ұлы ақын, XX ғасырдағы қазақ поэзиясының классигі. Осыны ел-жұрт біледі, бірақ тапшылдық көзқарасқа әбден бой алдырғандар, әсіресе партия-кеңес жұртшылығы жаулық пікір, саяси қате іздеумен әуре болды да, төңіректі тұмандатып жіберді. Міне, осындай әлеуметтік-эстетикалық атмосфераны жарып шыққан, әдеби сауатты пікір айтқан Ж.Аймауытовтың мақаласы көп шындықтың бетін ашты, көркемдік түсініктің ауылы қай жақта болатындығын, оны қалың көпшілікке қалай түсіндіріп берудің жолын көрсетті.

«Мағжан ақын ба, ақын емес пе?» деген сұрауды қоюда мағына жоқ. Оны акын емес деп таласушы бола қоймас. Жалғыз-ақ ақындық күші қандай деген сұрауды қою керек. Бұл сүрауға Мағжанды күшті ақын деп жауап береміз. Несімен күшті? Тыңнан тапқан жас пікірімен бе, болмаса терең ой, терең пәлсапасымен бе, әлде қазақтың өткен-кеткенін, бүгінгі өмірін айнаға түсіргендей көрсетіп, келешекті болжап, пайғамбарлық еткенімен бе? Жоқ, бұлардың бірі де емес. Мағжан терең ойдың акыны емес, заманды суреттеуге ол шебер емес. Ол келешекті болжап, жұртты соңына ертетін пайғамбар ақын да емес. Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті. Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетте жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, школ (мектеп) ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ» (М.Жұмабаев. Шығармалары. 1989, 425-бет.) деген түйінді пікір Мағжан ақындығының бар сыр-сипатын танытады.

Мұны қостайтын, әр түрлі арнада дамытып алып кететін ой-пікірлер сол дәуірдің өзінде де аз айтылған жоқ. Ж.Аймауытовтың осы мақаласынан кейін іле-шала жазылып, «Еңбекші қазақтың» І-санында жарияланып, кейін «Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны» (1926) деген кітапшаға айналған Ғаббас Тоғжановтың эстетикалық талдаудан гөрі социологиялық баяндауы басым еңбегі бар, «Мағжаннын. жақсылығынан біз безбейміз» деген тарауда: «Өлеңнің сыртын (формасын) Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі ақын жоқ. Мағжан сөзге еркін ақын, күшеншек ақын емес. Көркемдік шеберлік, әдемілік жағынан Мағжанда үлгі қыларлық қасиет көп. Біздің еңбекші адамдарымыз, жас ақындарымыз Мағжанның сырты сұлу, әдемі сөздеріне терең ой, тура жол сала білсе, бәйгеден келгені» («Е.Қ.», 19.11.1925) деді және оны әркез қайталап отырғаны үшін талай тапшыл ақын - жазушылармен алакөз болғанына қарамай 1929 жылы «Әдебиет және сын мәселелері» деген кітабында тағы да пысықтай қайталайды.

20-жылдардың алғашқы жартысында сын құрығы сілтенген үшінші ірі дарын - Мүхтар Әуезов. Өзі де жазды, өзгелер де қарап қалған жоқ. М.Әуезов сынының басқалардан бір айырмашылығы - көбіне-көп көркемдік арнаға назар аударуы, саясат жағына бара бермеуі деуге болар еді.

1922 жылы «Қазақ тілі» газетінің 20 санында «Ж» деген бүркеншіл атпен Ж.Аймауытов М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіне сын жазады.

Мақаланық кіріспесінде Әуезовке үлкен үміт артуға болатындығын, қазақ прозасын өркендетуге үлес қоса алатындығын көсіле айтып алғаннан кейін бірнеше көркемдік талаптар қояды.

Бұл шығарма өзінің логикалык мұратына жетпеген шығарма деп табады. «Қыз жоғалып кеткеннен кейін болыстың халі не болғаны белгісіз. Оның не ойлағаны, сезгені жазылмайды. Сондай жауыздықты істеп қойып, жазықсыз жанның ажалына себеп болған жауыз болыс не ойлайды, таң атқанша қалай үйықтады? Үн жоқ, түн жоқ, атқа мініп жүре беруі көңілді тындырмайды» деп жазды. «Сақа» деген атпен жауап қайтарған Таутан Арыстанбеков: «Сыншының бұл пікірі шындыққа сыймайды, өйткені жазушы Ақан жауыздық жасап алғаннан кейінгі көңіл-күйін, тынышсыздап қорғалақтап жатқанын көрсетіп өткен» дейді.

«Бұдан көбірек жазбадың деп жазушыны айыптауға болмайды. Ақанның жауыздықты істегеннен кейін қандай халде болғанын көрсету үшін жазушының «Қорғансыздың күнінен» басқа осы күнгі адам баласының кеудесінде болатын ізгілік пен жауыздық «добро» мен «злоның» күресі һәм Ақан секілділерде сол екеуінің қайсысы жеңгендігін көрсетіп айрықша кітап жазу тиіс. «Корғансыздың күнін» жазғанда Әуезовтің көздеген нысанасы бұл емес» («Қызыл Қазақстан», № 10, 1922), дейді. Т.Арыстанбековтың бұл пікіріне әбден қосылуға болады.

Даниял Ысқақовтың М.Әуезовтің «Бәйбіше - тоқал» трагедиясына жазған «Қорғансыздар» атты мақаласының бір ерекшелігі - шешендігі, тіпті сөзуарлығы, айтайын деген ойын ұзақ-сонар желдіртіп барып түйетіндігі. Бұл да өзінің жанрлық қалыптасуьш басынан өткере бастаған қазақ әдеби сыны үшін кесек құбылыс еді..

Автор да, «Сана» журналының редакциясы да бұл сынды «тексеру» деген қосымша атпен бергенде ғылыми зерттеу ретінде ұсынған. Сондықтан Даниялдың әдебиет пен сынның ара қатынасы жайында шалқи сөйлеуі, әр қилы теңеу-салыстырмаларға баруы өзінің эстетикалық таным-білігін аңғартады. «Сыннын әдебиетке жол көрсетіп, жөн сілтеп, ақылшы болып отыру міндеті болса, екінші зор міндеті бар. Ол міндет біздіңше, әдебиет азығын қауымға сіңіру болмақ», дейді. Сонымен бірге қазақ әдебиеті жас әдебиет, тап басып, түзу бағыт тұта алмаған әдебиет. Белгілі калыпқа түсіп орнықпаған әдебиет. Керек десе біздің әдебиет өзінің міндеті не екенін түсініп жетпеген әдебиет» («Сана», № 2-3, 1923) деген деген қорытынды жасауы ойландырар жай.

Сынның табиғаты жөніндегі Даниял пікірі сүбелі: «Затында сынның кесіп тастайтын қатал би болуы да, күлін аспанға үшыратын құйын болуы да, не бас иіп қүлдық ұрып тұратын қошеметшіл күл болуы да мейлінше жараспайтын сиық. Сын қайырымсыз қатал би болып та, қол қусырған құл болып та тіршілік ете алмайды. Сын төреліктен де, төрелікті іздеушіліктен де безіп, әдебиет майданына хас, сыпайы, жемісті орын алуы тиіс. Ондай борышын білген сыннан қазақ қауымына, қала берсе қазақ әдебиетінің түзу бағыт тұтуына зор пайда бар екеніне біз әбден сенеміз» дегенін ешкім теріс деп санамас.

Наши рекомендации