Эмоционалдық стресстің физиологиялық негізі
Эмоциялық күйдің қалыптасуына мидың әртүрлі құрылымдары қатысады. Осыған байланысты бірнеше психоорганикалық теориялар қаралды. У.Кеннон ұсынған таламустық теория бойынша эмоциялық әсерленіс алғашқыда таламус орталықтарында пайда болып, ми қыртысына ықпалын тигізеді. Сөйтіп, ол түйсікті түрлендіріп, көрнекті қимылдарды тудырады.
Эмоцияны ұғынуда лимбиялық теория жетекші орын алады. Дж.Пейпец клиникалық байқаулардың нәтижесінде ми қыртысының маңдай бөлігі, гипокамп, күмбез, бадамша, таламус, гипоталамус эмоциялық әсерленісті ұйымдастырады деп тұжырымдады.
Д.Линдслей электроэнцефалография әдісін қолданып, бұл құрылымдарды ми бағанының торлы құрылымы белсендіретіндігін дәлелдеді. Сөйтіп, ол эмоцияның белсендіріліс теориясын ұсынды.
В.Р.Гесс тітіркендіру әдісі арқылы гипоталамустың алдыңғы және қапталдас бөлімдерінің жағымды эмоцияға, ал артқы және ішкерілес (медиалды) ядроларының жағымсыз эмоцияға жауапты екендігін көрсетті. Сол сияқты Д.Олдз жануарлар миына енгізілген электродтар арқылы олардың өзін-өзі токпен тітіркендіру әдісін пайдаланып, мидың жағымды және жағымсыз нығайтушы құрылымдары болатындығын анықтады. Жағымды нығайтушы құрылымдар жүйесіне қапталдас гипоталамус, перде, мидың ішкерілес будасы жатады. Жағымсызы ортаңғы солғын зат, ішкерілес гипоталамус, бадамшадан құралады. Бұл құрылымдар мидың эмоциогендік жүйелері құрамына кіреді.
Когнитивтік (білімге қатысты) теория бойынша эмоциялық белгілер адамның жинаған тәжірибесі мен білімі арқылы әртүрлі ахуалды бағалауы негізінде байқалады.
Эмоция саласында үлкен ми сыңарларының әрекеттік асимметриясы байқалады. Мидың оң жарты шарының эмоциогендік мәні зор, ол көбінесе дағдыланудың алғашқы кезеңінде іске қосылады. Адамның жағымды эмоциясы негізінен сол жарты шармен, ал жағымсызы оң жарты шармен жүзеге асады. Осыған сәйкес әртүрлі психосоматикалық көріністер тұлғаның сол жақ жартысынан жиі білінеді. Адамның сол жақ беті көбінесе жағымсыз, ал оң жақ беті жағымды эмоцияны бейнелейді. Мұндай айырмашылық тіпті жаңа туылғандарда байқалады. Олардың тәтті немесе ащы дәмді түйсінуібет әлпетінен анық көрінеді.
Алайда А.В.Вальдман эмоцияның белгілі түрлері мен мидың нақты құрылымдары арасында "мызғымас" байланыс болатынына күмән келтіреді. Өйткені эмоция психикалық әрекет болғандықтан белгілі ми құрылымына тұрақты бекітілмейді. Ол – туа біткен және жүре пайда болған тетіктерге негізделген мінездің түрі. Расында, клиникалық байқауларда мидың әртүрлі құрылымдарын емдеу мақсатымен тітіркендіргенде, олардың әрқайсысы әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоциялық күйлерге сәйкес келетіндігі анықталды.
Организмнің эмоциялық күйі эмоциялық күйзеліс және эмоциялық көрініс іспетті әсерленістерден тұрады. Эмоциялық күйзеліс деп организмнің өзін және қоршаған әлемді бейнелейтін өзіндік сезінісін айтады. Организмнің дене сезу және ағза жүйелерінде байқалатын өзгерістерді эмоциялық көрініс деп атайды. Эмоциялық көрініс әртүрлі: симпатикалық жүйке қатты қозғандықтан жүректің қызметі жеделдейді, қанның қысымы көтеріледі, газ алмасу өседі, тыныс кеңейеді, организмде тотығу және энергия құбылыстарының қарқыны артады. Қанда, сілекейде, несепте катехоламин, пептидтер және глюкоза мөлшері көбейеді.
Бұлшықет тонусы өсіп, көз қимылы жиіленеді, терінің түктері үрпиеді, эмоциялық қозу кезінде организмнің бүкіл қосалқы мүмкіндіктері жедел жұмылдырылады. Сонымен қатар тіпті қарқынды іс-әрекеттің өзінде, оның әлі де зор пәрменді мүмкіншіліктері сақталады. Бұлар тек төтенше жағдайларда, эмоциялық зорлану кезінде тұтынылады.
Эмоция кезінде адамның өзіндік күйі өзгереді. Оның парасаттық қабілеті, зердесі сезімтал, қоршаған орта әсерлерін жіті қабылдайды.
Эмоциялық күйзелістің тіршіліктегі негізгі мәні адам мен жануарларға өзінің ішкі жағдайын, пайда болған мұқтаждығын, тез бағалауға, оны толық қанағаттандыруға мүмкіндік жасайды. Сөйтіп, ол организмдегі бейнелеуші (бағалаушы), ізденуші, нығайтушы, реттеуші, байланыстырушы әрекеттерді ұйымдастырады.
Эмоцияның бейнелеуші әрекеті оқиғаларға жалпы баға береді. Организм өзінің бүкіл әрекетін бірлестіру арқасында, оған әсер етуші тітіркендіргіштің жағымды немесе жағымсыз жақтарын тез анықтайды. Адамның сезініс қабілеті дара күйзеліспен қатар, өзара қоса әсерленушілік арқылы қалыптасады.
Эмоцияның ізденуші түрі мақсат пен ниетке байланысты білінеді. Ол жетекші және жағдайлық болып екіге бөлінеді. Жетекші эмоциялық күйзеліс – мұқтаждықты қанағаттандыратын мінездік мақсатқа бағытталады. Жағдайлық эмоциялық күйзеліс мінездің кейбір кезеңдерін бағалаудан туады. Ол нәтижеге қарай мақсатқа жету үшін мінез-құлықты не жалғастырады, не өзгертеді.
Эмоцияның нығайтушы әрекеті арқылы тәлім және зерде үрдістеріне қатысады. Эмоциялық әсерленістер тудыратын маңызды уақиғалар тез және ұзақ уақытқа зердеде сақталады. Мұны әрбір шартты рефлекс қалыптасар кезде байқауға болады. Оның алғашқы жалпылама сатысын – эмоциялық сатысы дейді. Дәл осы кезде организмнің вегетативтік саласы ерекше жұмылдырады. Өйткені белгісіз жайларда үстемді әсерлену тиімді келеді.
Эмоцияның реттеуші немесе аударақосушы әрекеті үстемді мұқтаждықты анықтайтын себептердің бәсекесінде айқын көрінеді. Ол үрей мен міндет, қорқу мен ұяттық сезімдер таласында байқалады. Мұның ақыры ниеттің күшіне адамның тілегіне және еркіне байланысты болады.
Эмоцияның байланыстырушы әрекеті ымдау, қол сермеу, дене қимылы, кейпі, мәнерлі күрсіну, дауыс ырғағын өзгерту арқылы серіктеріне сезініс түрін білдіреді. Мұның айғағын эмоциялық күйлердің арасындағы қарама-қарсылықтан байқауға болады. Мәселен, қуаныш пен қайғы, ашу мен үрей, ынта мен жиіркену, ұят пен жек көру, сүйсіну пен күйіну сезімдері белгілі сипаттармен айқындалады.