Ерiктiк әрекеттiң құрылымы

Адамның еркi алдын ала қойылған мақсатқа сай орындалатын әрекет, қылықтардан көрiнiп отырады. Ерiктiк әрекеттер құрылымы жағынан өте күрделi процесс болып табылады. Ерiктiк әрекеттер мақсаттың және сол сияқты оларды орындау барысында кездесетiн кедергiлердiң, қиындықтардың болуымен, оларды орындау кезiнде бастан кешетiн тебiренiс,толғаныстардың болуымен сиптталады.

Ерiктiк әрекеттердi қарапайым және күрделi деп бөледi. Қарапайымы, әдетте, мақсат қою және орындау сияқты екi буыннан тұрады. Күрделi ерiктiк әрекетте мақсатты ұғыну, жоспарлау және орындау деген үш буын айқын бөлiнедi.

Адам еркiнiң психологиялық мәнiн түсiну үшiн күрделi ерiктiк әрекеттi қарастырып көрейiк.

Мақсатты ұғыну.Адам мiнез-құлқының стимулдары сан алуан. Мұндайлар: ашығу, шөлiркеу сияқты физиологиялық қажеттiлiктер, ауа жұту, дем алу, ұйықтау қажеттiлiктерi, басқа адамдармен араласу, бiлiмге, көңiл көтеруге құмарлық тәрiздi әлеуметтiк қажеттiлiктер бола алады. Қажеттiлiктердi саналы ұғыну дәрежесiне байланысты елiгу және тiлек деп бөледi.

Туа бiткен қажеттiлiк адам санасында күңгiрт, бұлыңғыр зауықтану,елiгу түрiнде бейнеленедi. Оның күңгiрт болатыны оған қажеттiлiк аз, оның сигналдары мида айқын бейнеленбейдi. Адам өзiне әйтеуiр бiрдеңе қажет сияқты сезiнедi, бiрақ оның нақты не екенiн анық бiлмейдi. Елiгудi әдетте өтпелi күй ретiнде қарастырады. Саналы түрде ұғынылмаса ол баяу басылып жоғалады. Не болмаса қажеттiлiктiң арта түсуiне қарай оны айқын ұғыну белең алып, елiгу нақты тiлекке айналады. Бiр нәрсенi тiлеу дегенiмiз- не мазалайтынын, қандай мұқтаждық бар және оны қалай қанағаттандыруға болатынын бiлдiру. Ал тiлек дегенiмiз – мұрат түрiнде өмiр сүретiн (адам миында) қажеттiлiк мазмұны.

Тiлек әрекетте мотив болуы мүмкiн. Iс-әрекеттiң мотивi ретiнде тiлек қажеттiлiктi айқын ұғыну, жете түсiнумен сипатталады. Ал тiлеу дегенiмiз - тiлектi қанағаттандыру үшiн әрекет жасау болып табылмайды. Тiлекте қажеттiлiк мазмұны бейнеленгенiмен, онда әрекет белсендi элемент жоқ. Адам көп нәрсенi тiлей алады, бiрақ бұдан ол барлық бағытта әрекет жасай бередi деген ой тумайды. Сонымен, бiрдеменi тiлеу дегенiмiз- ол, ең алдымен, қозғаушы стимулдың мазмұнын бiлу деген сөз.

Бiрақ тiлек пен жалпы бiлiм арасында теңдiк белгiсiн қоюға болмайды. Кез келген бiлiм тiлекке айнала бермейдi, бiрақ тiлектiң бәрi – бiлiм. Тiлек мiнез-құлықтың тiкелей мотивiне, одан соң мақсатына айналмас бұрын талқыға салынады. Талқылау барысында бiз оны қолдауға болатынына не болмайтынына дәлеледер келтiремiз. Бiз артқа көз салып, осы мақсатқа бiздi не итермелегенiн, тiлегiмiздiң қандай екенiн ұғынамыз. Бiз мақсатымыздың жүзеге асуына көмектесетiн немесе бөгет жасайтын жағдайларды салыстырамыз, алдымызды қиялдай шолып, қабылданған шешiмдерiмiздi жүзеге асу нәтижесiн ойша болжаймыз.

Басқаша айтқанда тiлектi iрiктеу, мұшелеу және негiздеу бағытында ой жұмысы атқарылады. Тiлек өмiрде бiрден жүзеге аспайды. Кейде адамда бiрнеше келiсiлмеген, тiптi сәйкес келмейтiн қайшы тiлектер пайда болуы мүмкiн. Онда ол оның қайсысын жүзеге асыру керектiгiн бiлмей қиын жағдайда қалады. Бiрнеше тiлектердiң қақтығысынан туындайтын психикалық күйдi немесе арасынан бiреуiн таңдауға тура келетiн қарама-қарсы, үйлесiмсiз мотивтер қақтығысын мотивтер тартысы деп атайды. Мотивтер тартысы оған қатысты толғаныстарды тудырады. Мотивтер тартысының ақыры шешiмге келумен бiтедi. Яғни, әрекет мақсаты пен тәсiлi таңдалады. Шешiмге келу дегенiмiз – бiр тiлектi екiншi тiлектен ажырату, сөйтiп мақсаттың идеалды бейнесiн жасау. Қабылданған шешiмдер әдетте “осы шешiмге тоқтаймыз”, “осылай жасаймыз” деген сияқты тоқтам түрiнде қысқа тұжырымдалады. Шешiмге келiп болған соң, мотивтер тартысы кезiндегi шиеленiс әлсiрейдi. Қабылданған шешiм тiлек, ниетiне сай болған жағдайда адамның бойы мүлде жеңiлденедi. Бұл жағдайда ол тiптi қанағаттану, шаттану сезiмдерiн бастан кешiредi. Тiптi қабылданған шешiм адамның тiлек арманымен толық сай келмеген жағдайдың өзiнде де жеңiлдену болады. Өйткенi, шешiмге келу фактысының өзi шиеленiстi бәсеңдетедi.

Жоспарлау.Күрделi ерiк әрекетiнде шешiм қабылдаудан соң қойылған мiндетке жету жолдарын жоспарлау басталады. Рас, кейде шешiмдердi жүзеге асыру тәсiлдерi мақсаттың қалыптасуы барысында содан туындап, жалпы түрде белгiленедi. Бiрақ, бұлай болған жағдайдың өзiнде ол тiкелей практикалық әрекет алдында мұқия талқылаудан өтедi.

Тәсiл таңдау кезiнде де мақсат таңдау кезiндегiдей толғаныс, тебiренiс түрiндегi қиындықтарың болуы мүмкiн. Қиындықтар бiр жағынан, мақсатқа жетудiң жолы мен тәсiлдерi оңай көрiнгенiмен, моральдық ережерлерге сай келмейтiндiктен және басқа адамдарға зиян келтiретiн болғандықтан да туады. Екiншi жағынан келгенде, кейбiр жолдар қиын, орасан зор күш жұмсауды керек ететiн,бiрақ әдеп ережелерiне қайшы келмейтiн болуы мүмкiн. Басқаша айтқанда, iштей толғаныс кикiлжiң жағдаят қалыптасқандықтан туады : мақсатқа жеткiзер жолдың бәрi жақсы ма әлде мақсатқа жетудiң моральға лайық жолдарын iздеген дұрыс па? Адам мақсатқа жеңiл жолмен жету мүмкiн не мүмкiн еместiгiн шешуге мәжбүр.

Орындау.Амал-тәсiлдер белгiленген соң адам қбылдаған шешiмдердi жүзеге асыруға кiрiседi. Көптеген психологтар ерiктiң мәнiн нақ осы қабылданған шешiмдi орындаудан көредi. Ерiктiк әрекеттiң орындау сатысының күрделi құрылымы бар. Қабылданған шешiмдi орындау ең алдымен белгiлi бiр уақыт мерзiммен байланысты. Егер шешiмдi орындау ұзақ уақытқа кейiн ысырылса, онда оны орындау ниетi деп айту қабылданған. Ниет өзiнiң мәнi бойынша кейiнге қалдырылған әрекетке iштей әзiрлiк және шешiммен бекiтiлген мақсатты жүзеге асыру бағыттылығы боп табылады. Алайда тек бiр ғана ниет жеткiлiсiз. Алдын ала жоспарланған әрекеттi жүзеге асыру үшiн саналы түрде ерiктiк күш салу керек. Ерiктiк күш салу ретiнде iшкi ширығыс,шиеленiстiң ерекше күйi немесе адамның ойлаған нәрсесiн жүзеге асыру үшiн қажет әрi оның iшкi мүмкiндiктерiн жұмылдыратын белсендiлiктi түсiнемiз. Сол себептi, ерiктiк күш жұмсау әрқашан едәуiр энергия шығындаумен, жұмсалған қуат көлемiне байланысты. Қазақ психологы Ж.Аймауытұлы “Жан жүйесi мен өнер таңдау” (1926) атты кiтабында немiс психологы әрi педагогы Э.Мейманның “Оқығандар және қайрат” деген кiтабын талдай отыра, “қайраттың бiр белгiсi – екпiндi, я жiгерлi болмағы” деп жазады. Ол ерiктiң энергия жұмсау жағын сипаттау үшiн “жiгерлi қайрат” деген сөз тiркесiн қолданған екен.

Адамның мiнез-құлқы қойылған мiндет пен алдын ала жоспарланған әрекет тәсiлiне бағынышты болады. Бiрақ адам әрекет жасап қана қоймай, сол өз әрекетiн бақылап және түзеп отырады. Ол әр сәт сайынғы нәтиженi мақсаттың (немесе оның бiр бөлiгiнiң) күн iлгерi ойда жасалған бейнесiмен салыстырып қарайды. Осылайша қол жеткен жеке нәтиже бұрын қол жеткен нәтижелермен қатар қойлады және идеалды бейнеге “жалғастырылады”. Бұған мысал келтiрейiк.

Оқушы өз алдына суда жүзудi үйрену мақсатын қойды делiк. Бұл үшiн оған қол-аяғын үйлесiмдi қимылдату кешенiн игеру керек. Мұғалiм оқушыға табысқа жету үшiн қандай қимылдарды игеруi, орындауы керек екендiгiн айтады, тiптi көрсетiп беру мүмкiн.

Әуелi оқушы қимылдарды ой елегiнен өткiзедi, оларды көз алдына елестетедi. Содан соң ол қимылдарды игере бастайды. Қайталау арқылы практикалық орындауды белгiлi үлгi қалыпқа келтiредi. Жаттығу дегенiмiздiң өзi – практикалық iстi үлгiге мейлiнше жақындату.

Үйрену сәттiлiгi бiрсыпыра жағдайларға : қимылдың ойдағы бейнесiнiң қаншалықты анық және айқын болуына, орындалатын әрекеттi оқушының қалай бақылап, , үлгiмен қалай салыстыра бiлуiне, өзiн қалай жұмылдырып, объективтiк және субъективтiк кедергiлердi қайтiп игеруiне байланысты.

Сонымен, ерiктiк әрекеттер құрылымы жағынан өте күрделi процесс боп шықты.

Наши рекомендации