Мінез түрлері мен типтері

Мінез түрі өзінің құрамындағы бітістердің жалпы сипатына тәуелді келеді, ал бітістер негізгі немесе жетекші және қосалқы болып бөлінеді. Негізгілері адамның бағыт-бағдарын айқындауға ықпалын тигізіп, яғни адамның тұрақты мінезінің сипатын береді де, қосалқылары мінез қырларын толықтыра түседі.

Адам мінезінің белгілі түрде қалыптасуы оның қоршаған дүниеге қатынасына байланысты. Бұл қатынастардың мәні адам араласып, байланысқа келген өмірлік объекттердің маңызымен анықталады:

1. Басқа адамдармен қатынасына қарай (шыншыл - өтірікші, әдепті - дөрекі т.б.).

2. Орындалатын іс қызметіне орай (еңбекқор - еріншек т.б.)

3. Өз басына болған қатынасына байланысты (сыншыл-өзімшіл т.б.).

4. Заттарға қатынасынан (сақи - ашкөз, ұқыпты - салақ т.б.).

Аталған қатынастардың бәрінің де мінез түрінің қалыптасуында үлкен маңызға ие екені сөзсіз, дегенмен тұрақты, нақты мінездің орнығуы ең алдымен адамның адаммен, қоғамға араласып, қатынасу дәрежесіне тәуелді. Ұжымнан тыс тұлғаның жолдастық, достық, махаббат, т.б. формаларда көрінетін ізгі ниеттерінен бөлек мінез түрі болмайды. Адамдар өзара ұзақ қатынасқа келе отырып, бірі екіншісінің мінезіне таңбасын салады, осыдан кей адамдар әрекет-қылығында өзара ұқсастыққа келеді немесе қарама-қарсы, бірақ бірінің кемшілігін екіншісі толықтыратын бі­тістерді игереді. Алайда, еңбек, іс-әрекет қатынастарын­да қалыптасқан мінез бітістері мәндірек келіп, мінез түрінің басқаларынан ажыралуына себепші болады.

Мінез әр тұлғада өзінше көрініске ие, солайда бол­са, оның құрамында белгілі топ адамдарына ортақ бітіс­терді біріктіруге болады. Осыдан, мінез түрі (типі) - адамдардың кейбір тобына тән қасиеттің біреудің дара мінезінде нақты көрінуі. Мұның түпкі себебі - мінез тума берілмей-ді, әр адамның белгілі топ, қоғам өкілі болуынан оның өмір жағдайы мен іс-әрекетіне сай қалыптасады.

Мінезде жеке бітістер және сапалармен қатар тұлғаның қоршаған ортаға икемдесуін қамтамасыз етуші жал­пы қылық тәсілі - мінез типтерін ажыртуға болады. Мінез типін анықтауда нақты адамдар мінезінің жалпы да мәнді, өмірлік қажетті тараптары ескеріледі.

Осыған орай мінез келесі типтерге бөлінеді:

1. Үйлесімді (гармонический) мінез типі - қорша-ған ортаға икемділігімен ерекшеленеді. Мұндай мінезді адамда ішкі қарама-қарсылықтар болмайды, ойлаған ойы мен істеген іс бір-біріне сай келеді. Көпшіл, ерік күші мол, қайсар, бір сөзді. Өмірдің барша қиын жағдайларында таңдаған бағыт-бағдарынан қайтпайды, көзқарас, талға­мын ауыстырмайды. Бұл адамдардың өмір сүру тәсілі жағ­дайға бағыну емес, оны өз қалауына орай өзгерту.

2. Іштей қарама-қарсылықты, бірақ сырттай келісімді (внутренне конфликтный, но внешне согласованный) мінез адамы. Бұл типті адамның ішкі ниеттері мен сырт әрекет - қылығы арасында келіспестік бола тұрып, өзінің қоршаған ортамен қатынасында әлеумет талаптарына ыңғай береді, іс-әрекетін соларға бағындырып, үлкен күшпен орындайды. Өзін ерік билігінен бірде босатпайды, жан, ой дүниесін сырттай болмыс шындығынан ажыратпаудың жол­дарын іздестіруге дайын тұрады.

3. Икемі кем, қарама-қарсылықты (конфликтный с пониженной адаптацией) мінез адамы: көңіл-күй, ниеттері мен әлеуметтік борыштары арасында үйлеспестік орын алған, шамданғыш, ұнамсыз эмоциялары басым, тілдесу қабілеті нашар дамыған, іс-әрекетін ақыл сарабына сала бермейді. Бұл мінез адамдарына тән қасиет: қоршаған дүниемен арақатынасын нақты әрекет-қылық жүйесіне келтірмеген, өмір желісі қарапайым бағытты - тез өзгеріп тұратын қажеттері, олар пікірінше, қандай да күш жұмса­май-ақ бір сәтте қанағаттандырылуы тиіс. Қиыншылықтарды абыржумен қабылдап, ырықсыз психологиялық қорғаныстармен (шарбаялық, қыңырлық, нәтижесіз армандау) айналып өтуге тырысады.

4. Тиянақсыз (вариативный) мінезді адам - бағыт-бағдарының тұрақсыздығынан, принциптік бостығынан төңіректегі жағдайға ыңғайшыл келеді. Жеке адамдық деңгейі төмен. Тұрақты мінез-құлығы қаланбаған, осыдан барша іс-әрекетінде қоршаған ортаға ыңғайлану, қатынас адамдарына жағымпаздану бұл адамның бойына сіңген мінездік көрініс.

Наши рекомендации