Абайтану ілімінің қалыптасу тарихы

Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулітабыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.

Кейінгі жылдарда абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев,Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Б.Ерзакович, М.Мырзахметов, Ғ.Есімов, Ж.Ысмағұлов т.б. ғалымдар салмақты үлес қосты.

«Қазіргі кезде әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылыми жаңа белеске көтеріліп жалғаса, толыға беруі керек. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек» /2.25/.

Абайтану ғылымының тарихы бай, кемел, іргетасы мықты ғылым десе де болғандай. Осының бәрін ескере келгенде келесі бір жағдаяттарды толық аңғаруға болады.

«Абайтану – ұлы ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат ететін қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі. Совет өкіметі орнасымен-ақ, өткендегі мұраға қамқорлық жаңа дүниетаным негізінде жүргізіле бастады. Ал Абай мұрасын тану, таныту, насихаттаудың алғашқы белгілері революцияға дейін-ақ көрінгенімен, оны шын мағынасындағы ғылыми тұрғыдан танып бағалау ісі біздің заманымызда ғана жүзеге асты. 1933 жылы М.Әуезов Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып, Абайтанудың негізін салуды бастап берді. Бірақ 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде жазылған сын мақала, зерттеулерде бұл мұраны танып, бағалауға сол тұстың әдеби атмосферасында орын тепкен тұрпайы социологиялық, компоративистік негіздегі теріс танымдардың салқыны тимей қалған жоқ».

Қазақ әдебиетi тарихындажоғары оқу орындарында арнайы курстан дәрiс оқу дәстүрi тұңғыш рет 1942 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттiк университетi қабырғасында жүргiзiле бастады. Әдебиеттен арнайы курсты «Абайтану» деген атпен алғаш рет жүргiзген ғалым Мұхтар Әуезов болатын-ды. «Абайтанудан» дәрiс оқудан бұрын М.Әуезов бұл мәселеге алдын ала ұзақ жылдар бойы ұлы ақын мұрасы жайында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргiздi. I918 жылдан бастап Абай мұрасы жайындағы мақалалары баспасөзде жарияланысымен-ақ оқырмандар назарын өзiне тарта бастады. Бұл, әсiресе, «Абай» журналында редактор болған жылдарында Абай мұрасы туралы мақалалар жазумен бiрге ақын шығармаларынан үзiндiлер де жариялап, оқырман қауымға кең тұрғыдан таныстырып насихаттаумен айналысты.

М.Әуезовтiң ғылыми творчестволық өмiр жолында қол жеткен жетiстiгiнiң екi түрлi заңғар биiк шыңы болды. Оның ғылыми зерттеу жұмысындағы бiрiншi жетiстiгi «абайтанудан» жиырма жылға жуық үзiлiссiз арнайы курс оқудан келiп туындаған «Абай Құнанбаев» деп аталатын ғылыми монографиясы болса, шығармашылық өмiрiндегi екiншi жетiстiгi Абай туралы әр түрлi жанр түрiнде жазылған көркем туындылары мен «Абай жолы» эпопеясында жатты. Өзiнiң Абай туралы ғылыми творчестволық iзденiстерi мен жазған ғылыми еңбектерiнде осы екi саланы қатар ұстанып, негiзгi айтылар ойларының желiсiн осы тұрғдан өрбiтiп отырған.

М.Әуезов Абайдың қайтыс болуына жиырма жыл толуына орай Семей қаласында өткен әдеби кеште «Абайдың қазақ әдебиетiндегi тарихи орны» туралы жасаған баянмамасы кезiнде автордың қолында Абайдың ғылыми өмiр баянының тұңғыш жазылған нұсқасы да болатын. Бiрақ бұл қолжазба Абайдың қайтыс болуына отыз жыл толуына орай тұңғыш рет кешiгiп барып жарияланған толық жинағында басылым көрдi. Мiне, осы кезден бастап М.Әуезовтi әдеби жұртшылық абайтанудың негiзiн салушы ғалым ретiнде тани бастаған кезең басталды. Абайдың әдеби мұрасын ғылыми творчестволық тұрғыдан зерттеу жұмысын аяқтай келе қазақ әдебиетi тарихында абайтанудың ғылыми саласын негiздеп кеттi. Тiкелей Абай мұрасын жиырма жылдан астам ұзақ жылдар бойы үзiлiссiз зерттеу нәтижесiнде қазақ әдебиетiнiң күрделi саласы ретiнде «Абайтану» пәнi қалыптасып өмiрге келдi.

Елуіншi жылдардан бастап абайтану саласында М.Әуезов Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы туралы күрделi зерттеу тақырыбының жандануына түрткi салып, ғылыми тұрғыдан пiкiр көтердi. Қазақ әдебиетiнiң зерттелу жағдайында абайтанушы ғалым көтерген бұл аталмыш зерттеу нысанасы Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы деген тақырыпта зерттеулер жүргiзiлу қажеттiлiгi С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Смайылов, Ә.Жиреншиндер тарапынан да қолдау таба бастады. М.Әуезов пен Қ.Жұмалиевтiң ұсынуымен осы тақырыпта 1965 жылы М. Мырзахметұлы тарапынан «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деп аталатын кандидаттық диссертациясы қорғалды. Профессор Х.Сүйiншәлиев тарапынан университеттер мен педагогикалық институттарда оқытылып келе жатқан «Абайтанудың» арнайы курсы мен семинар сабақтарына бағдарлама да жасалды. Профессор Т.Кәкiшов қазақ әдебиетi сынының тарихын зерттеуге кiрiсiп, онда абайтану тарихын жалғастыра зерттеудiң нәтижесiнде «Оңаша отау» (1982 ж.) монографиясы басалым көрдi.

Қазақ әдебиетiнiң аса қуатты арнасына айналған абайтанудың ғылыми тұрғыдан зерттелу кезеңiн үш салаға бөле қараудың қажеттiлiгi туды:

Бiрiншi кезеңi яғни абайтанудың алғашқы дәуiрi ресми түрде баспасөз бетiнде 1889 жылдан басталып 1934 жылмен аяқталады.

Екiншi кезеңi 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы абайтанудың Мұхтар Әуезов бастаған соны танымдардың заманымен аяқталады.

Үшiншi кезең 1961 жылдан кейiнгi Абай мұрасын тереңдей танып зерттеу дәуiрiмен жалғасады. Яғни ұлы ақын мұрасы жолында абайтану мен абайтанудың тарихы деп аталатын екi ғылыми арнаның пайда болуын көрсетедi.

Наши рекомендации