Етістіктің ерекше түрлері

Дербес лексикалық мағыналы етістіктер мен көмекші етістіктер

Тілдегі етістіктер дербес етістіктер және көмекші етістіктер болып екіге бөлінеді.

Дербес етістіктер деп заттың қимыл-әрекетін білдіріп, етістіктің қосымшалары арқылы түрленіп,сөйлемде түрлі синтаксистік қызмет атқарып, белгілі сұрақтарға жауап беретін, сөйлемдегі басқа сөздермен байланысқа түсіп, сөз тіркестерін жасайтын етістіктер аталады. Мысалы: Ол есіктен кірген, орта жастардағы, шашы қиылған, толықша, қараторы әйелге қарады. (М.М.)

Лексикалық мағыналы дербес етістіктердің өзіндік белгілері мыналар:

1) заттың қимыл-әрекетін білдіреді: кел, кет, отыр, ал, бер, оқы, бас т. б.

2) сөйлем мүшесі болады, белгілі сұрақтарға жауап береді: Абай енді үнсіз тыйылды да, отырып қалды. (М.Ә.) не істеді? – отырып қалды – баяндауыш.

3) сөйлемдегі басқа сөздермен байланысқа түседі: Абай отырып қалды, Абай тыйылды – предикаттық байланыс, үнсіз тыйылды – пысықтауыштық байланыс.

4) сөз тіркесін жасайды: Абай тыйылды – қиысу, үнсіз тыйылды – қабысу.

Тілдің дамуымен байланысты лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен, сөйтіп грамматикалық мағынаны білдіретін көрсеткіш қызметіндегі етістіктер көмекші етістіктер деп аталады. Олар екі топқа бөлінеді: толымды көмекші етістіктер және толымсыз көмекші етістіктер.

Толымды көмекші етістіктер деп қазіргі кезде лексикалық мағынасы бар кездегі дыбыстық құрамын сақтаған, бірақ грамматикалық мағына білдіріп, грамматикалық көрсеткіш ретінде ғана қызмет атқаратын көмекші етістіктер аталады. Олар 30 шақты: ал, бар, баста, бақ, бер, бол, бөл, біл т.б. бұлардың бәрінің де тілде дербес лексикалық мағыналы омонимдері бар.

Толымды көмекші етістіктер қимылдың жасалу сатысын білдіреді: сөйлей бастады, жазып отыр, айтып қойды т.б.

Толымды көмекші етістіктер қимылдың қалай жасалғанын білдіреді: жығыла жаздады, келе берді, айтып бақты, отырып алды, жылап жіберді т.б.

Толымды көмекші етістіктер бұйрық рай мағыналарын да білдіреді: беруші болма, айта көрме, айта көр, таба көр т.б.

Толымды көмекші етістіктер шартты рай мағынасын да білдіреді: Ол келсе болды, жиналысты бастай береміз.

Толымды көмекші етістіктер нақ осы шақ жасайды: көріп отырмын, біліп тұрсың,әндетіп жатырсың, келіп жүрсіз, т.б.

Бұл мысалдардан біз толымды көмекші етістіктердің алуан түрлі грамматикалық мағынаны білдіріп, тілдіе үлкен қызмет атқаратынын көреміз.

Толымсыз көмекші етістіктердеп дербес сөз кезіндегі дыбыстық құрамын сақтамаған,, етістіктің түрлі грамматикалық тұлғаларында қалыптасып, қазір сол тұлғада түбір сөз ретінде қолданылатын көмекші етістіктер аталады. Олар саны жағынан өте аз, атап айтқанда: еді, екен, емес, ет, жазда.

Бұл көмекші етістіктер көне тілде болған ер сөзінен ықшамдалып, грамматикалық тұлғалары сақталған деп есептеледі.

Толымсыз етістіктер тілде әр түрлі қызмет атқарады.

Еді толымсыз көмекші етістігінің қолданылу аясы өте кең, ол есім сөзбен де (дәрігер еді, қызыл еді, алтау едік т.б.), етістік сөзбен де тіркеседі. Етістікпен тіркескенде шақ, рай көрсеткіштерімен тіркесіп аналитикалық формант құрайды (-қан еді, -атын еді, -ушы еді, -ар еді, -ып отыр еді, -мақ еді т.б.).

Екен толымсыз көмекші етістіктер есім сөздермен де, шақ, рай тұлғаларымен де тіркесіп, күрделі аналитикалық формант жасйды. Мысалы: мұғалім екен, бай екен, үлкен екен; -ген екен, -атын екен, -а жатыр екен, -са екен т.б.

Ет көмекші етістігі есім сөзден құранды етістік жасайды: жәрдем ет, көмек ет, арман ет, сәлем ет, т.б.

Жазда толымсыз көмекші етістігі дербес етістіктерге көсемшенің –а, -е, -й жұрнағы арқылы аналитикалық формант жасайды: жығыла жаздады, ұмыта жаздады т.б.

Бұрынғы грамматикаларда етістіктің көп категорияларының бірі ретінде қаралып келген, соңғы кезде Н. Оралбай „етістік түрлері” деп атап отырған үш етістікті (қимыл атауы, есімше және көсемше) С.Исаев та етістіктің ерекше категориялары деп бөліп қараған болатын.

Етістіктің ерекше түрлері

Қимыл атауы.Алғаш рет „тұйық райы”, одан соң – „тұйық етістік”, одан кейін „қимыл есімі” (Қ.Неталиева), ақырында – „қимыл атауы” (А.Ысқақов) атанған бұл етістік түрі етістік түбіріне –у жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Қимыл атауы етістіктер қимылдың атын ғана білдіріп, қимылдың әрекеті, жасалуы туралы ешбір мәлімет білдірмейтіндіктен, оның рай, шақ, модальдық мағынаға қатысы жоқ, қимыл атауы етістіктің бірде-бір категориясымен түрленбейді. Қимыл атауы атау сөздер ретінде зат есім парадигмасымен түрленеді. Осы ерекшелігі арқылы қимыл атауы етістіктің барлық түрінен, барлық категорияларынан өзгеше түрі болып табылады. Осы ерекшеліктеріне байланысты қимыл атауының кей түрлері зат есімдерге өткен: жамау, бояу, көсеу, тісеу, жабу, қабу т.б.

Есімше.Есімше де етістіктің есімдерге ұқсас түрі. Осындай ерекшеліктеріне байланысты оны сын есімге қосқандар да (А.Пешковский), жеке өз алдына сөз табы етуге тырысқандар да (А.Н.Тихонов) болған. Қазақ тіл білімінде үнемі етістіктің қарамағында қаралып келеді. Есімше қимыл-әрекет түрінде қолданылып, заттың сапасы, қасиеті, белгісі ретінде ұғынылады. Мысалы, оқыған адам, білген кісі, тозбайтын тон, айтар сөз т.б. деген тәрізді заттың түрлі қимылдық белгісін білдіру – есімшенің негізгі қызметі.

Сонымен бірге, есімше етістіктің салт, сабақтылық қасиетін де сақтайды (кітапты оқыған бала, үйге кірген кісі т.б.).

Етістік сөйлемде субъектінің қимыл-әрекетін білдіріп, баяндауыш болса, есімше сөйлемде жанама қимылды ғана білдіретіндіктен, негізгі баяндауыш емес, анықтауыш қызметін атқарады. Тілде баяндауыш құрамындағы –ған, -мақ т.б. жұрнақтар есімшеден шақ мағынасын білдіретін жұрнаққа ауысқан (сен келгенсің, ол бармақ т.б.), сондықтан оларды есімше деуге болмайды.

Есімшенің заттың алдынан тіркесіп, жанама қимылын білдіретін қасиеті оның сын есімге тән сипатты иеленуін туғызған. Сондықтан олар субстантивтене де алады (көргендеріңді түгел айт, алғанды кім жек көреді т.б.).

Демек, есімше деп қимыл мағынасын сақтай отырып, сын есімнің анықтауыш қызметінде қолданылып, сөйлемде заттанып, зат есімше түрленетін етістіктің түрі аталады.

Есімше жасайтын жұрнақтар:

1) –ған, -ген, -қан, -кен – заттың бұрын жасалған қимылын білдіреді (айтқан әңгіме, қатқан мұз, жауған қар т.б.);

2) –атын, -етін, -йтын, -йтін – ертерек кезде немесе алдағы уақытта үнемі болып тұрған (тұратын) әрекетті білдіреді (білетін жұмыс, атқаратын қызмет, ойланатын кез);

3) –ар, -ер, -р, -с – етістіктен жасалу, жасалмауы белгісіз, күмәнді іс-әрекетті білдіретін есімше жасайды (жүрер жол, барар жер, орындалмас іс т.б.);

4) –мақ, -мек, -пақ, -пек – түбір етістіктен мақсат мәнді етістік жасайды (айтылмақ пікір, кездеспек жер, көрсетпек көмек т.б.).

Көсемше. Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жай-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады. Жанама қимылды білдіру – көсемшенің негізгі қызметі. Ол қайтіп?, қалай?, неге? тәрізді сұрақтарға жауап береді. Бұл тұрғыда ол үстеуге жақын болып көрінеді. Алайда үстеуден айырмашылығы бар. Олар:

1) Көсемше тек қимылды білдіреді , ол – етістіктің белгісі.

2) Көсемше жұрнақтары тек етістікпен ғана қолданылады.

3) Үстеу – белгінің белгісін білдіреді, көсемше қимылдың белгісін білдіреді.

4) Көсемше тек етістіктен жасалады, үстеу әр түрлі сөз табынан жасалады.

5) Көсемше тек етістікпен сөз тіркесін жасайды, үстеу басқа сөз таптарымен тіркесе береді.

6) Көсемше есім сөзді меңгереді, үстеуде ол қасиет жоқ.

Осы айырмашылықтар көсемшені етістік деп тануға негіз болған. Сондықтан көсемше етістіктің бір түрі деп есептеледі.

Тарихи даму барысында көсемшелер түрлі өзгерістерге түсіп, басқа да қызметтер атқаратын болған, олар:

1) Көсемшенің жанама қимылды білідіру – оның негізгі қызметі болса, ол бара-бара күрделі етістіктердің пайда болуына, көсемше жұрнақтарының екі етістіктің арасын байланыстырушылық қызметке ауысуына алып келген. Мысалы, алып кетті, кіріп шықты, қайтып келді, асып кетті, беріп келді т.б. Осы мысалдардағы байланыстырушы жұрнақтарды көсемше жұрнағы деуге болады.

2) Екі етістіктің ұзаққа созылған осылайша тіркесуі тіркескен екі етістіктің бағыныңқы сыңарын грамматикалық мағына беретін көмекші сөзге айналдырған. Енді көсемше жұрнағы аналитикалық формант құрамына еніп, әр түрлі грамматикалық мән беретін дәрежеге жеткен. Мысалы, айтып берді, сала салды, айта қойды, келе берді т.б.

3) Тілдің даму барысында көсемше жұрнақтары шақтық көрсеткіш дәрежесіне жеткен. Негізгі баяндауыштың құрамындағы көсемше жұрнақтарын шақ жұрнақтары деп атау керек. Өйткені олардың қызметі көсемшеден мүлдем басқа. Олардың ерекшеліктері:

- шақ жұрнақтары негізігі қимылды білдіретін етістікке жалғанады, көсемше жұрнақтары жанама қимылды білідретін етістіктерге жалғанады;

- көсемше түрленбейді, одан кейін қосымша қосылмайды, шақ көрсеткіші түрленеді, одан кейін жіктік жалғауы жалғанады;

- көсемше сабақтас құрмаластың бағыныңқысы баяндауышы қызметін атқарады, шақ тұлғалы етістік бұл қызметте қолданылмайды;

- көсемше лексикалық мағыналы сөз болса, шақ тұлғасы грамматикалық мағына береді;

- көсемше жұрнақтары аналитикалық формант жасауға қатысады, шақ тұлғасында ол қасиет жоқ.

Көсемше жасайтын жұрнақтар мыналар:

1) –ып, -іп, -п – әр түрлі мағыналы көсемшелер жасайды: ашуланып жылау, жантайып жату, қорқып тоқтау, сүйреп тарту т.б.;

2) –а, -е, -й – негізгі қимылдың қалай жасалғанын білдіретін көсемшелер жасайды: күле сөйледі, тұнжырай қарады, бара көрерміз т.б.;

3) –ғалы, -гелі, -қалы, -келі – негізгі қимылдың жасалу мақсатын білдіретін көсемше жасайды: танысқалы келді, сөйлегелі отыр т.б.;

4) –ғанша, -генше – жанама қимылыдың негізгі қимылдан бұрын, қатар болатынын білдіреді: келгенше күт, аяқтағанша тынықпа т.б.;

5) –майынша, -мейінше – негізгі қимылдан бұрын болған жанама қимылды білдіреді де, бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болады: Хабар келмейінше, қозғалма.

Негізгі әдебиеттер:

1. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфо-логиясы. –А., 2007. 200-247 бб.

2. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. 494-511 бб.

3. Оразбаева Ф.Ш., т.б. Қазіргі қазақ тілі. Оқу құралы. – А., 2005. 303-316 бб.

4. Сәдуақасұлы Ж. Жіктік жалғау парадигмасы. – Қ-орда, 2016.

5. Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. А., 2002.

6. Қапалбеков Б. Көсемшелердің жұмсалу өрісі. А., 2006.

Қосымша әдебиеттер:

1. Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А., 1971.

2. Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология. І т. – А., 1967.

3. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998. 168-183-б.

4. Қасабекова Қ. Негізгі түбір салт етістіктер. А., 1998.

5. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. А., 1975.

6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфлогия. – А., 1991. 222-286 бб.

8-дәріс: Етістіктің категориялары

1. Етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіштері (қосымшалары)

2. Етістіктің аналитикалық форманттары

3. Қимылдың өту сипаты категориясы

4. Қимылдың жасалу тәсілдері мен олардың берілу жолдары

5. Қимылдың даму сатысы

6. Болымдылық, болымсыздық категориясы

7. Етістіктің модалдылык мағынасы, оның рай категориясымен байланысы

8. Етістіктің рай, жақ, шақ категориялары

9. Етістіктің сандылық категориясы

10. Етістік тұлғасының сөйлемде түрленуі

1.Етістіктің грамматикалық категорияларының мағыналарын білдіретін мынадай көрсеткіштер бар: 1) қосымшалар, 2) аналитикалық форманттар.

Етістіктің грамматикалық категорияларының мағынасы 1) грамматикалық жұрнақтар және 2) жалғаулар арқылы беріледі.

Грамматикалық жұрнақтарға: 1) болымдылық-болымсыздық категориясының жұрнағы; 2) қимылдың өту сипаты категориясының жұрнағы; 3) есімшенің жұрнағы, 4) көсемшенің жұрнағы; 5) бұйрық райдың нөлдік жұрнағы; 6) қалау райдың жұрнағы; 7) шарттырайдың жұрнағы; 8) шақ жұрнақтары.

Етістіктің грамматикалық мағынасын білдіретін жалғауға жіктік жалғауы жатады. Жіктік жалғауының етістікпен қолданылатын 3 түрі де сөйлемде қимылдың қай субъектіге қатысты екенін білдіріп, сөйлемде бастауышпен жақ арқылы қиысып тұрады. Тілде етістіктердің ең көп атқаратын қызметі – баяндауыш. Сондықтан да етістік жіктік жалғауы арқылы жиі қолданылатын сөз табына жатады. Есім сөздер баяндауыш болғанда, олар ад жіктік жалғауында қолданылады. Сондықтан жіктік жалғауын баяндауыштың жалғауы десе де болады.

Етістік категорияларының ішінде меншіктілік модалдылықта жақ мағынасын білдіруде тәуелдік жалғауы да қолданылады. Мысалы, оқығым келеді, оқығың келеді, оқығысы келеді. Бірақ бұл – өнімсіз қолданыс.

2.Грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіштердің бір түрі – аналитикалық форманттар. Етістікте аналитикалық форманттар өте көп.

Аналитикалық форманттар деп қосымша мен көмекші сөзден құралып, бір грамматикалық мағына беретін тілдік бірлік аталады. Мысалы, еңіреп жіберді (-п жіберді), шайнап тұр (-п тұр), бола аласың (-а аласың) т.б.

Аналитикалық форманттың құрамы қанша күрделі болса да, қолданыста бір ғана мағына береді. Олар етістіктің грамматикалық қызметке көшуімен байланысты қалып тасқан. Етістік грамматикалық мағынаға көшерде алдындағы етістікпен көсемшенің қай жұрнағымен байланысқан болса, сол жұрнақсыз қазір көмекші етістік грамматикалық мағынаны білдіре алмайды.

Аналитикалық форманттар етістіктің барлық дерлік категорияларының құрамында қызмет етеді. Мысалы, келсе екен – қалау райдың аналитикалық тұлғасындағы етістік, Барған еді – қатыстық өткен шақтық етістік тұлғасындағы етістік. Айтушы болма – бұйрық райдың аналитикалық тұлғасындағы етістік т.б.

Аналитикалық форманттардың құрамы біртұтас мағынаны білдіретін, өзгермейтін болып қалыптасқан. Құрамы жағынан олар екі морфемалы, үш морфемалы, төрт морфемалы форманттар болып келеді. Ең негізгіс – екі морфемалы форманттар.

Үш морфемалы форманттар күрделенген аналитикалық форманттарға жатады: -са игі еді, -ушы болма, -а сала, -ғандай бол т.б.

Төрт морфемалы форманттар екі аналитикалық форманттың бірігуінен жасалады: -п бара жатыр, -п қоя берді, -п болып қалды т.б.

Етістіктің грамматикалық категориялары сөйлеу әрекетіне қатысты болғандықтан, категория бірліктері сөйлемде қолданылады. Сөйлемде етістік көрсеткіштерінің қосымша түрімен қолданылған етістіктер синтетикалық тұлғалы сөздер болып саналады да, аналитикалық форманттар арқылы келген етістік аналитикалық тұлғалы сөз болып саналады. Бір етістік аналитикалық форманттармен де, синтетикалық формалармен де қатар түрлене береді және олардың бірнешеуі қабаттаса қолданыла да береді. Мысалы: құлап қала жазда дым – құла-п қал-а жазда-ды-м.

3. Өмірде қимыл түрлі тәсілмен жасалады, ол тілде түрлі тілдік тәсілдер арқылы беріледі. Мысалы: Жалт қарап еді, есінен тана жаздады (Б.А.). Дегенмен, Нұрке шыдап бақты (Ғ.Е.). Осы сөйлемдердегі есінен тана жаздады дегенде қимылдың жасалуға жақындап барып жасалмай қалғандығын білдірсе, шыдап бақты дегенде қимылды жасауға бар ынтасын салғанын, өте тырысқанын білдіреді.

Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясыдеп аталады. Оның қалыптасқан көрсеткіштері бар.

Қимылдың өту сипаты категориясы – көп мағыналы категория. Бір қимылдың жасалуына бірнеше тәсіл қатыса береді. Себебі қимыл атаулы бірден тез аяқтала бермейді, сондықтан қимыл аяқталғанша бірнеше тәсілден өтуі мүмкін. Осыған байланысты етістіктің құрамында қимылдың өту сипаты категориясының бірнеше көрсеткіші қолданыла береді. Бұл көрсеткіштер етістік түбіріне бірден қосылады да, басқа көрсеткіштер осылардан кейін қосылады.

Бұл категорияның көрсеткіштері екі топқа бөлінеді: 1) қосымшалар немесе грамматикалық жұрнақтар, 2) аналитикалық форманттар.

Жұрнақтар:

1) –ла, -ле (-да, -де, -та, -те)етістікке жалғанып, қайталау мәнін қосады: сипала, сүйреле, сабала, жанышта, тістеле т.б.

2) –қыла, -кіле (-ғыла, -гіле) бұл да қимылдың қайталануын білдіреді: атқыла, жұлқыла, тепкіле, езгіле, созғыла т.б.

3) –мала, -меле (-бала, -беле, -пала, -пеле) қимылдың қайталана созылуын білдіреді: қазбала, қақпала, итермеле, сұқпала, кеспле т.б.

4) –ғышта, -гіште (-қышта, -кіште)қимылдың бәсең қайталануын білдіреді: барқышта, келгіште, түйгіште, сүйгіште, езгіште т.б.

5) –ыңқыра, -іңкіре (-ңкіре, -ңқыра) қимылдың жалғаса түсуін білдіреді: алыңқыра, үйреніңкіре, созыңқыра, күтіңкіре, ішіңкіре т.б.

6) –ымсыра, -імсіре (-мсыра, -мсіре) – өнімсіз жұрнақ, қимылдың жетімсіз, әлсіз екенін білдіреді: жыламсыра, күлімсіре, өлімсіре.

7) –сы, -сі (-сын, -сін)қимылдыжасаған боп көрінуді білдіреді: білгенсіп отыр, жазғансып көрінеді, білгішсініп отыр, батырсынып көрінеді т.б.

Аналитикалық форманттар.Қимылдың өту сипаты категориясы негізінен аналитикалық форманттар арқылы жасалады. Бұл категорияның мағынасы үлкен екі топқа бөлінеді: 1) қимылдың жасалу тәсілі, 2) қимылдың жасалу сатысы мағыналары.

4.Қимылдың жасалу тәсілдері мен берілу жолдары. Қимылдың өту сипаты категориясының негізгі мағыналарының бірі – қимылдың қалай жасалғанын сипаттау. Н.Оралбай оның 8 түрін атайды.

1) Қимылдың тез жасалуын білдіретін – қимылдың тездік тәсілі. Бұл – көрсеткіштері көп, өнімді, жиі қолданылатын тәсіл. Қимылдың тездік тәсілін білдіретін аналитикалық форманттар мыналар: -а қал (келе қал), -а қой (жасыра қойды), -а кет(ала кет), -п кет (қысылып кетті), -п жібер (тастап жіберді), -п таста (қағып таста), -п түс (іліп түсті), -а сала (келе сала), -п сал (айтып сал), -а түс(айта түс), -п қоя берді(жылап қоя берді), -п кеп қал (итеріп кеп қалды), -п кеп жібер (періп кеп жіберді), -п кеп кет (құйылып кеп кетті), -п ала қой (тығып ала қой), -п жүре бер (құлпырып жүре берді), -п ала жөнел (қуып ала жөнелді), -п кел ал (шаншып кеп алды), -п кеп түс (оршып кеп түсті).

Бұл форманттардың жалпы мағынасы бір тездік болғанымен, бір-бірінен сәл-пәл реңдік айырмашылығы болады.

2) Қимылдың жасалуының ұзаққа созылуын білдіретін тәсіл – созылыңқы қимыл тәсілі. Бұл тәсілді мына форманттар білдіреді: -е бер (келе береді), -е түс (күте түс), -а тұр (шыдай тұр), -а тұр (бара тұр), -а отыр (айта отыр), -а жатар (ала жатар), -а жүр (айта жатар), -ып қал (отырып қалды), -ып жатыр (оқып жатыр).

3) Жасалмаған қимылды жасалғандай, керісінше, жасалған қимылды жасалмағандай етіп көрсетуге тырысу қимылдың жасандылық тәсіліне жатады. Бұл тәсіл -ған бол форманты арқылы ғана жасалады: күлген бол, қуанған бол, білген бол, жылаған бол т.б. Мысалы, Көрсе де, көрмеген болып жүре берді (Т.А.).

4) Жетімсіз қимыл тәсілін -а жазда, -й жаздап барып қалды, -ып қала жаздадыаналитикалық форманттары жасайды: ауып қала жаздады, құлай жаздады, құлай жаздап барып қалды, сатылып кете жаздады т.б.

5) Қимылды сбъекті өзі үшін немесе басқалар үшін жасауын білдіру қимылдың бағыт-мақсат тәсілінежатады. Бұл тәсіл -п ал(оқып ал, біліп ал, үйреніп ал, түсініп ал т.б.), -п бер (айтып бер, оқып бер, түсіндіріп бер, орындап бер т.б.) форманттары арқылы жасалады. -п ал форманты кейде адамның психологиялық жағдайын да білдіреді: сазарып алыпты, ішін тартып, сұрланып алыпты т.б. Бұл форманттар кейде күрделі етістіктермен омонимдес болып келеді. Оларды айыра білу керек. Мысалы: көріп бер, сатып ал, апарып бер т.б.

6) Қимылдың ынта тәсілі -п бақформанты арқылы жасалады: шыдап бақты, тырысып бақты, қорғап бақты т.б.

7) Қимылдың немқұрайды тәсілі -а сал, -й сал форманттары арқылы жасалады: айта сал, сөйлей салды, бере салды, хабарлай салды т.б.

8) Қимылдың бейімділік тәсілі -йын де-форманты арқылы жасалады: ашылайын депті, ұйықтайын деді, жылиын деді, басылайын деп, құрғайын деп т.б.

5.Қимылдың даму сатысы (фазасы) деп оның басталуынан аяқталуына дейінгі қалып саналады. Бұл үш кезеңнен тұрады: 1) қимылдың басталу кезеңі, 2) қимылдың басталып, аяқталмаған (жасалу үстіндегі) кезеңі, 3) қимылдың аяқталған кезеңі. Бұл сатылар белгілі бір көрсеткіштер арқылы беріледі.

Қимылдың дамуының 1-сатысы қимылдың басталуын білдіреді: жауа бастады, айтыла бастады, шаршай бастады, сөйлей жөнелді, көгеріп сала берді, еңіреп қоя берді, өсіп жүре берді т.б.

Қимылдың 1-сатысы мынадай аналитикалық форманттар арқылы жасалады:

-а баста форманты қимылдың қалыпты басталғанын білдіреді: шыға бастады, үйіріле бастады, ұша бастады т.б.

-а жөнел, -п қоя бер форманттары қимылдың кенеттен тез басталғанын білдіреді: жүрегі айни жөнелді, мақтай жөнелді, шылдырап қоя берді, сайрап қоя берді, т.б.

-п сала бер, -п жүре беркүрделенген аналитикалы форманттары қимылдың баяу басталғанын білдіреді: суып сала берді, ағарып сала берді, жынданып жүре берді, т.б.

Қимылдың 2-сатысы қимылдың жасалу үстінде екенін білдіре отырып, мынадай аналитикалық форманттар арқылы жасалады: -п келе жат, -п бара жат, -п бара, -п келе, -п жат, -п тұр, -п жүр, -п отыр: өсіп келе жатты, күйіп бара жатқан, үлкейіп барады, жанып жатты, жиылып жүргенде, жазып отырды т.б.

Соңғы қалып етістіктерінің қатысуы арқылы жасалған форманттар нақ осы шақтың жұрнақтары да болып есептеледі де, сөйлеушінің сөйлеуі кезіндегі қимылдың даму үстінде екенін білдіреді. Ал, бұл форманттардың мағынасы сөйлеушінің хабарлау кезіне сәйкес келмегенде, тек қимылдың даму үстінде екенін ғана білдіреді: келіп жүргенде, оқып отырғансың, өсіп тұрды, құлпырып бара жатқаны, өсіп бара жатқан еді т.б.

Қимылдың 3-сатысы қимылдың аяқталу кезеңін мына аналитикалық форманттар арқылы білдіреді: -п бол, -п шық, -п біт, -п қой, -п кет, -п қал, -п болып қал: жалығып болдым, жоғалып шықты, орындалып бітті, алып кетті, шашалып қалды, айтып болып қалды т.б.

6.Етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы. Етістіктің болымдылық, болымсыздық мағынасы – бүкіл етістік атаулыға тән жалпы грамматикалық мағына. Сондықтан ол етістіктің өзінше жеке категориясы болып табылады. Етістіктің бұл категориясы категория болу талаптарының бәріне толық жауап береді. Тілде болымдылық нөлдік (Ø) тұлға арқылы беріледі де, болымсыздық –ма, -ма, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы арқылы және Ø емес, Ø жоқ форманттары арқылы беріледі. Болымдылық, болымсыздық етістіктің барлық түрлері мен категорияларына тән.

Етістіктің модальдылық мағынасы және оның рай категориясымен байланысы. Модальдылық мағына – тілдің түрлі деңгейіне қатысты. Алайда ол етістік құрамынан, әсіресе етістік баяндауыштың құрамынан мол орын алады. өйткені модальдылық сөйлеушінің сөйлемдегі айтылған ойға көзқарасын, ойын, пікірін білдіреді. Сөйлеушінің бұл көзқарасы шындық өмірге сай да, сай емес те болып берілуі мүмкін. Модальдылық мағына деп сөйлемде айтылатын ойдың шындық өмірге қатысы туралы сөйлеушінің пікірі айтылады.

Модальдылық мағына объективті және субъективті мағына болып екіге бөлінеді. Осы мағыналар етістіктің рай категориясы арқылы беріледі. Осы арқылы модальдылық мағынаның рай категориясымен байланысы айқындалады. Модальдылық мағынаның реалды (шындық) және неғайбыл болып берілуі арнайы райлық көрсеткіштер арқылы берілетіндіктен, рай категориясы да реалды және ирреалды (неғайбыл) болып бөлінеді. Реалды – ашық рай, ирреалды (неғайбыл) – бұйрық рай, шартты рай, қалау рай. Бұл екеуінің мынадай айырмашылықтары бар: 1) ашық райдың арнайы көрсеткіші жоқ, неғайбыл райлардың көрсеткіштері бар; 2) ашық райдағы реалды мағынаны шақ көрсеткіштері білдіреді, неғайбыл райда бұйыру, қалау, шарт мағыналарын осы райлардың көрсеткіштері білдіреді. Сондықтан ашық райдың шақтарындағы етістіктер объективті мағынаға, ал неғайбыл райлар субъективті мағынаға жатады.

Модальдылық мағынаның берілуі рай көрсеткіштерімен шектелмейді, ол арнайы модальдық мағынаны білдіретін көрсеткіштер арқылы да беріледі.

8.Етістіктің рай категориясы деп қимылдың шындыққа қатысын білдіретін категория аталады. Райдың төрт түрі бар: ашық рай, бұйрық рай, қалау рай, шартты рай. Бұлардың шындық өмірді білдіру бірдей дәрежеде емес. Райлардың модальдылыққа қатысы жоғарыда айтылды.

Ашық рай (объективті модальдылық). Ашық рай (индикатив) деп қимылдың шындық өмірде белгілі бір мезгілде болатынын, болып өткенін, я болып жатқанын, я болмайтынын нақтылы білдіретін етістіктің категориясы аталады. Ашық райдың өзіне тән көрсеткіштері болмайды да, оның мағынасы шақ көрсеткіштері арқылы беріледі. Мысалы: Ол күңгірт көпті ойлаумен өмір кешкен (М.Ә). Барлығы да көктеп, жайнап тұр (Ғ.М.).

Неғайбыл райлар деп қимылдың шындық өмірге қатысын білдірмей, қимыл туралы субъектінің (сөйлеушінің) пікірін ғана білдіретін райлар аталады. Субъектінің пікірін ғана білдіретін мағыналар етістіктің бұйрық, қалау, шартты райлары арқылы беріледі де, субъективтік модальдылық деп аталады.

Бұйрық рай (императив) деп қимылды жасау я жасамауды басқадан талап ететін, қимылға қозғау салатын рай аталады. Мұнда сөйлеуші – бұйрық беруші, бұйрық иесі. Демек, бұйрық – субъектінің пікірі ғана, ол қимыл - әлі шындық өмірде жоқ қимыл. Бұйрық беруші сөйлеші жақ болады да, бұрық екінші, үшінші жақтарға қарай бағытталады. Осыдан келіп бұйрық райдың жақпен, оны білдіретін жіктік жалғауымен байланысы шығады. (жіктелу үлгісі оқулықта).

Бұйрық райы аналитикалық форманттар арқылы да беріледі: -ушы бол, -а көр, -а көрсе.Бұйрықтың алуан түрлі мағыналары бар (мағына түрлері оқулықта).

Қалау райдеп сөйлеушінің қимылды жүзеге асырғысы келетін ниетін, ықыласын, ойын білдіретін етістіктің түрі аталады. Қалау рай субъектінің қимылдың жасалуын тілейтінін, ұнататынын білдіреді де,тілекті модальдылықты білдіреді. Мысалы: Беліңді әрдайым бекем буғайсың (М.Ә). Тезірек кетсе екен (С.Ж.).

Қалау рай жасайтын көрсеткіштер: 1) –ғай, -гей, -қай, -кей: барғайсың, қайтқайсыз, білгейсіз т.б.; 2) –ғай еді(-қай еді, -гей еді, -кей еді): қайтқай еді, көрсеткей еді, алғай еді т.б.; 3) –са игі: сұраса игі еді, білсе игі еді, бітірсе игі еді; 4) –са еді: бұйырса еді, білсем еді т.б.; 5) –са екен: өтсеңіз екен, ұтсам екен, қалса екен т.б.

Қалау райлы етістіктердің алғашқы екі көрсеткіші жіктік жалғауының толық түрімен түрленсе, соңғылары қысқа түрімен түрленеді.

Шартты рай деп екінші қимылдың жасалу-жасалмауына шарт болатын қимылды білідретін етістік аталады. Осымен байланысты шартты ралы етстік бар сөйлемде екі етістік болады да, бірі екінші қимылдың шарты болады. Осыдан шартты бағыныңқылы сөйлемдер қалыптасқан. Мысалы: Қорықпасаң бері кел (Х.Е.). Отқа өртенсем де, өкінбеймін (М.Ә.). Енді аз бөгелсе, жұрт тағы кернеп кетеді (М.Ә.).

Шартты райлы етістіктер жіктік жалғауының қысқа түрімен түрленеді.

Сөйлемде модальдық мағынаның басқа да берілу жолдары бар. тілде сөйлеуші пікірін білдіретін арнайы көрсеткіштер бар. Олар етістік баяндаыштың құрамында келіп, сөйлем мазмұнына модальдық мән үстейді.

Тілде рай көрсеткіштерінсіз мынадай модальдық мағына білдіріледі: 1) мүмкіндік мағына, 2)міндеттілік мағына, 3) ниет мағынасы, 4) болжалдық мағына.

Мүмкіндік модальдылықсөйлеушінің қимылды жасау мүмкіндігі бар деп анықтаған пікірін білдіреді. Олар мына форманттар арқылы жасалады: -а ал(ма), -а біл, -уға бол, -уға кел: айыра алады, еңбек ете біледі, айыруға болады, жүруге келмейді т.б.

Міндеттілік модальдылық етістік қимылды жасауға субъектінің міндетті екенін білдіреді. Бұл мағына мына форманттар арқылы білідріледі: -у керек, -уге тиіс, -у қажет: айтуға тиіс, баруым қажет, көтеру қажет т.б.

Ниет-пиғыл модальдығықимылды жасауға субъектінің ынтасы ауғанын, ниеті түскенін білдіреді. Бұл модальдылық түбір етістіктерге –ғым кел аналитикалық флорманты арқылы жасалады. –ғы көрсеткіші үш жақта жіктік жалғауымен түрленіп қолданылады: айтқым келеді, айтқың келеді, айтқысы келеді.

Болжал модальдығысубъектінің қимылды жасау-жасамауы күдікті екенін білдіреді. Мынадай форманттар арқылы жасалады: -уы мүмкін, -се керек, -ған болар, -ген көрінеді, -ғанға ұқсайды, -уы ықтимал, -ған шығар, -ді білем, -ген тәрізді, -етін тәрізді, -ген сияқты, -ген секлді, -ді кәдік: болса керек, алған сияқты, болуы мүмкін т.б.

Етістіктің шақ категориясы. Ашық рай.Етістік сөз табы амал-әрекетті білдіреді, ал қандай амал-әрекет болса да, белгілі бір мерзімде жасалады. Етістіктің осы ерекшелігі сөйлемде шақ көрсеткіштері арқылы беріледі. Етістік шақ категориясы арқылы басқа сөз таптарынан ажыратылады.

Етістіктің шақ категориясы деп қимылдың хабарлану кезеңіне қатысты мезгілін анықтайтын әр түрлі тұлғалардың жүйесі аталады. Грамматикалық мезгіл яғни шақ сөйлеушінің хабарлау мезгіліне қарай белгіленеді. Сөйлеушінің хабарлау мезгілі осы шақ болады да, одан бұрын болған қимыл-әрекет өткен шақ деп, ал кейін болатын іс-әрекет келер шақ деп аталады. Сөйтіп етістіктің шақ категориясы осы үш парадигмадан тұрады.

Өткен шақ сөйлеу кезінен бұрын болған қимыл-әрекетті 4 түрлі мағыналық ыңғайда білдіреді: 1) жедел өткен шақ етістік түбіріне -ды, ді, -ты, -ті жұрнағы тікелей жалғану арқылы жасалады, жекеше, көпше 3 жақта болымды-болымсыз түрде жіктеледі: отырдым / отырдық, отырдың / отырдыңдар, отырды / отырды; 2) бұрынғы өткен шақ етістік түбіріне –ып, -іп, -п жұрнағы жалғану арқылы (көміліп қалыпты, киініп алыпты), -ған, -ген, -қан, -кен жұрнағы арқылы (кеткен, толған, қатқан), -ған екен фрманты арқылы (келген екен, толған екен) жасалады, үш жақта, жекеше, көпше, болымды-болымсыз түрде жіктеледі; 3) ауыспалы өткен шақ –атын, -етін, -йтін жұрнағының түбір етістікке жалғануы арқылы жасалып, сөйлеуші хабарлағанға дейін болған қимылды білдіреді. Бұл жұрнақ келер шақты да жасайды, сондықтан ауыспалы аталады. Бұл мағыналар сөйлемнің тұтас мағынасынан айқындалады. Өткен шақтың бұл түрі де жекеше, көпше, болымды-болымсыз түрде жіктік жалғауын қабылдайды: көретінмін / көретінбіз, көретінсің / көретінсіңдер, көретін / көретін; 4) қатыстық өткен шақ қимылды кейін еске түсіру мәнін білдіреді. Өткен шақта болған қимылды ескерту үшін –п еді, -ған еді, -атын еді аналитикалық форманттары қолданылады (жылай бастап еді, болатын еді), осы шақта болған қимылды кейін еске түсіруді –п отыр еді, -п тұр еді, -п жүр еді, -п жатыр еді, -уде еді форманттары білдіреді (ойлап отыр едім, біліп жүр еді), келер шақтағы қимылдың жасалуына бір кедергі барын –мақ(шы) еді, -ар еді, -тын еді форманттары білдіреді (сұрамақшы еді, жан сақтап қалар еді, екпек еді). Шақтың бұл түрі де үш жақта жіктеле алады.

Осы шақсөйлеуші хабарлап тұрған мезгілге жасалуы сай келетін етістік аталады. Бұл шақтың екі түрі бар: 1) нақ осы шақ – қимылдың сөйлеуші хабарлап жатқанда болып жатқанын –п отыр, -п тұр, -п жүр, -п жатыр форманттары арқылы 3 жақта жекеше, көпше түрде жіктеліп білдіреді (оқып отырмын, жазып жатырсыңдар, ойнап жүр). Осы форманттар күрделену арқылы осы шақта қимылдың даму үстінде екенін білдіреді: -п бара жатыр, -п келе жатыр (өсіп бара жатыр, дамып келе жатыр). Нақ осы шақтың болымсыздық түрі қалып етістіктеріне –қан жұрнағы қосылу және жоқ көмекшісінің тіркесуі арқылы жасалады (жазып отырған жоқ, айтып жатқан жоқ); 2) ауыспалы осы шақ түбір етістікке –а, -е, -й жұрнағы жалғанып, одан соң жіктік жалғауы жалғану арқылы, болымды-болымсыз түрде жасалады: жазамын, барасыңдар, қарайды т.б.

Кей әдебиеттерде –уда, -уде қосымшасы да осы шақ жасайды деп көрсетілген: өндіріс өсуде, өмір өркендеуде т.б.

Келер шақ сөйлеушінің хабарлауынан кейін болатын қимл-әрекетті 1) ауыспалы келер шақ, 2) болжалды келер шақ, 3) мақсатты келер шақ мағыналарында білдіреді. Ауыспалы келер шақ –а, -е, -й және –атын, -етін, -йтін жұрнақтарының етістік түбіріне жалғануы арқылы болымды-болымсыз мағынада жіктеліп жасалады: Қойыңдар, бізді өлтірмейді, бізді алып шығады. Естіген әңгімесінің бәрін бала ынтыға тыңдайтын. Болжалды келер шақ етістік түбіріне –ар, -ер, -р, -с жұрнақтарының жалғануы арқылы болымды-болымсыз мағынада жіктеліп жасалады: Асықпаңыз, жетерміз. Ол бүгін келе қоймас. Болымсыз түрі емес көмекшісі арқылы да жасалады: келер емес, бітер емес т.б. Мақсатты келер шақ 1) етістік түбіріне –мақ, -мек, -пақ, -пек, -бақ, -бек жұрнақтарының жалғануы арқылы (қалмақ, бармақ, жүрмек т.б.) және –ғалы жұрнағынан кейін қалып етістіктері тіркескен аналитикалық форманттар арқылы болымды-болымсыз мағынада жіктеліп жасалады (жазғалы отыр, барғалы жүр, кеткелі тұр т.б.).

Етістіктің жақ категориясы қимылдың субъектісін көрсететін категория: 1-жақ – сөйлеуші, 2-жақ – тыңдаушы, 3-жақ – бөгде адам. Тілде осы үш жақтың әрқайсысының мағынасын білдіретін жіктік жалғаулары бар, соның ішінде кей түркі тілдерінде кездеспейтін 2-жақтың сыпайы түрін білдіретін жалғау да бар. Сөйлемде жіктік жалғаулы етістіктер атау тұлғалы жіктеу есімдіктермен қиысып тұрады.

Қазақ тіліндегі жіктік жалғауы үш түрлі: 1) қысқа түрі (бұл жедел өткен шақ пен шартты райда, қатыстық өткен шақта еді көмекші етістігінен кейін жалғанады: келдім, келсең, келген едім т.б.), 2) толық түрі (жедел өткен шақтан басқа шақтардың бәрінде қалау райда, есім сөздердің жіктелуінде де қолданылады, 3-жағы ауыспал осы шақ пен ауыспалы келер шаққа бұрынғы өткен шақтың –п жұрнағынан кейін жалғанады), 3) бұйрық райдың жіктік жалғауы түбір етістікке тікелей жалғанады. 2-жақтың жекеше түрінде нөлдік тұлғада қолданылады (сұрайын, сұра, сұрасын).

Етістік қимыл иесі субъектімен тікелей байланысты. субъекті болатын негізгі сөз зат есім болатын болса, оның сандылық категориясының мағынасы етістікке де әсер етеді. Ол әсер етістіктің жіктік жалғауынан көрінеді. Сондықтан, етістікті жекеше субъектімен жіктік жалғауының жекеше түрі байланыстырады, олар – 1-жақта: -мын, -мін, -пын, -пін, -м, -айын, -ейін, -йын, -йін; 2-жақта: -сың, -сің, -сыз, -сіз, -ң; 3-жақта: -ды, -ді, -ты, -ті жалғаулары. Етістік баяндауыштың субъектісі көп болса, баяндауышқа жіктік жалғауының көпше түрі жалғанады. Бұл тек 1 және 2-жақтарға ғана қатысты. 3-жақта жіктік жалғауы нөлдік тұлғада болады. Көпше 1-жақ: -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз, -йық, -йік, айық, -ейік, -қ, -к; 2-жақ: -сыңдар, -сіңдер, -сыздар, -сіздер, -ңдар, -ңдер, -ңыздар, -ңіздер, -ыңдар, -іңдер, -ыңыздар, -іңіздер.

10.Етістік сөйлемде қолданылғанда түрлі-түрлі тұлғада келеді, өйткені оның түрлері де, категориялары да көп. етістік қай тұлғада тұрса, сол тұлғалардың атымен аталады (мысалы, шарттырай тұлғалы етістік, осы шақ тұлғалы етістік т.б.).

Етістік басқа сөз таптарының тұлғасында да қолданылады. Бұл оның басқа мағынада (субстантивтік, атрибутивтік) қолданылуымен байланысты.

Етістік сөйлемде бір категорияның да, бірнеше категорияның да көрсеткіштерімен қоданыла береді және олар белгілі бір заңдылықтармен тіркеседі: 1) қимылдың өту сипаты категориясының, 2) болымдылық-болымсыздық категориясының, 3) рай, шақ көрсеткіштерінің бірі (бұл екеуі бір сөзде қатар қоданылмайды), 4) мүмкіндік және ниет-пиғыл модальдықтары шақ көрсеткішінен бұрын тұрады, 5) соңынан жіктік жалғауы жалғанады.

Әдебиеттер:

1. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфо-логиясы. –А., 2007. 250-320 бб.

2. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. 511-545 бб.

3. Оразбаева Ф.Ш., т.б. Қазіргі қазақ тілі. Оқу құралы. – А., 2005. 317-357 бб.

4. Сәдуақасұлы Ж. Жіктік жалғау парадигмасы. – Қ-орда, 2016.

5. Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. А., 2002.

6. Қапалбеков Б. Көсемшелердің жұмсалу өрісі. А., 2006.

Қосымша әдебиеттер:

1. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. А., 1975. 36-41,72-127-б.

2. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. А., 1953.

3. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980

4. Мұхамади К. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің тездік тәсілі. А., 2004. 53-76-б.

5. Бибеков Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың аяқталу кезеңі және оның берілу жолдары. КДА., А., 2000.

6. Әбдіғалиева Т. Қазігі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория. ДДА., А., 1998.

9-дәріс. Үстеу

1. Үстеудің жалпы сипаты.

2. Үстеудің морфемдік құрамы.

3. Үстеудің мағыналық топтары.

4. Үстеудің сөйлемдегі қызметі.

1. Сөздерді таптастырудың 1-ұстанымы бойынша, үстеу – қимылды жан-жақты сипаттайтын сөз табы. Оған қимылдың болған я болатын мезгілі, орны, мекені, мөлшері, қалай жасалғаны, мақсаты, себебі сияқты алуан түрлі мағыналар жатады. Мысалы: Бүгін қымыз жақсы ашыған екен (М.Ә). т.б.

2-ұстаным бойынша, үстеудің грамматикалық категориясы жоқ.үстеу – түрленбейтін сөз табы. Демек үстеу сөйлемде түбір тұлғада қолданылады деген сөз. Яғни сөйлем үстеудің тұлғасына әсер ете алмайды деген сөз. Мұның өзі үстеудің морфологиялық сипаты болып табылады.

Үстеудің қолданыста түрленуі де кездесіп қалады. Бұл екі жағдайға байланысты: біріншісі – ғалымдардың көбі үстеулерді сын есімнен пайда болды деп есептейді. Осындай бойында сын есімдік қасиеті болған үстеулер шырай тұлғасымен түрленуі мүмкін. Екіншіден – үстеулер заттанып, зат есімше түрленуі мүмкін. Алайда бұлар үстеудің өзіндік сипаты емес.

3-ұстаным бойынша, үстеулер етістіктің алдынан тіркесіп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады.

Сөйтіп, мағынасы жағынан қимылдың жай-күйін сипаттайтын, морфологиялық жағынан түрленбейтін, синтаксистік жағынан сөйлемде пысықтауыш қызметін аттқаратын сөздер үстеу деп аталады.

2. Морфемдік құрамына қарай үстеулер негізгі және туынды деп бөлінеді. Негізгі үстеулер бір ғана морфемадан тұратындықтан, оның құрамы бөлшектеуге келмейді: қазір, бағана, әлі, сол, бұрын, әрең, кеш, енді, әнтек, таман, дереу, дәл, ұдайы т.б.

Туынды үстеулер дара және күрделі боп екі топқа бөлінеді. Дара туынды үстеулер уәждеме сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұрады: күн-діз, шет-кей, ерте-ң, түн-делете, жұлдыз-ша , көр-неу, қас-ақана т.б.

Күрделі үстеулер екі не одан да көп түбірлерден жасалады: 1) кіріккен: биыл, бүгін, жаздыгүні т.б.; 2) біріккен үстеулер: аққұла, біржолата, құлантаза т.б.; 3) тіркесті түбірлер: күні ертең, күндердің бір күнінде, таң ата, екі кештің ортасында т.б.

3.Үстеулер мағыналық жағынан 7 топқа бөлінеді.

1) Мезгіл үстеулері. Қимыл атаулының шындық өмірде жасалуы белгілі бір мезгілге қатысты болады. Мезгіл үстеулері қимылдың жасалу мезгілін дәлме-дәл де, шамамен де, белгілі бір уақыт арасында да, әр түрлі мезгілде де білдіре алады. Үстеу сөздер: кеше , бүгін, ертең, ертемен, кеш, кешке, қазір, күндіз, енді, қыстай, ертеңгісін, жаздай, жуырда, ежелден, оқтын-оқтын, күні ертең, түні бойы, жаз шыға т.б. Мысалы: Ол Раушанмен оқта-текте сырласпайды, мұңдаспайды (Б.М.).

Сонымен, қимылдың, амалдың, жалпы мезгілін, дәл мезгілін, ұзақ мезгілін білдіретін үстеудің түрі мезгіл үстеу деп аталады. Мезгіл үстеуі қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді.

2) Мекен үстеулері. Шындық өмірде қимылдың белгілі бір орында, мекенде жасалып жатқанын сөйлеуші арқылы білдіретін үстеулер бар. Оларға: жоғары, төмен, жолшыбай, әрі, бері, алда, артта, ілгеріде, артқа, кері, жол-жөнекей, алды-артынан, тысқары, онда, осында, тұс-тұстан, оқшау, әрмен, әредік, шеттеу, жолай, солай т.б. сөздер жатады. Мекен үстеулері қайда? қайдан? деген сұрауларға жауап береді.

3) Мөлшер үстеулер. Қимылдың шамасын, мөлшерін білдіретін үстеулер мөлшер үстеулері деп аталады. Оларға: әрең, жата, сонша, мұнша, соншалық, осыншалық, бүтіндей, екіншілей, азғантай, шөміштеп, осыншама, бірен-саран, анағұрлым, бірталай, бірқатар, қыруар, едәуір, көптеген, бірқыдыру т.б. сөздер жатады. Мөлшер үстеулері қанша? қаншалық? қаншама? деген сұрақтарға жауап береді.

4) Сын-бейне үстеулері. Қимылдың сапалық белгілерін, өту тәсілін, жай-күйін білдіретін үстеулер сын-бейне үстеулері деп аталады. Қимылдың өту тәсілі алуан түрлі болатындықтан, оны білдіретін сөздердің саны да мол. Мысалы: әрең, азар, дереу, шапшаң, осылайша, ойша, бірден, бірге, жылдам, тез, дәл, әншейін, бірте-бірте, біртіндеп, қазақша, бұрынғыша, өзінше, тікелей, біржола, қолма-қол, ауызба-ауыз, шалқасынан, етпетінен, жүресінен, бет алды, қаннан қаперсіз, ашықтан-ашық т.б. Мұндай үстеулер қалай? қайтіп? қалайша? кімше? неше? тәрізді сұрақтарға жауап береді.

5) Мақсат үстеулері. Мақсат үстеулері деп қимылдың жасалу мақсатын білдіретін үстеулер аталады. Неге? не үшін? деген сұрауларға жауап береді. Оларға: әдейі, әдейілеп, жорта, қасақана, жори сөздері жатады. Мысалы: Өзіңді іздеп Алматыға әдейі келдім (С.Ш.).

5) Себеп-салдар үстеулері. Себеп-салдар үстеулері қимылдың себебін білідреді: босқа, құр босқа, жоққа, бекерге, амалсыздан, бостан-босқа, тектен-текке, тегіннен-тегін, аққұла, лажсыздан, шарасыздан, сөйлей-сөйлей, айта-айта, текке. Бұлар неліктен? не себепті? деген сұрауларға жауап береді.

6) Топтау үстеулері. Қимылдың топталып жасалатынын білдіретін үстеулер топтау үстеулері деп аталады: екеулеп, ондап, жүздеп, он-ондап, топ-тобымен т.б. бұлар қаншадан? нешеден?, қалай-қалай? т.б. сұрақтарға жауап береді.

7) Күшейту үстеулері қимылды өте күшейтіп я өте солғындатып көрсетеді. Саны жағынан көп емес: мейлінше, әбден, ылғи, кілең, өңшең, өңкей, сәл, төтенше, жөнсіз, ретсіз, соншадлық, мұншалық, айрықша, пәрменінше,оншалықты, соншалықты, мұншалықты. Мысалы, Мұншалықты күйінетін басыңа не зор туды (С.М.).

4. Үстеулер сөйлемде басқа сөздермен қарым қатынасқа түсіп, синтаксистік қызмет атақарады. Үстеу қимылдың жай-күйін білдіретіндіктен, мағыналық жағынан негізінен етістікпен байланысады. Ол етістіктің алдынан келіп, пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Тысқа жұртпен бірге Асқар мен Итбай да шықты (С.М.). Үстеу пысықтауыштың барлық түрін атқарады. Кейбіреулері жіктік жалғауын қабылдап баяндауыш қызметінде қолданылады: Мен сенімен біргемін (Ғ.С.). Үстеулердің ішінде көп мағыналы сөздер де бар. Олар басқа сөздермен байланысып, басқа да мүшелердің қызметін атақарады: Сонша алтынды қайдан алдың? (С.М.). – сонша – анықтауыш. Бүгінді ертең жеңеді (Ғ.С.). – бүгінді – толықтауыш, ертең – бастауыш.

Негізгі әдебиеттер:

1. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфо-логиясы. –А., 2007. 322-330 бб.

2. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. 545-550 бб.

3. Оразбаева Ф.Ш., т.б. Қазіргі қазақ тілі. Оқу құралы. – А., 2005. 361-369 бб.

4. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі.Морфология. – А., 1991. 333-343 бб.

Қосымша әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің грамматикасы. І том. –А., 1967.

10-дәрісЕліктеу сөздер

1. Еліктеуіш сөздердің өзіндік белгілері, түрлері

2. Еліктеуіштердің фонетика-морфологиялық сипаты

3. Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі

1.Еліктеуіш сөздер – сөз табы ретінде кейін танылған сөз табы. Оны сөз табы ретінде дәлелдеген А.Ысқақов еді.

1950 жылға дейін еліктеуіштер одағайлар қатарына жатқызылыпкелді. 1948 жылы А.Ысқақов „Еліктеу сөздер туралы” деген мақаласында еліктеу сөздерді сөз табы ретінде дәлелдеп, оны одағайлар қатарынан шығаруды ұсынды. Сөйтіп, 1950 жылдан бастап ғалым еліктеу сөздерді жеке сөз табы ретінде оқулықтарға енгізді. 1954 жылы шыққан алғашқы ғылыми грамматикаға да жеке сөз табы ретінде енді.

Қазіргі қазақ тілінде еліктеуіш сөздер басқа сөз таптарынан мағынасы жағынан да, дыбыстық қ&#

Наши рекомендации