В.Райх ілімінің негізгі тұжырымдары
Райх мінез-құлық туралы
Мінез-құлық – осы субъектіге тән белгілі бір өмірлік шарттар мен жағдайлардағы мінез-құлық тәсілін көрсететін адамның тұрақты психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы.
Райх бұлшықет сауыты туралы
Бұлшықет сауыты психологиялық сауытқа сәйкес келеді, сондықтан да бұлшықет қысымынан босану мен бұлшықет сауытын ашау шектелген либидоздық күш-қуаттың босаңсуына ықпал етеді және психоанализ үрдісіне көмектеседі.
Райх оргондық күш-қуат пен гениталдық мінез-құлық туралы
Тірі ағзаларда оргондық күш-қуат қызмет етеді – барлық ағзаны басқаратын және эмоция мен қозғалыстардан көрінетін арнайы биологиялық күш-қуат.
Сауытты ашылуы оргондық потенцияның қалыптасуына ықпал етеді, яғни биологиялық күш-қуат ағымды ығыстырмай, жетегіне ере білу қабілетін білдіреді. Бұдан гениталдық мінез-құлық ерекшеліктері көрінеді.
Гениталдық мінез-құлықты адам өзінің сауытының «түрмесі» мен психологиялық қорғанысқа қамаламаған; оның Супер-эгосы Идпен үйлесімді әрекет етеді; оның жыныстық ләззат алуы либидоның қуатын бәсеңдетеді; ол басқаларға ашық және шынайы жауап бере алады. Қорғану тек қажет болған кезде ғана қолданылады.
Райх психологиялық даму жөнінде
Тұлғаның өсуі психологиялық және физикалық сауыттың жойылу үрдісі ретінде қарастырылады, яғни адам еркін және ашық болады.
Өсуге кедергі болатын, ол:
- қорғану сауытын шешуге қатысты адамның жағымсыз реакциясы;
- индивидуумның бойындағы табиғи инстинкттері мен жыныстық тартымдылығын әлеуметтік және мәдени тұрғыдан жаншып тастау;
- мінез-құлық сауыты.
В.Райх бойынша мінез-құлық сауыты – жалғыздықтың, қорғансыздықтың, беделділерге тәуелділіктің, жауапкершіліктен қорқудың, мистикалық ұмтылыстардың, жыныстық азап шегудің, табиғи емес патологиялық табандылықтың, импотенттік бас көтерудің негізі болып табылады.
Денеге бағытталған терапия
Райх бойынша терапия
Райх бойынша терапия, көз, ауыз, мойын, кеуде, диафрагма, іш және бөксе деңгейінде пайда болатын жеті негізгі қорғану сегменттерінің сауыттарын босатудан тұрады. Босату жоғарыдан төменге қарай жүргізіледі (көбіне кушеткада жүзеге асады).
Денеге бағытталған терапияда мынадай тәсілдер қолданылады:
- арнайы дене жаттығулары;
- созылмалы бұлшықет қысымдарына тікелей әсер ету (ысқылау (массаж), басу, шымшылау, бұлшықеттерді созу және т.б.);
- терең тыныс алу арқылы денені қуатқа толтыру;
- келушімен бірге бұлшықет қысымдарының үдеуіне немесе босаңсуына ықпал ететін себептерді талдау жүргізу.
В.Райхтың ілімін жалғастырушылардың денеге бағытталған терапиясының ерекшеліктері
Биоэнергетика. Бұл бағытты құрастырушы Райхтың шәкірті – Александр Лоуэн (АҚШ). Биоэнергияны ол барлық психикалық үрдістерге қосылған өмірлік қуат ретінде түсінеді.
Шектелген дене бөліктерін қуаттандыру үшін Лоуэн қысымды дене қалпын қолданады.
Мысалы, еденге жеткенге дейін иілу, белге жұдырығын тіреп артқа шалқаю, жұмсақ орындық арқылы артқа шалқаю. Бұл дене қалыптары тартылған дене бөліктерінің қысымын арттыра түседі; әрбір жаттығу сайын ол өсе түсіп, шектен асады, тек осы кезде ғана дене бұлшықеттері босатылады.
Құрылымдық кірігу немесе рольфинг. Бұл бағыт оның негізін қалаушы Ида Рольф (АҚШ) есімімен аталған.
Оның негізгі тұжырымдары:
- дене қысымның ықпалына ыңғайлануы және фасция аймағында – бұлшықетті жауып тұрған жалғастырушы қабыршақ қисаюы мүмкін;
- маңайындағы тіндер (ткань) дұрыс қалыпқа келу үшін, фасцияны ырыққа көндіру және босаңсыту құрылымдық кірігудің мақсаты болып табылады;
- терапия үрдісі саусақтар, саусақ пен шынтақ буындарының көмегімен ысқылаудан (массаж) тұрады (ысқылауды келуші қатты ауырсынуы мүмкін). Қысым неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қатты ауырсынады және ырыққа көндіру де аса қажет болады;
- дененің бір бөлігіндегі қысым дененің басқа бөліктеріне компенсаторлық ықпал етеді.
Терапиялық цикл 10 сабақтан тұрады. Ол кеуде жасушасының қысымын азайту жаттығуларынан басталады. Жаттығу барысында бөксеге аса мән беріледі.
Матиас Александер (Австралия) техникасы немесе кіріктірілген жаттығуларды үйрету бас пен омыртқаның тепе-тең қалпын сақтауға негізделген.
Еркін және табиғи қозғалыстардың алғышарттары омыртқаны барынша созу болып табылады. Ол мойынды босату мен басты алға және жоғары қозғалтудан тұрады.
Қалып дұрыс болғанда бас денені алып жүруі керек, арқа – аномалдық қисаю мен қысымға түспеуі керек, ал қаңқа негізін ұстап тұрған бұлшықеттер динамикалық тепе-теңдікте болуы қажет.
Александер әдісінің мақсаты - әдеттегі мінез-құлықты түйсінуді кеңейту және оны басқамен алмастыру.
Моше Фельденкрайз әдісі (Франция). Бұл әдістің мақсаты – балаларда бар қозғалыстың табиғи сымбаттылығы мен еркіндігін қалпына келтіру.
Фельденкрайз жаттығулары ескі паттерндерді (мінез-құлық тәсілі) анықтап және дәл сол іс-әрекетті анағұрлым тиімді орындау қажетті жаңа паттернді дамыту үшін әдеттегі іс-әрекетті бірнеше қозғалыстарға бөледі.
Дененің қалай жұмыс жасайтынын түсінуге баса мән беріледі.
Жаттығу мысалы: орындықта отырып, басты солға бұру керек, бас солға, көз де барынша солға бұрылады (3-4 рет), содан соң иықтарды (3-4 рет) және бөксені бұру керек (3-4). Содан кейін бас солға бұрылады, ал қалған қозғалыстар ойша жүргізіледі. Алдымен бас, соңынан иықтар және бөксе бұрылады.
Артур Яновтың алғашқы терапиясы (АҚШ). Терапияның алғашқы апталарында келуші қысымды босаңсытудың әдеттегі құралдарынан айрылады (теледидар, кітап, темекі, достар) және үнемі терапевтің бақылауында болады.
Адамның невротикалық мінез-құлқының себебі ретінде қысымға түскен және ауырсынған эмоциялар қарастырылады. Сондықтан да емдеудің жалғыз тәсілі – жағымсыз сезімдерді қайтадан бастан кешіру.
Келушіге шалқасынан жатып, өмірінің ерте балалық шағында басынан өткерген адамдарға қатысты маңызды примитивтік сезімдерімен тікелей байланыс орнату ұсынылады.
Естеліктер ойына түссе, оны тиісті адамдарға бағыттап сыртқа шығарып кқрсету ұсыналады. Бұл жағдайда келушінің айқайлауы, тыжырынуы, қарғыс сөздер айтуы мүмкін. Жарақаттаушы естеліктерді жаңғырту ауырсыну мен оның шығу тегі жайлы психикалық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Тақырыпты пысықтауға және бекітуге арналған сұрақтар:
1. Райх психотерапиясының «тамыры» неде?
2. Оргон дегеніміз не?
3. «Бұлшықет сауыты» деген не?
4. В.Райх бұлшықет сауытының қандай сегменттерін бөліп көрсетті?
5. Әрбір сегменттің бұлшықет сауыты қандай эмоцияларды жасырады?
ТАҚЫРЫП 9
ПСИХОСИНТЕЗ
Сабақтың мақсаты:
Психосинтездің пайда болуы мен даму тарихы, оның теориялық және практикалық негіздерін оқыту, психотерапияда қолдану білім, білік, дағдыларын қалыптастыру.
Жоспар
1. Психосинтездің теориялық негіздері
2. Психосинтездің психотехникасы
Психосинтез – бұл тұлғаның біртұтас және үйлесімді дамуын өзіне мақсат етіп қойған, психология мен психотерапияның бағыты. Психосинтездің негізін қалаушы Роберто Ассаджиоли, ал оның ілімін жалғастырушылар П.Ферруччи, М.Крэмптон және Т.Йоуменс. Роберто Ассаджиоли (1888-1974) - италиялық психиатр, бастапқыда ол психоанализбен айналысқан, соңынан психосинтезді құрастырды. 1910 ж. З.Фрейд ілімінің кемшіліктерін талдауға арналған диссертациясын қорғады, Флоренцияда Психосинтез институының негізін қалаған. Пьеро Ферручи – Ассаджиолидің шәкірті, Флоренциядағы Психосинтез институтының қызметкері. Марта Крэмптон Солтүстік Америкадағы психосинтездің дамуы үшін еңбек еткен, Канадалық психосинтез институтының негізін қалаушы. Томас Йоуменс 1970 ж. бері психосинтетиктерді кәсіби даярлаумен айналысқан, Конрадтық психосинтез институтының директоры (Массачусетс штаты, АҚШ).
Ассаджиоли классикалық анализ аяқталған жерден (невроздың себебін табу) психосинтез басталады деп санады.
Роберто Ассаджиоли өзінің психосинтезін құруда мынадай бағыттарды атап көрсетеді:
Бірініші бағыт – психосоматикалық медицина.
Америка мен Батыс Еуропада психосоматикалық медицина медицинаның мүлдем бөлек, дербес саласы болып табылады. Франц Александердің Чикагодағы психоанализ институты жақсы дамыды.
Екінші бағыт – діндер психологиясы, нақтырақ айтқанда, өзгерген сана ахуалының психологиясы (діни және мистикалық).
Діндар адамның діни және мистикалық тәжірибелерін, «шегіне жеткен көңіл-күйді» басынан өткергендегі өзгерген сана ахуалын зерттеуге қызығушылық танытқан. Бұл орайда Ассаджиоли Юнгтың, Уильям Джеймстың, Успенскийдің, Бактың классикалық еңбектері қарастырылады.
Үшінші бағыт – парапсихологиялық зерттеулер.
Бұл жерде сезімнен тыс қабылдау, яғни біздің шынайы сезіп, алайцда түсіндіре алмайтын құбылыстар зерттеледі. Олар көріпкелдік, телепатия, телекинез құбылыстары жатады.
Төртінші бағыт – шығыс психологиясы мен психотерапиялық бағыттар.
Батыс психологтары адамның жанын ескермей, шығыс тәжірибесіне сенбестікпен қараған деп саналады. Алайда оған барлық ғалымдарды жатқызуға болмайды: Карл Югн, Карен Хорни және Эрих Фромм – материалист жне марксист болса да, дзен-буддизм мен даосизммен айналысқан.
Бесінші бағыт – «шығармашылық тұрғыдан түсіну» деп аталады.
Бұл қызықты әрі өз алдына дербес бағытты Германияда Герман Кайзерлинг ашқан. Ол Дармштадта «данышпандық мектебін» құрады, ондағы адамдарға басқаларды шығармашылық және рухани тұрғыдан (тек сөздік қана емес) түсінуге үйретеді. Олар көптеген тұлғааралық, тұлғаішілік мәселелер адамды мұқият тыңдағаннан ғана емес, рухани жағынан түсінуге тырыссақ тез шешілетінін дәлелдеді.
Алтыншы бағыт – тұлғааралық және әлеуметтік психология.
Басқаша айтқанда, бір жағынан парапсихологиялық, екінші жағынан – материалдық феномендер зерттеледі. Бұл жерде Курт Левин, Гарри Стэк Салливан және орыс ғалымы Сорокинді атап кетуге болады.
Жетінші бағыт – тұлғаны дамыту мен емдеудің (сендіру, өзін-өзі сендіру, гипноз) белсенді әдістері. Олар Бернгейм, Шарко, Куэ, Шульцтың классикалық еңбектері, «көрген түстің оянуы» атты Дезуальдың әдісі, Эллистің рационалдық тәсілі, Мореноның психодрамасы, жекелеген психикалық қызметтерді (есте сақтау, қиялдау және т.б.) дамытатын көптеген қарапайым әдістер.
Сондай-ақ басқа да психоаналитикалық психология мен психотерапияның бағыттарын қарастырған.