Біш Кекілбаев Үркер, Елең-Алаң романдары
Атақты қаламгердің әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі. «Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-65 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Ол Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) көрнекті мемлекеттік, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (2009), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, Л. Гумилев атындағы Ұлттық Университетінің, Ақтау Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жезқазған Университетінің және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті профессоры, АҚШ-тың Кентуки штатының құрметті полковнигі, Маңғыстау, Атырау обылысындарының, сондай-ақ республикамыздың бірқатар аудандырының құрметті азаматы. 2015 жылдың 11 желтоқсанында дүниеден өтті. Мүрдесі ұлттық пантеонға жерленді.
Осыдан жиырма жылдай бұрын, қазақ әдебиетінің ұлы көшіне біраз даңғаза – дабырмен жамырай келіп қосылған бір топ талантты замандастар ортасынан бұйра бас, қара торы, өңді өспірім жігіт бірден жұрттың назарын аударған еді. Асықпай, айшықтап шешен сөйлейтін, барынша білімдар жігіттің биязы мінезі дәлелді пікірлеріне әркім-ақ ден қоятын.Әбіш Кекілбаев түрікмен даласымен шектес жатқан Маңғыстау түбегінен болғандықтан, осы түбектегі өмір, тірлік, салт-сана туралы, ежелгі аңыз-әңгімелер, ата-бабалар тағдыры жайында, даланың қым-қуат бояулары төңірегінде қызыға, қызына әңгімелейтін. Ол кезде Әбіштің баспадан алғашқы өлеңдер жинағы шығып, баспасөзде алғашқы мақалалары жарияланып жатты. Әбіш Кекілбаев осы жылдар ішінде тынымсыз табанды еңбек етіп, талантын әр қырынан таныта білді. Өлеңдер жинағынан басқа повесть, әңгімелердің, сыни еңбектерінің бірнеше кітабын шығарды.”Аңыздың ақыры», «Үркер»,»Елең-алаң» аталатын романдар жазды. Г.Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан» романдарын, Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының тарауларын, шет ел жазушыларының әлденеше пьесаларын, әңгімелерін қазақ тіліне аударды.Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолы қазақ әдебиетшілері өз халқының өткені мен тарихтың көмескі беттерін жапа тармағай жаза бастаған тұсқа сәйкес келді. Прозашы Ә.Кекілбаев, біздіңше тарихқа басқадай жолмен барды. «Күй», «Ханша –дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке» атты повестерінде автор ежелгі аңыз-әңгімелерді шебер пайдалана отырып, өткен күннің жарқын да қаһарлы бейнесін, моральдық бейнесін жасайды, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін қозғайды. Москваның «Молодая гвардия» баспасынан шыққан Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» кітабына жазған алғы сөзінде Әбдіжәміл Нүрпейісов былай дейді: «Ол өзінің шығармаларында атақты тарихи тұлғалар есімін саудаға салмайды. Ол өз халқының өткен тұрмысын әспеттеу, әйтпесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр-сипаттарын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсетуі бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көтере түскен».
Өзге замандас жазушылары секілді, Әбіш Кекілбаев та өз халқының ежелгі әдет-ғұрып, дәстүр-тағлымдарын егжей-тегжейлі, кейде қызыға суреттеуге құмбыл, ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған этнографиялық детальдарына ерекше мән береді.Әбіш Кекілбаевтың прозасы, жалпы алғанда, өмір құбылыстарына байсалды ой-парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас, диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл проза қазақ тілінің ауызша, жазбаша озық өнегелеріне арқа сүйейді, содан да ол философиялық интеллектуальдық мағыналарға бай болып келеді.
Әбіш Кекілбаев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, 1986 жылы «Үркер», «Елең-алаң» романдары үшін ҚССР-нің Мемлекеттік
Үркер романы - қазақ елі басынан өткерген аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Ол әдебиеттегі тарихи шығармалардың қатарында белді жерден орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары, айрықша орамды шығарма. Роман мазмұны, ең басты, нағыз өзекті мәселесі – қазақ елінің өз жері, өз бостандығы, дербес ел болып қалыптасуы үшін талай жылдар бойы табан тіресіп жүргізген күресінің жайы, айбынды асулары. Шығармада талай тар жол, тайғақ кешулер арқылы өткен өткелдер жалпы алғанда дәлелді де, әділетті де айтылған.
Шығарманың басты кейіпкерлері – Тәуке, Әбілқайыр, Бөкенбай, Тевкелев немесе бірдің емес бүкіл елдің атынан сөйлеген билер: Қазыбек, Төле, Әйтеке. Бұдан басқа персонаждар ойдан шығарылған адамдар емес, өмірде, тарихта болған, қоғам өмірінде өшпес із қалдырған тұлғалар, қайраткерлер. Бұл шығарманың басқа шығармалардан ерекше айырмашылығы мен артықшылығы – ол түгелдей өмірде болған оқиға желісінде жазылғандығы. Сондықтан да бұл шығарма шын мәнісінде тарих шежіресіне құрылған тарих жанрына жататын туынды. Мұның өшпес маңызы мен тарих төрінен алатын орны орасан зор. Қазақ хандықтарының Ресей империясына деген көзқарасы, бұған байланысты бұл мемлекетпен жақындасуға, мүмкін болса тіпті одақ жасауға бағытталған ниеттері мен әрекеттері әр жақты әңгімеленген. Бұл да, әлбетте, әбден орынды, екі ел арасындағы елшілік қатынастырды көрсету арқылы баяндалған. Бұл - тарихи шындыққа әбден жақын. Шығармада суреттелген шытырман жағдайларда, қазақ жері мен елінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, бостандығы мен дербестігінің сақталуы қауіпті жағдайда болып жатқанда, халық кемеңгерлігінің көрінісі керемет көрсетілген. Өмірлік мән бұл мәселелерде жан-жақты, орынды айтылған. Бұл арада ел ойы мен тілегі, замана талаптары тапқан Әбілқайыр ханның, оның толып жатқан жақтастарының әрекеттері жан-жақты талданып, барлық жақтарынан бірдей, қайшылықтарымен бірге баяндалған. Әбіш Кекілбаев алдымен кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылу жөніндегі антын әр жақты сипаттап, қазақ елінің Ресейдің қол астына қарау процесін сипаттайды. Бұл – нағыз өмір шындығы.
Бұл роман қазақ елі өміріндегі аса қиын, асулы кезеңдерді қамтитын, әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін әңгіме ететін кең шығарма. Тарихи тақырыбы мен атқаратын идеялық рөлінің маңызы жағынан да, көркемдігі мен тіл тартымдылығы жағынан да "Үркер" романы қазақ әдебиетінің нағыз төрінен өзіне лайық орын алған құнды шығарма.