Тақырып: Мектепке дейінгі, бастауыш мектеп және жеткіншектік кезеңдегі психикалық даму

1. Нәрестелік шақтың психологиялық сипаты. Сәбидің психикалық даму ерекшелігі. Ерте балалық шақтағы психикалық даму жағдайы.

2. Мектепке дейінгі кезең. Мектепке оқуға даярлық мәселесі.

3. Бастауыш мектеп кезеңіндегі дамудың әлеуметтік жағдаяты және негізгі психологиялық жаңа құрылымы(таным, өзіндік сананың қалыптасуы).

4. Жеткіншектік кезеңнің психологиялық сипаты.

5. Шетел және кеңестік психологиядағы жеткіншектік кезеңдегі «дағдарыс» ұғымы.

Негізгі ұғымдар: пренталдық даму, «дағдарыс», «Мен» жүйесі.

Баланың ана құрсағында жүйке жүйесінің дамуы.Бала ана құрсағында морфологиялық жағынан алып қарағанда едәуір қалыптасып қалады. Ең алдымен жүйке жүйесінің төменгі алаптары (ми бағанасы, мишық, жұлын) дамып қалыптасады. Бұдан соң бас ми сыңарлары күрделі түрде қалыптаса бастайды.

Мидың төменгі алыптарының ана құрсағында ерте дамуы алдыңғы алаптарының шамалы кешірек дамуы биогенетикалық заңдылықтың әсерінен болып табылады. Бұл заңдылық бойынша, бала (бұл жануарларға да тән) анасының құрсағында биологиялық түрге жататын ата-тегінің тарихи дамуын (филогенетикалық дамуын) қайталайды. Жүйке жүйесінің ата-тегінің биологиялық түрдегі дамуын қайталауымен шектелінбейді. Ана құрсағындағы бала миы биогенеткалық дамуда ата-тегінің алғашқы кездегі жүйке жүйесінің дамуын қайталайды. Мысалы, баланың жүйке жүйесі анасының құсағында алғашқа күндері қарапайым жәндіктердің (инфузорияның т. б.) жүйке жүйесі тәріздес келеді. Осы жәндіктердің, әдетте, жүйке жүйесінің орталығы жоқ, жүйке талшықтары тұс-тұсынан таралған жапырақ тәріздес болып келеді. Бұдан кейін сол жапырақ бүктеліп түтік тәріздес болып келеді. Түтік тәріздес жүйке жүйесі көбінесе құрттарда кездеседі. Осыдан соң түтік үш буынға бөлінеді (шеткі, ортаңғы, алдыңғы буындарға). Әрбір буын өзінің қол атындағы дененің аудандарын басқарады. Бірақ осылардың жоғары сатысында алдыңғы буын үстем алып, кейін бас миының негізіне айналады. Бұдан соң бала жүйке жүйесі буындарының қалғандарынан озып, тез дамиды да, бас ми сыңарларын құрады. Ана құрсағында бала миының дамуы орталық жүйке жүйесін қайталайды.

Биогенетикалық заңдылықты тұңғыш рет дәлелдеген зоолог Э. Геккель болды (1884-1919). Бұл заңдылық әсіресе ана құрсағында баланың жүйке жүйесінің қалыптасуына қатысты екенін дәлелдеген орыс морфологы А. Н. Северцов (1866-1986) болатын.

Балаға тән жүйке жүйесінің негізі – бас миы. Баланың бас миы ана құрсағында едәуір дамып қалса да, туғаннан кейін өз қалпына келіп, толық қалыптаса бастайды. Мысалы, бас ми қабығы және оның микроскоппен көрінетін 6 қабаты туғанда даяр болмай, кейін қалыптасады. Физиологиялық жағынан алып қарағанда, баланың бас миы шартсыз рефлекстер тудырып, тиісті тітіркендірулерге жауап беруге даяр. Бала туғанда көптеген шартсыз рефлекстерімен туады. Әсіресе, балада ему шартсыз рефлексі жақсы дамыған болады. Баланың ана құрсағында психикалық ерекшеліктер көрініс береді ме? Әрине баланың ана құрсағындағы кезеңінде психикалық еркешеліктер көрініс береді. Оған шартсыз рефлекстер дәлел. Ана құрсағындағы орта мен табиғи ортаны салыстыруға болмайды, әрине. Метафорамен айтқанда, бұл екі орта әр түрлі планеталардың өзгешелегімен ұқсастыруға болады. Себебі, бала тамақты да, ауаны да шешесінің тиісті органдарынан ассимиляция ретінде алып тіршілік етеді. Ана құрсағындағы ортаның өзіндік ерекшелігі тек шартсыз рефлекстердің (емшек ему, ауырту т. б.) реттелуіне ғана мүмкіндік береді. Әрине, дамудың осы түрі кейінгі кезде өзінің түрлі нәрселерге үйренуге (шартты рефлекстердің жасалынуы т. б.) дайындықтың бір түрі. 90 жылдары неміс ғалымы Хейнз әйелдің ішіндегі баланы массаж арқылы оқытуға болады деген пікір тастады. Онда бала дүниеге келгеннен кейін физикалық және ақыл-ой жағынан бірнеше есе жақсы дамиды деген қорытындыға келді.

Баланың әр жасындағы көзге түсерлік қозғалыстардың негізі жануарлар дүниесінде де кездесіп отырады. Биогенетикалық заңдылық бала психикасының дамуына әсер етеді.

XX ғасырдың соңғы кезіндегі психологтардың пікірінше (С. Холл, Ж. Болдуин) баланың ақыл-ойының дамуы қоғам дамуының тарихын қайталайды, баланың туғаннан кейінгі жас кезеңдерін аңшы, балықшы, малшы, диханшы, индустрия «жастарына» бөлген. Бұл пікірге орыс психологы А. К. Корнилов қарсы шықты.

Бөбек жас кезеңінің өзіндік ерекшеліктері.Егер нәрестенің психикалық дамуы тым қарапайым түрде кездессе, алдағы екі жылдың ішінде психикалық дамуы ірі өзгерістерге ұшырайды. Бөбек жасының аяқ кезінде (3 жастағы кезі) бала ақыл-ойының дамуы жағынан едәуір жетістікке жетіп қалады. Психолог Б. Гудинаф өзінің еңбектерінде бөбек жасына аса көңіл бөледі. Оның ойынша, жаңа туған бала мен үлкендердің психикалық дамуының тең ортасы – бөбек (3 жас) жасы дейді. Ал осындай ірі жетістіктерге бөбек аз уақыттың ішінде қалай жете алады? Бұл жетістікке жетудегі себептің бірі (1 жасқа толғанда) баланың түргелеп жүруі. Тікелей жүруге көшу бірден болмайтынын қазақтың балаға «тұсау кесу» дейтін ырымынан да белгілі. Бұл жетістіктің екінші себебі: әр заттың өзіне тән қызметін ажырату. Егер нәресте жасындағылар әр заттың қандай қызет атқаратынын білмесе, енді ол бөбек жасына көшкенде соның атқаратын қызметінің мәнісін түсіне бастайды. Бөбек психологиясының дамуына негізгі әсер ететін фактордың бірі: оның қарапайым ойындары мен балалар бақшасында тиісті өнерге үйренуі (сызу не үй салу т. б.). Бұл бөбектер үшін өзінше әрекеттің түрлері, сондықтан ойын мен іс-әрекеттер бөбек психологиясының дамуына алкен әсер етеді. Мысалы, ойыншықтармен ойнау осы жас кезеңінің аяғында кездеседі. Әуелгі кезде бөбектер ойыншықтардың сылдарлауына, не бояуына мән берсе, бірақ нендей жәндіктің, не машинаның бейнесі екеніне мән бере алмайды.

Мектепке дейінгі балалық шақта (үштен жеті жасқа дейін) организмнің қарқынды жетілуі жалғаса түседі. Жалпы өсумен қатар ткандар мен мүшелердің анатомиялық қалыптасуы және функциялық дамуы жүріп жатады. Скелеттің сүйектеніп, бұлшық еттердің сомдануының, тыныс алу, қан айналу мүшелерінің дамуының үлкен мыңызы бар. Ми салмағы 1110 грамнан 1350грамға дейін өседі. Үлкен ми сыңарлары қабықтарының реттегіш ролі мен оның ми қабығы астындағы орталықтардың бақылауы арта түседі. Шартты рефлекстердің пайда болуы жылдамдығы артып, әсіресе екінші сигнал жүйесі қарқынды дамиды.

Дене дамуы баланың дербестігінің арта түсуі үшін, тәрбие мен оқыту процесінде қоғамдық тәжірибенің жаңа формаларын игеруі үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Мектепке дейінгі жас бала дамуының жаңа әлеуметтік ситуацияның пайда болуымен сипатталады. Мектеп жасына дейінгі баланың айналадағы адамдар арасынан латын орнының ерте сәбилік шақтағы балаға қарағанда елеулі айырмашылығы болады. Баланың қарапайым міндеттер өрісі пайда болады. Баланың үлкендермен байланысы жаңа формаға ие болады, бірлескен іс - әрекет ересек адамның нұсқауларын дербес орындаумен алмасады. Тұңғыш рет баланы белгілі программа бойынша біршама жүйелі оқыту мүмкін болады. Бірақ Л.С.Выготскийдің айтып көрсеткеніндей, бұл программаның жүзеге асуы оның қаншалықты дәрежеде баланың өзіндік программасына айналуына тығыз байланысты болып келеді.

Мектепке дейінгі шақтың елеулі ерекшелігі болып баланың құрдастарымен жасайтын арнайы өзара қарым – қатынасының пайда болуы, «балалар қоғамының» құрылуы болып табылады. Мектеп жасына дейінгі баланың басқа адамдарға қатысы өзіндік ішкі позиция өз «менін» және өз қылықтарының маңызын аңғарудың арта түсуімен, үлкендердің ішкі дүниесіне, олардың іс - әрекеттері мен өзара қарым – қатынасына ерекше қызығуымен сипатталады.

Мектеп жасына дейінгі бала дамуының әлеуметтік ситуация ерекшеліктері оған тән іс - әрекет түрлерінен, алдымен сюжеттік – рольдік ойындардан көрініп отырады. Үлкендер өмірінен араласу талабымен оған деген білім мен іскерліктердің болмауының ұштасып келуі баланың сол өмірді өзінің шамасы келетін ойын формасында игеруіне алып келеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың дамуы үшін айрықша қолайлы жағдайлар мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие жүйесі арқылы жасалынады. Мектепке дейінгі мекемелерде балаларды оқыту программасы жүзеге асып, олардың бірлескен іс - әрекеттерінің алғашқы түрлері қалыптасып, қоғамдық пікір пайда болады. Арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсетіп отырғандай, психикалық дамудың жалпы дәрежесі мен мектепте оқуға даярлықтың барысы жағынан балабақшада тәрбиеленгендер бақшаға бармағандардан жоғарырақ болады.

Мектепке дейінгі шақта, балалардың құрбылармен өзара іс - әрекет процесінде дамып отырған өзін таныту қажеттігі құрдастар тобындағы барлық балалар үшін маңызды орынға талаптануынан көрініп отырады. Талаптану әлеуметтік белсенділіктің табиғи түрі жеке адамның дұрыс дамуының шарты болып есептеледі. Алайда, бұл құбылыс сырттай көріне бермейді, өйткені бала маңызды орынға талаптануын көбінесе аса бір ерекше, өзі үшін қолайлы жағдайларда ғана жарыққа шығарады.

Әдетте сезімнің шарықтауы роль бөліскенде және рольдер бөлінгеннен кейінгі ойынға кіріскен сәтте күшейе түседі. Танылу, қажеттілігі және бірге тебірену қабілеттерінің өзара әсері бірлескен іс - әрекетпен шұғылданушы құрдастар тобындағы қарым – қатынастардан туындайды. Осы айтылғандардың бәрі балалардың ойнаушы тобын мінез – құлықтың әлеуметтік түрлері үнемі жобаланып және нығайып отыратын қайсібір әлеуметтік қарым – қатынастар мектебі деп түсінуге мүмкіндік береді. Ойнап жүріп балалар адамдардың ынтымақтасу қабілетін үйренеді.

Ойын іс - әрекеті ырықты зейін мен ырықты естің дамуына көмектеседі. Ойын жағдайларында балалар лабораториялық тәжірибелер жағдайларындағыдан зейінін жақсы жинақтайды және көбірек есте сақтайды. Зейінді жинақтау, есте сақтау және еске түсіру, яғни саналы мақсат балаға ойын үстінде ертерек және оңай ажыратылады.

Тілдің дамуына ойын өте үлкен әсер етеді. Ойын жағдайы оған енген әр баладан белгілі қатынас жасау қабілетін талап етеді. Егер бала ойын барысына қатысты өз тілектерін түсінікті етіп айта алмаса, егер ойын үстіндегі жолдастарының сөздік нұсқауларын ұқпайтын болса, онда құрбылары оны жақтырмайды. Бұл жағдайдағы эмоциялық қолайсыздық тілдің дамуына себепкер болады. Психологиялық әдебиетте құрбылармен қарым – қатынас жасау мүмкіндіктерінен айырылған егіз ұлдардың психикалық нашар даму оқиғасы суреттелген. Өзара қарым – қатынас жасауда бұл егіздерде өздерінің екеуіне ғана түсінікті автономиялық тілі қалыптасқан.

Бастауыш мектеп жасындағылардың дамуының жалпы шарты. Оқу іс - әрекеті бастауыш мектептегілердің жетекші іс - әрекеті ретіндегі. Оқу іс - әрекетінің жалпы құрылымы, қалыптастыру заңдылықтары. Мектеп алғашқы теориялық ойлаудың қалыптасуы ( Д. Б. Эльконин, В. В. Давыдов ). Ақыл – ой әрекеті мен ұғымдарды сатылап қалыптастыру ( П. Я. Гальперсин ).

Бастауыш мектептегілердің психикалық процестерінің дамуының негізгі заңдылықтары. Бастауыш мектептегілердің сөзінің дамуы. Сөзді ұғыну мәселесі, оның элементтері, формалары, оқытудың әр түрлі нұсқаларындағы функциялары ( Д. Б. Эльконин, А. К: Маркова, С. Н. Карпова ).

Бастауыш мектептегілердің жеке басының дамуы. Эмоция – ерік сферасының дамуы ( Г. Г. Кравцова ). Кіші мектептегілердің мінезінің дамуы. Рефлекцияның алғашқы формалары. Сыныпта және ұжымнан тыс қатынастар психологиясы.

Педагогикалық тәжірибеде баланың жан-жақты дамуы мен мінез-құлқы жағынан қалыптасуының жеткіншек шағы /10-15 жас/ ең қиын кез болып есептеледі. Балалардың тәртібі нашарлап, сабаққа үлгірімі төмендейді, қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас та қалыпты болмайды. Кейбір балаларда тіпті қоғамды жатсыну әдеті пайда болады.

Жеткіншектердің мінезіндегі мұңдай қылықтардың негізі осы жастағы соматикалық және психикалық дамуда жатыр. Бұл кезде баланың бойы тез өседі. Жеткіншек шақтағы бойдың өсуі бұрынғыға қарағанда бір жылда екі есе шапшаңдықпен өсетін болады. Баланың бойының шапшаң өсуіне әртүрлі жағдайлар әсер етеді, мысалы, баланың ішетін тағамы, еңбек, спорт. Алайда, әсер ететін осы жағдайлардың өзінде де белгілі бір зандылықтар болады, мысалы, баланың аяғы кеудесіне қарағанда жылдам өседі де» ерекше ұзын сияқты болып көрінеді. Бала денесінің өсуіндеп осындай әркелкілік дененің басқа мүшелері мен органдарында да көрініс береді, мысалы сүйек етке қарағаңда тез өседі. Сүйектің өте тез өсуі кейде жанға батарлықтай ауыратыны байқалады, денесі құрысып, қатты мазасызданып, баланың берекесі кетеді. Сонын әсерімен баланың мінезінде ашушандық, қызбалық пайда болады.
Жүректің көлемінің өсуі бойдың өсуін қуып жете алмайды, сондықтан да қа жүретін тамырлар әлдеқайда жіңішке болады, қан қысымы артады. Өсудегі морфологиялық тепе-теңдіктің болмауынан тамырдың соғуы да, жүректің жұмысы да қалыпты болмайды, басы ауырады, қаны аздылықтан тез шаршайтын болады.

Бала жеткіншек шаққа өткен кезде оның нерв жүйеснің құрылымы морфологиялық жағынан жетіліп болады. Оның одан әрі қарай дамуы ағзаның барлық қызметіне және екінші сигналды жүйенің жетілуіне бақьшау жасауды күшейтеді. Балалық жастан өту нерв жүйесіне де оңайлыққа түспейді.. Ағзаның тез өсуі әрі оның өсуінің бір қалыпты болмауы нерв жүйесінің өзара байланысы мен өзара қарым-қатынасының қайта құрылуына мәжбүр етеді.
Бастауыш сынып жасындағы бала әлемге ерекше қызығушылықпен, балалық аңғалдықпен қарайды, жеткіншек өзің қоршаған әлемге баға береді және оған деген өзінің қарым-қатынасьш орнықтырады. Ол өмірдің тұрмыстық қарым-қатынастарына еніп, енді тек өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша ғана емес, сонымен бірге өзі теориялық жағынан игерген қағидалар бойынша қарым-қатынасқа түседі және адамдардың мінез-құлқын, қоғамдьгқ құбылыстарды бағалауда ешкіммен ымыраға келмейтін, өз дегенім болсын дейтін әдет табады. Ол -айналадағының бәрінің сыншысы. Ол өзі жақсы көретін адамдардың кемшілігін де көргіш болады және сол үшін киналады. Кез келген жалғандық оның ызасын тудырады және көңілін қалдырады.
Біз өз алдына жеке қарастыратын әлеуметтендіру факторларының ішіндегі аса маңызды әрі ықпал ету күші басымы -қоғамның алғашқы ұжымы болатын – отбасы., бала оның ықпалын бәрінен бұрын, тез қабылдағыш қасиеті артып тұрған кішкентай кезінде ерекше сезінеді. Отбасы жағдайы, оның әлеуметтік деңгейі, ата-аналарының айналысатын кәсіптері, материалдық жағдайы және олардың білім деңгейі баланың өмірлік жолын айқындайды. Балаға ата-аналар беретін саналы және мақсатты тәрбиемен қатар, отбасының жағдайы да ықпал етеді және бұл ықпал өскен сайын, ол тіпті баланың тұлғалық қалыптасуында көрініс табады.

Жеткіншек өтпелі кезеңнің ең басты процесінін бірі — жеткіншектің өз ата-аналарымен, мұғалімдерімен және жалпы үлкендермен, құрбыларымен, барлық жағдайы бойынша өзіне тең немесе тең еместермен қарым-қатынасыңда қайта бейімделу байқалады. Бұл қайта бейімделу жағдайы бірте-бірте болуы мүмкін немесе аяқ астынан мінез көрсетеді. Жеткіншек үшін үлкендер мен өз қатарластары мәртебесінің деңгейі бірдей болмайтындығынан қайта бейімделу процесі әртүрлі көрініс береді.

Өз құрбыларымен қарым-қатынаста болуға деген қажеттіліктің орнын ата-аналары толтыра алмайды, ол баланың бойында 4-5 жасында басталады да, жасы өскен сайын дамиды. Құрбы-құрдастарымен қарым-қатынастың болмауы мектеп жасына дейінгі балалардың жеке тұлғалық коммуникативті мүмкіншіліктері мен ақыл ойының дамуының кешеуілдеуіне айтарлықтай әсерін тигізеді. Жеткіншекдердің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері өз мәні жағынан ұжымдық-топтық болып табылады.

Жеткіншектер қоғамдық-өндірістік еңбекке қатысады. Ол тек еңбек арқылы ғана қоғамдық өмірде өз орнын таба алады, өзін бекітеді. Білім жеткіншек үшін еңбектің бастысы болып табылады. Өкінішке орай, кейбір жеткіншекдердің оқу пәндеріне деген ықыласының төмендеуінің әсерінен сабақ үлгерімі нашарлайды. Ғылым мен мәдениеттің әртүрлі саласымен қызыға айналысу негізінен жеткіншекдерге тән.

Жеткіншек өзіне дос болатын адамды өз ұжымындағы жолдастарының арасынан табады. Жеткіншектін досы – ол тек бірге ойнайтын, жанжалдасып қалдтын, татуласатын, бірге сапарға шығатын жолдас қана емес. Ол – жеткіншектің екінші өзі, ол оның ойын білетін қызығушылықтары мен сезімдерінің куәгері және жақсы ниеттегі сыншысы. Ал жеткіншек шактың орта тұсында қыз балалардың бойында ер балалар арасынан, ер балалардың бойында қыз балалар арасынан дос табуға деген қажеттілік оянады. Осылайша, ақылға салынған мақсатты қарым-қатынастағы достық қалыптасады, осыдан келіп жастық шақтың алғашқы махаббаты да оянуы мүмкін.

Жеткіншек кезеңдегі «дағдарыс» мәселесіне теориялық көзқарастар.Жеткіншектің организмінде болатын елеулі өзгерістер ұзақ уақыт бойы осы кезеңдегі жеткіншектер ерекшеліктері мен дамуының сыналу құбылыстарының биологиялық шарттастығы туралы әр түрлі теорияларға негіз болады. Мұндай ұғым біздің ғасырымыздың алғашқы ширегінде үстем болды. Биогенетикалық универсализм негізін салушылар С. Холл мен З. Фрейд болды. Олар жеткіншектің дағдарысы мен өзіне тән ерекшеліктері комплексін биологиялық шарттастығы себепті болмай қоймайтын әрі универсал құбылыс деп санады.

20-30 жылдарда әр түрлі елдерде нақты зерттеулер жинақталғандықтан биогенетикалық универсализмге қарама-қарсы бағыт күш ала бастады, ал бұл зерттеулерде жеткіншектің жеке басының кейбір қасиеттерінің оның әлеуметтік қатыстылығына тәуелділігі көрсетілді. Қиын жеткіншектерді тәрбиелеу іс-тәжірибесінің маңызы болды, мәселен, А. С. Макаренкода мұндай жеткіншектер қысқа мерзім ішінде түзелетін еді.

Самоа аралындағы жеткіншектерді зерттеген американ ғалымы М. Мид жеткіншек шақта дағдарыстар мен дау-жанжалдардың болмай қоймайтындығы туралы түсініктің қисынсыздығын дәлелдеді, сөйтіп олардың биологиялық емес, әлеуметтік шарттастығын көрсетті. М. Мид Самоадағы жеткіншек қыз балалардың балалықтан ересектікке үйлесімді, дау-жанжалсыз өтетінін байқады да балалардың тіршілік жағдайларын, тәрбиеленуі мен айналадағылармен қарым-қатынастарының ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сипаттап жазды. Қыз балалардың жеткіншек шағын М. Мид балалық және ересектік көзбен салыстырғанда тұтас алғанда неғұрлым жақсы және ерікті кезең деп бағалады.

Антропологтардың зерттеулерінде жеткіншектік кезеңнің ұзақтығы әр түрлі болуы және бірнеше аймен шектелуі мүмкін екені анықталды. Балаларда «Эдип» комплексінің міндеттілігі туралы пайымдау да теріске шығарылып, жеткіншектің инициациядан кейін алатын ересектік статусына арнайы әзірлік жағдайында да, сондай-ақ бұл статустың талаптарын біртіндеп меңгергенде де жеткіншек ер балаларда дағдарыстың болмау мүмкіндігі анықталды.

Антрополог Р. Бенедикт балалықтан ересектікке өтудің 2 типін көрсетті:

– үздіксіз тип;

– баланың балалық шағында оқып үйренгені мен ересектің рөлін жүзеге асыру үшін қажетті іс-әрекет тәсілдері мен түсініктер арасында үзлістер болатын тип.

Өтудің бірінші типі балалар мен ересектерге арналған маңызды нормалар мен талаптардың ұқсастығы жағдайларында болады. Мұндай жағдайларда даму бірқалыпты өтеді, бала ересектік іс-әрекет тәсілдеріне біртіндеп үйренеді де, ересектің статусының талаптарын орындауға даяр болып шығады.

Өтудің екінші типі балалар мен ересектерге қойылатын мәнді талаптарда алшақтық болған кезде байқалады (Бенедикт пен Мид оны қазіргі заманғы американ қоғамына және өнеркәсібі жоғары дамыған елдерге тән деп санады). Мұндай жағдайларда балалықтан ересектікке өту әр түрлі қиыншылықтармен қабаттасып, оның өзіне тән нәтижесі болады – ресми кемелдікке жеткен кезде ересектің рөлін атқаруға дайын болмау келіп шығады. Балалықтан ересектікке өтетін жол, деп атап көрсетті Бенедикт, әр түрлі қоғамдарда әркелкі болады және оның ешқайсысы да кемелдікке жеткізетін «табиғи» соқпақ деп қарастырылмайды.

Антропологтар зерттеулерінің теориялық маңызы зор. Бала өмірінің нақты әлеуметтік жағдайларына:

– жеткіншектік кезеңнің ұзақтығына;

– дағдарыстың, талас-тартыстың, қиыншылықтың болуына;

– балалықтан ересектікке өтудің өзінің сипатына қарай анықталатыны дәлелденді.

Наши рекомендации