Детте, Парламент сессияларын ашады; 6 страница

Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.

6. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.

Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылады.

Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.

7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.

34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту

1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.

2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.

3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ өңірлік қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі орталықтарда жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

35-бап. Көтермелеу

1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.

Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:

1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;

2) алғыс жариялау;

3) бағалы сыйлықпен марапаттау;

Грамотамен марапаттау;

5) құрметті атақ беру;

6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.

2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін.

Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.

3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.

36-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы

Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткізіледі. Тағылымдамадан өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

37-бап. Мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету

1. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді.

Басқа мемлекеттік органдардағы жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар болып оларға неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын, ал біліктілік талаптары тең болған кезде – неғұрлым жоғары жалақы белгіленген мемлекеттік лауазымдар түсініледі.

3. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның мемлекеттік қызметке кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде мемлекеттік лауазымға ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша орналасуына жол берiлмейдi.

38-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу

1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.

2. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттік қызметшінің міндеттерін атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді.

Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

39-бап. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы

1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.

2. Іссапарға барған мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.

Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

40-бап. Мемлекеттік қызметшілердің әскери қызметке шақырылуы

Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда оларға мерзімді әскери қызмет кезеңінде жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.

41-бап. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді ротациялау

1. Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуеттің неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылады.

"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп мансаптық жоспарлау шеңберінде оларды "А" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік лауазымдарына не "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.

Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.

2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

Басқа жерге ротациялау кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілер "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жекешелендіру құқығынсыз қызметтік үй-жаймен қамтамасыз етіледі.

Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедек, жүкті, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана болып табылатын немесе асырауында қарт ата-анасы бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімі бойынша ғана жол беріледі.

Аталған мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.

42-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде азаматтарды жұмысқа қабылдау

1. Мемлекеттік органды құру туралы акт қабылданған күннен бастап, қызметтік қажеттілік жағдайында, бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін азаматтарды үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі.

Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде көрсетілген мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс.

"А" корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылады.

2. Міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын адамдар саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын осындай адамдар мен оларды жұмысқа уақытша қабылдаған мемлекеттік орган арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

7-тарау. ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

43-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы

1. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады

Мемлекеттік қызметші атқару үшін алынған өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде ол жөнінде өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік қызметші оны орындауға міндетті. Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз өкімді орындауының салдарлары үшін осы өкімді растаған басшы жауапты болады.

2. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады.

3. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік орган өздеріне қатысты қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.

44-бап. Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар

1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.

2. Терiс себептермен қызметтен шығаруға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау да тәртіптік теріс қылық деп танылады.

3. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:

Ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс;

4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету;

5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.

Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.

4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.

Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.

Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша қолданылады.

5. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12) және 15) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда – қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға әкеп соғады.

Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

6. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.

Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

7. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

8. Тәртіптік жазаны:

1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;

2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болған және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;

3) тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.

9. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады.

Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімі бойынша құрылады.

10. Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

45-бап. Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері

1. Тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.

Белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады.

2. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін осы Заңда көзделген тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан, бірақ адамның іс-әрекеттерінде осы Заңда көзделген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, бірақ осы теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады.

Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Тәртіптік жауаптылыққа тартудың көрсетілген мерзімдеріне қылмыстық іс бойынша іс жүргізу немесе әкімшілік іс жүргізу уақыты кірмейді.

3. Жазаны:

1) мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша жарамсыздығы;

2) мемлекеттік қызметшінің демалыста немесе iссапарда болуы;

3) мемлекеттік қызметшінің мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылуы;

4) мемлекеттік қызметшінің даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болуы;

5) мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне оның сот тәртібімен шағым жасауы кезеңінде қолдануға болмайды.

4. Тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ қылмыстық іс тоқтатылғанға не сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

46-бап. Мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепiлдiктер

1. Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.

Наши рекомендации