Азаматтық іс жүргізу міндеттері

Қазақстан Республикасы АІЖК 5-ші бабына сәйкес, азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.

Кез келген саланың ережелері өзінің реттеу бағытына ие және соған орай заңмен белгіленген міндеттердің орындалуы үшін адамдардың тәртібіне құқықтық ықпал етудің әмбебап және арнайы тәсілдері қолданылады. Бұл ықпал етудің шектері құқықтық реттеу аясымен, яғни қоғамдық қатынастар пайда болатын және тоқтатылатын нақты сала ережелерімен анықталады.

Нақты құқық саласының міндеттері ондағы нормалардың бағытына сай қалыптасады; олар, заң шығарушымен анықталуы негізінде азаматтық істер бойынша сот әділдігін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың (сот органдары жүйесінің) міндеттерін айқындайды.

Азаматтық іс жүргізу саласын құрайтын кешенді нормалардың түпкі мақсаты соттардың азаматтық істерді қарастыру және талдау барысында іс жүргізудің құқықтық тәртібін тиісті деңгеймен қамтамасыз ету болып табылады.

Азаматтық іс жүргізу құқығы теориясында сала нормалары түрлі критерийлер бойынша жіктеледі, жиі жағдайда олар өздерінің реттеу бағыты мен іске қатысушы тұлғалардың тәртібіне ықпал ету тәсілдеріне қарай бөлінеді. Мысалы, монографиялық еңбектер мен оқу әдебиеттерінде азаматтық іс жүргізу нормалары, императивтік, диспозитивтік; жалпы және арнайы; рұқсат етуші және тыйым салушы және т.б. нормаларға жіктеледі. Олардың барлығының көздеген өз бағыттары бар және олар заң шығарушының еркін орындауға және реттелетін салада тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.

Императивтік нормалар іс жүргізу әрекеттерінің баламасыз (бұлтартпай) орындалуын талап етеді, ал диспозитивтік нормалар іс жүргізу шегінде мүмкіндік берілген тәртіп нұсқаларын қолдануға жол береді. Жалпы нормалар сот өндірісінің барлық түрлеріне қатысты талаптарды белгілейді, ал арнайы нормалар іс жүргізу заңнамасымен көзделген жағдайлардан іске қатысушы тұлғалар мен соттың сақтауы тиіс талаптарды белгілейді.

Рұқсат етуші нормалар белгілі іс жүргізу мүмкіндіктерін береді (мысалы, бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағым келтіру құқығы), тыйым салу нормалы мүдделі тұлғаның тілегіне қарамастан іс жүргізу әрекетін жасаудың мүмкін еместігін білдіреді (сот бұйрығына апелляциялық шағымданудың мүмкін еместігі).

Аталған нормалардың міндеті (жоғарыда тек жекелеген мысалдар келтірілді) сот процесінің жекелеген сатыларында және мүдделі тұлғаның нақты таңдаған іс жүргізу тәртібімен (талап, ерекше, ерекше талап және т.б.) соттың сот әділдігін жүзеге асыруы барысында тәртіп орнықтыру болып табылады. Тар салалық іс жүргізу міндеттерін орындау арқылы заң шығарушы белгіленген мақсаттарға қол жеткізеді. Жалпы заманауи әлемді және адамзат қызметінің жекелеген салаларын идеалды шиеленіссіз түрде елестету мүмкін емес. Адамдар (саналы немесе өз еркінен тыс) түрлі – отбасылық, мүліктік, міндеттемелік және өзге де қатынастарға түседі. Мұнда қақтығыстар мен өзара қарсылықтардан ада болу мүмкін емес, әсіресе олар мүліктік қатынастарға тікелей қатысты. Құқық классигі Шарль Монтескьенің анықтамасы бойынша адамдардың қоғамға бірігуі барысында олар өз жеке әлсіздігін жоғалтады, олардың арасындағы теңдік жоғалып, қақтығыстар басталады8.

Бұл қақтығыстар (даулар) ұйымдасқан қоғам жағдайында онда белгіленіп, қабылданған ережелерге сәйкес шешілуі тиіс. Жекелеген билік институттары әрекет етуі тиіс, олардың қатарында туындаған дауларды шешу өкілеттігі берілген соттар да бар.

Іс жүргізу құқығы (азаматтық іс жүргізу, қылмыстық іс жүргізу) нормалардың жалпы бағыттылығын және құқықтың туыстас салаларын біріктіреді. Олар материалдық құқық нормаларын қолдану барысында қолданыс табады; олар құқық қолдану процедураларының тұрақтылығын, кезектілігін қамтамасыз етеді.

Азаматтық істерді сотта қарастыру тәртібін реттейтін іс жүргізудің және іс жүргізу нормаларының бағытталуының міндеті оның қорғау қызметін құқықпен қамтамасыз ету болып танылады. Бұл міндет әрқашан «өзін-өзі реттейтін» механизмді қосу арқылы орындалуы мүкін емес, себебі материалдық құқық салалары олардың құрамында іс жүргізу бағытындағы нормалардың болуына қарамастан, мәжбүрлеудің қажетті механизміне ие емес.

Азаматтық іс жүргізу міндеттерін шығарылатын сот актісінің мазмұнын және оның қорғаушылық рөлін бөлу арқылы нақты көрсетуге болады. Н.Б. Зейдер (кеңестік сот құқығы мектебінің өкілі) тараптар арасында «бейбітшілікті қамтамасыз етуден» немесе «дауды жоюдан» басқа сот қаулы шығару арқылы шындығында да даулы құқық бар ма деген сұраққа жауап береді, осылайша шындығында бар, бірақ бұзылған немесе даулы құқыққа қорғау9 ұсынады.

Азаматтық дауды қарастырушы соттың барлық әрекеттері сот әділдігі міндеттерін орындауға бағытталуы тиіс; ол үшін іске қатысушы өзге де тұлғалар және олардың әрекеттері оң бағытта болуы тиіс. Олар өздерінің іс жүргізу құқықтарын шанайылықпен қолдану арқылы сот әділдігі міндеттерінің орындалуына ықпал ете алады.

8Шубин Д. Шарль Монтескье: у истоков правоведения // Юрист. – 2003. – С. 12.

9Зейдер Н.Б. Судебное решение по гражданскому праву. – М.: Юридическая литература, 1966. – С. 12.

Наши рекомендации