Ііі бөлім. президент
40-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президенті — халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
3. Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
41-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
2. Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.
3. Республика Президентінің кезекті сайлауы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі және ол мерзімі жағынан Республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
3-1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы № 284-1 Заңымен алынып тасталды.
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі. Егер кандидаттардың бірде-бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.
42-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», — деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.
3. Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің, қызметінен кетірілгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президенті деген атағы болады.
4. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы № 284-1 Заңымен алынып тасталды.
5. Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
43-бап
1. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
44-бап
1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Республика Үкіметі мен Премьер-Министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) Республиканың мемлекеттік бағдарламаларын бекітеді;
9) Республика Премьер-Министрінің ұсынуымен Республиканың мемлекеттік бюджеті есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;
10) республикалық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдайды;
11) келіссөздер жүргізеді және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; өзінің жанында тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де өкілдерінің сенім грамоталары мен кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерін шешеді;
15) азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнген, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейін Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететін шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген ретте Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды;
18) өзіне бағынысты Республика Президентінің Күзет қызметін және Республикалық ұланды жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесі мен өкілеттігін анықтайды; Республика Президентінің Әкімшілігін құрады;
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
45-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде және оларды орындау үшін Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
2. Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында көзделген ретте Республика Президенті заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күші бар жарлықтарын шығарады.
3. Республиканың Президенті қол қоятын Парламент актілері, сондай-ақ Үкімет бастамасымен шығарылатын Президенттің актілері тиісінше осы актілердің заңдылығы үшін заңдық жауапкершілік жүктелетін Парламенттің әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдің алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.
46-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.
2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.
47-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негізінде әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілігімен қабылданады.
2. Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді және бұл үшін Парламент оны қызметінен кетіруі мүмкін. Айып тағу және оны тексеру туралы шешім Мәжіліс депутаттарының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілігімен қабылдануы мүмкін. Тағылған айыпты тексеруді Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелері Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Парламент Палаталары бірлескен отырысының қарауына беріледі. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім айып тағудың негізділігі туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылдамау Республика Президентіне қарсы тағылған айыптың күші жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңінде де осы мәселенің қаралуына себепші болған Мәжіліс депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе ол Республика Парламентінің немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
48-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді; Сенат Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Парламент Мәжілісінің Төрағасына көшеді; Мәжіліс Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министріне көшеді. Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкілет-тігін тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттік лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негіздерде және тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
ІV бөлім. ПАРЛАМЕНТ
49-бап
1. Парламент — Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы.
2. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.
3. Парламенттің өкілеттігі Конституцияда көзделген реттер мен тәртіп бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
4. Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгіленеді.
50-бап
1. Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.
3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бір мезгілде екі Палатаға бірдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі — алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл.
51-бап
1. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезекті сайлауы бұлардың өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.
3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.
6. Парламенттің депутаты Қазақстан халқына ант береді.
52-бап
1. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Парламентте депутаттың жеке өзі ғана дауыс береді. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелді себептерсіз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа біреуге беруі депутатқа заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге де жұмыс атқаруға, кәсіпкерлікпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы ереженің бұзылуы депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкілеттік мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерді қоспағанда, тиісті Палатаның келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
5. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға және өкілеттігінен әрі депутатқа ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыруға байланысты мәселелерді әзірлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.
53-бап
Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы;
4) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
5) Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
6) Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
7) палаталардың бірлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерді тыңдайды;
8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
54-бап
1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі — Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның ішінде:
1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;
3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;
4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін айқындайды;
5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;
6) рақымшылық жасау мәселелерін шешеді;
7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.
2. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі — Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы:
1) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды;
2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді;
3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
55-бап
Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау мен қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;
2) Республика Президентінің Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;
3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыру;
4) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Заңымен алынып тасталды
5) Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау;
6) Конституциямен Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
56-бап
1. Мәжілістің ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру;
3) Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау;
4) Конституциямен Парламент Мәжілісіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2. Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге хақылы.
57-бап
Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:
1) Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерінің тең жартысына өкілеттік береді;
3) Палаталардың бірлескен комиссиялары мүшелерінің тең жартысын сайлайды;
4) Палаталар депутаттарының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерін шешеді;
5) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізеді;
6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;
7) Палаталардың үйлестіруші және жұмыс органдарын құрады;
8) өз қызметінің регламентін, Палатаның ұйымдастыру және ішкі тәртібіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешімдер қабылдайды.
58-бап
1. Палаталарды мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжіліс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
2. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшін Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ олар өз еркімен орнынан түсуге хақылы.
3. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етеді;
2) Палаталардың қарауына енгізілетін мәселелерді әзірлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар төрағаларының орынбасарлары қызметіне сайлау үшін Палаталарға кандидатуралар ұсынады;
4) Палаталар қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Палаталардың үйлестіру органдарының қызметіне басшылық жасайды;
6) Палаталар шығаратын актілерге қол қояды;
7) палаталарға Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
8) өздеріне Парламент регламенті жүктейтін басқа да міндеттерді атқарады.
4. Мәжіліс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың кезекті бірлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезекті және кезектен тыс бірлескен отырыстарына төрағалық етеді.
5. Палаталардың төрағалары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады.
59-бап
1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстары түрінде өткізіледі.
2. Парламенттің бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады.
3. Парламенттің кезекті сессиялары жылына бір рет қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі.
4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады және сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
5. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
6. Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткізілуі мүмкін. Республика Президентінің, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
60-бап
1. Палаталар әр Палатада саны жетіден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.
2. Палаталардың бірлескен қызметтеріне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға хақылы.
3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкілеттігі және қызметін ұйымдастыру тәртібі заңмен белгіленеді.
61-бап
1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
2. Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгілеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгізілген күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиісті екенін білдіреді. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президенті заң күші бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгілеген тәртіппен жаңа заң қабылдағанға дейін қолданылады.
3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне;
2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне;
7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.
Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.
4. Мәжіліс депутаттары қараған және жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа беріледі, ол онда әрі кеткенде алпыс күннің ішінде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданбаған жоба Мәжіліске қайтарылады. Егер Мәжіліс депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға беріледі. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгізуге болмайды.
5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келіссе, заң қабылданды деп есептеледі. Егер Мәжіліс нақ сондай көпшілік дауыспен Сенат енгізген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келіспеушілік келісу рәсімі арқылы шешіледі.
5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.
Сенат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі. Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
6. Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтуді көздейтін заңдардың жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
7. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
62-бап
1. Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттің қаулылары, Сенат пен Мәжілістің қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды.
2. Республиканың заңдары Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен енгізіледі.
4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданады.
5. Парламент пен оның Палаталарының заң актілері, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.
7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиіс.
8. Республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерімен реттеледі.
63-бап
1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
V бөлім. ҮКІМЕТ
64-бап
1. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.
2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.
3. Конституцияның 57-бабының 6) тармақшасында көзделген ретте Үкімет мүшелері Парламент палаталарына есеп береді.
4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
65-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады.
2. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді.
3. Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен Президентіне ант береді.
66-бап
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
3) Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;
4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;
5) Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;
6) министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
7) Республиканың министрліктері, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің күшін толық немесе қолданылу бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;
8) Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы № 284-І Заңымен алынып тасталды.
10) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де қызметтерді орындайды.
67-бап
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
1) Үкімет қызметін ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшін дербес жауап береді;
2) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Заңымен алынып тасталды.
3) Үкімет қаулыларына қол қояды;
4) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке баяндап отырады;
5) Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтерді атқарады.
68-бап
1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдауда дербестікке ие әрі өздеріне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында жеке-дара жауап береді. Үкіметтің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін немесе оны жүргізбейтін Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не ол лауазымнан босатылуға тиіс.
2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.
69-бап
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретінің мәселелері бойынша Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.
2. Республиканың Премьер-Министрі Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.
3. Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс.
70-бап
1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
2. Егер Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп есептесе, олар Республиканың Президентіне өз орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге хақылы.
3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.
4. Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Республиканың Президенті он күн мерзімде қарайды.
5. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.
6. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Президент оған міндеттерін одан әрі жүзеге асыруды тапсырады.
7. Республиканың Президенті өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрді қызметінен босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.