Еңбек шарты еңбек құқығы
Еңбек құқығы- жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек міндеті бойынша, олардың арасындағы жеке еңбек шарты негізінде туындайтын қатынасты реттейді. Еңбек құқығы, сондай-ақ еңбекақы, еңбек тәртібі, жұмыс уақытын белгілеу және пайдалану, еңбекті қорғау бойынша қатынастарды да реттейді.
Еңбек құқығы нормалары қызметкерге әлеуметтік қорғану, еңбегін қорғау, жұмыс уақытын мөлшерлеу, еңбек тәртібін орнату құқығын береді. Қызметкер ішкі еңбек тәртібі ережелеріне бағынады; оның еңбегін қорғау мен ұйымдастыруды жұмыс беруші қамтамасыз етеді; жеке еңбек шартының тақырыбы жұмыс берушінің арнайы мамандандырылған еңбек процесінің өзі болып табылады.
Еңбек тұрғысындағы азаматтық қатынаста азаматтың өзі өз еңбегін қорғау мен ұйымдастыруды іске асырады, азаматтық құқықтық шарттың тақырыбы еңбек нәтижесін затқа айналдыру, мысалы, үй салуға келісімшарт, мердігерлік шарт, жекеменшік мүдделі нысананы құру шарты.
Еңбек етуге құқықтылық еңбек қызметін таңдау бостандығы тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Конституциясында жарияланды (24-баб). Еңбек етуге бостандық құқығы әрбір адамның еңбекке қабілеттілігін дербес пайдалана білуін, қызмет пен мамандық түрін еркін таңдай алатындығын білдіреді.
Еңбек ету бостандығы, қызмет пен мамандықтар таңдау бостандығы, өзінің еңбекке қабілеттілігін пайдалану бостандығы азамат пен жұмыс берушінің жұмыстың шарттары мен сипаты туралы өзара келісімін білдіретін еңбек шарты бостандығының салалық қағидаты түрінде көрінеді.
Еңбек шарты бостандығының қағидаты еңбектік құқық қатынастарын жасасудың еріктілігін ғана емес, сондай-ақ оның болашақ тағдырының қандай болатындығын да айқындайды. Мәселен, сол ұйымның өзі ішінде басқа жұмысқа ауыстыру, не сол ұйыммен бірге басқа жерге ауысу, өндірістік қажеттілік және кідіріске байланысты уақытша ауысуды қоспағанда, қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады. Еңбектік құқық қатынастарын, оның себептерін түсіндірмей тоқтату құқығын жүзеге асыруды заң тек қызметкерге ғана береді. Мерзімі көрсетілген еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзу қызметкер ауырған, зейнет жасына жеткен, басқа жерге көшкен және өзге де дәлелді себептері болған жағдайда оның талабы бойынша іске асырылады. Жұмыс беруші қызметкерді заңда белгіленген шектеулі жағдайларда ғана жұмыстан босата алады.
Еңбек шартының еркіндігі, сондай-ақ қызметкердің бірден бірнеше жұмыс берушімен толық емес жұмыс уақыты шартымен жеке еңбек шарттарын жасасуға құқығы барлығын білдіреді.
Азаматтардың шетелдерде өз бетімен жұмыс іздеуіне және жұмысқа орналасуына құқығы бар. Өздерін табыс табатын жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар дербес жұмыспен қамтылғандар деп есептеледі. Заңнамада еркін таңдап алынған жұмыспен қамтылу деген ұғым қолданылады. Ол азаматтардың өздерінің еңбекке қабілеттілігін еркін пайдалану жолымен жұмыс орны мен мамандықты таңдап алуға қатысты іс-әрекетін көрсетеді.
Әрбір азаматтың жұмысқа дербес орналасуымен қатар, олардың жұмысқа орналасарда арнаулы органдардың көмегіне сүйенуге де қақысы бар.
Еңбек делдалдығы — бұл өкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жекеменшік еңбекпен қамту агенттіктерінің халықты жұмысқа орналастыруда көмек көрсетуі.
Бұл жағдайда еңбек делдалдығы жұмыс іздеуші адамдарға оны таңдау және жұмысқа орналасу ісінде меншіктің және шаруашылық жүргізудің ұйымдық-құқықтық барлық түрлерінің кадрларға, оларды іздестіріп-табуға және қажетті даярлықтан өткізуге мұқтаж кәсіпорындарға (мекемелерге, ұйымдарға) қызмет көрсетіледі.
Жұмыссыз азаматтардың құқықтары
Еңбекке қабілетті жастағы жұмысы, табысы жоқ, өзіне қолайлы жұмыс іздеп жүрген және оған кірісіп кетуге даяр адамдар жұмыссыздардың қатарына жатады. Жұмыссыздарды тіркеу үшін анықталған құжаттар керек. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар бұдан басқа осында тұратындығын айғақтайтын (шетелдіктер үшін) куәлік және азаматтығы жоқ адамның тұракты тұратын жерінде тіркелгендігі туралы белгі соғылған куәлігі. Өкілетті орган немесе еңбекпен қамтудың жекеменшік агенттігі осы көрсетілген құжаттар тапсырылған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей белгіленген нысан бойынша мәліметтерді жеке есеп карточкасына (деректердің компьютерлік базасы) жазу арқылы азаматтарды тіркейді. Жұмыссыз азаматтар осы сәттен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде кем дегенде бір рет тұрған орны бойынша өкілетті адамға келіп белгі соқтырып тұруы қажет, ал селолық елді мекендерде тұратын жұмыссыздар — кем дегенде айына бір рет поселке, ауыл (село) округы әкіміне келіп белгіленуі тиіс.
Жұмыссыздардың кәсіби даярлыққа қайта даярлауға және біліктілігін көтеруге құқылығын ерекше атап айту қажет. Еңбекпен қамту мәселелері жөніндегі өкілетті мемлекеттік орган берген жұмыссыздың қажетті кәсіби біліктілігі болмағандығынан оған лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмаған жағдайда мұндай азаматтарды тиісті оқу орындарына оқуға жібереді. Жұмыссыздарды кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін көтеру заңда белгіленген тәртіп бойынша еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Халықтың мақсатты тобына кіретін жұмыссыздардың кәсіби даярлықтан, қайта даярлаудан және біліктілігін көтеруден басымдылық тәртібі бойынша өтулеріне құқығы бар.
Қоғамдық еңбек нысаны
Қоғамдық еңбектің мынадай екі нысаны бар: дербес еңбек (меншік иелерінің еңбегі) және жалдамалы еңбек (меншігі жоқтардың еңбегі). Қызметкерлердің жұмысты үйінде, үйге алып істейтін және маусымдық түрлері бар.
Үйінде істейтіндер деп белгілі бір адамның үй шаруашылығында жұмыс істеуге жеке еңбек шартын жасасқан адамдарды айтады. Мысалы, күзетші, гувернантка (бала тәрбиелеуші), үй қызметшісі.
Жеке еңбек шарты бойынша жұмысты өз үйінде отырып орындайтын қызметкерлер жұмысты үйге алып істейтіндер деп аталады. Мысалы, олардың атқаратын қызмет түрлері киім тігу, суретшілік жұмыстар атқару.
Бүкіл жыл бойына емес, жылдың белгілі бір уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерді — маусымдық қызметкерлер деп атайды. Мысалы, күзде егін жинайтындар. Мұндай жұмыстың уақыты 6 айдан аспауы керек.
Жұмысты вахта әдісімен атқаратын қызметкерлерді вахталық әдіс деп атайды.
Еңбек туралы заңнама
Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі болып табылады, сондықтан да Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасы Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларын және халықаралық шарттарды есепке алмай тұра алмайды.
Халықаралық еңбек ұйымына мүше барлық мемлекеттер (соның ішінде Қазақстан Республикасы да) негізге алатын құқықтарға қатысты қағидаттарды сактауға міндеттенеді, атап айтқанда:
- бірлесу бостандығын және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын шын мәнісінде тану;
- еңбектің мәжбүрлейтін немесе оған міндеттейтін бүкіл нысандарын қысқарту;
- балалар еңбегін пайдалануға тыйым салу;
- еңбек және кәсіптер алу саласында кемсітушілікке жол бермеу.
(Бұл ереже Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы негізге алатын қағидаттар мен құқықтар туралы Декларациясында бекітілген//Кадрлар қызметі, 1999. №2. 87-6.)
"Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Заң 1999 жылы 10 желтоқсанда қабылданып, 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілді. Уақыт талабына сәйкес бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол жұмыс беруші мен қызметкер арасында қызметкердің Қазақстан Республикасының аумағында, яғни барлық өкімшілік-аумақтық бірліктерді қоса (Қазақстан Республикасының аумағын облыстарға, аудандарға, қалаларға, қаладағы аудандарға, ауылдарға, селоларға және поселкелерге бөлу) жеке және ұжымдық еңбек шарттарының негізінде белгілі бір еңбек қызметін жүзеге асыруына байланысты туындайтын қатынастарды реттейді
Мамандықтар
Жас азаматтар таңдап алуына болатын мамандық түрлері көп. Барлық мамандықтар арнаулы білімді, жоғары немесе арнаулы оқу орындарында оқуды талап етеді. Өз ісінің шын маманы болу үшін білім алып қана қоймай, практикалық дағдылану да қажет. Міне, сондықтан да кейбір заңдарда қайсыбір қызметке тұру үшін адамдардың арнаулы білімі және практикалық жұмыс өтілі болу керек деген ескертпе жасалады. Мысалы, оған судьялар, мемлекеттік қызметкерлер, парламент депутаттары, дәрігерлер, көлік құралдарын жүргізушілер жатады.
Жеке еңбек шарты
Жеке еңбек шарты дегеніміз — қызметкер мен жұмыс беруші арасында жазбаша түрде жасалынатын келісім. Ол шарт бойынша қызметкер белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істеуге, ал жұмыс беруші қызметкерге жалақысын дер кезінде әрі толықтай көлемде төлеп тұруға міндеттенеді.
Қызметкер еңбек шартына сәйкес белгілі бір қызмет түріне қатысты, яғни мамандығына, кәсібіне, біліктілігіне және дәл сол кезеңде орындауға тиіс қызметіне және өндірістің жалпы қажетіне орай айқындалатын жұмысқа қатысты қызметті орындауға міндеттенеді.
Кәсіпорынның (мекемелердің, ұйымдардың) өндірістік қызметіне қызметкердің өз басының жеке, тікелей қатысуы жеке еңбек шартының тағы да бір белгісі болып табылады. Бұл жағдай қызметкерді құрамға (штатқа) кіргізіп, оны кәсіпорынның өндірістік қызметіне қосуды көздейді.
Жұмыс берушінің қызметкерге жалақы төлеп тұруға міндеттілігі жеке еңбек шартының ерекшелігі болып табылады.
Еңбек шартының мерзімі
Жеке еңбек шартын жасасудың мынадай мерзімдері болады:
- белгісіз мерзімге — жеке еңбек шартының уақыты көрсетілмейді;
- белгілі бір мерзімге — бір жылдан аспайтын;
- істелетін жұмыстың аз уақытта атқарылуына немесе орындау жағдайына, сондай-ақ жұмыста жоқ қызметкердің орнын ауыстыруға байланысты бір жылдан аспайтын белгілі бір мерзімге.
Екі жақ оның барлық елеулі шарттары бойынша келісімге келген кезде — жеке еңбек шарты жасалды деп есептелінеді. Жеке еңбек шарты кем дегенде екі дана болып толтырылады және тараптардың қолы койылады. Қол қойылған жеке еңбек шартының бір данасы — қызметкерге, ал екіншісі —жұмыс берушіге беріледі.
Жеке еңбек шартының негізінде жалданатын қызметкердің еңбегіне ақы төлеу және материалдық көтермелеу шарттары тараптардың келісімі бойынша белгіленеді. Жеке еңбек шарты 16 жасқа толған соң жасалады.
Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ мерзімі
Жұмысқа алар кезде сынақ мерзімін белгілеу мүмкіндігі қарастырылады. Сынау еңбек шартының міндетті емес шарттарының қатарына жатқызылады. Сынақ мерзімі қызметкердің оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленуі мүмкін. Сынақ мерзімі үш айдан артпауы керек.
Егер сынақ мерзімі өтіп кетсе және екі жактың бірде біреуі жазбаша түрде екінші жақты жеке еңбек шартын бұзу туралы ескертпесе, шарттық әрекет етуі жалғаса береді және оның тоқтатылуына жалпы негізде жол беріледі. Сынақтың нәтижесі қанағаттанғысыз болса, қызметкер жұмыс берушінің келісімі арқылы жұмыстан босатылады. Қызметкер өз кезегінде жұмыстан мұндай босатуға сот тәртібімен шағымдануына болады.
Қызметкерлерді маусымдық жұмысқа алған кезде тараптардың келісімімен сынақ мерзімін белгілеуге болмайды. Сынақтан өткізу шарты жеке еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Егер ол жұмысқа алу жөніндегі бұйрықта ғана көрсетілген болса, онда сынақ мерзімін белгілеуді заңды деп есептеуге болмайды, өйткені бұйрық — бір жақты ғана кесім, ал заң мұндай шарттар жөнінде жұмыс беруші мен қызметкердің келісуін талап етеді. Жұмыс берушінің бір жақты сынақ мерзімін белгілеуі бұл қызметкердің құқығын бұзғандық болып табылады.
Қызметкердің сынақ кезіндегі еңбек жағдайы өзге қызметкерлердің еңбек жағдайынан өзгеше болмауы керек. Қызметкер ішкі еңбек тәртібі ережелеріне мойынсұнады, оның еңбегі жалақы нормалар мен бағалауға сәйкес не еңбекақы ретінде төленеді. Сынақ мерзімімен жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік сақтандыруға құқығы бар. Сыннан сүрінбей өткен қызметкерді жұмысқа түпкілікті алу жөнінде бұйрық шығарудың қажеті жоқ.
Жеке еңбек шартын бұзу тәртібі
Жеке еңбек шартын бұзудың белгілі тәртібі болады. Шартты бұзу жөніндегі бастаманың қызметкерлерден. де, жұмыс берушіден де және жауапты тұлғалардан да (сот, әскери комиссариат, кәсіподақ, т.б.) шығуы мүмкін. Өз ұсынысымен бастама көтеріп, еңбек шартын бұл туралы екінші жақты жеке еңбек шартында келісілген мерзімде жазбаша ескертуі керек. Жалпы ереже бойынша бір жақтың (шартты бұзудың бастамашысы) екінші жақты ескерту мерзімі жеке еңбек шартын бұзған сәттен бір айдан кем болмауы қажет.
Еңбек келісімі
Белгілі бір жас пен білім дәрежесіне жеткеннен кейін, жұмысқа тұрғандардың әрқайсысының еңбек жолы осы құжаттан басаталады.
Еңбек шарты заңмен рәсімделген екі жақтың (әдетте "жұмыс беруші" және "жұмысшы" деп аталады), нақты бір міндеттерді өзіне ерікті түрде алу туралы жазбаша келісімі болып табылады.
Аталған міндеттемелерді нақты анықталған шарттар негізінде уақыттың белгілі бір мерзімі аралығында орындайтындықтары баяндалады. Басқа кез келген құжат еңбек келісімінің де өзіндік құрылымы мен мазмұны, рәсімдеу ережелері бар.
Еңбек келісімі жұмысқа орналасқан кезде немесе алдыңғы жасалған келісімнің кейбір шарттары (міндеттер мазмұны, еңбекақы мөлшері, жұмыс жағдайы т.б.) өзгерген жағдайда жасалады.
Келісім жасауға ұйым әкімшілігінде белгіленге тәртіп бойынша қаралған жұмысшы арызы негіз болады.
Еңбек келісімі мыналардан түрады:
1. құжат аты;
2. келісімнің жасалған орны мен күні;
3. екі жақтың толық және шартты атауы;
4. жұмыстың сипаты мен мазмұны, оны орындауға қажетті квалификация дәрежесі;
5. келісім типі (негізгі жұмыс әлде қосымша істелетін жұмыс);
6. келісім түрі (шектеулі мерзімге ме әлде ұзақ уақытқа ма);
7. келісімнің уақыты, мерзімі (шектеулі мерзімге жасалған келісім үшін);
8. сынау мерзімі;
9. жұмысшының міндеттері;
10. еңбек жағдайы, еңбекақы төлеу сияқты әкімшіліктің негізгі міндеттерін көрсете отырып жазылған жұмыс беруші міндеттері;
11. жұмысшының еңбек құқын қорғауға қосымша кепілдік беретін мағлұмат;
12. еңбек пен демалыс тәртібінің ерекшеліктері туралы мәлімет;
13. ақшалай берілетін сыйлық көлемі мен оны төлеу тәртібі туралы мәлімет;
14. демалыс алу тәртібі мен оның мерзімі туралы мәлімет;
15. келісім бойынша жасалатын басқа да жағдайлар мен шарттар;
16. келісім бойынша атап өтілетін ерекше жағдайлар (қай кезде келісім бұзылуы немесе қайт ақаралуы мүмкін);
17. келісім тоқтатылатын жағдай атап көрсетіледі;
18. екі жақтың мекен-жай мен реквизиттері;
19. екі жақтың қойылатын қолы (сигнатура);
20. шартқа қол қойылған күн;
21. келісім қосымшасы (егер бар болса).
Еңбек келісімін безендірудің қызметтік құжаттарды безендірудің жалпы талаптарынан көп айырмашылығы жоқ. Келісім мәтіні А4 форматты қағазда таза, түзетулерсіз басылады. Цифрлар қажет жағдайда жазбаша жазылады.