Талап арызда келесі мәлеметтер

1) арыз берлетін соттың атауы;

2) талап қоюшының атауы, оның тұрғылықты жері, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер немесе, егер талап қоюшы ұйым болса, оның тұрған жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен банктік реквизиттері, сондай–ақ, егер арызды оның өкілі берсе, өкілдің атауы мен мекен-жайы;

3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері немесе тұрғын жері, ал егер жауапкер заңды тұлға болып табылса, онда оның атауы, орналасқан жері, сондай – ақ егер талап қоюшыға бұл деректер белгілі болса, қосыша тіркелген салық нөмірі;

4) талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін және оның талап қою талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;

5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және бұл мән- жайларды растайтын дәлелдемелер;

6) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы;

7) 93

8) арызға қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

Арызда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәлеметтер көрсетілуі, сондай-ақталапкердің өтініші баяндалады;

Егер талап арызды мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында прокурор берген болса, арызда мемлекеттің немесе қоғамдық мүдденің неден тұратыны, қандай құқықтың бұзылғаны негізделуі қажет, сондай-ақ заңға, немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерге сілтеме болуы керек. Прокурор азаматтардың мүдделері үшін сотқа жүгінген жағдайда талап арызда ол азаматтың өзінің талап қоюы мүмкін еместігінің себептерін көрсетуі қажет; арызға, әрекетке қабілетсіз адамның мүделері үшін арыз беретін жағдайларды қоспағанда, азаматтың сотқа талап қоюымен жүгінуге келісімін растайтын құжат қоса тіркелуге тиіс.

Арызға талап қоюшы немесе талап арызға қол қоюға және оны қсынуға өкілеттігі блған кезде оның өкілі қол қояды.

ҚР АІЖК 151-ші бабына сәйкес, талап қоюшы іс дұрыс және уақтылы шешеілуі үшін сотқа қосымша құжаттар ұсынуға міндетті. Бұл талаптар азаматтық – құқықтық дауды шешу сипатына қарамастан барлық талап арыздарына қатысты.

Талап арызға:

- жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесі;

- мемлекеттің баж төлеуді растайтын құжат;

- өкілдің өкілеттігін қуәландыратын сенімхат немесе өзге де құжаттар;

- талап қоюшы өзге талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер көшірмелер оларда болмаса, жауапкерлер мен үшінші тұлғалар үшін бұл құжаттардың көшірмелері;

- оны дауға салған жағдайда нормативтік құқықтық актінің мәнін;

- талап қоюшының

⦁ сот шығындарының төленуін кейінге қолдыру туралы;

• сот шығындарының төлеу мерзімін ұзарту туралы;

• сот шығындарын төлеуден босату туралы;

• сот шығындарының мөлшерін азайту туралы;

• талап қоюды қамтамасыз ету туралы;

• дәлелдемелер талап ету туралы өтініштері егер ол өтініштер талап арызда жазылмаан болса94 тіркеледі;

Сотқа талап арыздың түсуі судьяның ол арызды соттың өндірісіне қабылдау туралы мәселені шешуін қажет етеді. ҚР АІЖК 152-ші бабына сәйкес, судьяның бұл процессуалдық әрекетті жасауына арыз түскен күннен бастап бес күн уақыт беріледі95. Талап арызды қабылдай отырып, судья азаматтық істі қозғау туралы ұйғарым шығарады.

Судья сотқа келіп түскен талап арызда қабылдаудан өз ұйғарымымен бас тартта алады, мысалы, егер арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса. Мысалы, талап арызда әлдекімге қылмыстық қудалау және қылмыстық жаза тағайындау туралы талап қойыла алмайды. Осылайша, егер сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған соттың заңды күшіне енген шешімі, немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты іс бойынша өндірісті қысқарту туралы, немесе тараптардың бітімгершілік келісімін бекіту туралы сот ұйғарым болса96,судья түскен арызды қабылдаудан бас тартады (АІЖК 153-ші бабының 1-ші бөлігінің 2 тармақшасы).

Судья арызды қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді ұйғарым шығарады, онда, егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса, талап қоюшының қандай органға жүгінуі жөн екендігін көрсетіледі.

Арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым ол арыз сотқа түскен кезден бастап бес күн мерзімде шығарылуы және арыз берушіге арызға қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге табыс етілуге немесе жіберілуге тиіс. Талап қоюшы сотқа өзі келген жағдайда ұйғарым оның қолына беріледі немесе барлық қажетті құжаттар тіркеліп, пошта арқылы жөнелтіледі. Егер арызды қабылдамау туралы сот ұйғарымына талап қоюшы шағым бермесе (прокурор наразылық келтірмесе), онда сол ұйғарымның заңды күшіне енгендігі келешекте талап қоюшының солжауапкерге,солнысана және солнегіздер бойынша сотқа қайтадан жүгінуіне жол бермейді.

Іс жүргізу заңына сәйкес талап арыз талап қоюшыға қайтарылуына97 жол беріледі. Судья талап арызды келесі жағдайларда қайтарып, қайтару негіздерін өз ұйғарымында нақты көрсетеді:

- талап қоюшы істердің осы санаты үшін дауды сотқа дейін алдын ала шешудің заңдармен белгіленген тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса (мысалы, сотқа денсаулыққа келтірілген зиянды қалпына келтіру (өтеу) туралы талап арыз түсті. Талап арыз талап қоюшының жұмыс берушісіне қарсы бағытталған, себебі бақытсыз жағдай өндіріс объектісінде болып, адамдардың жарақаттануы орын алған. Мұндай жағдайда мүдделі тұлға өндіріс орнының әкімшілігінің атына алдын ала арыз беруге тиіс; мәлімдеген талаптарды орындаудан әкімшілік бас тартқан жағдайда ғана сотқа талап арыз жолдануы мүмкін);

- іс осы соттың соттауына жатпаса (мысалы, тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап арызы Астана қаласының аудандық соттарының біріне берілген, ал даудың пәні (тұрғын үй) Ақмола облысы аудандарының бірінде орналасқан. Бұл жағдайда талап қоюшы ерекше соттылық ережелерін бұзғандықтан оның берген арызы қайтарылады);

- арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе (мұндай негіздер бойынша кәмелетке толмаған тұлғалардың талап арыздары, ал сирек жағдайларда – денсаулық жағдайларының салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын кәмелеттік жастағы тұлғалардың берген талап арыздары да қайтарылады);

- арызға оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса;

- осы немесе басқа бір соттың іс жүргізуінде сол тараптар арасында, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде азаматтық іс бар болса;

- коммуналдық мүлікті басқаруға құқылы орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы затты есепке тіркеген98 күнінен бастап бір жыл мерзім өткенге дейін жылжымайтын затқа коммуналдық меншікті тану туралы99 арызбен сотқа жүгінсе;

- арызды қайтару туралы талап қоюшы мәлімдесе (бұл әрекетті талапкер тиісті арыз беру жолымен жасайды).

Талап қоюшы талап арызына жеке өзі қол қояды, ол қандай да себептер бойынша қол қоя алмаған жағдайда талап арызына оның өкілі қол қояды. Егер талап арызға тіркелген сенімхатта өкілдің талап арыз беруге және оған қол қоюға өкілеттігі болмаса, ондай талап арызды да судья қайтарып береді.

Судья арызды қайтару туралы дәлелді ұйғарым шығарады, онда арыз берушіге, егер іс осы соттың соттауына жатпайтын болса, қандай сотқа жүгіну керек екендігін, не істі қорғауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жою қажет екендігін көрсетеді. Талап арызды қайтару туралы ұйғарым ол сотқа түскен күннен бастап бес күн мерзімде шығарылуға және арызға қоса тіркелген барлық құжаттармен арыз берушіге тапсырылуға (жіберілуге) тиіс.

ҚР АІЖК 153-ші бабында және 154-ші бабында көрсетілген процессуалдық әрекеттер салдарының айырмашылықтарын айтып өткен жөн. Талап арызды қабылданбағандығы адам сотқа қайталап жүгіну мүмкіндігінен айырылатындығын білдіреді (153-ші бап).

Арызды қайтару туралы ұйғарым шыққан жағдайда талап қоюшы жол берілген кемшіліктерді жойса, оның сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүргінуіне шығарылған ұйғарым кедергі келтірмейді (154-ші бап).

Талап арызды қозғалыссыз қалдыру талап арыздарының және олардың қосымшаларының сапалы рәсімделуін қамтамасыз ететін іс жүргізушілік тәсілдердің бірі болып табылады. ҚР АІЖК 155-ші бабына сәйкес, судья талап арыз ҚР АІЖК 150-ші бабының талаптарына және 151-ші бабының 1) – 3) тармақшаларына сай келмеген жағдайда арызды қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарып, бұл туралы талап арызды берген тұлғаға хабарлайды және оған кемшіліктерді түзету үшін мерзім белгілейді.

Егер талап қоюшы судьяның нұсқауларына сәйкес және ол белгілеген мерзімде ұйғарымда аталған талаптарды орындаса, талап арыз оны сотқа алғашқы тапсырған күні берілген болып есептеледі. Олай болмаған жағдайда арыз берілмеген болып есептеледі және судьяның ұйғарымымен оған қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге талап қоюшыға қайтарылады.

Арыздың қайтарылғандығы талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді. Арызды қайтару туралы сот ұйғарымымен келіспеген талап қоюшы тарапынан сол ұйғарымға жеке шағым берілуі және прокурордың наразылығы келтірілуі мүмкін.

ҚР АІЖК 156-шы бабы жауапкердің қарсы талап қою құқығын көздеген. Жауапкер бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін алғашқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін талапкерге қарсы талап қоюға құқылы. Қарсы талап қою процедурасы талап қою туралы жалпы ережелер бойынша жүргізіледі. Мұндай талап қоюға уақыттық шектеулерден басқа, арыз келесі белгілермен сипатталады:

- қарсы талаптың алғашқы талаптан ешбір артықшылығы жоқ, яғни қарсы талапқа қатысты алғашқы талаптың да ешбір артықшылығы жоқ; қарсы талап жауапкермен беріліп, сотта жалпы іс жүргізу ережелеріне сәйкес қарастырылады;

- өзінің мазмұны және мақсаты бойынша қарсы талап алғашқы талапқа қарсы іс жүргізушілік қорғаныс құралы болып табылады;

- жауапкердің қарсы талабын қанағаттандыру талап қоюшының талаптарын толықтай немесе ішінара қанағаттандырусыз қалдырылатындығын білдіреді;

- қарсы талап арыздың сот өндірісіне қабылданғандығы азаматтық іс бойынша екі тараптардың қойған талаптары бойынша ортақ бір шешім шығаруды қажет етеді;

- қарсы талап қоюды қабылдау (тараптардың құқықтық дайындығы жеткілікті болған жағдайда) олардың бітімгершілік келісімге келу мүмкіндігін туындатады;

- ҚР АІЖК 157-ші бабының 3 тармағына сәйкес, қарсы және алғашқы талап қоюлардың арасында өзара байланыс болуы қажет; және оларды бірлесіп қараудауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелетін болса, сот қарсы талап арызды өндірісіне қабылдайды.

93 7 тармақ Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 11 шілдедегі №238 Заңымен алынып тасталды.

94Асты сызылған мәтіннің нормативтік редакциясы: «талап қоюшының мерзімді кейінге қалдыру, ұзарту, сот шығындарын төлеуден босату немесе олардың мөлшерін азайту туралы, талап қоюды қамтамасыз ету, дәлелдемелерді талап ету туралы өтініші және, егер олар талап арызда жазылмаған болса, басқалар да қоса тіркеледі».

95ҚР АІЖК-нің осы ережесінің қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі мәтіндерінің арасында қайшылықтар бар. Қазақ тілінде:«Судья талап арыз түскен күннен бастап бес күн мерзімде оны сот ісін жүргізу үшін қабылдау туралы мәселені шешуге құқылы».

Орыс тілінде:«Судьяобязан в пятидневный срок со дня поступления искового заявления решить вопрос о принятии его к производству суда».

96Кодекстің осы бабының 1 бөлігінің 2-ші тармақшасы және 247 бабының 2-ші тармақшасының арасындағы қайшылықтар:АІЖК 153-ші бабының 1 бөлігінің 2 тармақшасы: «егер: сол тараптардыңарасындағы дау бойынша, сол нысанатуралы және сол негіздербойынша шығарылған соттың заңды күшіне енген шешімі немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты іс бойынша сот ісін жүргізуді тоқтату туралы немесе тараптардың бітімгершілік келісімін бекіту туралы сот ұйғарымы болса, судья талап арызды қабылдаудан бас тартады».

АІЖК 247-ші бабының 2 тармақшасы: «егер: сол тараптардың арасындағы сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының өз талабынан бас тартуына немесе тараптардың бітімгершілік келісімін орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы соттың ұйғарымы болса, іс бойынша іс жүргізу қысқартылады».

Назар аударыңыз: «тоқтату» мен «қысқарту» процессуалдық терминдерінің құқықтық мағынасы бірдей емес. Бұл баптарда «бекіту» мен «орнықтыру» терминдері бір мағынада берілген, ал «орнықтыру» деген сөз тәжірибеде қолданылмайтын термин.

97Мұндай іс жүргізу әрекеті (талап арызды қайтарып беру) бұрын қолданыста болған Қазақ ССР-нің Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделмеген болатын.

98Кодекстің 154-ші бабының 1 бөлігінің 6 тармақшасының мәтіні: «коммуналдық мүлікті басқаруға құқылы орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы затты қабылдаған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін жылжымайтын затқа коммуналдық меншікті тану туралы өтінішпен сотқа жүгінсе талап арыз қайтарылады». Назар аударыңыз: Бұл бапта аталған мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган затты қабылдауы мүмкін емес, ол тек қана тіркеуге (есепке) ала алады. «Өтініш» деген сөздің қолданылуы орынсыз, себебі бұл жағдайларда сотқа өтініш емес, арыз беріледі.

99Бұл сұрақ ерекше тәртіппен азаматтық істерді қарау процедурасына арналған бөлімде нақты қарастырылған.

Наши рекомендации