Прокурордың азаматтық іс жүргізуге қатысуы

Азаматтық іс жүргізудегі прокурордың құқықтық жағдайы ҚР АІЖК нормаларымен, ҚР «Прокуратура туралы» заңымен, ведомстволық актілермен (ҚР Бас прокурорының бұйрықтарымен) және өзге де нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.

Азаматтық істі талқылау барысында прокурор іс жүргізуге қатысушы аса маңызды тұлғалардың бірі болып табылады; сот ісін жүргізуде ол мемлекеттік қадағалау органы атынан әрекет етеді; оның бұл белгісі прокурорды іске қатысушы өзге тұлғалардан ерекшелеп тұрады. Қазақстандық азаматтық іс жүргізу заңнамасы прокуратура өкілі ретінде басқа тұлға процеске уақытша (жалдану бойынша) қатысуға жол бермейді, егер олай болса, оның өкілеттігі тек осы істі жүргізумен шектелер еді. Кейбір елдердің заңнамасы бойынша сот ісін жүргізуге (прокурор емес) кәсіби заңгердің қатысуына жол беріледі, олар процесте қадағалау органы – прокуратура жағында бола отырып, шын мәнінде адвокаттық қызметін атқарады.

ҚР АІЖК 55-ші бабына сәйкес, азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуына жоғары қадағалау жүргізу ісін мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры тікелей өзі және оған бағынатын прокурорлар арқылы жүзеге асырады. Азаматтық істердің басым бөлігі бірінші сатыда аудандық (қалалық) соттарда қаралады, онда заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуын қадағалау аймақтық прокурорларға жүктеледі. Көпшілік жағдайларда прокурорлар өз бетінше аймақтық деңгейде сотпен шешілетін барынша маңызды сұрақтарды айқындап, кейіннен аймақтық саясатқа ықпал ететін істердің (экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және т.б.) түрлерін белгілейді.

Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы заңмен көзделген, немесе іске прокурордың қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда міндетті. Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін өз бастамасы немесе соттың бастамасы бойынша процеске қатысуға құқылы35.

Прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы талап қоюға, өтініш жасауға құқылы.

Талап қоюшының құқықтарын өз бетінше сотта қорғай алмайтын жағдайларына қатысты бірнеше мысал келтіріп өтейік:

1. Пәтер иесінің ауырып (әлсіреп) жатқан сәтін пайдаланып жалға алу тәртібімен пәтерге кіріп алған тұлғалар, пәтер иесін (меншік иесін) пәтерінен шығарып жібереді. Дәл осы жағдай меншік иесінің прокурорға бұзылған құқықтарын қорғау туралы өтінішпен жүгінгендегі себепті жағдай ретінде танылады. (Прокурор жалға алушыларды үйден шығару туралы талап қоя алады).

2. Адал ниетсіз тұлғалар азаматтың мүлкін алдап алу жолымен иеленіп, оны мүлікті иелігінен шығару келісім-шартына қол қоюға мәжбүрлеген. Мұндай жағдайлар жылжымайтын мүлік нарығында жиі кездеседі. (Прокурор жасалған мәмілені заңсыз деп тану туралы талап қоя алады).

3. Ата-анасының қайтыс болуы салдарынан балалар үйіне орналастырылған бала кәмелетке толған соң ата-анасының үйіне қайтып оралады. Ал ол үйге ешбір заңды негіздерге сүйенбестен, басқа адамдар келіп тұрып жатқаны анықталады. (Прокурор заңсыз тұрып жатқан тұлғаларды тұрғын үйден шығару туралы талап қоя алады).

4. Қызметтік міндеттемелерін орындау барысында жұмысшы өндірісте қайтыс болды. Жұмысшы кәсіпорын әкімшілігінің техника қауіпсіздігі ережелеріне мән бермеуі нәтижесінде қаза тапты. Жұмысшы өз отбасында кәмелетке толмаған балаларды асырап, табыс тауып жүрген жалғыз ата-ана болатын. (Прокурор асыраушысынан айрылған отбасына келтірілген зиянды өтеу туралы талап қоя алады).

Прокурор талап қойған азаматтық істер бойынша мүддесі бұзылған тұлға талап қоюшы болып табылады. Түрлі себептер бойынша талап қоюшы сотта өз мүдделерін қорғауға бағытталған талаптарды қолдамауы мүмкін. Егер прокурор қойған талапты талап қойшы қолдамаса, ол бұл туралы жөнінде сотта мәлімдеме жасауы тиіс. Бұл жағдайда сот талапты қараусыз қалдырады. Бірақ үшінші тұлғалардың36 құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келетін жағдайларда бұл ереже қолданылмайды.

Талап қойған прокурордың іс жүргізудегі ерекшелігі сонда, ол іс жүргізуге қатысты талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланып, іс жүргізуге қатысты талап қоюшының барлық міндеттемелерін орындайды. Бұл ереже тек бітімгершілік келісімге ғана таралмайды. Прокурорға қатысты бұл құқықтың танылмау себебі ол сотта талап қойып, талап қоюшы үшін емес, талап қоюшының мүддесі үшін әрекет етеді, сондықтан оның бұл талапта өз мүддесі болмайды. Сот ісін жүргізу барысында прокурор өз ұстанымын таңдауда тәуелсіз тұлға болып табылады. Мүддесін қорғау мақсатында талап қойылған тұлғаның көзқарасына тәуелсіз болғандықтан, прокурор қойылған талаптан өзі бас тарта алады. Талап қоюшы өз кезегінде прокурордың талаптан бас тартуына қарамастан істің мән-жайы бойынша сотта қаралуын талап ете алады.

ҚР АІЖК 56-шы бабы негізінде өзге тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы сотқа талап қоюға жол беріледі. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар олардың өтінуімен басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып, сотқа жүгіне алады. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін мүдделі адамның өтінішіне қарамастан, талап қоюға жол беріледі.

Прокурор сияқты бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың қойылған талаптан бас тартуы мүдделі адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Егер мүдделеріне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса, сот талапты (арызды) қараусыз қалдырады.

ҚР АІЖК 57-ші бабы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуы мәселелерін ретке келтіреді. Азаматтық істердің барлық санаттары бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары сот ісін жүргізуге қатысуы міндетті емес. ҚР АІЖК 57-ші бабының 1-ші бөлігіне сәйкес заңмен көзделген жағдайларда37 мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін өз бастамашылығы бойынша, сондай-ақ соттың бастамашылығы бойынша процеске қатыса алады. Осы органдардың өкілдері ҚР АІЖК 47-ші бабында38 көзделген іске қатысушы адамдардың барлық құқықтарын пайдаланады.

3529.12.2010 ж. № 374-IV Қазақстан Республикасы Заңымен процессуалдық заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді прокурордың бастамасымен қозғалған істерге және

- мемлекеттің мүддесін қозғайтын;

- жұмысқа қайта орналастыру;

- жалақы өндіру;

- үйден басқа үй ұсынылмай шығару; адамның өміріне және денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы азаматтық істерге прокурор міндетті түрде қатысады.

36Мысалы, прокурор екі немесе одан көп тұлғалардың мүддесін қолдап, талап қоюы мүмкін, бірақ қойылған талапты ол тұлғалардың бірі қолдамауы мүмкін. Мұндай жағдайда сот істі мән-жайы бойынша қарап, шешім қабылдауы тиіс.

37Мысалы, бала асырап алу (қыз асырап алу) туралы істердің талқылауына қорғаншылық және қорғаушылық органдарының өкілдері міндетті түрде қатысулары тиіс.

38Бала асырап алу (қыз асырап алу) туралы арыздарды қарастыруда (ерекше сот ісін жүргізу тәртібімен) қорғаншылық және қорғаушылық органдары сотта қорытынды береді.

Наши рекомендации