Ссср огпу-і коллегиясыныҢ тергеу жӨніндегі ерекше Өкілі поповҚа тҰтҚын халел досмҰхамедовтен Өтініш
Осы жылдың 25-қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін – деген желеумен 58-баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59-баптың 3-тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылған осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22-жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиялық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенім мен өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14-қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.
Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәркілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәркілеу туралы пікірімді 14-қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.
Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. «Тынышбаевтің ісіне» қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек – Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі[58]. Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек, Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрсетінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...
Мен айыптаушының (тергеушінің – Т.Ж.) деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті – деген, өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.
Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет – бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар күшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.
Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.
Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».
(І том. 97-101 беттер).
*** *** ***
(№) ОГПУ-ДІҢ ЕРЕКШЕ ӨКІЛІ ПОПОВҚА ТҰТҚЫН ДОСМҰХАМЕДОВ ХАЛЕЛДЕН МӘЛІМДЕМЕ[59]
Осы жылдың 25-қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58-бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3-тармақтары бойынша: кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен төмендігі айтылғандарды:
1. 1922 жылы өзімнің кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды;
2. Сол, 1922 жылы Ташкентке келген Заки Валидовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді;
3. 24-жылдың ортасына дейін жұмыс барысында өзімнің ұлтшыл-буржуазияшыл идеологияны жүргізгенімді – ғана мойындаймын.
24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға, үйірмеге және басқа да шараларға қатысқамын жоқ. Жасырын да, ашық та кеңеске қарсы шыққамын жоқ. Өзімнің ұлтшылдық иедологияммен саналы түрде күрестім. Бұл туралы 31-жылдың 14- қыркүйегі күнгі берген түсініктемемде хабарлаған болатынмын. Тағы да қайталап көрсетемін:
1. 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық алашордашылармен байланысымды үзгенмін, олардың Қазақстандағы әрекеттеріне еш қатысым жоқ.
2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын».
3. Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана 2,5 ай ғана Қызылордада болдым. 28-жылға дейін Ташкентте тұрдым.
Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей әрекет жасаған емеспін.
4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.
5. Байларды тәркілеуге қарсы ешқандай әрекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31-жылғы 14-қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін. Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айтқанда:
24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған – Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан бастап 31-жылдың 25-қазанына дейін, Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын.
Бұл өкіметті: бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкімет – деп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәркілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып кетсе де оны осылай „бұрынғы «ашаршылық», «жартылай ашаршылық» деп мойындауға” мәжбүр болған – Т.Ж.). Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытылып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды
(Х.Досмұхамедов).
26 қазан, 31 жыл.
*** *** ***