Дәріс 6. Билік саяси феномен ретінде
Жоспар:
1.Билік мәні, тұжырымдамалары
2. Биліктің негізі, ресурстары, элементтері
1. Билік мәні, тұжырымдамалары
Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетейік.
Телеологиялық анықтама билікті белгілі бер мақсатқа, белгілеген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Мысалы, ағылшын ойшылы Т. Гоббс (1588-1679) билік болашақта игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле-өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.
Бихевиористік анықтама бойынша билік деп басқа адамдардың жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын өзгерту мүмкіндігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.
Инструменталистік анықтама билікті белгілі бір құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану, қолдану мүмкіндігі деп біледі. Мәселен, Американың белгілі саясаттанушысы Р. Даль (1915 жылы туған) билік бір адамға екінші адамды өз еркімен жасамайтын іс-әрекетті жасауға мәжбүр ету мүмкіндігін береді дейді.
Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл, басқарғысы келіп тұратын болады, ал басқалары көнбіс, көнгіш, басқа біреу өз ырқын билеп, басқарып, жол көрсетіп тұрғанын ұнатады, қалайды дейді. Солардың арасында, олардың ойынша, билік қатынастары туады.
Конфликтік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.
Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін жалпы ықпал ретінде қарайды.
П. Моррис, А, Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.
Америка саясаттанушылары Г. Лассуэл мен А. Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.
Биліктің объектісі және субъектісі болады. Ол саяси өзгерістерге байланысты ауысып отырады.
2. Биліктің негізі, ресурстары, элементтері
Әдетте, «билік» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Оны ықпал ету бағытына, объектісіне байланысты былай етіп бөледі: ата-аналар билігі, мемлекеттік, экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық, әскери, рухани билік және т.б.
Саяси билік бар жерде теңсіздік бар. Мұнда біреулер билік етуге құқыты да, екіншілері оларға бағынуға міндетті. Бұл теңсіздік неден туады?Ол үшін саяси биліктің қарамағында теңсіздікті қамтамасыз ететін әдіс-құралдары бар. Оған жататындар:
Экономикалық қор. Қандай саяси билік болмасын оған қаржы-қаражат керек. Ұлттық валюта, алтын қор, материалдық құндылықтар, пайдалы қазба байлықтары және т.б. кіреді. АҚШтың Конституциясында кез келген АҚШ азаматы Президент бола алады деп көрсетілген. Бір тарихтағы президенттердің бірде-бірі кедей отбасынан шықпаған.
Әлеуметтік әдіс-құралдар. Үстемдік етіп отырған билік өзін қолдайтын, оның одан әрі өмір сүруіне мүдделі адамдар іздейді. Ондай рөлді ең алдымен оның мәртебелі, абыройлы, жалақысы мол қызметтерді атқаратын, көптеген жеңілдіктермен пайдаланатын қызметкерлері орындайды. Оларға көптеген рөлдер мен статустар беріледі.
Күш жұмсау құралдары. Олар мемлекетті қорғайды, ішкі тәртіпті сақтайды, саяси билікті құлатуға әрекет етушілерге мүмкіндік бермейді. Оған жататындар: әскер, полиция, қауіпсіздік органдары, түрме және т,б,
Ақпарат құралдары. Қоғамдық пікір тудырып, саяси өмірге ықпал ету жағынан оны төртінші билік деп те атайды. Кейбір саяси қайраткерлер кім теледидарды бақыласа, сол бүкіл әлемді бақылай алады деп санайды. ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры деп тегін айтылмаған.
Саяси биліктің өзіндік қызметтері болады. Оған жататындар: қоғамның саяси жүйесін қалыптастыру; оның саяси өмірін ұйымдастыру (ол мемлекет пен қоғам, таптар мен топтар, ассоциациялар, саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен аппараттары, партиялар, азаматтар және т.б. арасындағы қатынастарды қамтиды); әр түрлі деңгейдегі қоғам мен мемлекеттің істерін басқару; өкімет органдары, саяси емес процестерге басшылық ету,; саяси және басқа да қатынастарды бақылау және түптеп келгенде, белгілі бір қоғамға сәйкес басқарудың түрін, саяси тәртіпті және мемлекеттік құрылысты, ашық және жабық қоғамды құру, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қорғау; дау-дамай, шиеленістерді ашып, оларға шек қою және дер кезінде шешу; қоғамдық келісімге, мәмілеге келу және т.б.
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар:билік, билік легитимділігі, легализация, легитимация.