Сапарым болҒай саламат

***

Адамзаттың баласы,

Арманы болмас дүниеде –

Жақсылар аттан жығылса,

Алласы болса панасы.

Жаманның қанар табасы.

Тұтқынға алған біздерді

Сол нәрсенің жаласы.

Жазықсыз қуған дұшпанның

Көңілінің болып аласы,

Өтірік жала жаудырып,

Жазықсыз іске шатаған,

Жауыз деп бізді атаған

Атсыз иттің баласы.

Анығын ашпай қылмыстың,

Тұтқынға бізді қамаған,

Центірден келді тергеуші

Бір жеті өтпей арадан.

Бұзықтың сөзі шын болды,

Болса да өтірік жаладан.

Қайғырды сырттан ата-ана,

Күдерін үзіп баладан.

Жолыға алмай кетеді,

Көбіне жылап даладан.

Хәкімнен күндер үзілді,

Сотымыз болып жаңадан,

Бержағы алты ай-жыл жарым,

Аржағы бес жыл шамадан.

Одан артық не болсын,

Болмаса жәрдем панадан?!

Келіп еді қорғаушы

Ақтөбе деген қаладан –

Қаратайұлы Бақытжан

Жасы жеткен шал адам.

Тыңдамады айтқанды

Қолында дерек бар адам.

Ақ сұңқар құс та талпынар

Баласын көрсе ұядан.

Арғымақ жылқы жайылмас

Қараны көрсе қиядан.

Көтеріліп қаламыз

Хал сұрап келсе бір адам.

Тұтқында ерлер ойлайды,

Ойласа, ойға тоймайды.

Дертке толған сұм жүрек

Ерді еркіне қоймайды.

Орынсыз көрген оқиға

Көңілдің шерін қозғайды.

Байлауда жатқан нар тайлақ

Үйірін іздеп боздайды.

Келген соң адам жаралап

Баянсыз фәни жалғанға,

Қапы шегіп кімде-кім,

Қалған екен арманда.

Сол арманның бірі – біз,

Отыралық арланбай.

Бүгіндегі біз түгіл,

Ғазіретті Жүсіп те –

О да түскен торларға-ай.

Тағынан тайған бірнеше

Ел билеген хандар да-ай.

Не көрмейді адамзат

Кеудеде тірі жан барда-ай!

Басынан бақыт ауған күн

Талайлар болған албарлы-ай.

Мүгедек болып отырмыз

Жасы жеткен шалдардай.

Сәл нәрсеге жұбанып,

Нәресте сәби балдардай.

Асыр салып жатырмыз

Төрт-бес бөлек вокзалда-ай.

Қапталы жауы болса да,

Мүсәпір қылса пендені,

Аллаға нешік шара бар?!

Өзекті жарып өртейді

Жүрекке шыққан жаралар.

Сақтамаса бір құдай,

Қалмады ешкім паналар.

Қарындас халқым күйзеліп,

Аңдыған дұшпан табалар.

Тәңірі бір азамат,

Туысы жүйрік қазанат,

Көріскенше күн жақсы,

Сапарым болғай саламат,

Тапсырдым хаққа аманат.

Қош, аман бол, елдерім,

Қалды байтақ жерлерім,

Ұялы тоғай, қалың ну,

Шалқыған айдын көлдерім,

Ойыл мен Қиыл, Жем, Сағыз,

Өсіп-өнген жерлерім.

Қайта айналып келермін,

Саламат болса дендерім.

Тағдыры болса жазулы –

Көрмегі солай пенденің.

Қош, аман бол, сарбаздар,

Поштаға салып жібергін.

Қатынас сәлем қағаздар.

Сағынып тұрған халқыма

Білініп тұрсын хабарлар.

Артым тұйық, артым жар,

Айналуға жерім тар.

Тардан кеңге шығармыз,

Босатса хақтың еркі бар.

Құдіреті күшті құдайым,

Өзіңнен жәрдем сұрайын.

Құр қайғыдан пайда жоқ,

Әңгіме дүкен құрайын.

Ер басына не келмес,

Тәуекел етіп тұрайын.

Қарындас, тума, ағайын,

Іс болды бізге тағайын.

Қалың дәулет қара орман

Дүниенің көрдім талайын.

Екі жылдай күн өтті,

Мұңымды кімге шағайын?

Аяғым мерт болса да,

Баурымды жазып шабайын.

Бізге салқын қарап тұр,

Білмедік мұның қалайын.

Дерексіз босқа тоқтап тұр

Қаптаған қалың ағайын.

Құрметті сәлем халыққа,

Сұраған Таңат, Арыққа.

Тұтқын үйден босанып,

Шығамыз қашан жарыққа?

Күн батпайды таң атса

Біздей мүкшіл ғарыпқа.

***

Көлденең жатқан Маңғыстау

Қар жатпайтын ой еді-ау.

Сарыарқаны жаз жайлап,

Күнде қызық, той еді-ау.

Сауын айтып он бес күн,

Мыңдап бір сойған қой еді-ау.

Жиынға жүйрік жаратып,

Басын бір көкке қаратып,

Талай қостық алқаға,

Қамшыдай бұтын таралтып.

Белдеуге қойдым байлатып,

Арқан тағып ойнатып,

Жал-құйрығын сүзілтіп.

Алмадай мойнын үзілтіп.

Күйіне салып шіркінді,

Қаңтардық талай кіжінтіп.

Қосайлап ұран шақыртып,

Мінбеген жылқы қалдырмай,

Ортадан ойып олжа алдық,

Көтермешіні қапылтып.

Осындай көрген өмірден

Айырдың, құдай, шатылтып.

***

Шатылу бүгін емес, бұрыннан бар,

Біреуге біреу тиіп, ұрынған бар.

Талайлар мінәпаспен шығып еді,

Кесіліп ауыр жаза құрылғандар.

Айдалдық алыс жолға Әулиеата,

Айрылып ел-халқынан азаматтар.

Қаусатып қалғандарды ұстап жатыр,

Қуырылып бірден-бірге замана тар.

Қауіпті сол кісінің біреуі – біз,

Күн қайда аман барып үйде жатыр?

Ақталсақ осы Ойылда қалар едік,

Жол шегіп алыс жолға етпей сапар.

Қараңғы үй тастан салған керегесін,

Темірмен торлап қойған терезесін.

Жауапты тоқсан тоғыз жүз қайырып,

Толтырдық тергеушінің кенегесін.

Жатырмыз тұтқын үйде қаулыменен,

Шабарман винтовкасын кезегесін.

Ерлерім күйзеледі ақтығына,

Ешкімнен пара-пайда жемегесін.

Жазықсыз жалған іске шаталаған

Адамның қоздырады делебесін.

Ойылдың біз жатырмыз түрмесінде,

Бір құдай не салмайды пендесіне?

Тайпалған талай жорға, талай жүйрік

Заманның тап болып тұр кермесіне.

Солардан жаным-тәнім артық емес,

Құр бекер күйзелемін мен несіне?!

Күн қайда сақарада шалықтайтын,

Кетпейді қайда жүрсек есімізден.

Құдайдың құдіретіне не шара бар,

Айырды бұл заманда еркімізден.

Білмедік кімнің досын, кімнің қасын,

Асаудай бұлқындырып ұстағасын,

Құриды күні-түні жарым жасым.

Ақиық арба жеккен болдық мәстек,

Адамның тұтқындағы бар ма еркі?!

Қан құсып, осы күнде жүрек қайнап,

Ұлғайды бірден-бірге іштің дерті.

Хат жаздым қаламымды қолға алып-ай,

Күрсініп, біз жатырмыз толғанып-ай.

Сұңқардай қанат қағып талпынамыз,

Шыға алмай тұтқын үйден шырмалып-ай

Ат мініп, жиын-тойда одағайлап,

Күн қайда жүретұғын ырғалып-ай?!

Қош, сау бол енді, Мәке, көргенше көз,

Ойда жоқ оқиғаны келтірді кез.

Қарамай өкіріктің хәкіміне,

Центірден кісі келіп, тергеді тез.

Қадірлі халық ішінде алтын басым

Осы күн болып тұр ғой, мыс түгіл, жез.

Дариға, жүруші едім қудай шайқап,

Кім білер не боларын алдын байқап?!

Кешегі жүрген бірге жан жолдасың

Түрмеде жатыр енді көзі жайнап.

Кебіскен құлын-тайдай тату едік,

Мәжіліс еткен талай күліп-ойнап.

Көшеден төбең маған бір көрінсе,

Қараймын терезеден қаздай бойлап.

сапарым болҒай саламат - student2.ru

Наши рекомендации