Ағымдағы жай-күйді талдау
Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 12.08.2014 N 893 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасында ел басшылығының адами капиталды дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығын түсініп, білім беру жүйесін реформалауды бастауға және жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетуінің нәтижесінде білім беруді қарқынды дамыту мен жаңғырту мүмкін болып отыр.
2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 – 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2007 – 2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы қабылданды.
Дарынды жас қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру еліміздегі адами капиталдың дамуына қосылған елеулі үлес болды.
Қазақстан қазіргі уақытта білім беру, адам мен бала құқығын қорғау саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға қатысушы болып табылады. Бұл – Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясы, Бала құқықтары туралы конвенция, Адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының Халықаралық декларациясы, Еуропа өңірінде жоғары білім беруге жататын біліктілікті тану туралы Лиссабон конвенциясы, Болон декларациясы және т.б.
Адами ресурстарды дамыту еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.
Білім беруге инвестиция салу арқылы адами капиталды сапалы дамытуда нақты қол жеткен мақсаттар бар.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша білім берудің барлық деңгейі тиісті ұйымдар желісімен институционалды қамтамасыз етілген. Білім берудің құрылымы Халықаралық білім берудің стандартты жіктеуішіне сәйкес келтірілді. Оқытудың 12 жылдық моделін енгізу үшін жағдайлар жасалуда. Техникалық және кәсіптік білім қайта құрылымдалды. Мамандарды үш деңгейлі даярлау енгізілді: бакалавр – магистр – Ph.D докторы. Мамандықтардың ірілендірілген топтарынан тұратын Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші бекітілді.
Тәуелсіз сыртқы бағалау элементтерін қамтитын (лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу, рейтинг, ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ), мемлекеттік аралық бақылау (бұдан әрі – МАБ), талапкерлерді кешенді тестілеу және т.б.) Ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесі құрылды.
Республиканың барлық өңірлерінде білім беру сапасын бағалаудың облыстық жүйесін енгізу басталды.
Білім беру ұйымдарының материалдық базасы нығайтылуда.
2009 жылдың өзінде мектептерде 640 биология кабинеті, 536 – лингафондық мультимедиалық кабинет (бұдан әрі – ЛМК), 10 физика кабинеті, 78 химия кабинеті жарақтандырылды, 721 мектеп интерактивті тақталармен толықтырылды. Қазіргі уақытта 3450 мектептің лингафондық мультимедиалық кабинеттері бар, 2005 жылмен салыстырғанда олардың саны 2661-ге көбейіп отыр.
Білім беру сапасы арттырылуда.
Инклюзивті білім дамуда.
Орта мектептің балаларын тегін тамақтандыру және жеткізу мәселелері баяу шешілуде.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 2005 жылғы 25710-нан 2010 жылы 35425-ке артты.
Білім саласын ақпараттандыруды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 18 оқушыға бір компьютерден келеді. 2005 жылы аталған көрсеткіш 41-ді құраған, оның ішінде 36-сы – ауылдық жерлерде.
Интернет желісіне мектептердің 98 %-ы қосылған, ауылдық жерлерде – 97 % (2005 жылы – тиісінше 75 % және 70 %). Мектептердің 34 %-ның кең жолақты интернетке шығуға мүмкіндігі бар.
Қазақстандық мектеп оқушылары TIMSS – 2007 халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысып, 36 елдің 4 сынып оқушылары арасында математика бойынша 5-орынды және жаратылыстану бойынша 11-орынды иеленді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік тілдің дамуына зор көңіл бөлінуде. Орталық және жергілікті атқарушы органдарда, республика өңірлеріндегі жоғары оқу орындары жанынан қазақ тілін оқыту орталықтары құрылды, міндетті оқыту курстары енгізілді, қазақ тілінде іс жүргізу, негізгі және орта жалпы білім беретін мектептерде мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту енгізілді.
Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептердің желісі құрылды. Қазіргі уақытта республикада үш тілде оқытатын 33 мектеп жұмыс істейді. 6 Назарбаев Зияткерлік мектебі құрылды.
Ұлттық жоғары мектепте білім берудің әлемдік деңгейіне жету жөнінде шаралар қабылданды: Қазақстан Еуропалық білім кеңістігіне енді, Болон Декларациясына қосылды, Астана қаласында әлемдік деңгейдегі беделді жоғары оқу орны – «Назарбаев Университеті» құрылды.
Оқу бағдарламаларының мазмұнын айқындауда жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі кеңейтілді: таңдау бойынша компонент бакалавриатта 40 %-дан 50 %-ға, магистратурада 50 %-дан 60 %-ға және докторантурада 70 %-дан 80 %-ға дейін ұлғайтылды.
Сапалы жоғары білім алуға ынталы студенттердің саны өсіп келеді. Шет елдерде 20 мыңнан астам қазақстандық білім алады. 3 мыңға жуық «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаты әлемнің 27 елінде оқиды.
Шетелдіктер үшін еліміздің жоғары оқу орындарында білім алудың тартымдылығын арттыру үшін жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдануда. Республиканың жоғары оқу орындарында 10 мыңнан астам шетел азаматтары білім алуда.
Дегенмен қазақстандық білім беру сапасы бәсекеге түсе алмайтындай күйінде қалып отыр.