Тақырып: Шешендік сөздер

Төменде келтірілген шешендік сөздердің мәтінін мұқият оқып шығып, шешендік сөздердің қай түріне жататынын анықтаңдар. (Шешендік сөздер. –Алматы:Отау, 1992. Құраст. Б.Адамбаев).

1.«АТЫҢ ЖАМАН БОЛСА...»

Таймас шешен айтты деген сөз

Атың жаман болса,

Қамшылай-қамшылай

Дәрменің кетер.

Балаң жаман болса,

Айқайлай-айқайлай

Қадірің кетер.

Қатының жаман болса

Кедейлік жуық болар

Шайың суық болар.

Наның күйік болар.

Көңіліңе қайғы толар.

Үйіңнен мейман кетер,

Кедейлік қуып жетер. (51-б.)

2. БҰЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ?

- Бұл дүниеде не жетім?

Санай берсең көп жетім.

Үйрек-қаз қалқып ұшпаса,

Дария-шалқар көл жетім.

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел жетім.

Ұлығы әділ болмаса,

Төресін түзу бермесе,

Болады байтақ ел жетім.

Өз бетімен білмесе,

Айтқан сөзге ермесе,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім.

Замандасы болмаса,

Өңкей жастың ішінде

Қария болар тез жетім.

Қара қасты, қыпша бел

Сылаңдаса алдыңда,

Сөзіңді қабыл алмаса,

Құр қараған көз жетім.(73-б.)

3. ...Боран жас кезінде жарлы болып, Жантай деген байға жалданады. Жантай тынышсыз адам болып, ұрыс шығарып, Боранның қолы Жанатйға тиеді. Жантай Боранның маған қолы тиді деп билерге Боранның үстінен шағым береді. Алқа-қотан отырған билер Боранға сөз береді. Сонда Боран былай дейді:

Жалға жүрдім Жағалбайлы Жантайға,

Бір тай алмақ болып алты айда.

Жарымадым асына,

Тұман түсті басыма,

Шайтан болып ұрысып,

Қолым тиді басына.

Уа, билер, жақсылар,

Бірің қайың, бірің тал.

Бірің шекер, бірің бал.

Айтып-айтпай немене,

Бәріңе мәлім біздің хал.

Бірің балға, бірің төс,

Бірің айт та, бірің кес.

Алдарыңа салынды іс,

Арамға бермей әділ шеш!

Отырғандар Боранның ісін мақұлдап, Жантайдан тайын әперіпті. Боран содан кейін сөзге қатысып, шешен атаныпты.(127-б.).

Тақырып: Батырлар жыры

Обыланды батыр» жыры/Батырлар жыры. 1том.-Алматы: Жазушы,1986 жылғы басылымы бойынша.

1.Жыр мәтінінде кездесетін төмендегі көнерген сөздердің мағынасын түсіндірме сөздікке сүйеніп түсіндір және осы сөздер кездесетін жыр жолдарын дәптерге түсір:азар, әбдесте, әбілет, бақал, берен, беренжі, жекен, жолым үй, қандек/қандақ, кіріс, көбеңірек, қалбай, қайдақ, қауыс, манат, салқам/салқым, суқар, татыр, телше, тіллә қалқан, халас, чына, ылығ/ылға.

2. Халық ауыз әдебиетінде шығарманың ішкі мәнін ашудың кең таралған тәсілдерінің бірі – символ, яғни, табиғатқа тән құбылыстар мен заттардан алынған бейнелерді қаһарманға не өмір құбылыстарына телу. Мейлінше кең таралған символдар: батыр немесе жас жігітті – «арыстан», «жолбарыс», «қыран», «көкжал», сұлу қызды – «асыранды қаз», «сұқсыр», «қызыл түлкі» т.б. Аталмыш символдар лирикалық өлеңдермен қатар, батырлар жырында, ғашықтық жырларда, тарихи жырларда, ертегілерде де қолданылады.

Обыланды батыр» жырынан осындай символдарды теріп жазып, олардың мағынасын ашыңдар. Символдардың бағалаушылық сипатына назар аударып, шығарманың жалпы мазмұнымен сабақтастығына баға беріңдер.

3. Символдар тек қаһарман бейнесін сомдауға ғана қызмет етпейді, сонымен қатар, қаһармандардың іс-әрекетіне, шығармада суреттелетін оқиғаларға баға беру үшін де жұмсалады. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырындағы «Қаланың алдын шаң қылды, қақпаның алдын қан қылды» деген символдық образ оқиғаның мәнін ашып тұр, шайқастың қаншалықты сұрапыл, ауыр болғандығын айқындап, Қобыландыға тән қаһармандық пен қажырлылықты ашып тұр.

Жырдан осындай жалпы мәндегі көркем символдарды табыңдар. Олардың мағынасына түсініктеме жасаңдар. Олардың мәтіндегі көркемдік қызметін анықтаңдар.

Жыр мәтінінен қазақ халқының көне наным-сенімдерін танытатын үзінділерді тауып, олардың мәнін, қандай наным-сенім іздерін білдіретінін, мәтіндегі қызметін түсіндіріңдер.

«Алпамыс батыр» жыры

1. Жыр мәтінінде кездесетін төмендегі көнерген сөздердің мағынасын түсіндірме сөздікке сүйеніп түсіндір және осы сөздер кездесетін жыр жолдарын дәптерге түсір:

алал, аршыға, атбесік, бәчча/батша, бәнт, берен, ғамкүн/ғамгин, ғариқ/ғарық, деңгел, жөш зайыл, зарада, зер, керік, мөһердер, мұштады, наяты/наһаят, нәубет, пайыз, пыстан, рәт/раһат, самалық, сарқана, сота, төлежу, шонық т.б.

«Батырлардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, тұлғасын ұлғайтып көрсету батырлық жырда маңызды орын алады» (Ш.Ыбыраев. Батырлық жырлар//Қазақ әдебиеті.Энциклопедия.- Алматы: «Білік» баспа үйі,1999. 157-158б.б.). Жыр мәтінінен ғалымның осы тұжырымын дәлелдейтін мысалдар келтіріңдер. Жыр табиғатына тән осы ерекшеліктің мәнін түсіндіріңдер.

4-тақырып: Лиро-эпос «ҚОЗЫ КӨРПЕШ - БАЯН СҰЛУ»

1. Жырға жоспар жасаңыз.

Үлгі:

1 Аңдағы кезігу  
2. Құдалық  
3.  
4.  

2. Жырдан диалогтерді тауып, оның маңызын дәлелдеңдер.

3. Баян мен Қозы, Қарабай мен Қодарды сипаттайтын сөздерді теріп алып, бас кейіпкерлер мінезін ашудағы орнын анықтаңдар.

Көмек-нұсқау: Қарабай: Үмітсіз дүниеден Қарабаймын.

І

  Баян мен Жібек
1.Негізгі ұқсас қасиеттері  
2. Өзіндік ерекшеліктері  

ІІ

  Төлеген мен Қозы
1. Негізгі ұқсастықтары 2. Өзіндік ерекшеліктері  

( №4 тақырыптың тапсырмалары Қ.О.Бітібаеваның «Мектеп» баспасынан 2003 жылы шыққан «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты оқу құралынан алынды.)

Тақырып:Ертегілер

Төмендегі ертегілерді жанрларға жіктеп топтастыр. С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (-Алматы, 1984, «Казахская волшебная сказка»(Алматы, 1972) және Е.Тұрсыновтың «Генезис казахской бытовой сказки» (Алматы1973,) атты еңбектеріне сүйеніп, ертегі жанрларының өзіндік ерекшелігін түсіндіріңдер.

Наши рекомендации