СӘдуаҚас (сӘкен) Ғылмани

(1890–1972)

Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі болған, үлкен дін қайраткері, ақын, аудармашы Сәдуақас Сәлменұлы Ғылмани 1890 жылы Ақмола облысы, Ерейментау маңындағы Малтабар ауылында дүниеге келген.

Ерейментаудағы бірнеше мешіттің имамы болған. 1952–1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазысы, Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі болған.

Ағартушының «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», 110 мыңға жуық сөзден құралған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер» деген еңбектері бар. Құран аятары мен хадистердің тәпсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды әзірлеп, 14 тараудан тұратын «Калила мен Димнаны» қазақшаға аударған. Қазақстан ғылым академиясының тапсырысымен әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға атсалысқан.

1972 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен.

АЖЫТАТЫН СЕБЕПТЕР

Әтижан, мен балаңыз бір дел-сал жан,

Не онда, не мында жоқ зор сандалған.

Жаңыл қыздың арманы басыма кеп,

Тұрамын мен шыға алмай сондай халдан.

Сондықтан ішім түтін, сыртым бүтін,

Төл жолдас қолдан түсіп артта қалған.

Көз сарғайтып құмартқан қағаз беті,

Тұтастан отыз бес күн ашпай қалған.

Келешек не болары ол мәлімсіз,

Ең үлкен, ең маңызды осынау арман.

Әтижан, балаңыздың орны – түрме,

Қондырад әр кемерге қылып кірме.

Бір қолайлы орынды қалғызбайды,

Салады күннен күнге әрбір түрге.

Әтижан, тарлық орын үлкен азап,

Аунамай, аяқ созбай кеңдік жерге.

Созар едің аяғың өзіңдей жан,

Бүкшиген, тік отырған түрлі түрде.

Үһлейді мұң басқан халы аяныш,

Әзірленіп тұрғандай кірер көрге.

Ынтымақ қып, жік ашпай тағы қоймас,

Отырса да бірлесіп бір кемерде.

Әтижан, бірге отырған жолдасың нас,

Өзінен тазалық іс бір табылмас.

Иіс, қоңыс сасыған бар денесі,

Жыртық киім үстінде кірі аршылмас.

Кір болды-ақ бит, бүргеге сүйікті орын,

Ақ жорға қаптауынан көз ашылмас.

Кісі биті ішіңе кіріп алса,

Денеңді қасытудан көз ашырмас.

Тырс-тырс сығылған битті көріп,

Қабағың уайымнан бір ашылмас.

«Битің көп – әрмән жатқа» уақытың жоқ,

Иесі быр-быр ұйықтар бір қасынбас.

Таза бол дегеніңе бір көнбейді,

Көреді айтқан жанды қасынан қас.

Әтижан, кей жолдасың нағыз таза,

Өзіңдей о да тартқан мехнат жаза.

Адамшылық бір мінез табылмайды,

Аузында қақпағы жоқ, зор беймаза.

Ауыстырған мүшесін өз еркімен,

Былап әдеп жолдан жұрдай таза.

Мейір қанар сөз айту, не ұғыну,

Көбінен табылмайды қылсаң да аза.

Әтижан, есік кілтті, қамаулы жан,

Өз еркімен шыға алмас ешбір адам.

Мерзімді мезгіл жетпей есік ашпас,

Түзге отыру барлығы үйде тәмам.

Бір түнде бір бөшкені толтырасың,

Отырмай үсті-үстіне жоқ қой шараң.

Бір жақсысы не шелек, не ләген бар,

Дәрет алу, қол жуар оқшау саған.

Екі, үш кемер сол күнде қоныс қылдың,

Таппадым сәждә қылар жалғыз адам.

Бір ақсақал Темештен екі күндей,

Серік болды бұл жерде сол-ақ маған.

Бұл түнде төрт ақсақал қонып шықты,

Аққошқар, Сайдалыдан діндар адам.

Отыз бес күн ішінде бар көргенім,

Сондықтан жалғыз болып күнім қаран.

Әтижан, түрме сырты жарты қорған,

Күзетші мылтық ұстап үзбей тұрған.

Кезек-кезек айналып әр дежұрный,

Пәлен сағат мезгілді мерзім қылған.

Қолында бинтопкасы шыр айналар,

Кім сөйлесер, кім келер аңдып тұрған.

Тор терезе қарайсың, телміресің,

Кім келер таныс жаннан ойдан-қырдан.

Неше қабат кілтті есік, құлпы мықты,

Онда да дежұрныйлар бірден тұрған.

Шықпақ болсаң жалынып ағатайлап,

Аңдисың бола ма деп мойнын бұрған.

Мейірім түссе ашады, түспесе жоқ,

Уақыт қой бір мақұлыққа құлдық ұрған.

Әтижан, дәрет үйге кірер бәрі,

Қалмайды онда адамның ұят-ары.

Тарлық та бар, әдепсіз жолдық та бар,

Мұрнын басып шарасыз тұрғандары.

Көрмеген бұл қорлықты назаланып,

Құлаққа шалынады еткен зары.

Құр зарың неге тұрмақ мезгіл жетпей,

Құтылу барлық жанның ынтызары.

Бірі кейіп тұрмыста, қапаланып,

Бірі өзін көтерген бар-ды халы.

Не ермек кездеседі соны ермек қып,

Өтеді сондай халмен күннің бәрі.

Әтижан, кейбір адам шын жолдасың,

Іштескен, ісі үйлесің ол мұңдасың.

Үлкендік жоқ, не кіші балалық жоқ,

Әзіл, ойын жарасқан, дәл құрдасың.

Қуанасың, кейисің біргелесіп,

Жатсаң-тұрсаң сеніскен жан сырласың.

Онымен бірге отыру зор неғмат боп,

Саналады туысқан жан қимасың.

Сондай достан кей мезгіл бөліп тастар,

Сонда қатты кейисің жоқ сыйласың.

Үстіңе қараңғы түн сонда орнап,

Басың шайқап сезесің ой болмасын.

Құлқы жаман кейбіреу арам пейіл,

Көргенде жаман ісін жаның кейір.

Былай бол десең қатты шамданады,

Қанады жолдастасып қалай мейір.

Сонда өзіңді ұстайсың өзің тиып,

Не жақсы, не жаманға шыдап тиыл.

Жақсы сөзің кетеді желге ұшып,

Шын ойласаң жөн айтып құның кемір.

Ақыл құнын бағалар азамат аз,

Соны көріп қайтады суып көңіл.

Өзіңе жолдасыңнан әсер тиіп,

Рахат мехнат келерін осыдан біл.

Әтижан, жүзің көрмей сағынамын,

Ішіме қапа сыймай тарыламын.

Аталық махаббатың еске түсіп,

Бауырыңа бір қысса деп қамығамын.

«Жаным-ау, тірімісің, саумысың?» деп,

Естуге лебізіңе зарығамын.

Сөгіліп бел омыртқам, ішім күйіп,

Тәңірге бір көрсет деп жалынамын.

Әтиім, басқа әкедей емес едің,

Мінезің мол толғанып сарыламын.

Ақыңның мыңнан бірін өтегем жоқ,

Қалайша сол борыштан арыламын.

Әтижан, күн азайып қурап едің,

Жасарып мені көрсең қунап едің.

Ертеде маңайласып барғанымда,

Көрем деп шіркін жүрек тулап еді.

Ол жолда ризық жазбай дауыл қуып,

Қажумен өте әлсіреп қурап едің.

Алыстан үміттенген көңіл жүйрік.

Жете алмай түзде жылап шулап едім.

Аяғы мына халға келіп соқты,

Жүрсем де есептемей барлық жоқты.

Шын қажу, шын сағыну жаңа келді,

Бас шіркін қызықтаған келген топты.

Топ тарқату, сол үшін қызмет қылу,

Ол дәурен ойлап тұрсам бірі жоқ-ты.

Еріксіз өткен өмір көзге елестер,

Арман қылып айтпаймын мен молдықты.

Кезектеспек дүниенің ескі заңды,

Көруім міндетім ғой мол қорлықты.

Бастан кешпей адамзат шынықпайды,

Әділдік деп санаймын бұл зорлықты.

Қазырда ең мұңдымын ойлап тұрсам,

Қарайлап жан-жағыма мойным бұрсам.

Қайнаған іште бұлақ ми тасқыны,

Қинайды жанды қарсы бөгет қылсам.

Ішіме қапа симай өрт боп жатад,

Ағызбай сыртқа теуіп қорған құрсам.

Ағып шықса кей мезгіл қадыры жоқ,

Пайдаң деп ал пайдалан зарлап тұрсам.

Сонда ойыма түседі біреу сөзі,

Толғанып маңызына мойын бұрсам.

Ол жазған өлеңімде ең мұңды кім,

Біріңе бірің оны оқып тұрсаң.

Анық сыр мазмұны ашық миыңа енед,

Жалықпай көп-көп оқып, жақсы ұғынсаң.

Әтижан, қағазыммен мені көрші,

Бал ғарып балаңызға қолың берші.

Мен ұсындым қолымды қиялыммен,

Айтқандай қасірет оты өрші-өрші.

Жанайын бір сіз үшін өртенейін,

Дертіме шын дұғаңыз болар емші.

Бар тілек кешуменен ақ батаңыз,

Бұл жолды өте-мөте мен тіленші.

Ажал шіркін мейірімсіз қай күн келер,

Мүмкін емес мезгілін айтып берші.

Сондықтан сақтық жолды қолданамын,

Дегендей «ажал шіркін, келсең келші».

Әтиім, жан апама сәлем менен,

Таусылмас жаза берсем, мұңым терең.

Сағынып сіздер еске түскен шақта,

Ауырлар көтерместей тұтас денем.

Бір хабар «аман» деген құлақ сезсе,

Жап-жақсы шаттықпенен көтерілем.

Қайғымен жүдемесі көп-көп ойлап,

Тағдырға қайткен күнде артық көнем.

Жалғыз-ақ бір Тәңірден денсаулығым

Күндіз-түн, апажаным, соны тілен.

Мың күндік бір күндіктей есептелер,

Бас босап, аяғымнан үзілсе өрем.

Әтижан, іні, келін сәлем алсын,

Көрісіп балалармен мейірім қансын.

«Тәңірі, аман-есен жолықтыр» деп,

Сағынған, еңіреген еңбек жансын.

Әтижан, аға-ініме дұға айтыңыз,

Мен ғарып туысынан хабар алсын.

Бір атадан тараған жан біткенге,

Сағыныш, сәлем дұғам түгел барсын.

Тағы сәлем ауылдас бауырыма,

Ем жағып, баққан талай жауырыма.

Жабуды жаба тоқып ортақтасып,

Басшылық еткен діншіл сауырыма.

Таратқан ренжімей қалың топты,

Белгілі көлденең жал бауырында,

Сағынып көзден жасым шертіп кетті,

Ойымның беті ауған соң ауылыма.

Тілектес бар дұғасын аямасын,

Кездесін тұрмыс тоқпақ бауырына.

Әтижан, іштескен дос сәлем алсын,

Халқыма алаламай түгел барсын.

Бәрінен тілейтінім тілеуқорлық,

Дұғамен сыртта жатып мейірім қансын.

Бір Құдай көрісуді нәсіп қылса,

Есеп жоқ дүние мүлкім күйсін, жансын.

Жалғыз басқа бостандық, ерік тисе,

Басқаның менен бәрі адыра қалсын.

Әтижан, көздегенім белгілі еңбек,

Тұрмысты ойламаймын қайтсем жеңбек.

Белгілі орын, белгілі өмір – серік,

Болумен баяғыдай берсем өрнек.

Жүрек ізі сыртыма шықпай қоймас,

Ол арасын жасырын қылман көлбек.

Бір айтқан сәлем қағаз сізден көрсем,

Ырзамын сол сағатта болуға өлмек.

Хош болып тұр, әти, аман кездесейік,

Кетпесін тіле баста дертім меңдеп.

1932 жыл, 9 иүн,

Ақмола түрмесі

Наши рекомендации