Авторға келген жаңа хаттар

Әзілхан Нұршайықов бұрын өз оқырмандарынан жыл сайын жүздеген хат алушы еді. Қазір жазушы мен оқырмандар арасында байланыс азайды. Былтыр қаламгер оқырмандарынан, сол сияқты журналист, жазушы іні - достарынан жүзге жуық хат алып, жүз елудей адаммен телефонмен сөйлескен екен. 40-50 қаламгер қолтаңба жазып, өз кітаптарын сыйлапты. Қаламгерге биыл да там-тұмдап хаттар келіп жатыр екен.

Құрметті Әз аға!

Сау-сәлемет болдыңыз ба? Үй-ішіңіз, балалар аман ба? Денсаулығыңыз жақсы ма?

24-қыркүйек дүйсенбі күн — мен үшін айрықша күн болды. Сізден бүйірі толық пакет алып, оны ашпай жатып-ақ арқа-жарқа болып қуандым. Торғай облысы жабылмай тұрған 1997 жылға дейін оның бұрынғы орталығы Арқалықтан сізбен хат жазысып хабарласып тұрушы едім ғой. Сол сәттер хат арқылы ыстық қауышқан аңсаулы да, кәусарлы кезеңдер екен ғой. Одан бері қаншама уақыт өтті. Облыс жабылып, біразымыз жан-жаққа бытырап кеттік.

Тағдыр айдап мен 1997 жылдың сәуір айында Ақмоладан бірақ шықтым. Біраз жұмыссыз жүріп, сәті түскенде Мәдениет, ақпарат және коғамдық келісім министрлігіне қызметке тұрып, онда екі жарым жылдай жұмыс істедім. Бірақ шенеунік қызметінен кежегем кейін тарта берді де, өзімнің бұрынғы сүйікті ұям "Егеменді Қазақстанға" 2000 жылдың 17-мамырында қайыра келдім.

Кейде ойлаймын, баяғы Керекуде өзіңіз басыңыздан кешкен кейбір тұстарға келің кірейтін жағы да бар ма деп. Сіз онда облыстық газеттің редакторлығынан "Социалистік Қазақстан" газетінің сол өңірдегі тілшілігіне сұрандыңыз ғой. Сол қадамыңызды қазір "неткен ерлік" деп бағалаймыз. Сөйтеміз де "жазудың құдіреті - ау" деп түйін түйеміз. Алмас қаламыңыздың тандап әперген дұрыс жолы осы болған екен-ау. Оны уақыт та дәлелдеп, қуаттап отыр емес пе?

Әз аға! Хатымның басынан-ақ өткеннің мұндай сезіміне ырық беруімнің жөні де бар секілді. Пакет ішінен шыққан үш дүние "Өмір өрнектері" мен "Қаламгер" кітаптарыңыз бен "Халима" атты мәңгілік махаббат туралы жырыңыз менің жан-дүниемді өзгеше арпалыс күйіне түсірген магнитімен ғажайып әлемге сүйрей жөнелген еді. Өмірдің қуанышы мен күйініштері қатар өрілген осынау тағылым жырларын бейқам отырып оқып шығу мүмкін емес. Алғашында жеделдетіп жауап хат жазып жібермек болып оқталғаныммен, бірте-бірте бөгеле бердім. Алматыдан Арнұр інім қоңырау шалғанда да шешесіне көңіл айтып, "пакет алғанмын, хат жазамын" деуден әрі те бара алмадым. Сондағы түс алғаным мына себептен екен әлгі үш дүниеден бас ала алмағаным.

"Халиманы" алдымен жұмыста өзім оқып, үйге барған соң Алтын келініңізге оқып бердім. Кейін балалар жиналған соң оларға және бір қайталадым. Балаларымның ішінде орысша оқып, қазір тәп-тәуір қызметте жүргендері де бар еді, бәрі де тым-тырыс отырып тыңдады.

Көз қиығыммен өндерінің бір бозарып, бір сазарғанын да байқап қалдым. Кей тұсында менің үнім дірілдеп, өзгере бастағанда Алтын келініңіз:

— Ағай шынында да махаббат жырын жазған екен, — деп, өзінің кемсендегенін жасырғысы келгенімен, керісінше, көз жасын байқатып алды. "Халиманы" оқып біткен соң әсерден айыға алмай:

— Мен де күндердің бір күнінде осындай жыр жазуым керек - ау, — деп қалыппын. Айтуын айтсам да тілімді қыршып алғандай түтігіп кетіппін. Тыңдаушылардың бәрі, ішінде Әсел деген екінші келінім, Тоғжан атты үш жасқа тақаған немерем бар, баршасы үй ішін күрт кернеген тылсымға таңданғандай болып, маған әрқалай оймен қарап қалыпты. Үнсіздікті манағы айтқанымның бәрін ойша саралап үлгерген Алтын бұзып жі-берді:

— Е, жаз, оның несіне ренжимін. Ғұмыр бойы осылай жұбымыз жазылмай жүре бермейтініміз тағы ақиқат қой.

Қайта өз аузын нан ерте бастан естіп, өмір кешкенімізді өзі бір ғанибет емес пе, деп ол әңгіменің бір жағын әзілге бұрып жіберді.

Сәл үнсіздіктен кейін келініңіз:

— Сегізінші кластан бері үзбей жазып жүрген күнделіктеріңнің ішінде біз де бар едік, маған сол тұстары да жетіп жатыр, деп мағынасыз сезім жетегімен ауырлау айтылғандай болған сөзімді тағы жуып-шайып тастады.

— Расында да бүгінге шекті жиналып қалған том-том дәптерлерім бар екен-ау, — деп мен де шындығым мен әзілімді теңдестіріп жібердім. Әйткенмен өз ойыммен өзім әлекпін. Құдай қолдан отыз төрт жыл отасып отырған, өмірге Арай, Әсет, Баубек, Гауһар және Алау атты балалар әкелген, осы отасқан жылдары бір рет көңілімді орынсыз қалдырмаған, жора-жолдас, туған-туыс, ағайын арасында тек жақсы атымен аталып жүрген сыңарым туралы менің ойымда да қағаз бетіне түспеген тәлімді сөздер қордаланғанына көзім жете бастағандай. Рас, күнделіктерімнің арасында қарадық қыстырылып жүрген тұстары да кездеседі. Бірақ "Халиманы" оқығаннан кейін әрбір отағасы өз зайыбы туралы тіптен басқаша көзқараспен пайымдағаны абзал ма дедім. Бұл жағы да Сіздерден тараған өшпес өнеге болып қаларына кәміл сенемін.

Сосын оңашаланып алып, "Қаламгерді" оқуға кірістім. "Өмір өрнектерін" редакция тартпасына салып кеткем, жұмыстың ара-арасында жылжыта берейін деп. Сөйтсем, кейін "Қаламгерді" оқып біткен соң білдім ғой, менің редакцияда кітап оқуым құдды Мұхан ұстазымыздың өзіңіз жазған тәсіліне ұқсай қалған екен. "Болмасаң да ұқсап бақты" ұстанған едік, тіпті, "күнделік жүргізуім" Әз ағаңа ұқсағанын қарашы" деп енді қазір көңілімді бір демдеп, өсіріп тастап отырмын. Мұндай күй кешудің өзі жазатын адамға әл-қуат береді екен.

"Қаламгерді" оқып біткен соң Мұхан Иманжановпен тұстас өмір сүргендей, сол кездің әдеби ортасында тыныстағандай етек-жеңім кеңейіп қалды. Мына нарық жағдайында тұрмыс жүдеңкіреп, пәтер жөнінен нақ ұлы Мұханның күйін кешіп, сол кісінікіндей теперіш көргендіктен бе екен, "әй, әмір дегенің сол екен ғой, пәтерсіз жүргенімнің өзі қандай жақсы" дегізерліктей тіпті өркештеніп кеттім.

Міне, қадірлі Әз аға! Сіздің өмірдің өзінен айнытпай салған осындай оқиғалы суреттеріңіз менің еңсемді көтерді, "дені қарның сау болған әр күніңді қадірлей біл" деп үгіттеді. "Азамат ердің баласы жабыққанын білдірмес, жамандар мазақ қынар деп" деген Майлықожаның өсиетін есіме қайыра оралтты. Сол үшін де "Қаламгерге" ризамын. Бірақ теру барысында кеткен әріп қателері көп екен, шыдай алмай оларды кітап бетінде қарындашпен түзетіп отырдым. Сұлудың аппақ бетіне қонған шыбынды жасқап ұшырып жіберуші едік баяғы жас кезімізде. Сол әдет әлі бойдан қалмаған. Сұлу кітапқа әлгі қателер тіптен қиянат қой.

Ал, редакция тартпасындағы "Өмір өрнектері" өз орнын енді тапқандай, күнделікті тірегіме, ақылшыма айналып кетті. Қалам жүрмесе немесе көңіл күйректенген сәттерде оның беттерін ашып жіберіп, өзіңіз айтпақшы, кез-келген жеріне үңіле қалсам, басымдағы тұман сейіледі, "е, Әз ағам айтқандай екен бәрі, неге ұнжырғам түседі" — деп, жорғадай тайпалып шыға келемін.

Енді бірде "Өмір өрнектерін" бөлмеме келген әріптестеріме көрсетіп мына жерінде былай дегені бар деп, оларды да қара сөздің күпісіне орап жіберемін. Жанат Елшібек, Самат Мұса, Марат Ақгүл, Сүлеймен Мәмет, Айдарбек Ғазиз сынды журналистер, міне, сіздің сөз өрнегіңізге табынғандардың бірегейлері ғана. Шіркін-ай, деп ойлаймын кейде, осы "Өмір өрнектерін" еліміздің мен журналистпін деген ағайындарына міндеттеп үлестірсе ғой". Екінші бір ойым айтады: редакция басшылары оқитын кітап қой бұл деп.

"Өмір өрнектерінің" маған тастаған бір тағылымы мынау еді. Үзбей жазып, жүргізіп келе жатқан күнделігім том-том боп қалды. Қуанамын соған. Бір кәдеге жарайтын шығар деп ойлаймын. Сіздің осы кітаптарыңызды оқу барысында жәшігімнен оларымды да шыдамай кетіп қолыма алып, парақтап көрсем, жүрегім өзінен-өзі өрекпіп кетеді. Әлдебір қуаныштан екенін ішім сезеді. Өткен уақыттың лебі бетімді желпігендей болып жайдарланып қаламын. Сәті түскенде оларды жүйелеп, саралап жариялаудың айқын мысалын үйреткен "Өмір өрнектерін" бауырыма қысып, рахметімді жаудырамын ғой. Әрине, ондайда, Әз аға, өзіңізді құшырлана, құшып жатқандай боламын ғой.

Сонымен, Сізден алған осындай сәлемдемелерден соң екінші бір тынысым ашылғандай болды. Ең бастысы, Өмір дегенге о жақ, бұл жағынан тағы сынай, зерделей қарадым. Ғұмыр болса, сынап қарай берерміз... "Халима", "Өмір өрнектері", "Қаламгер" — өмірдің ұлы ұстаздары болып қала бермек оқырмандарыңыз үшін.

Қош - ау, болыңыз, Әз аға! Әрдайым амандықта болып, хабарымызды үзбей, жарасты ғұмыр кешелік. Балаларға, келіндер мен немерелерге сәлем айтыңыз.

Өзіңізді аса қадірлеуші ініңіз Қайсар ӘЛІМ.

5-қазан, 2001 ж. Астана.

Әз аға, мына бір "Адам ізі" кітабым еді, "коммерциялық шығармашылықтың" бір түрі десе де боларлық. Дегенмен де көз майы жұмсалған дүние ғой деп, өзіңізге жіберіп отырмын, қабыл алғайсыз.

Әзілхан Нұршайықов ағамызға

Атыңнан айналайын, Әз аға,

Көңілі пәк әрқашан да таза аға.

Халимадай қасиетті жеңгеме

Көңіл айтып келіп едім қазаға.

Жеңгемізден айырылу қиын да,

Өлім деген айналдырған құйын да.

Айтар сезім: айналайын, ағатай,

Жүре берші бір Құдайға сыйын да.

Өмір қысқа күрмеуге келмей тұғын,

Адам болмас өмірде өлмейтұғын.

Келген адам Халимадай жеңгенің

Дәм татпай қолынан кетпей тұғын.

Иман берсін жеңгемізге Құдайым,

Мінәжат қып Құдайдан мен сұраймын.

Артынан өлгендердің өлу жоқ қой,

Өмір берсін, ағатай, сізге ләйім.

Сізде бар ғой адамшылық, кісілік,

Жалған емес білгендерге түсініп.

Мұхтар менен Бауыржандай алыптың

Сіз жүрдіңіз алдарында кішіріп.

Сіз ұқсайсыз алыптардың көзіне,

Алыптарға іні болып кезінде.

Біз көреміз "Ақиқат пен аңыздан"

Бауыржанның сізге айтқан сөзін де.

Мұхтар менен Бауыржандай алыпсыз

Екеуінің көзіндей боп қалыпсыз.

Қалайықшы тірі кезде өзіңнен

Үлгі менен өнегені алып біз.

Білегіңіз ешуақытта талмасын,

Алыптардың батасын сіз алға сын.

Әлі талай жүре берші, ағатай,

Ұлы көштің жалғастырып жалғасын.

Артық емес алыптарға теңесем,

Алыптарды сыйлаған ғой жеңешем.

Алыптардың бұл күндегі көзі деп,

Келіп тұрған Сейдалының Кеңесі ем.

Кеңес Сейдалы ұлы БАЙТЕРЕК әулеті, ауыл ақыны, зейнеткер.

9-сәуір, 2002 ж.

Аса ардақты Әзілхан аға!

"Мәңгілік махаббат жырын" оқып шықтым. "Оқып шықтым" деу — немкеттілеу сөз. Елжіреп, езіліп отырып, қалай егілгенімді аңғармай да қалдым. "Халима" жеңгемізге ғана емес, қазақтың аяулы қыздарына, адал жарларына, асыл аналарына, ардақты әжелеріне орнатылған мәңгілік ескерткіш. Шын сағыныштан туған дастан. Айта алмай, жаза алмай, айтсақ та, жазсақ та, Әз аға, Сізше айта алмай, Сізше жаза алмай жүрген тақырып еді, соны боямасыз, қиялсыз, тіпті, қоспа - бүкпесіз қағазға хаттап бергеніңізге дән ризамын. Ғабең Горькийдің аналарын қазақша қалыпқа салып, "Ұлпанды" әдеби көркем бейнеге айналдырып кетіп еді, Сіз Халима жеңгеміздің (жаны жәннатта болсын!) бар болмысын, бар бітімін, бар табиғатын іңкәр көңілмен үздіктіре айтқанда, көптеген тұшынбаған, көптеген сүйсінбеген жан бір тебіренді. Оқыған ер-азаматтар да ойланар, оқыған қыз-келіншектер де толғанар.

Тәлім алам дегенге тәрбиелік мәні зор өмір жыры бұл. Аққудың сыңарынан айырылғанын аңыздан, күйден естіген жан еріксіз көзіне жас алатын. Адам, Азамат, Жазушы жарын, досын, жан серігін жоғалтқандағы жоқтауын оқыған кісі селт етіп оянбауы, дүр етіп сілкінбеуі мүмкін емес.

Тек бір өтінішім: жеңгем қимастықпен қалдырған сақинаны осы "Мәңгілік махаббат жырының" кепілі ретінде өзіңіз жақсы көретін немере, шөберелеріңіздің біріне қалдырыңыз. Ұрпақ айтып жүрсін.

Ардақты Әз аға, махаббат үш түрлі болады депсіз. Әр адам өзінше ғұмыр кешсе, әркім өзінше сүйеді. Бірақ ғашықтық дертіне ілуде біреу ғана Ұшыраса керек, екі жақсының қосылмайтыны содан – ау деймін. Біздің сүйдік – күйдік дегеніміз көрсе қызарлық па деп қорқамын. XVII ғасырда өмір сүрген өзбектің ақын қызы Үвайсий:

"Любовью заболеть каждый сможет,

Любовью исцелять каждый способен"

десе, XXI ғасырда ғашықтық дертін тек кәусар сезім нұрымен — сыйластықпен емдеудің жолын "Халима" арқылы көрсеттіңіз.

Алла қос көрсе екі тілек:

— Біріншісі — жастарымызға осы шығарманы жаппай оқуды жазғай!

— Екіншісі — деніңіз сау болсын, қаламыңыз мұқалмасын, "Халима. 1997" сақинасын тағып жүруді ұзағынан жазғай!

Ризашылық көңілден,

қаламдас ініңіз Серік ӘБДІРАЙЫМҮЛЫ.

11.04.2002 ж. Алматы.

P.S. "Жұлдыз" тұшынып оқыр осындай дүние ұсына берсе, қане!

Автордың алғысы

Маған хат жазып, телефон соғып, үзбей хабарласып тұратын қымбатты оқырмандарыма, қадірлі аға-іні достарыма шын жүректен алғыс айтамын. Бәрлеріңіз де сау-сәлемет, бақытты болыңыздар. Тәуелсіз еліміздің тынысын кеңейтіп, қызығын көбейтуге қалтқысыз қызмет ете беріңіздер.

Зор құрметпен Әзілхан НҮРШАЙЫҚОВ.

Қазақстанның халық жазушысы.

15.04.2002 ж. Алматы.

"Жұлдыз", 3.2002 жыл.

Жазушының жары

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың "Халима" атты шағын да болса, маңызды "Мәңгілік махаббат жыры" туралы журналымызды оқып өз пікірімді жазып отырмын.

13 сөз бөлімнен құралған 12 бетке жазылыпты. Осы шағын әңгімені 2 рет мұқият оқып шығып, әр бөліміндегі әңгіменің мазмұнын жеке қағазға жазып, терең ойға шомдым.

Мен, түрікпен, қарақалпақ және қазақ жерлерінде жүріп талай роман, повесть әңгімелерді оқығаныммен мұндай қысқада нұсқа, аз да болса дәмді де тәтті және өз әйелінің махаббатының жарқын шындығын қағаз бетіне түсірген жазушыны бірінші рет кездестіріп отырмын.

Мен ақын да, жазушы да емеспін, әдебиетті, өнерді т.б. сүйетін қарапайым мұғаліммін.

Қадірлі Қазақстан Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов! Сіздің Халима туралы әңгімеңізге сын жазып не сипаттама беретін адам емеспін. Сонда да қазақ болған соң жаным ашып ағасынын еңбегін сүйсіне оқып, өз көзқарасым арқылы қуанышты лебізімді білдірейін деп қағазға үңілдім.

Біріншіден,адамның өмірі жанұямен ғой. Жанұясыз өмір жоқ. Өмір сүрген соң махаббатсыз болмайды. Осы махаббатты қадірлеп, бала сүйіп, оны тәрбиелеп адам қатарына жеткізу қандай күрделі ұзаққа созылатын процесс.

Осы махаббатты қадірлейтін әйелді жан-тәнімен шын сүйетін адам елін де, жерін де сүйетін махаббатты азамат дер едім.

Өкінішке орай, көпшіліктің махаббаты ойдағыдай болмай, күлкіге, мазаққа, ел арасында ұятқа қалып жатқандар қаншама. Сүйкімсіз бір күндік, бір жылдық т.с.с. қасиетсіз махаббатты көріп, біліп жүрміз. Кейбір ел азаматы деген азаматтардың тиянақсыз махаббаттарына жұрт күліп жүр.

Екіншіден, сіздің қысқа да болса, құнды Халима туралы әңгімеңізді біреу сүйсініп оқыр, енді біреулер безініп әрең оқыр. Меніңше, бұл әңгімені барлық азаматтар көңіл қойып оқыса, өзіне нәр аларлық дәні бар әңгіме. Қай жастағы адам болмасын бәріне кеңес боларлық дұрыс өмір сүру тәртібі, сыйластықтың керемет символы болар еді. Әсіресе, келешек жастарға өмір сүру махаббатын қадірлей білу жолына керек үлгі дер едім.

Сондықтан, уақытша емес, қайта мәңгілік махаббат мектеп жолын Әзілхан ағай мен Халима апайдан үйрену керек.

Үшіншіден,екеуіңіз де ананың ақ сүтін ішіп сусынданғандарыңызбен, сіздің әке-шешеден ерте айырылып, ал Халима апамыз болса советтік жетімдер үйінде тәрбиеленгенімен мұншама адамгершілік қасиетті сыйлай білу, оның қадір-қасиетін бағалап, ардақтау, халық үшін адал қызмет ету т.с.с. 54 жыл асыл қасиеттерге ие болуларыңызға сүйсінбеске болмайды. Бұған 54 жыл тәтті өмірлеріңіз куә.

Төртінші, Халима жұбайыңыздың қыр-сырың бірсыпыра сипаттапсыз, өте орынды. Адамшылықты, құдіретті, асыл қасиетті оның мөлдір махаббаты. Соңғы күнге шейін қол үзбей, өзінің жұбайын сыйлап, қол ұшын кеудесіне басуы (өзі о дүниелікті сезсе де) соңғы ақыл-кеңесін айтуға күшін жинап жүректегі ойын айтуы ғажап, керемет! Мысалы: а) егер мен көз жұмсам, сен жылама, берік бол, жұрттың ұятына қаласың, балаларың мен келіндеріңе жасынды көрсетпе, қайта мықты бол, бас бол.

Әйел алам деп әуре болма, өзіңді-өзің күт, қызметіңді жалғастыр т.с.с. аналық пен даналық, шын сүйген адамның ақылы емес пе?!

ә) Ең аяғы ауруханадағы 8 дәрігер, 16 медбике пен күтушілердің қызметін қадірлеп оларға өзі жинаған ақшасынан сый, құрмет көрсетуі адал жанның адамға деген өлмес өнегелі үлгісі ғой. Ауруханадағыларға осыншама адамға бәлең мың (әрқайсысына 1 -2 мыңнан) теңгені конвертке салып, құрметпен ұсынуды (салтанатты түрде) естіген де, көрген де емеспін.

Екі-үш кісіге сый көрсеткенді көргенім бар.

б) Әзеке, Сізді Қазақстан Халық жазушысы атағына көтерген Халима апай екенін өзіңіз де дәлелдедіңіз. Оныңыз орынды. Бұл жерде М. Әуезовті еске алуға болады. Әуезов Мұхтар Абайды әлемге танытып, өзі де даңққа ие болды. Сол сияқты, Халима апай сіздің жұлдызыңызды аспандатып көтерумен Сіз оның адамшылық қасиетін барша халыққа паш еттіңіз. Бір-бірін қастерлеу деп осындайды айтпай ма халық.

Қанша жыл өмір сүргенде қызығын көріп тақпай, мақтанбай, ешкімге айтып көрсетпей (жарқырауыққа барлық әйелдер құмар ғой) бар алтынын келіндері мен қыздарына, немерелеріне "Халима -1997" деп жазғызып сыйлауы да сирек кездесетін құбылыс.

Әзеке, өзіңізге арнап алтын сақинаны қалдыру да сүйіспеншіліктің, адалдықтың, мәңгілік ескерткіштің сыйы ретінде қалдырылған асыл тас. Осы алтын сақинаны Халима апай күні бұрын ойлап артына өлмес із ретінде Сізге мәңгілік қалдырған ескерткіш асыл мұра екен.

Халима апайдың жарқын сұлу жүзі ретінде қолыңызда мәңгі күндей жарқырап жүрсін демекпін.

Алтыншы, Әзеке! Қорытындылап айтқанда, сізбен танысқаныма қуаныштымын. Бірақ көңілді, жарқын уақытта емес, көңілсіз жалғыздық кезінде жолыққаныма ренжіңкіреймін.

Сондада, Сіз бақыттысыз. Ел,халық білетін сүйікті атағыңыз бар халық қалаулысы сыз. Жазушы көз жұмғанша жазушылықта болу керек қой. Аллаға шүкір; Қазақстан Республикасының астанасы болса Алматыда ел-жұрт, жолдас-жоралар, таныстар, ағайын, бала-шағалардың ортасында сыз. Сондықтан сіз жалғыз емессіз. Халима апайдың аруағын қадірлеп, айтқан өсиетін ескеріп, әлі де қаламыңыз қағазға жорғалай берсін, жарқын жаңа дүниелер жарық көрсін деп қаламыңызға "Ақжол" тілеймін.

Қадірменді Әзеке! Алла, Сізге күш-қуат, ақыл, жігер, зор денсаулық берсін! Сіз сияқты атақты ер азаматтың халық арасында жүруіне ел-жұрт сүйсініп қуанады деп шын жүректен сәлем жолдап пікір білдіруші

ініңіз Ертай ЖҰМАҒҰЛОВ, Қазақстан Республикасының

білім беру озаты, зейнеткер - ұстаз. 2002 жыл.

Мекен-жайым: Алматы облысы, Жамбыл ауданы,

Фабричный ауылы, Алибеков көшесі, 14-үй, 27-пәтер.

Ескерту: артық-кемі болса, кешіріңіз.

Әзілхан ағаға хат!

Қымбатты да, қадірлі Әзілхан аға!

Өз қолыңызбен сыйлаған "Мәңгілік махаббат жыры" және "Өмір өрнектері" кітаптарыңыз мен үшін баға жетпес байлығым болып саналады. Әсіресе, өзіңіз айтқандай "Махаббат, қызық мол жылдар" тақырыбының жалғасы болып табылатын "Мәңгілік махаббат жырын" оқи отырып, болашақ өміріме сабақ алғандай болдым. Жастарға берер тағылымы, тәрбиелік мәні мол, маңызы зор дүние. Жаны сұлу, табиғаты бай Халима апаны Сіз арқылы көмескілеу болса да, көркін көз алдымнан өткізген деймін. Айдын көлде жүзген қос аққудай жұптарыңыз жазылмай, 54 жыл өмір сүрген кездеріңізді еске алып, сарғайған сағыныштың сарқылмас сарыны толастар емес, өзегіңізді өкініш өксігі өртейді. Сырласатын жан таппай, жан-дүниеңіз құлазығанда, жаныңызды жабырқатқан жалғыздықтан жалыққанда жарыңыз еске түседі. Амал нешік, келместің кемесіне мініп кеткен Халима апаның орнын ешкім де, ешнәрсе де баса алмайды.

Өмір-өзен, сылқ-сылқ күлер, сылдырар,

Қайда ағады, оның жөнін кім сұрар.

Бәріміз де ағамыз да кетерміз,

Ақпай, шіркін, жағасында кім турар ?!

деген ұлы Мағжан ағаның өлеңі еріксіз ойға оралады. Ажалға араша түсіп, тағдырдың жазғанына қарсы тұра алмаймыз. Адал жардың сирек кездесетін қадыр-қасиеті сіздің де жаңа кітапты жарыққа шығаруыңызға негіз болды. "Мәңгілік махаббат жырында" баса назар аударар екі жайт бар: біріншіден, өскелең ұрпаққа, жастарға адалдық, ізгілік, ар-ұят, адамгершілік - эстетикалық тәрбие берсе, екіншіден нағыз шынайы махаббат, бақыт дегеннің болатынын таныттыңыз.

Тамыры тереңнен бастау алатын махаббат сезімі де "кез келгеннің уысына түспейтін, кез-келгеннің бақи асында піспейтін" асылы баға жетпес ұлы күш қой. Ғашықтық та емі жоқ, жазылмас ауру секілді. Емі жоқ деуім артық кеткендік болар, оның дауасы тек сүйгеніңмен бір болу. Сүйіспеншіліктің сөнбес жұлдыздарындай болған Халима aнa екеуіңіз осы бақытқа кенелдіңіздер. Бұл да болса Құдайдың Сізге тартқан сыйы шығар.

Дана халқымызда "Жамандардың жақсысы болғанша, жақсылардың жаманы бол" деген нақыл сөз бар. Жақсылардың шебінен көрініп жүрген Сіздей ағамен жүздескеніме аз-кем болсын тілдесіп, кітаптарыңызды алғаныма дән ризамын, шексіз қуаныштымын. Жазып берген тілектеріңіз жүрекке жақын, көңіліме жылы тиер мәңгі естеліктерім болып сақталады.

Аға, сөз соңында айтарым, "Өмір — мәңгілік ұйқыға кетер алдындағы аз ғана күндік серуен" дегендей, қалған өміріңізде деніңіз сау, өзіңіз аман болыңыз дегім келеді. Сеңгір көкте самғаған құстай қанатыңыз талмасын, қиындыққа мойымаңыз, қаламыңыз қарымды болып, әрдайым биік шынның шырқау шегінен көрінуіңізге шын көңілден тілектеспін.

Гүлмира Сәрсенқызы ПАЗЫЛБЕКОВА Қыздар педагогикалық институтының 2002 жылғы түлегі, "Махаббат, қызық мол жылдар" романы бойынша диплом

қорғаушы.

Алматы, 29маусым, 2002 ж.

Апан ҚАМБАРОВ

Жазушы.

Қадірлі ӘЗЕКЕ!

Сіздің менің "Екі арудың махаббаты" атты жаңа романым жайлы "Қазақ әдебиеті" газетінің 2003 жылғы 27-шілдедегі нөмірінде (26) жарық көрген "Бесігімізді түзейік десек" деген рецензияны оқып, телефон шалып құттықтағаныңыз, шыны керек, ит көйлекті бұрын тоздырған қаламдас құрдасыңызды қатты қуандырды. Бұл үшін, Әзеке, Сізге кәрі жүректің алғысын айтам! Қартайған қаламыңыз жүйрік, ақылды бола берсін!

Ертеңіне сол роман жарияланған "Махаббат" кітабын қолтықтап, үйіңізге барып, қолтаңба жазып бердім. Соның бір жерінде Сізді мәңгілік махаббаттың өзі мен сөзі дегенді айтып, өзімше қуандырдым деп ойлаймын.

Сіз мәңгілік махаббатыңызға күмбез орнатқаныңызды, оның ішіне койылатын бедерленіп салынған суреттері бар экспонаттарды көрсеттіңіз. Мен баратын машина жолы, күмбезге көтерілген баспалдақ туралы ойымды айттым. Себебі, ерте ме, кеш пе бұл күмбездің неке сарайы тіркеуінен өткен жас жұбайлардың тұрақты келетін орнына айналатынын еске алдым. Жаңа қосылған жігіт пен қыз өздеріне мәңгілік махаббат тілеуі табиғи ғой. Жаңағы айтылған жол мен баспалдақ, ең алдымен солар үшін керек. Әзекең де, бәріміздей пенде ғой, бұған іш тартып, кәдімгідей ойланып қалды.

Әзеке, мені көлгірсіп мақтап отыр деп қалмаңыз. Осындайда көрініп тұрған шындықты айтпасақ, оны қай жерде айтуымыз керек?!

Өзіңіздің қаламдас құрдасыңыз ҚАПАН.

4.07.2003 ж

.

P.S. Менде жоқ кейбір кітаптарыңызға құрдастық, қаламдастық, замандастық пікір білдірген қолтаңбаларыңыз үшін Сізге, Әзеке, мың да бір алғыс!

Кеңес ЮСУПОВ,

жазушы, Астана қаласы.

Ардақты Әз аға!

Мен осы хатты үлкен қиналыс үстінде жазып отырмын. Абзал апамыз дүниеден озғаннан бері бір барып қайтуым керек еді. Дәм тартпады, жол түспеді. Қамқоршы анамыздай болған адамға алыс жандардай жеделхат жолдап жатуды, шынын айтсам, өзіме мін санадым.

Қыр қына дейін бір барып қайтармын деп те ойлаған едім. Мұның да реті келмеді. Демалысымды мына өзіңізге жіберіп отырған кітапты жазуға арнап, қыста алып қойған едім. Содан кейінгі кезде қызмет бабы мүлде мұрша бермеді.

Несін айтасыз, тек мешітке барып, арнайы құран оқытуға жарадым. Күні бүгінге дейін рухын еске алып, іштей білетін дұғамды арнап жүремін. Апамыздың асыл бейнесі менің әрқашан жадымда. Ол кісі қамқор Ана, дана адам еді. Жаны жәннатта болғай.

Аға! Мына екі кітабымды жолдап отырмын. Бірі бұған дейін жазылған, бұрын баспа бетін көрген, кейбірі көрмеген дүниелер. Соңғысы қазіргі атқарып жүрген қызметіме байланысты жинақталған дүниелер, бұлардың кейбірі "Егемен Қазақстан" газетінде осы жазда жарық көрген еді.

Уақытында бара алмаған соң, амал не, мынау кішкене соманы алдағы жабдығына, ораза -айт тұсы ғой, аты мына жұмсалсын деген ниетіммен жіберіп отырмын.

Өзіңізге, балаларға амандық, жақсылық тілеймін.

Терең құрмет сезіммен ініңіз КЕҢЕС.

Кіметтік жеделхат

Қадірлі Әзеке!

Сізді шығып отырған асуыңыз — сексен жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын.

Сіз қашанда адалдықты, ізгілікті, достықты, имандылықты шығармаңызға арқау еткен шын мәнінде халықтың сүйікті жазушысысыз. Қалың оқырманға махаббат жыршысы аталған қадірлі қаламгерсіз. Бір ғана "Махаббат, қызық мол жылдарыңыз" қай ұрпақтың болсын көңілін толқытып, жүрегін тебірентер өміршең шығарма. Кеше ғана басына ақ күмбезін Өзіңіз орнатқан Халима апаймен өткен Қозы мен Баяндай тұмырыңыз бүгінгі ұрпаққа өнеге, жастарға аңыз етер бөлек жыр.

Қадірлі Әзеке!

Әрдайым күйлі-қуатты болыңыз.

Бала-шағаңызға амандық, береке-бірлік тілеймін.

Құрметпен, Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММ.ЕД,

Қазақстан Республикасының

Мәдениет, ақпарат және қоғамдық

келісім министрі.

Жеделхат

Аягөзден. ШҚО. 15.12.2002 ж.

Алматы. Қазақстанның халық жазушысы Ә. Нұршайықовқа.

Аягөз ауданы тұрғындары атынан еліміздің Тәуелсіздік күнімен және 80 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым деніңіз сау болып, отбасында қуаныш пен бақытқа кенеле беруіңізге тілектеспін.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті тұлғалардың бірі Сіздің қаламыңыздан туған шығармалар оқырман қауымын, әсіресе, жастарды отаншылдыққа, туған жерге сүйіспеншілікке, махаббат пен өзара сыйластыққа, ізгілік рухына тәрбиелеп келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл тұрғыдан алғанда "Ақиқат пен аңыз" роман-диалогынан бастап, "Махаббат, қызық мол жылдар" және басқа роман, повестеріңіз, әңгімелеріңіз, публицистикалық туындыларыңыз осының жарқын дәлелі болып табылады. Әр шығармаңызды асыға күтіп, әрбір туындыңызды тағатсыздана тосатын Аягөздік оқырмандарыңыз үстіміздегі жылы республикалық "Жұлдыз" журналында жарияланған өмірлік жарыңыз Халима апай жөніндегі повесіңіз бен тебірене танысса, таяуда ғана облыстық "Дидар" газетінде басылған "Баян сұлуға арналған монолог" атты "Қозы көрпеш — Баян сұлу" эпосының 1500 жылдық тойында айтуға әзірлеген лебізіңіз жұртшылықты ерекше сезімге бөледі. Бұл туындылар Сіздің биік парасатыңыз бен аса зор адамгершілігіңізді, сүйікті жарға деген адал махаббаттарыңызды тағы бір мәрте көрсетіп отыр.

Сексеннің сеңгіріне сергек сеніммен аттап отырған Сіздің қадамыңызға гүл бітсін, ұзақ ғұмыр жасаңыз.

Құрметпен Аягөз ауданының әкімі Марат ӘКІРӘМОВ.

Наши рекомендации