Сөйлегендердің сөздерінен 4 страница
Содан кейін Халималарды Павлодарға көшіп кетіпті деп естідік. Бірнеше жылдан кейін Халималар Алматыға қайтадан көшіп келіпті деген және хабар тиді. Сұрастырып жүріп, әдірістерін тауып алдық. Сол әдіріс бойынша күйеуім Ғаббас екеуміз Бауыржан, Қарлығаш деген екі кішкентай баламызды ертіп келіп, Халима мен Әзекеңнің Розыбақиев көшесіндегі үйіне бірнеше күн қонақ болып қайттық. Өздері үш бөлмелі кең үйде тұрады екен. Әзекеңнің фотоаппараты бар екен. Бәріміз сол үйдің қасында тұрып, суретке түстік. Сол сурет біздің үйде әлі күнге дейін бар.
Енді не айтайын? Халиманың кішкентай күніндегі кісі күлетін кейбір қызықтарын айта кетейін.
Ол кезде жаз шыға жайлауға шығатынбыз. Бүкіл ауыл бір көш болып шұбатылып, жаңа қонысқа қарай бет түзейтін.
Өзбақан ағамыз ұлы Қалиәкпар мен келіні Зәукеннің қолында болды. Ол кісінің түйесі болатын. Түйеге жүктерін артып, көшкен елдің соңына ілеседі ғой. Жүк артқан түйені салт атқа мінген Өзбақан ағамыздың өзі жетектеп келе жағады. Бір кезде түйеге артқан жүк үстінде отырған Халима:
— Аға, аға, көшті тоқтат! — деп айғай салады.
Ағамыз көшті тоқтатып, атын бұрын келіп, жоғарыға мойнын созып:
— Не боп қалды, қалқам? — деп сұрайды.
— Аға, тұра тұрыңыз, мен мұрнымды тазалап алайын, — дейді Халима.
Кішкентай Халиманың осы қылығы ауылға күлкі боп тарап кетті. "Көш тоқтатқан Халима" деп үлкендер әзілдейтін еді.
Ал Халиманың көш тоқтатуы ол кішкентай күнінен мұнтаздай болатын. Беті қолын жуып, тұлымын тарап, таза жүретін. Өмір бойы сол тазалығын сақтап өтті ғой, айналайын.
Өзге қыздар атқа жолай алмайтынбыз. Халима бес жасынан тайға мінді. Жай таймен ауыл арасында жүре беретін. Ауыл бір көшкенде Халима тайымен артта қалып қояды. Көш ұзап кетеді. Содан кейін тай Халиманың шаужайлағанына қарамай, бар пәрменімен көштің соңынан шаба кеп жөнеледі. Оны көрген көштегілер шу ете түседі: "Өлді! Өлді! Енді жығылады" деп қорқып қалады. Бірақ, Халима жығылмай, ернін жымыра тістеп, тайдың жалынан мықтап ұстап алып көшке жетеді.
Мінеки, біздің Халима осындай бауырмал, кішіпейіл, көпшіл, қонақ биыл, үйіне қанша қонақ келсе де қабақ шытпайтын кісі еді. Қайтейін, кетіп қалды.
* * *
Фарида МАЙШЫНОВА,
майдангер Тәкен Майшыновтың қызы
Менің әкем Тәкен Әзілхан ағамен майданда бірге болған. Соғыс кезінде майданнан Қазақстанға делегация болып, бірге келген. Әкем өле-өлгенше Әзілхан ағамен дос болып өтті.
Сол Қазақстанға келе жатқан жолдарында делегация Мәскеуге соғады. Мәскеуде әскери қызметте жүрген Әзілхан ағаның ғашығы Халимаға жолығады. Сөйтіп, менің әкем Әзілхан ағаның ғашығына ғашық боп қалады. Ғашық болғаны сондай, өзі соғыстан келіп, үйленіп, алғашқы туған қызына Халима деп ат қояды. Мен сол Халиманың сіңлісімін. Атым Фарида Майшынова.
Бізде басқалар сияқты, Әзілхан аға мен Халима тәтемнің ғашықтығына тәнтіміз!
Халима тәтемнің аты Баян сұлу, Қыз Жібек атындай болып, қазақ халқында көбейе берсін деп тілеймін.
* * *
Жұмағали ҚАНАПИЯНОВ,
суретші
Мен және менің апайым Олаш Қанапиянова екеуміз де Семейдегі № 11 қазақ орта мектебінің интернатында болдық. Мен төменгі кластарда, апайым Халима тәтеймен бір класта оқып, бір бөлмеде жатты. Сонда осы екі апайым маған ақыл айтып, көп көмек тигізген еді.
Кейін, Алматыда тұрған кезімізде де, біздің интернаттық, детдомдық туыстығымыз ажыраған жоқ. Мен Халима апайдың қолынан талай рет дәм татып, үйіне келген қонақтарын күтістім. Халима апайдың дастарқанынан Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлы адамдардың дәм татқанын мақтанышпен айта аламын. Халима апайым сол ұлылардан баға алған кісі еді. Ағалардың ақ бағасы қабыл болды. Оның бір белгісі жаңа өзіміз көріп келген Алатаудың Кеңсай шоқысының төбесінде тұрған ақ күмбез. Сол күмбез Қозы көрпеш пен Баян сұлудың бейіті сияқты болып, халық көп баратын жерге айналсын. Сол үлкен күмбез сияқты болып, 1500 жыл мызғымай тұрсын.
Менің айтатыным осы.
* * *
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы
Халима апамыз аса байыпты, сабырлы, инабатты, ақ пейіл кісі еді.
Мен 50 жасқа толғанда Әз ағаң мен Халима апам екеуі маған жақсы дипломат әкеліп сыйлады. Әз ағам сонда маған:
— Осы дипломат жүзге жеткеніңше қолыңнан түспесін, – деп еді.
Сонда Халима апайым, сәл ғана жымиып:
— Іші жақсы кітаптарға толсын! — деп Әз ағамның ойын жалғастырды.
Мен асыл апайымның ол тілегін әлі орындай алғаным жоқ. Өзім аз жазатын кісімін. Бірақ, бүгін апамның ақ күмбезінің алдында, ақ дастарқанның басында, ол өсиетін орындаймын деп уәде етемін.
Мен Әз ағаңның өзінен бұрын "Махаббат, қызық мол жылдар" деген кітабын көрдім. Көре сала бас алмастан оқып шықтым. Авторына ғашық болдым. Содан біраз уақыттан кейін өзін көрдім. Сәлемдестік, сыйластық.
Міне, қазір қолымызға Әз ағаңның "Жұлдыз" журналына шыққан "Халима" хикаясын немерелері Алма мен Әлия екеуі ксерокске басып, кітапша етіп әкеліп, бәрімізге таратып берді.
Мен соны алғашқы романның ("Махаббат, қызық мол жылдардың") жалғасы деп ойлаймын. Алғашқы романда кейіпкерлердің аттары шартты түрде берілген еді. Мұндағы кейіпкерлер ағалардың азан шақырып қойған аттарымен ағалады.
Бұл — адал жарға сөзбен соғылған мәңгілік ескерткіш. Тастан, темірден соғылған ескерткіштер құлап жағады. Өйткені олардың бәрі жер бетінде орнатылған салтанатты, сәнді мүсіндер. Ал бұл ескерткіш жерге емес, әр оқырманның жүрегіне орнатылған. Көсемдердің жер бетіндегі ескерткіштерін трактормен сүйреп уақыт талқандап қиратып жағады. Ал жүректегі ескерткішті ешкім құлата алмайды. Мен өз заманымда сондай бір құламайтын ескерткіш көргеніме қуаныштымын.
Мен, өзіңіздің үлгіңіз бойынша, Әз аға, қымбатты Халима апамның жылына жиналғандарға жетпіс-сексен кітап әкеп, босағаға үйіп қойдым. Халима тәтемнің жылынан тәбәрік деп, шығарда сол кітаптарды бір-бірден қолдарыңызға ұстай кетулеріңізді сұраймын бәрлеріңізден.
Кітаптың бірінші бетінде: "Бұл кітапты Сізге ардақты Халима апамның жылын өткізген күні сыйладым. Қазақтың асыл қыздарының бірі мейірімді, мейірбан, қадірлі Халима апаны еске алып, оның өнегелі істерін өзгелерге айта жүргейсіз. Автор" деген жазу бар. Кітапты оқырда бетін ашқанда, оқып болып, бетін жапқанда менің осы өтінішімді ескерулеріңізді сұраймын.
* * *
Сейдахмет ШӨПЕБАЕВ,
Құрылысшы инженер
Мен осы үйдің, Әз ағам мен Халима тәтемнің өкіл күйеу баласымын. Жаңа менің әйелім Зейнеп сөйлеп өтті. Сонда айтты. Екеуміздің де естелігімізді жеткізді. Менің естеліктен тысқары бір ауыз сөз айтқым келеді.
Қазақта: "Жақсыдан — шарапат" деген сөз бар. Сол шарапаттың бір мысалын мен бүгін көріп отырмын.
Халима апамыз бұрын қатардағы көп жазушылардың бірінің ғана әйелі сияқты болып көрінетін еді. Ол кісілердің өлгендерін де, тірісін де көріп жүрміз. Өлгендерінің жетісі, қырқы, жылында да болдық кейбіреулерінің. Бірақ, солардың бірде-бірі Халима апамызға арналған құрметпен жөнелтілген жоқ.
"Неге?" — дейсіз ғой.
Олардың бәрінің жетісінде, қырқында да, жылында да дастарқан жайылды. Аздаған естелік сияқты сөздер айтылды. Бірақ, бәрі ұшқары, жеңіл-желпі ғана. Қаралы дастарқанға келгендердің бәрі апыл-құпыл тамақ жеп, ауыздарын сүрте жөнеледі. Кейбірі "жатқан жері жайлы, топырағы торқа" болсын деп, бет сипай салады. Өлген ананың қадір-қасиеті, өнеге болатын үлгісі қандай еді? Ол туралы бір ауыз сөз айтылмайды.
Ал, Халима апамыздың жетісінде, қырқында, жылында ол кісі туралы, ол кісінің мінез-құлқы, ақыл-парасаты, өнеге үлгісі жайында қаншама ғажап естеліктер естідік. Жай ғана жадағай сөз емес, бір жақсы роман оқығандай ғибрат алдық. Жақсы әйел, жақсы ана, жақсы жар қандай болатындығының үлгісін көрдік.
Барлық әйел — жақсы, жаманы жоқ. Бірақ, сол жақсы әйелдің жақсылығы неде еді? Қандай еді? Оны тірісінде айтпаймыз, елемейміз. Ал өлгеннен кейін ескермейміз. "Бір әйел өлді-қалды" деп жүре береміз. Сол әйелдің өмірінен сабақ алуға тырыспаймыз.
Ал, Халима апамның — менің өкіл енемнің өмірі, өнегесі, білімі, бір университетің дәрісінен кем емес екен!
Маған мынадай ой келді. Өлген әйелдердің, әйелдердің ғана емес, еркектердің де жетсін, қырқын, жылын өз шамамызша өткізіп жатқан боламыз. Өткіземіз. Бірақ, формальді түрде ғана солай етеміз. Өткізбеді деп жұрт сөкпесін дегендіктен сөйтеміз. Және ресторанға ақша көп кетпеу үшін бір сағат, жарты сағаттың ішінде қиқалай саламыз. Құран оқығалы келген молдалар тыпыршып, асығып отырады. Соны асықпай, абыржымай, бақилық болған адамның бар қасиетін еске түсіруге тырыспаймыз. Неге сол естеліктерді диктофонға немесе, магнитофонға жазып алып, кейін, сол қымбаттымыз қайтыс болған күндерде: бес, он, он бес жыл өткенде, одан ары қарай неге отбасы, үй іші болып, сол естеліктерді тыңдап отырмаймыз?
Бұл жөнінде тағы да Халима апамыздың өлімі үлгі көрсетіп тұр. Жетісінде, қырқында, жылында сөйлеген сөздерді балалары, немерелері зыр жүгіріп, естелік айтқан кісілердің аузына диктофон тосып, бірін қалдырмай жазып алып жүр. Алма мен Әлияның қолында — диктофон. Сабинаның қолында фотоаппарат бар.
Өлген Анаға, Адамға құрметтің бір түрі осы болуға тиіс. Осының өзі өзгелерге үлгі деп ойлаймын.
Біз өлгендердің бәрін ұмытпаймыз дейміз. Сонымыз шын ба? Толық шын деп айта алмаймын. Өлген адамды ұмыттырмайтын нәрсе естелік. Ол диктофонға жазыла ма, қағазға жазыла ма, кітап болып шыта ма — бәрібір. Жұрттың бәрі бірдей кітап шығара алмас. Бірақ, отбасылық шеңберге естелік жазып, кейінгі ұрпаққа қалдыруға болады ғой. Алайда отан да мойынымыз жар бермейді.
Әз ағамыздың "Жұлдыз" журналында жарияланған Халима апамыз туралы естелігін осының бір үлгісі деуге болады. Осы естелігінде Әз ағаң апамыздың қырқын өткізгенін айтты. Біздің ешқайсымыз оны газетке басылады, журналға жарияланады, кітапқа айналады деп ойлағанымыз жоқ. Айтылды, сол айтылған жерінде қалды ғой деп есептедік.
Бірақ, ақылды адамның асыл жарға деген сүйіспеншілігі сөз күйінде қалмайды екен. Мен соны түйдім, соны ұқтым.
Халима енемнің қазасынан тағы бір түйетін түйін мынадай: ол кісінің жетісінде сіз апайдың жылының санына сәйкестендіріп, "Махаббат, қызық мол жылдар" кітабының 80-ге жуық данасын жұртқа тараттыңыз. Қырқында сондай мөлшерде "Өмір өрнектері" кітабын үлестірдіңіз, Әз аға, апамның тәбәрігі деп. Міне, жылында бәріміздің қолымызға "Халиманы ұстаттыңыз.
Сізден басқа бір де бір қазақ жазушысы не өзі өлгенде кітап үлестірткен жоқ, не әйелі өлгенде жыртысына кітап таратқан жоқ. Қазақ жазушылары тұрғай, бүкіл әлем әдебиетінде мұндай оқиға болды ма екен? Әй, болмаған шытар.
Бұл да Халима апамның шарапаты.
Халима апамыздың үлгісі ұлт қанына сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа дарысын.
* * *
Серғазы САРБАЕВ,
бұрынғы Ақбұзау аулының тұрғыны,
Нұршайықовтардың жиені
Халима тәтем біздің ауылға жазда келін болып түсті. Бес-алты жыл тұрған соғыста қайтыс болған Нұршайық нағашымның үйінің есігін ашып, табалдырығын аттады. Мен ол кезде 4-7 жасар бала болатынмын. Менің шешем Нұрша Нұршайық ағамның туған қарындасы болатын. Шешем 2-3 күнде бір маған:
— Бар, нағашыңның үйін шолып кел, есік терезесі аман ба екен? — деп жұмсап отыратын.
Мен ақ сабау "атыма" мініп алып, шауып барып, ауылдың Жаңғызтөбе жақтағы ең сыртқы көшесіндегі Нұршайық нағашымның үйін шолып қайтатынмын.
Иен үйге кім тиюші еді? Есігіндегі үлкен қара құлып қозғалмастан тұратын. Үйдің сырты қабырғалары қопсып, алақандай алақандай болып, жерге түсіп жағатын. Сондықтан қабырғаларының бәрі қотыраш-қотыраш боп көрінетін. Бірнеше жыл сырты сыланбаған үй сондай болмағанда қандай болсын? Тек қашан барсам да үйдің төбесінде нағашымның Қарашеке деген иті ғана жататын. Көше шаңын құйындатып келе жатқан мені көріп, төбеден түсіп, құлыптаулы есіктің алдына барып жататын. Есіктің құлпына бір, маған бір жаутаң-жаутаң қарайтын. Мен үйден шешем беріп жіберген сүйек-саяқты Қарашекенің алдына қоямын. Қарашеке оларды қатырлата шайнап, құйрығын қайта-қайта бұлтаңдататын. Кейін Қарашеке Әзілхан нағашымның "Махаббат, қызық мол жылдар" деген кітабына кірді. Ол байғұс мені көрсе осы үйдің жақыны екенімді біліп, арсалаңдап қалатын. Алдына тастаған сүйекті шала-пұла шайнап, шапқылап үйге қайтқан менің соңымнан ілесіп келіп, кейін қайтатын.
Міне, Халима тәтем келін боп түскеннен кейін осы үйдің иесі болды. Нұршайық нағашымның естіген талай жыл тұрып тот басып кеткен қара құлып алынып, сыртқы есік ашық тұратын болды. Үйдің мұржасынан түтін будақтады.
Халима тәтем ауылға жаяу келді. Әлсейіт Мұсақұлов деген колхоз бастығы Әзілхан нағашыма:
— Келіншек әкелгенінде 9-разъезте пар ат жектіріп, өзімнің тірәшмөнкемді жіберемін, деген екен. Ол уәдесін орындамапты. Сондықтан 9-раъезден пойыздан түсіп, Әзілхан нағашым, Халима тәтем және тәтемнің жолдасы бір қыз үшеуі ауылға жаяу келді. Түнде жауын жауған, жер батпақ болатын. Сол батпақты кешіп, біз, он-он бес шақты кішкентай балалар аға мен тәтемді алдарынан күтіп алдық. Бір ауыр үлкен шамадандары бар екен. Нағашым мен тәтем екеуі қолдаса көтеріп келе жатқан сол шамаданды құмырсқадай жабылып, біз көтеріп әкеттік.
Иен үйде мал болушы ма еді? Колхоз тойға соятын қой беремін деп, бермепті. Халима тәтемнің тойы тышқан мұрны қанатылмай өтетін болды. Қайырлы болсын айта келген жұрт, менің шешем қуырып, келіге түйіп қойған құрғақ талқанды асап, бидай жеп үйлеріне қайтып жатты.
Сол күні кешке қарай менің Қалидолла нағашы құрдасымның әжесі тоқтасын шешеміз мүйізінен сүйрелеп, біз артынан итеріп, бақыртып, үйіндегі жалғыз ешкісін алып келіп, Халима тәтемнің тойына сойдырды. Тоқтасын әже Нұршайық нағашымның жақын жеңгелерінің бірі екен.
Міне, менің есімде осы оқиға сақталып қалды.
Екінші есімде қалғаны Халима тәтемнің жалаңаяқ балшық басқаны. Халима тәтемді ауылға келін етіп түсіргеннен кейін Әзілхан нағашым Ақсуат жаққа жолаушы кетіп қалды. Семейдің газетінде қызмет істейді екен, соның жұмысымен кетіпті.
Нағашым жолаушы кеткенде Халима тәтем менің шешем Нұршадан үйдің іші-сыртын қалай сылаудың жайын сұрайды. Шешем жер ойып, топырақ көп сытып, балшық басу керектігін айтады.
Халима тәтем балшықты қалай жасауды сұрайды, шешем айтып түсіндіреді.
Нағашымның үйінің қасында құдық бар болатын. Халима тәтем мен менің шешем екеуі сол құдықтың қасынан кішкентай шұңқыр ояды. Соған құдықтан алып, су құйып, Халима тәтем жалаң аяқтанып балшық басуға кіріседі.
Осы кезде шешем далада ойнап жүрген мені тауып алып:
— Бар, барлық балаларды жинап әкеліп, Халима тәтелеріңе балшық басуға көмектесіңдер, — деді.
Мен шапқылап жүріп, ауыл балаларын жинап, нағашым үйінің қасына келдік. Келсек, Халима тәтем көйлегінің етегін түріп алып, жалғыз өзі балшық басып жүр екен.
Күп беріп, бірнеше бала шұңқырға түсіп кеп кеттік. Халима тәтеме орын болмай, шұңқырдың шетіне шытып кетті. Біз ойнап, атша шапқылап балшық басып жүрміз. Бір кезде менің шешем:
— Болды, балшықтың иі қанды. Енді ойындарыңа жүре беріңдер, деді.
Халима тәтем бізге алғыс айтып, басымыздан сипап, әрқайсымызды бетімізден сүйді. Халима тәтемнің кір-кір бетімізден сүйгенін керемет сыйлықтай көріп, аяғымызды шала жуып, ойнымызға қарай жүгірдік. Халима тәтем бәріміздің аяғымызға шелектен су алып, өзі құйып тұрды. Біз оған ұялып, кейбіріміз аяғымызды жумастан жүгіре жөнелдік.
Содан кейін менің шешем мен Халима тәтем екеуі біз басқан балшықтан алып, қолдарымен үйдің сыртын сылауға кірісті.
— Жас келін үйінің сыртын сылап жатыр екен! — дегенді естіп, бірсыпыра ауыл әйелдері білектерін сыбанып, Нұршайық нағашымның үйіне қарай ағылды. Оларды тағы да Тоқтасын әжем бастап келді.
Сөйтіп, 6-7 жыл сыланбай тұрған үйдің сырты сыланып, қара жалағы кетіп, әдемі болып қалды.
Тәтемнің сонда жалаңаяқ балшық басқаны, бет-ауыздары кip-кip ауыл балаларынан жиіркенбей бетінен сүйгені ұмытылмастай болып, есімде қалды. Әлі күнге дейін көз алдымда.
Содан кейін Халима тәтемдер қалаға көшіп кетті. Кетерлерінде нағашым мен Халима тәтем әкелерінің үйін Нұршайық нағашым өз қолыммен салған үйді бізге беріп кетті. Ол кезде біздің өз үйіміз жоқ, уақытша басқа біреудің үйінде тұрған болатынбыз. Әкем де әскерден қайтты. Біз қарық боп қалдық.
Сол үйде біз елу жыл тұрдық. Менің әйелім мына Майра келін болып, сол үйдің босағасын аттады. Екеуміздің 5-6 баламыз сол үйде дүниеге келді. Тек 1997 жылы ғана сол үйден шығып, Семейге көшіп кеттік.
Әзілхан нағашым 70-ке толғанда ауылға келді. Ат шаптырған үлкен той болды. Сонда өздерінің ескі үйлеріне, Халима тәтем сыртын өз қолымен сылаған үйге қонды. Қастарында Тұрсынбек аға Кәкішев әйелімен болды. Мен Тұрсынбек ағаға ат мінгіздім. Сол күні ауылда туған кіп-кішкентай қызға Халима тәтемнің аты қойылды.
Біз ауылда тұрғанда Халима тәтем бізге Алматыдан сәлемдеме салып, алма және балаларға киім-кешек жіберіп тұратын еді.
Халима тәтем қайтыс болыпты деп естігенде мен екі көзімнің жасына ие бола алмадым. Мына Майра куә. Халима тәтемнің жылына Семейден арнайы келдік. Қазір де көзіме жас келіп тұр.
* * *
Жамал ТОМАНОВ,
университет ұстазы
Халимамен он бес жыл бір үйде, бір подъезде көрші болып тұрдық. Осыншама жыл ішінде Халимадан бір ауыз артық сөз естіп, оғаш қылық көргеніміз жоқ, Жазушылар одағының үйіне жиналған қырық шақты отбасының ішінде ен сыйлы, құрметті көршіміз Халима болды.
Үйге бір көбірек қонақ шақырып, әлде бір той өткізіп жатсақ, ыдыс-аяқ, үстел-орындықтарды тек қана Халимадан сұрап алатынбыз. Халима қабақ шытпастан, ширақ қозғалып, сұрағандарымызды қолымызға ұстаған.
* * *
Зәуре ӨМІРБЕКОВА,
көршісі
Халима жұрттың бәрімен жылы сөйлесетін еді. Оның біреуге бір рет қабақ түйгенін көрген емеспін.
Бәріміз де жазушылардың әйелдеріміз ғой. Кейде күйеулеріміз сыйлық, атақ алса, біздің де өзгелерге шекемізден қарап, шіреніп қалатынымыз болады.
Ал Халима ешқашан асып-таспайтын. Күйеуім атақты болды деп күмпиіп кетпейтін. Күйеуі халық жазушысы болмағандай немесе лауреат атағын алмағандай, бетегеден биік, жусаннан аласа күйде жүретін.
* * *
Мағрипа (Мақыш) БАЙСЕЙІТОВА,
төрт дүркін қажы
Халиманың жылы жүзі мен жібек мінезінде өзгеше бір қасиет болатын. Сол қасиет жақынды жанына тартып, жатты туыс еткізетін. Соншама сабырлылығы оған оташ сөз айтуға мүмкіндік бермейтін.
Менің ерім Рымбек Байсейітов марқұм Әзекең мен дос болатын. Екеуінің сонау соғыс кезінде майданда басталған достықтары Рекең өмірінің соңғы сағатына дейін үзілген әзілдескен емес, қатты құрметтейтін.
Бірде мен Рекеңе:
— Басқа құрдастарыңның әйелдерімен аянбай әзілдесесің. Халимамен әзілдеспейсің ғой, — дедім.
Сонда Рекең:
— Халима әзілдің емес, ақылдың адамы. Парасатты кісінің қасында байыпты болу керек, бәйбіше, — деді маған.
Мен тақымдап қойдым
— Басқа құрдастарының әйелдері парасатсыз болғаны ма сонда? — дедім.
— Әркімнің парасаты әр түрлі ғой, — деді Рекең.
Сол парасатты досымыз, құрдасымыз, қымбатты Халимадан айрылып қалдық. "Топырағы торқа болсын!" дегеннен басқа не айтамыз. Өзім құран оқығанда: "Халима Қалиәкпарқызына да тие берсін!" ден үнемі дұға бағыштап отырамын.
IV ТAPAУ
АВТОГРАФТАР
І
Керейхан АМАНЖОЛОВ:
Қадірменді құдағи Халима! Құрметті Әзеке!
Өздеріңізге деген шынайы ізгілік көңілден. Сіздерге деген құрметпен Керейхан.
("Әскери терминдердің орысша-қазақша
түсіндірме сөздігі". 1982).
Керейхан мен Фарида
АМАНЖОЛОВТАР:
Ардақты құда Әзілхан, құдағи Халима! Өркендеріңіз өсіп, ел-жұрт ортасында жарқырап жүрулеріңізге тілектеспіз.