МӘҢгілік махаббат жыры» ҰлттыҚ Өнеге

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары — жастарды тәрбиелеудің құнды құралы болып табылады. Жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» атты шығармалары ұлттық тәрбиенің этнопедагогикалық үрдісі ретінде жастарды мөлдір махаббатқа, адамгершілікке, ерлікке тағы басқа ұлттық қасиеттерге баулып, оқушылардан жоғары баға алған болатын.

Оқырманның ақыл-ойына, қызығушылығы мен мүмкіндіктеріне сәйкес ерекше жазылған «Мәңгілік махаббат жыры» атты жазушының прозалық поэмасы — этнопедагогикалық құндылығы жоғары шығарма. Өйткені, бұл шығарма қазақ халқының салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп, жүрегіне қабылдаған қазақ қызы, адал жар, аяулы ана, халық таныған қадірлі тұлғаны оқырмандарының сезімін серпілтіп, жан дүниесіне жеткізіп, көзіне көрсетіп баяндайды.

Ен әуелі сүю, сүйісу, махаббаттық талғам, өмірге жауапкершілікпен қарап, шаңырақ көтерудің мәні мен маңызы шығармада жан-жақты әрі шынайы көрсетіледі. «Махаббат тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» деп, Абай дана айтқандай, Әзекең құдіретті махаббаттың ұшқыны, оты, жалыны, мәңгі жануы тұрғысында өмір көріністерін байыпты баяндап, «бала махаббат», «шала махаббат», «мәңгі махаббат» жөнінде философиялық ойларды оқырман санасына оңай жеткізеді.

Жазушының жансаясы Халима өзінің лапылдаған махаббаттық сезімін жалындаған жүрегінде толқыта жүріп, болашақ бас иесінің мархаббаттық болмысын, махаббаттық отын анаша қастерлеп, ол құндылықтардың жарық шамын жаға біледі.

«Махаббат — өмір қуаты» дейді жазушы. Халиманың махаббаты — мәңгі махаббат. Сол мәңгі махаббаттың құдіреті 54 жыл бойы халық жазушысын таудай биік мақсаттарға жеткізіп, отыз жыл бойы күн сайын мазалаған ажал апатынан аман алып қалады, жазушының редакторы, корректоры, сыншысы, қамқоршысы болады. «Махаббатымыз мені өлмеуге мәжбүр етті» дейді автор.

Халима — халық педагогикасын (этнопедагогиканы) бойына сіңіріп, жүрегінен өткізіп өскен қыз, жар, ана, ару ана. Оның инабаттылығы, имандылығы, ізеттілігі, адамгершілігі, аналық қасиеттері — жоғары. «Ұят» деген сөз — Халиманың ұраны дейді жазушы. Сөйтеді де жастарды әдептілікке, әдемілікке үйретеді. Жазушы ұят — ұяңдық емес, оның негізі ар, намыс, абырой деп көрсетеді.

Аяулы ана, сүйікті жар, елжіреген ене — Халима аналық міндеттері мен борышын аса жауапкершілікпен атқарған адам. Ол кейбір әйелдер сияқты мұң шаққыш, немесе жылауық, немесе күлкішіл емес, сабырлы, салауатты, саналы жар. Ол өз бойындағы тамаша таланттарын махаббат жолына жұмсаған ерекше тұлға. Халима—қадірлі қарым-қатынастары мен сыйласымдығы арқылы ел анасы дәрежесіне көтерілуге бейім кейіпкер. «Халиманың ересен моральдық, әйелдік, аналық, даналық ерлігін мен ешқашан ұмытпаймын» дейді жазушы.

«Халима жеңгеміз Сіздің сүйікті жарыңыз болу арқылы ұлтымыздың ұлағатты аналарының деңгейіне көтерілген аяулы жан еді» — дейді Мұхтар Шаханов. Дұрыс айтады!

Жазушы Халиманың үлгі-өнегесін оқырманға былайша баяндайды: «Су сұрасам — сүт, қарта сұрасам — қазы, жая сұрасам — жал беретін еді Халима. Жанынан жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған. Ойымды жалғап, өрісімді кеңейтуші еді менің. Сөйлесек әзіл, күлсек күлкіміз таусылмайтын еді... Барлық әйел бағалы! Әйелдер — ең ғажайып дүние!.. Әр еркекке өз әйелінен асқан ару жоқ, асыл жоқ... Әр әйел өз отбасының алтын Күні!»

Халиманың мінез-құлқы да — басқа аналарға үлгі: «Халима үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын еді. Балаларын айтпай аялап, менің ішімдегіні білдірмей білетін еді. Үйге келген, кеткен кісінің не ойлағанын сездірмей сезетін еді. Олардың досын да, қасын да құрметпен шығарып салатын».

Жазушының осы бір сөздерінен этнопедагогикалық тәлім, этнопедагогикалық өнеге байқалады.

Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін дәріптеп, жазушы:

— Еркектер! Әйелдерді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық өз әйелің ғана.

— Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялаңдар, ардақтаңдар... ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.

— Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер, аялаңдар, абыройын төкпеңдер... Мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар, дейді. Бұл сөздер қазақ этнопедагогикасының өзекті түйіндері болып табынады.

Жазушы жастарға: «Аппақ қардай ақ махаббат болсын. Қыздар пәктіктеріңді сақтандар, пәктігі жоқ адамдарда мәңгілік махаббат болмайды» — деп өсиет айтады. Бұл — құрғақ өсиет емес, өмір тәжірибелерін сипаттай отырып айтылған ұлы сөз, өрнекті өнеге.

«Махаббат — жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі. Осы төртеуінің тұтастығы! Сезімді ақылға билету керек. Әсіресе, қыздар сезімін шынжырлап ұстау керек. Ұятты біліңдер... Мен ұят деген ұлы күш деп санаймын... Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын. Адам рухының ұлы күші Махаббат жасасын! Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын!» — деп жазушы жастарға ұлттық ұлағатты тәрбие береді.

«Мәңгілік махаббат жыры» жазушының өз жары туралы естелігі ғана емес, тәлімді тәсілдер арқылы жазылған ұлттық педагогикалық (этнопедагогикалық) құнды дүние. Бұл шығармасы арқылы жазушы оқырмандарды (қазіргі және болашақ оқырмандарды) адамгершілікке, достық, махаббаттық сезімге, отан сүйгіштікке, еңбек сүйгіштікке, имандылыққа, ізеттікке, сыйласымдыққа, татулыққа, парасаттылыққа, салауаттылыққа, саналыққа тәрбиелейді.

Көркем шығармашылық болмысы басқаша, поэзиялық саладағы лирикалық сарыны өзгеше (жоқтау) шығарманы байыппен бағалап, этнопедагогикада пайдалануға әбден болады.

Әдібай ТАБЫЛДЫ,

ақын, жазушы,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор.

2007ж.

* * *

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса қадірлі Әзілхан Нұршайықовқа Ақиқат пен Аңыз есімді екі ұлдың анасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің доценті Лима Әділбекқызы ЖАКЕЕВАДАН

ХАТ

Дүниеге келген әрбір ұрпаққа аға-анасы, сондай-ақ бүкіл ауыл-аймақ адамдары жиналып, үлкен ой елегінен өткізіп ат қойып жатады. Олар болашақ балаларының халқына адал, мейірімді, дәулетті, іскер, айбатты, батыр, бауырмал болғанын қалап, Әділ, Мейірман, Дәулет, Айбар, Айбын, Бауыржан т.б есімдер беріп жатады.

Балаларымызға Ақиқат пен Аңыз есімі неге қойылды?

Мен жас кезімнен кітап оқуға құмар болып өстім. Ауылдағы екі кітапханадан үзбей кітап алып оқитынмын. Кітапханаға құмарлығымды байқаған кітапханашы апай ара-тұра кітап конференциясына ат салысуға, пікір таластарға қатыстыратын. Сүйіп оқитын кітаптарымның ішінде Сіздің «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Автопортреттер» кітаптарыңыз да бар еді. Бұл кітаптардың ерекшелігі тәрбиелік мәнінің жоғарылығында еді.

ҚазМУ-дың студенті болып жүргенде Батыр ағамыз Бауыржан Момышұлымен кездесу ұйымдастырылды. Ұмытпасам, 9-шы мамыр қарсаңы болатын. Сол кездесуге қазіргі өмірлік серігім Ербол екеуміз бардық. Кездесуге аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы ағамызбен бірге, Совет Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Рейхстагке ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев батыр ағаларымыз келді. Батыр ағамыз бойын тік ұстайтын, өр тұлғалы, айбынды адам екен. Бірден кездесу кешінің тізгінін өзі алып, кешті өзі жүргізіп отырды. Тік мінезі мен өзіне тән қаталдығы ара-тұра байқалып отырды. Бұл кездесу туралы ойларымызды біраз уақытқа дейін қызу талдап айтып жүрдік.

Әр қырлы, кез-келген адаммен сөйлесе бермейтін ерекше тұлға жайында «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын жазу үлкен ерлік екенін бүкіл оқырман қауымы мойындайтыны сөзсіз.

Тұңғышымыз дүние келгенде, перзентханада жатқанда, Алланың әмірімен Ақиқат есімі бірден көңіліме оралды. Бұл ойымды жолдасым Ерболға білдіргенімде, ол дұрыс қабылдап, қарсылық білдірген жоқ.

Ақиқат есімі ойыма оралғандығы біріншіден, әрине сіздің роман-диалогыңызды оқығаннан кейін,екіншіден—шындықты сүйетіндігімнен болар. Менің әкемнің аты Әділбек, өз есіміне сай өтірік айтуды білмейтін, мінезі ауыр ауыл адамдарынан сыйлы жан еді. Оның үстіне білім берген ұстаздарымыз да адалдыққа, шынайылыққа тәрбиеледі. Осылардың барлығы да өміріміздің нысаны адалдық пен шындықты бағалау болып, ақиқатты ту етіп ұстау мақсатымызға айналып, ол тұңғыш ұлымыздың есімін Ақиқат деп қоюға әкелді.

Ақиқаттан кейін біраз жыл жолдасым Ербол екеуміз де ғылыммен айналыстық, өмірде кездесетін кедергілер мен қиындықтарды жеңуге тура келді. Осы кезеңдерде екінші бала туралы ойламаппыз. Сонда құрбы-құрдас, дос-жарандар: Аңыз дүниеге қашан келеді? — деп әзілдейтін.

Араға он төрт жыл салып, ертегідей Аңыз келді өмірге. Енді аналық тілегім — Ақиқат пен Аңыз халқының адал перзенті болып, өмірден өздеріне лайықты орнын тауып, бақытты болса екен деймін!

Аса қадірлі Әзілхан аға!

Сізді халық жүрегіне жол тапқан тамаша шығармаларыңыз арқылы құрметтейтін болсам, енді ұлым Аңыздың «Тілашар» тойынан кейін Сізге деген құрмет мың мәрте арта түсті. Сіз шын мәнінде, елмен бірден қоян-қолтық араластыңыз да кеттіңіз. Сіздің қарапайымдылығыңыз сол жерде болған барлық халықты тәнті етті. Сіздің әрбір сөзіңіз, берген бағаңыз «Тілашар» тойын рухани биік деңгейге көтерді.

Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

Сізге деген зор құрметпен және ізгі ниетпен

Жакеева Лима ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ.

15.05.2007жыл.

* * *

Наши рекомендации