Сөйлегендердің сөздерінен 3 страница

Содан кейін белді бекем буып, Асқар деген жеті жасар ұлымды қасыма ертіп, Алматыға тарттым. Талдықорғаннан автобуспен келіп, алдымен Жазушылар одағына кірдік. Ол жердей Әзілхан ағаның әдірісін, телефонын сұрап алдық.

Мир көшесімен жоғары өрлеп келе жатырмыз. Ол кезде ағалар Мир көшесінде тұратын. Қазір Бейбітшілік көшесі деп ағалады ғой. Ішім алай-дүлей. "Әзілхан аға үйде бар ма екен? Жоқ болса, жеңгей бізді үйіне кіргізе ме? Есігінен де қаратпай қуып жібермей ме?" деп ойлаймын. Жүрегім лүп-лүп соғады. Бірақ, жазушы ағаның үйіне бірден баруға бата алмадым. Алдымен көшедегі автоматтан телефон соқтым. Трубкадан "Иә" деген әйел дауысы естілді. Сәлем бердім.

— Өзің де сәлеметсің бе, қалқам? — деді жаңағы дауыс.

Барқылдап-шарқылдаған сүйкімсіз, тәкаппар дауыс емес.

Жібектей жұмсақ, мамықтай майда үн. Әсіресе, танымайтын кісіге "қалқам" деп сөйлегені жүрегімді жібітіп, үмітімді күшейткендей болды.

— Бұл Әзілхан ағаның үйі ме, апай? дедім содан соң.

— Иә, айналайын.

— Ол кісі үйде ме?

— Үйде жоқ. Бірақ, қазір келеді. Шаруаң бар ма еді?

— Бар еді, апай.

— Бар болса үйге кел. Біздің әдіріс мынадай: Мир көшесі, 159 үй, 21-пәтер. Ортадағы подъездің екінші қабаты.

Апай үйге кел деп тұрса да мен қуанғанымнан:

— Баруға бола ма? — деппін.

Апай күлді.

— Неге болмасын? Кел, қалқам, — деді.

Есікті апайдың өзі ашты. Орта бойлы, аққұба өнді, жүзі жарқын, жымиысынан жылу шашып тұрған кісі екен. Бетіңе бақырайып, бажырая қарамайды. Қоңырқай қой көзінің сәулесін шаша ұлым екеуміздің бетімізді биязы шолып өтті де, бізді төрге шығуға шақырды.

— Өзіңді жалғыз келген екен десем, қасында кішкентайын бар екен ғой, — деп Асқарды басынан сипады.

Біз төрге шығып, жайғаса бергенде есік қоңырауы қайта шылдырады. Әзілхан ағаның өзі екен. Әзілхан ағаны құшақтап, мен жылап жібердім. Баймолда ағамның өзін көргендей болып, егіліп кеттім.

Содан кейін ағай мен жеңгейге жайымды айттым. Жайымды айтқаннан кейін жеңгей, Халима тәтем, орнынан тұрып, Асқар екеумізді кезек құшақтап, бетімізден сүйді. Бетімізден сүйіп жатып, өзі де жылап жіберді.

Бұл түс кезі болатын. Бәріміз отырып, шай іштік. Әзілхан аға Баймолдамен соғыста бірге болған барлық жайын айтты. Әзілхан аға зеңбірек командирі, Баймолда ағам зеңбірек көздеушісі екен. Екеуінің зеңбірек расчеты шабуылға шытып келе жатқан немістердің бір танкісін жайратып, зеңбірек қасында өртенген танкке қарап, қуанып тұрады. Сол сәтте неміс снайперінің оғы сарт етіп, Баймолда ағаның маңдайына тиеді. Баймолда ағаны қойып болғаннан кейін, бір әредікте, Әзілхан аға Баймолданың әкесіне болған жағдайды айтып, қайғылы хабар жібереді.

— Сол хатыңызды әкем өле-өлгенше сақтап, өлгенде өзімен бірге алып кетті, — дедім мен.

Әзілхан аға басын шайқады.

— Шіркін, әке мен шеше өз өзегінен шыққан баласын өлдіге қалай қисын? — деді.

Шай ішіп болып, әңгімеге қанғаннан кейін Асқар екеуміз қайтуға ыңғайландық.

Тәтем жібермеді.

— Жоқ, кетпейсіңдер. Баймолда ағаларының сыбағасын асамын. Соны жеп, қонып, ертең бірақ кетесіңдер, егер асықсаңдар. Бұл туған ағаңмен дос болған тумаған ағаларыңның үйі. Осы үйде аунап - қунап жағасыңдар, — деді.

Ертеңінде Халима тәтем Асқар екеумізді дүкенге ертіп апарды. Алдымен "Детский мирге" бардық. Одан тәтем Асқарға шақ кішкене костюм сатып әперді. Басқа бір дүкеннен маған көйлек, ағайым Шайыққа — Баймолда ағаның туған інісі, оның да фамилиясы Қанапиянов — костюм сатып алды. Түстен кейін Алматының көк базарын араладық. Кешке аткөпір жеміс-жидек, тағы басқа тәттілер сатып алды. Кешке тәтемнің үйіне тағы қондық.

— Кеше ағаларыңның, қонағы болдыңдар, бүгін менің қонағым боласыңдар, — деді тәтем.

Ертеңінде тәтем автовокзалға өзі бірге келіп, ұлым екеумізді Талдықорған баратын автобусқа отырғызып қайтты. Рейс автобусының қасына келгенде мен көзімнен жас шығып, жылап тұрдым. Осындай қымбат адамның қасынан біз, амалсыздан, аттанып кеттік. Сол жолы өлді деген, өлген ағамның орнына Әзілхан ағадай аға тауып, ағамен қоса Халима тәтемдей асыл жеңге тауып қайттым.

— Қалқам, Зейнеп, енді бізді туған аға -жеңгендей көр, — деп апай қоштасарда Асқар екеуміздің бетімізден кезек сүйді.

Шынында да Халима тәтем туған жеңгемізден артық болмаса, кем болған жоқ. 20 жыл мен аға мен тәтенің қызы болдым.

Алматыға көшіп келгеннен кейін жылына екі рет аға мен тәтенің үйіне қонаққа келетінбіз: 9 мамыр Жеңіс күні және 15 желтоқсан — ағаның туған күні! Осы екі күнде біз, Сейдахмет екеуміз, күйеуімді айтамын, Тұрсынбек аға мен Күбіра жеңгеймен ылғи осы үйде жолығатынбыз. Халима тәтем Тұрсынбек ағаны "бауырым" деп ағасы, Сейдахметті ылғи "Секе,Секе" деп кетті. Өкіл күйеу баласын өз күйеу баласындай бауырына тартты.

Бұл — тәтемнің адамгершілігі туралы бірінші әңгіме. Ол кісінің ұстамдылығы жөнінде ерекше есімде қалған тағы бір әңгіме бар. Енді соны айтайын.

Бір жолы біз 9-мамырда Тұрсынбек аға бәріміз тағы да аға мен тәтемнің үйінде бас қостық.

Сонда Тұрсынбек аға Әз ағаның көңіліне ауыр тиетін сөз айтты. Әдейі айтты ма, әлде әзілі ме, білмеймін. Былай деді:

— Сіздер 9-майда немістерді жеңіп келдік деп күпиіп жүрсіздер ғой. Бірақ, жеңбей-ақ, жеңілгеніміз дұрыс болатын еді. Онда біз енді байып, жырғап отыратын едік.

Осылай деді.

— Шын айтасың ба? — деді Әзілхан аға.

— Шын! — деді Тұрсынбек аға ежірейіп.

Әзілхан ағаның өмірі ашуланғанын көрген жоқ едім. Сол жолы қатты ашуланды.

— Бұл соғыста менің әкем өлді, ағам оққа ұшты. Мына отырған Зейнептің ағасы Баймолда сияқты талай боздақтар опат болды, — деді аға мені саусағымен нұсқап. — Бұл Жеңіс солардың қанымен келді. Ендеше Жеңіс күнін қалай аузың барып жамандайсың? Өз үйінде соғыстан мұрны қанаған бір адам болмағандықтан солай дейтін шығарсың. Сондықтан Жеңіс тойын тойлағың келмейтін болар. Онда есік әне, деп аға қатуланып есік жақты нұсқады.

Тұрсынбек аға:

— Кетсек кетеміз, — деп копавдап, орнынан тұруға ұмсынғандай болды.

Сол кезде әшейінде көп үндемейтін Халима тәтем сөзге араласты.

— Отыр, Тұрсынбек. Ешқайда бармайсың. Егер менің бауырым екенің рас болса, онда орныңнан қозғалмайсың! — деп бір тоқтады.

Сабырмен бастаған сөзін содан кейін ары қарай жалғады.

— Бұл Жеңіс жалғыз біздің ғана емес, миллиондардың қанымен келген жеңіс қой. Мұны ешкім де жамандай алмайды, егер бір ақыл-есі аздау адам болмаса. Оны менің бауырым білмейді дейсің бе? Егер Жеңіс болмаса менің бауырым доктор, профессор деген түсіне де кірместен басы таз болып, құрттап-биттеп жүретін еді Ақмоланың бір сайында. Бауырым оны да біледі. Қазақта әзіл, қалжың деген тамаша дәстүр бар. Сол дәстүр бойынша, әрі апам мен жездемнің нервісін тексерейін деп бір ауыз айтқан әзілі болар бұл. Отан шамданудың реті жоқ. Бұл бір. Қазір қит етсе Кеңес үкіметін жамандау әдетке айналып бара жатқан жоқ па? Мен Кеңес үкіметін ешқашан да жамандай алмаймын. Кешегі үлкен аштықта мені, мен сияқты талай балаларды аман алып қалған Кеңес үкіметі болатын. Сондықтан да мен Отанымды қорғаймын деп он жеті жасымда соғысқа бардым. Өз үлесімді қостым. Егер Кеңес одағы жеңілсе, менің алтын бауырым фашистердің малайы болып, көзіне көк шыбын үймелеп жүрер еді. Соны Тұрсынбек түсінбейді дейсің бе? Түсінеді, әрине. "Сынықтан өзгенің бәрі жұтады" дегендей, Кеңес өкіметін жамандау сырқатының микробы менің бауырыма да жұққан болар. Бірақ, шындық деген дәрінің күшімен ол микроб өледі ертең. Сонда бауырым кеңестік жүйенің де жаман болмағанын зерделейтін болады. Бұл — екі.

Тәтем тағы да тоқтады. Біз тәтемнің сөзін сілтідей тынып, тыңдадық. Тәтем сәл тоқтап, тағы да сөзін әрі қарай жалғады.

— Бір ауыз сөз қате айтылған екен деп қарысып қалудың жөн і жоқ. Екеуің университетте бірге оқыған ежелгі дос сындар. 40 жылға созылған ол қасиетті достықты оп-оңай үзе салуға болмайды. Оған біз, Күбіра келін екеуміз руқсат етпейміз. Солай ма, Күбіра? — деп тәтем Тұрсынбек ағайдың үйіндегі жеңгейге қарады.

— Әрине, солай! — деді Күбіра жеңгей Тұрсынбек ағаға ала көзімен бір қарап қойып.

— Солай болса, мен осы тосты біз майданда жүргенде арқа еті арша, борбай еті борша болып, егіс даласында өгіз жетектеп, қырманда астық басып, күзде өгіз арбамен элеваторға астық тасып, осы Жеңіске жетуімізге көмектескен ел адамдары үшін, солардың ішінде өз бауырым Тұрсынбектің денсаулығы үшін көтеремін. Тауысып ішулеріңізді сұраймын рюмканың түбінде өшпенділік тамшысын қалдырмай, — деді тәтем.

Мен әшейінде көп үндемейтін тәтемнің киын жерде қапияда ой тауып, өзінің жұмсақ дауысымен сонша ақылды сөздер айтқанына таң қалдым. Тәтемнің бұл бұйрығын орындамау мүмкін емес еді. Бәріміз рюмкаларымызды сыңғыр - сыңғыр соғыстырып, ішіндегі шараптың бір тамшысын қалдырмай жұтып салдық.

Содан кейін тәтем қайтадан сөз бастады.

— Енді ағасы мен інісінің бірі - бірімен қол алысып, татуласуын сұраймын. Әзілханның қолын мен создырамын, Тұрсынбек бауырымның қолын сен создыр, Күбіра, — деді.

Тәтем де, Күбіра жеңгей де орындарынан тұрып, егескен екі ағамның алақандарын түйістірді.

Содан кейін дастархан басында татулық орнап, бәріміздің көзіміз күлімдеп, көңіліміз жадырап қалды.

Осыдан сонда Тұрсынбек аға, тағы басқаларымыз аға мен тәтемнің үйінде талай рет бас қостық. Әзілхан аға мен Тұрсынбек ағаның достығына титтей сызат түскен жоқ. Қайта олардың жүректері бұрынғыдан да жымдаса түскендей болды. Соның бәрі Халима тәтемнің ақылдылығының арқасы еді.

Жалғыз Тұрсынбек аға ғана емес, басқа да талай үлкен ағалармен Әзілхан ағамды жарастырып отырды Халима тәтем.

Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын ағаның "Жұлдыз" журналында жарияланған "Өткелдер" деген романын оқыдым. Сонда бірсыпыра атақты ағалардың Әзілхан ағаға жасағандары айтылған. Ағаны партиядан шығартпақ болып, Жазушылар одағынан қаңғыртып қуып жіберген. Халима тәтем сонда соларға тіл тигізбей, тым-тырыс жүруге шақырған. Аға тәтемнің тілін алған. Артынан үлкен ағалар өз қателерін түсініп, Әзілхан ағаның кітаптары сыйлыққа ұсынылғанда қолдаушы болған. Егер аға тәтемнің айтқанын тыңдамай, оларға тіл тигізсе, ол қуатты ағалар Әз ағаңа Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты бергізер ме еді? Жоқ, бергізбес еді.

Сол сыйлықты алғанда ағатай сойып, той жасап, сол өзіне қиянат қылған үлкендерді үйіне шақырған. Әрқайсысына сый сияпат көрсеткен. Егер тәтем жаман әйел болса:

"Адыра қалсын ол ағаларың. Оларды мен үйіме кіргізбеймін. Солардың кесірінен сен екі жыл жұмыссыз жүріп, бала-шағамыз аштан өле жаздаған жоқ па. Сені партиядан шығартпақ болып, шығара алмай, Жазушылар одағынан қаңғытып қуып жіберген де солар емес пе еді!" — деп кіжініп шыта келер еді ғой.

Тәтем өйтпеді. Ақылдылық деген сол емес пе?!

Сол романда тәтемнің осындай асыл қасиеттерін айтқаныңыз үшін Сізге мың рахмет, аға.

Одан кейін тәтемнің қырқында сөйлеген сөзіңізді журналға бастырып, тәтемнің ұлтқа үлгі болатын қасиеттерін жұртқа жария еттіңіз. Осы үшін сізге тағы да мың рахмет, аға.

Тәтем жақынды жанына ұстап, алысты аясына алумен де көпке қадірлі болды ғой.

"Елдестірмек — елшіден, жауластырмақ — жаушыдан" демей ме қазақ. Қазіргі "елші" де, "жаушы" да әйел ғой. Жаман әйелдің жауластырып отыратыны өтірік пе? Шын ғой!

Мінеки, менің тәтем туралы айтатын естеліктерім осы. Халима тәтемнің барлық дарыны барша қазақ әйелдеріне дарысын деп тілеймін.

Айтпақшы, бір сөзді ұмытып бара жатыр екенмін. Тәтем 1997 жылы ауруханаға жатарда жасатқан алтын сақиналарының бірін маған сыйлаған.

— Сен де менің қызымсың, көзімдей көріп жүр, деген.

Қайран тәтем!..

* * *

Тоқан ӨЗІХАНОВА,

Халиманың немере апасы

Қазіргі Абай ауданында Жүрекадыр деген жер бар. Тегі, биіктен қарағанда жүрекке ұқсайтын болуы керек. Сондықтан солай аталған шығар. Соның етек жағын жиектей Құндызды деген өзен ағады. Тегі құндызы көп болған болуы керек. Бала күнімізде Жүрекадыр жақ жағада тұрып, өзенде жүзіп жүретін, бастары күшікке ұқсайтын бір мақұлықтарды көретінбіз. Үлкендердің құндыз деп жүргендері сол екен. Біз солардан аяғымызды тістеп алады деп қорқатынбыз. Анда-санда соған шомылуға барғанда, күн ыстықта, жағада тұрғандарымыз:

— Әне, құндыз келе жатыр, — деп су ішіндегілерді қорқытатынбыз. Олар бақырып, судан шыға қашатын. Тек Халима ғана қорықпайтын.

— Құндыз жылан емес, ол кісіні шақпайды, — деп шомыла беретін.

Сонда Халима кішкентай болса да бәрімізден естияр еді. Жыланның шағатынын, құндыздың шақпайтынын қайдан білді десеңші титімдей болып.

Сол Жүрекадыр да Қарахан ағамыздың үш баласы Темірхан, Өзбақан, Өзіханның қыстауы болатын. Бала-шағаларымен бірте олардың бәрі бір ауыл болып, сол жерде отыратын. Сондықтан оларды Жүрекадыр ауылы деп атайтын.

Шіркін, жері қандай жақсы еді. Айналасы көкорай шалғын. Жеміс-жидек дегендер тұнып тұратын. Тоғай деп аталатын аласа ағаштардың басына мойыл, қарақат өсетін. Жазда ауылдың бар балалары жиналып барып, жеміс теретінбіз. Тергеннен бұрын аузымызға салуымыз көп болатын. Сондықтан үйден әкелген ыдыстарымызды толтыра алмай, орта етіп, тіпті, кейбіреулерміз бос алып қайтатынбыз. Өз тойғанымызға мәз болатынбыз.

Сонда ортамыздағы кішкентай Халима ғана кішкентай ағаш шелегін жеміске толтырып, үйге алып қайтатын және біз сияқты ырғалып-жырғалып жүрмей, қолы жып-жып етіп, шапшаң теретін. Біз сияқты ананы-мынаны сөз етіп, тұрып та қалмайтын. Қолына ілінген жемістің бәрін аузына емес, шелегіне салатын. Өзі содан бір-екеуін алып жесе - жейді, жемесе тұтас үйге алып қайтатын.

Халиманың шешесінің аты Зауқия болатын. Кейін Зәукен атанып кеткен. Өте сұлу, екі көзі қарақаттай мөлдіреген, екі беті аппақ кісі еді.

Зәукен жеңешем өте ісмер кісі болды. Өзінің іс машинасы болды, қолымен айналдыратын. Сол машинасымен ауылдың бар жұмысын атқаратын: көйлек-дамбал, бешпет, тон тігіп беретін. Неше түрлі өрнектер салып, сырмақта сыритын. Тіпті, кейбіреулердің өзеннен ұстап алған құндыздарының терісінен малақай да тігіп беретін. Ал кесте тігіп, биялай тоқығанда қолы - қолына жұқпайтын. Соның бәрін елге текке істеп беретін. Бір тиын ақы алмайтын.

Сол жарықтық жеңгеміз Халиманы үш жасынан іске үйретті. Халима шешесінің қасында отырып, ол тіккен киімдерді қиюластырып, титімдей саусақтары майысып отырып, ине шаншатын. Халима құрастырған қиықтардан Зәукен жеңешем отан кішкентай көрпешелер тігіп беретін. Халима оны қыздарға үлестіретін. Сол кішкентай құрақ көрпешенің біреуі маған да тиген.

Содан бара-бара Халима қуыршақ тігуді үйренді. Шешесінің қасында отырып тіккен қуыршақтарын үй сыртында ойнап жүрген бізге әкеліп көрсететін. Біз қызықтап, бір-бірден сұрап алатынбыз. Халима сұрағандардың бәріне бере беретін. Өзіне жетпей қалса:

— Мен жаңадан тігіп аламын ғой, — дейтін.

Халимадан екі-үш жас үлкен біздің қолымыздан ине шаншу келмейтін.

Біз Халима тіккен қуыршақтарға ат қоятынбыз: Бикен, Аман, Тоқан, Халима, Дәмелі деп, өз ауылымыздағы қыздардың аттарымен атайтынбыз. Бір-бірімізді сол қуыршағымыздың атымен шақыратынбыз.

— Әй, Бикен, бері кел.

— Эй, Аман, сен қайдасың? дейтінбіз.

Сонда біз қуыршағымызды жоғары көтере ұстап, шақырған қыздың қасына жетіп баратынбыз.

Бір күні үй іргесінде 4-5 қыз қуыршақ ойнап жүр едік. Қарахан ағамның бейітінің бер жағындағы Шілікті сайындағы бастаудан Зәукен жеңешем иінағашпен су алып келе жатыр екен. Біздің қасымызға келгеннен кейін иінағашын иығынан түсіріп, екі үлкен ағаш шелекті жерге қойды. Ол кезде темір шелек сирек кездесетін.

Біз: "Әй, пәленше, әй, түгенше!" деп өзімізді қуыршақ атымызбен шақырып жүргенбіз. Соны естіп турды да, жеңешем:

— Қалқаларым, қуыршаққа кісінің атын қоймаңдар, деді.

— Неге, тәте? — дедік біз.

— Өлгенде сендерді ат қойған қуыршақтарыңа жан салыңдар деп қинайды.

— Кім, тәте?

— Періштелер.

— Оны кім айтты?

— Өзімнің әкем айтқан, қалқаларым.

Осыны айтты да, шелектерін қайта көтеріп үйіне қарай кетті.

Зәукен тәтемнің әкесі Ақмолла деген атақты кісі болатын. Сақал-шашының бәрі аппақ. Өзі де аппақ кісі еді. Үстіне тек қана ақ киім қиетін: ақ шалбар, ақ бешпет, ақ шапан. Молда сияқты. Бірақ, басына сәлде салмайтын. Астына ақбоз ат мініп жүретін.

Үнемі бір үлкен кітапты қолтығына қыстырып жүреді. Онысы құран ба, не екенін білмеймін. Бірақ, ол кісі молда емес еді. Өлген-жіткенге жаназа шығармайтын. Бірақ, ауыл ол кісіні молдадан да жоғары бағалайтын.

Ауыл адамдары ол кісіні:

— Айтқаны дәл келеді.

— Күн ыстықта Аягөздегі бұлтты шақырып, Жүрекадырдың үстіне жауын жаудырып береді.

— Жүрекадыр жауыннан көз ашпай қалса, төбедегі бұлтты Семейге қарай аунатып жібереді, — десіп таңданысатын.

Сөйтіп ол кісіні бүкіл ауыл қатты сыйлайтын. Біздің ауылға, Қалиәкпар ағама ұзатқан қызы Зәукен тәтеме анда-санда келіп жүретін.

Зәукен тәтем қуыршақтарға ат қоюға болмайды деп әкем айтты деген соң біз жым болдық. Көз алдымызға ақбоз ат үстінде келе жатқан Ақмолла аға елестеді.

Біз содан кейін қуыршақтарға ат қоймайтын болдық.

Біз, кішкентай қыздар бәріміз, көбіне сыртқа шығып, үй маңында ойнап жүретінбіз. Ал Халима шықпай, көбінесе шешесінің қасында қалатын.

Мінеки, Халиманың шешесі мен нағашы ағасы осындай кісілер еді.

Осы арада Ақмолла ағамыздың қызы Зәукеңді қалай емдегенін де айта кетейін. Бір жылы Зәукен тәтем екі аяғы сал болып, қозғала алмай, жүре алмай қалды. Өздеріне бір фабриканың қызметін атқарып отырған ондай кісінің мұндай ауруға ұшырағанына ауыл қатты қамықты. Сол кезде, қызының ауырып қалғанын естіп, ауылға Ақмолла ағамыз келді. Он бес күн қызының қасында болып, емдеп, жазып кетті. Зәукен жеңешем ұршықша иіріліп, өзінің ісмерлік қызметін жалғастыра берді.

Аштық жылы Жүреқадыр жұртының адамдары шұбырып Аягөзге қарай аудық. Жалаңаяқ, жалаңбас, қажып келіп, қаланың шетіне іліндік. Аягөздің сырт жағына ауыл күрке тігіп жайғасты.

Алдымен Халиманың әке-шешесі және екі бауыры қайтыс болды. Бір үйлі жаннан Халима мен Ханымхан деген кішкентай сіңлісі ғана қалды. Екеуін де үкімет қолма-қол приютка алды. Приютта балаларға тамақты жақсы берді. Сонда Халима өзіне тиген күндік наның жартысын жырып менің шешем Доғарта әкеп беретін еді. Апам оны бізге оймақтай-оймақтай етіп, бөліп беретін. Кішкене сіңлісін қасынан қалдырмай, қолынан жетелеп жүретін. Халима оны бір минут көзінен таса қалдырмайтын.

Аягөз сыртындағы күркелердегі адамдар бірінен соң бірі өліп жатты. Тірі қалғандарымызды "аткөшек" деп, пойызбен Сібірге жөнелтті. Сол жақтың астығы мол, наны көп екен десті. Расында да солай болды. Сол жақтағы Улан-Уде деген қаланың маңында Сібірдің нанын жеп, аман қалдық.

Содан біз сол жердегі колхозда сегіз жыл тұрдық. Сегіз жылдан кейін Сібірден қайта көшіп, Аягөзге келіп орналастық. Мен бой жетіп, он жеті жасымда күйеуге шықтым. Халиманы тірі,

Семейде оқу оқып жүр деп естідік. Содан кейін соғыс басталып кетті. Ел ұйқы-тұйқы болды. Халиманы өзі сұранып, әскерге кетіпті деп тағы естідік. Соғыс біткеннен кейін білдік: Халима тірі қалыпты. Семей жаққа қайта келіп, өзі сияқты бір пысық жігітке тұрмысқа шығыпты деп және естідік. Ол "пысық" жігіт осы Әзекең екен.

Содан көп жылдан кейін мен Халиманы Алматыда көрдім. Бала күнімізде қуыршақтарымызға Бикен, Аман, Тоқан, Дәмелі деп ат қоятынымыз бар емес пе? Сол Аман, Бикен, менің немере апайларым болатын.

Соғыс кезінде де, соғыстан кейін де Аман апайым екеуміз саудамен айналыстық. Бір жолы Халима Алматыда екен деп естідік. Әдірісімен іздеп барып, тауып алдық. Кезекті тауар алуға келгенімізде Халиманың үйіне түсіп жүретін болдық. Бір қайтыс болған үлкен бастықтың үйінде, Алматының ең орталық Сталин деген көшесінде пәтерде тұрады екен. Жанар деген қуыршақтай қыздары бар. Үйлері тар бір бөлме ғана. Біз сығылысып, сонда жатып жүрдік. Сонда Халима: "Үйіміз тар, неге келесіңдер?" деп бір рет те айтқан емес. Ренжіген жоқ. Әр келген сайын қабақ шытпай қарсы алатын.

Бір жылы Аманның әкесі Дүйсенбай ағамыз қылтамақ боп ауырып, емделуге Алматыға кетті. Алматыда Халиманың үйінде жатты. Одан кейін Байғабыл ағаның үйіндегі жеңгеміз ауырып, Алматыға келді. Онда да Халиманың үйінде жатып емделді. Солардың бәрі Халиманың қамқорлығын, жақсылап күткенін айтып, тәнті болып келді. Халима оларды жетектеп, дәрігерлерге өзі апарып отырыпты.

Наши рекомендации