Иындықтарды өзара бағалау
«Мұғалім–оқушы» және «оқушы–оқушы» қатынастарында пайда болатын қарым-қатынас қиындықтары қарым-қатынасқа қатысушылар тарапынан және басқа адамдармен түрліше бағаланады (Е.В. Цуканова). Мысалы, қарым-қатынас қиындықтарын мұғалімнің бағалауы мен оқушылардың бағалауы сәйкес келмейді (номенклатура және рангілік орны бойынша). Егер мұғалімдер «мұғалім–оқушы» схемасы бойынша неғұрлым көп қиындықтарды қарым-қатынас серіктерінің даралық ерекшеліктері тудырады деп есептесе, онда оқушылар осындай қарым-қатынастағы қиындықтар себептерінің ішінен бірінші орынды мұғалімнің іс-әрекеттегі ерекшеліктеріне береді. Бұл жерде, жалпы бірлескен оқу іс-әрекетінің шарттарын сипаттай отырып, зерттеушілер негізгі қиындықтардың ең алдымен тұлға аралық қатынастармен, кейін араласушылардың жеке-психологиялық ерекшеліктерімен байланысты екенін және тек содан кейін олардың іс-әрекетке қатысу сипатымен байланысты екенін белгілейді.
Оқушылар мен мұғалімдердің олардың контакттілігі бойынша бағалауларының 90% көбі сәйкес келмейді. Оқушылар педагогтарды контактке қиын түсетіндер ретінде үш есе жиі бағалайды (педагогтарға қарағанда), оларды қатал, «барьерлі» деп есептейді (З.А. Нолиу, Л.Б. Филонов).
Студенттердің педагогикалық қарым-қатынастарына жүргізілген зерттеулер тек қана педагогикалық жоғары оқу орындары студенттерінің қиындықтарының өзгешелігін ғана емес, сондай-ақ осы қиындықтардың біріншіден, бесінші курсқа дейінгі өзгеру динамикасын да айқындауға мүмкіндік берді. Әлеуметтік бағдарланған оқу-педагогикалық қарым-қатынас жағдайында студенттер жұртшылық алдына шығып сөйлеуге үйренбегендіктен (49%), болып жатқан жағдайлардың қалайша болуы керектігі жөніндегі ішкі түйсігінде қалыптасқан елеске сәйкес келмеуінен, бұрын табиғи болған қимылдарының, қозғалыстарының, жалпы мінез-құлығының қысылшаң-дығының салдарынан қиындықтарды сезінеді (71%).
Л.А. Поварницына тарапынан студенттер қарым-қатынасындағы қиындықтардың алты тобы бөлінген. Біріншісіне студенттердің өзін қалай ұстауды, не айту керектігін білмеулерімен байланысты қиындықтар жатады. Екінші топтағы қиындықтар қарым-қатынас серігінің түсінбеушілігінен туындайды, яғни қарым-қатынастың өзіндік перцептивті жағының жеткіліксіз қалыптасуынан. Үшінші топ, сөйлеушінің қарым-қатынас серігінің түсінбеуі және қабылдамауынан туындаған қиындықтар құрайды. Төртінші топтағы қарым-қатынас қиындықтары сөйлеуші басынан кешіретін қысылу, ыңғайсыздану, сенімсіздік сезімдерімен шартталған. Бесінші топ қиындықтары серігіне қатысты риза болмау, тіпті ашулануды бастан кешірумен байланысты. Алтыншы топ адамның жалпы қарым-қатынасқа риза болмауымен байланысты қиындықтарды қамтиды. Осы негізде автор студенттердің түрлі әлеуметтік салалардағы, курсқа (біріншіден үшіншіге дейін) және тағы басқа факторларға байланысты қарым-қатынас жасау ерекшеліктерін талдайды. Үлкендермен араласқанда студенттер қарым-қатынас серігін түсінбеу қиындығына сирек кездесетіні (14,2%) және де өзін қалай ұстауды, қарым-қатынас пәнін білмеумен байланысты қиындықтармен жиірек (29,6%) кездесетіні көрсетілген. Студенттердің құбылыстармен қарым-қатынасында екінші және үшінші топ қиындықтары жеңілірек өтіледі. Бірінші курстан үшінші курсқа өту шамасына қарай ата-аналарымен, туыстарымен қарым-қатынас жасау қиындықтары сақталады, ал танымайтын адамдармен араласуда қиындықтардың күрт төмендеуі байқалады.
Қарым-қатынастағы, іс-әрекеттегі қиындықтардың негізгі аймақтарын талдау, олардың қарым-қатынас жағдайының өзін өзгертетінін көрсетеді. Іс-әрекеттің қарама-қарсы мақсаттары, қызығушылықтары, позициялары, құралдары, тәсілдері түйісе отырып қақтығысты тудырады, оны тек психологияның арнайы салалары ғана емес, сондай-ақ қақтығыстану сияқты тұтас ғылымды зерттейді және де қызығушылық танытқан оқырмандарды соған сілтейміз. Осы жерде атап өтуді өқажет ететін жағдай - топтық өзара әрекеттесуде қақтығыс қарама-қайшы шешімдердің, стратегиялардың, құралдар мен тәсілдердің түйісуі, проблемалық ситуацияны жасай отырып, біріккен (топтық) субъекттердің интеллектуалдық белсенділігін жоғарлатады. Мұндай қақтығыс субъекттердің өздерінің бағалау деңгейіне өтіп кетпеуі және сөздің тар мағынасында жағымсыз тұлға аралық болып кетпеуі маңызды.