Тәбәрік туралы жыр
Бүгін Семейден шығып,
Шыңғыстауға бет алдым.
Сенің туған жеріңе
Тоймай қарап, көз салдым.
Сен егіліп жылаған,
"Еңлік Кебекке" де жеттім159
Қос ғашықтың қабырына
Иіліп, тауап еттім.
Екі Орданың160 арасын
Зымырай жарып өттім.
Құстай ұшқан машинамен,
Жидебайға да жеттім.
Атамыз ұлы Абайдың
Мұражай-үйіне кірдім.
Жүрегім толқып кетті
Мекенін көргенде пірдің.161
Экскурсовод Гүлсара162
Баяндап, бәйек болды.
Жол соғып, шаршағанның
Бәрі де ғайып болды.
—Мынау — Әйгерім163 апаның
Күмістеген ер-тоқымы.
Қол жетпес мына мылтық —
Барон Таубе164 сыйлаған мұны!
Мынау Абай атаның
Өз кабинет бөлмесі.
Дөңгелек, биік үстелі,
Қауырсын қалам — әммәсі!
Бұл орындық креслоға,
Атамыз өзі отырған.
Өлмейтұғын өлеңдер жазып,
Қағаздың бетін толтырған!
Мынау кітап шкафы,
Даналар томдары сыйған.
Осының бәрін атамыз,
Семейден алдырып жиған!
—Атаның отырған тағын
Шетінен сипауға бола ма? —
Имене сұрақ қойдым,
Мен тұрып Гүлсараға.
Ол, аздап жымиды да,
Ақырын бас шайқады.
Мен, әнтек, абыржып қалдым,
Сынғандай болып сағым.
— Ешкімге сипатпаймыз,
Атаның асыл мүлкін!
Сізге отыруға да рұқсат,
Ықылас етсеңіз, ілкім.
Сенер сенбесімді білмей,
Оның бетіне қарадым.
—Өзгелерге емес, маған
Неге рұқсат, қарағым?
"Абайды" төрт жыл арқалап,
Соғыстан елге жеттіңіз.
Атаның бір жол өлеңін
Үлкен роман еттіңіз.
"Махаббат, қызық мол жылдар"
Бізге "Иманшарт" болды.
Меңтай мен Ерболға165,
Әбден көңіліміз толды.
Атамыз тұрған Жидебай,
Біздің Үлкен Меккеміз!
Меккенің затын сипауға
Сізге рұқсат етеміз.
Абайдың тағында мені
Суретке де түсірді.
Осы бір ғажайып сәт
Көңілді көкке ұшырды!
Бұрынғы сүйек төсек,
Нақыштап күміс жүгірткен.
Екі ақ жастық үстінде
Әйгерімнің орны екен.
Төрде, төсек алдында
Үш ішекті домбыра тұр.
—Ата талай ән шығарған,
Атақты домбырасы бұл! —
Деп Гүлсара оны да,
Менің қолыма ұсынды.
Аппарат және жарқ етіп,
Тағы да суретке түсірді.
Осындай зор құрметпен,
Зәулім ақ күмбезге бардым.
Оны Сайын салғанын
Елжіреп есіме алдым.
Сенің де күмбезіңді
Осы шебер салған.
Әдейі арнап сол үшін
Ақтаудан Кеңсайға барған!
Күмбездің ішіне кіріп,
Атаға сәлем бердім.
Құлпытасын құшақтап,
Көп тұрдым кемеңгердің.
Құлпытасқа ақ, мата
Арнайы жабылған екен.
Оны да сипап тағы да,
Данаға тауап етем!
Біз шығарда шырақшы166
Әлгі матаны алды.
Бүктеп-бүктеп болды да,
Алақаныма салды.
Шырақшыға таңданып,
Мен, ақырын, "Бұл не?" дедім.
Ол жымиып, ықыласпен: —
Атадан тәбәрік! — деді.
Көрмеген атасын да
Жазушы жұртынан ешкім, Халима!
Мен бүгін Жидебайға келіп
Ғажайып қуаныш кештім, Халима!
Қарауылдан167 шығып,
Жүрекадырға бардым, Халима!
Сенің өкіл әкең болған
Шәкірге топырақ салдым, Халима!
Сайынның оған салған
Төрт бұрыш мазарын көрдім, Халима!
Тұр екен аппақ болып
Ең биік басында төрдің, Халима!
Алдымнан ентелей соққан
Елемей екпінді желді, Халима!
Сенің аулыңның әр үйін,
Барып құшақтағым келді, Халима!
Алып кетуге ауылың
Машинаға сыймады. Халима!
Саған жұрағат жоқтығы
Жанымды қатты қинады, Халима!
Балдызым, бауырым! — деп
Ешкімді сүйе алмадым, Халима!
Сонда да сол ауылды,
Кетерде қия алмадым, Халима!
Жерде жатқан бір тасын
Қолыммен көтеріп алдым, Халима!
Қайта-қайта сипалап,
Тастамай, қалтама салдым, Халима!
"Бала күніңде Сенің,
Аяғың тиген шығар..." Халима!
Деген оймен ол тасты
Алуға болдым құмар, Халима!
Жолда Өзің туралы
Түбіне баттым ойдың, Халима!
Қалтамдағы титтей тасты,
Сыртынан сипап қойдым, Халима!
Кешке қарай зырғытып,
Қайта Қарауыл келдім, Халима!
Ағаң Кәменге168 соғып,
Арнайы сәлем бердім, Халима!
Маған мұңды көңіл айтып,
Көзіне ол жас алды, Халима!
Сыбаға деп қой сойып,
Дастарқан толық жасалды, Халима!
Күйеу деп, дос деп, туыс деп
Кәмекең сыйлады қатты, Халима!
Оның кәртейіп қалғаны,
Менің жаныма батты, Халима!
Семейге тарттық тағы да,
Зымырай қуалап жолды, Халима!
Адай169 мен Айбек170 бауырың —
Менің қос қанатым болды, Халима!
13.09.2003. Семей.
Мен Семейге келгеннің
Ертеңі кездесумен кетті.
"Семей таңы" газеті мен
Қаржы колледжінде өтті.
Келер күн конференция,
Кешінде үлкен той болды
Семей тегіс жиналып,
Ресторан халыққа толды.
Келесі күні дәм тартып,
Шапқылап Абайға кеттім.
Сен оқыған мектепке
Мінеки, бүгін жеттім.
Мектептің кең ауласына
Аяғым қалтырап кірдім.
Кешегі алтын ұяның
Иесіз қалғанын білдім.
Жұтынып тұрған мектебің
Аңғал-саңғал боп жатыр.
Бірнеше қудың қолына түсіп,
Жұлмаланып, бітіпті ақыр.
Тағы біреу келмек екен
Кірпішін алу үшін.
Қаладан шетке апарып,
Мал қора салу үшін.
Бір кезде бұл тамаша үй,
Менің құбыла, Меккем еді!
Талай жастың жүрегіне
Өнер, білім еккен еді.
Үлгілі интернатымен
Даңқы жер жарған еді.
Түрлі олимпиадаларда
Сан жүлде алған еді.
Бұл мектеп ауласында
Сені алғаш көріп едім.
Махаббат жемісін тәтті,
Жаныңнан теріп едім.
Бар ынта, ықыласымды,
Өзіңе беріп едім.
Сен жымисаң маған қарап,
Майдай боп еріп едім.
Өзіңді әкеп салатын
Интернат алдына келдім.
Тозған табалдырығын сипап,
Тиегін ағыттым шердің.
Сенің қолың тиді ғой деп,
Баспалдақ ағашын сүйдім.
Ар жақтан Сен шыға ма деп,
Бір сәтке жандым да, күйдім.
Ескі мектеп сияқтанып,
Өзімнің тозғанымды
Ұқтым да, кейін қайттым,
Көңілім болып мұңды.
Бір ғана медеуім бар:
Қуана көңілге түйген, Халима!
Тротуар, көшемен жүрдім,
Қыз кезде табанын тиген, Халима!
Ертең ертемен ұшып,
Таңертең Алматы келем, Халима!
Көрген, білгенімді айтып,
Өзіңе рапорт берем, Халима!
Семей қаласы,
"Семей" қонақүйі,
14.09.2003.
Бүгін дәл сегіз жүз күн
Мен жетім лақтай маңырағалы, Халима!
Иен қалған үйдей боп,
Көңілім аңырағалы, Халима!
Сені жоқтап хат жазып,
Анадай аңырағалы, Халима!
Айтарым таусылар емес,
Тағы да табылады әлі, Халима!
Кip жуытпай бойыңды,
Сен Тәніңді таза ұстадың, Халима!
Мені шыттай киіндіріп,
Кеңсеме қарай нұсқадың, Халима!
Балалардың үстін де,
Үнемі мұнтаздай еттің, Халима!
Өнегелі Жар, Ана! -
Деген атаққа жеттің, Халима!
Көршілеріңнің бәрі,
Көңіліңе тәнті болды, Халима!
Жұрттың сұрағанын беріп,
Сараңсып, тартпадың қолды, Халима!
Қарыздың бергенін алдың,
Бермесе сұрамадың, Халима!
Ac, кітап, киімнен өзге
Артық зат құрамадың, Халима!
Үлкенге де, кішіге де
Еңкейіп иіліп тұрдың, Халима!
Жолдағы қайыршыға да,
Ерінбей, бетіңді бұрдың, Халима!
Осы әдептеріңнің бәрін,
Сағынып, еске аламын, Халима!
Өзіңді ойлаудан өзге,
Қалмады менің амалым, Халима!
5.10.2003.
Мұң шағу
Тыңдармысың, Халима,
Менің мұңды жырымды?
Өзіңе айтам тағы да
Өмір жайлы сырымды.
Бүгін жүріп паркте
Бірсыпыра ой кештім.
Соның бірін толықтап,
Саған айтсам деп шештім.
Өлмейтіндей жүреміз,
Біреу өлсе күлеміз.
Кісімсініп бақсақ та,
Ит боп кейде үреміз.
Таласамыз, тартысып,
Шапқылаймыз, шарпысып.
Ұмтыламыз дүниеге,
Көп алуға қарпысып.
"Мерседеске" мінеміз,
Зымыратып жүреміз.
Сұқсыр үйрек сұлуды
Қырғи болып ілеміз...
Кейде кеуіп, ісеміз
Арақты да ішеміз.
Ауру жамап, ақыры
Мың әуреге түсеміз.
Ақша десе өлеміз,
Бар қорлыққа көнеміз.
"Пайда! Пайда! Пайда!" деп,
Бір жанып, бір сөнеміз.
Той дегенде өлеміз,
Сонша көңіл бөлеміз.
Ертеңгіні ойламай,
Едіреңдеп келеміз.
Болашақ бұлдыр — көнеміз,
Өсіп, қалай өнеміз?
Ұлттың жайын ойласаң,
Қалтырайды денеңіз.
Қалай, қайтып өсеміз,
Өркениетке көшеміз?
Оны ойламай бәріміз
Алшаң қағып, бөсеміз.
Қутың-қутың етеміз,
Қу мұратқа жетеміз.
Қара орманың — халықты
Қашан бақытты етеміз?!
Мақтанамыз, мақтаймыз,
Жақсыларды даттаймыз.
Жамандамай біреуді,
Бір күн тыныш жатпаймыз.
Өлмейтіндей жүреміз,
Біреу өлсе — күлеміз.
Өмір қысқа екенін,
Қашан, қазақ, білеміз?
Құлы болмай құлқынның,
Ойла, қамын ұлтыңның!
Бәрін таста бойдағы
Қылтың менен сылтыңның!
Айналаға көзін сал:
Жерің — алтын, суың — бал!
Аман түгел соларды,
Сұқтанғаннан сақтап ал!
Сенің жастығыңды,
Түні бойы құшақтап жатам, Халима!
Сипалап, Өзіңді іздеп,
Сағынып, шиыршық атам, Халима!
14.11.2003
Тоғыз жүз күн
Бүгін тоғыз жүз күн болды,
Мен уайымға батқалы.
Сен жар төсегін тастап,
Жер төсекке жатқалы.
Бүгін тоғыз жүз күн болды,
Жүректі қайғы жегелі.
Киімдеріңді мен сипап
"Асылым! Қалқам" дегелі.
Бүгін тоғыз жүз күн болды,
Мен жапанда қалғалы.
Күн сайын жаным еңіреп,
Есіме Сені алғалы!
Бүгін тоғыз жүз күн болды,
Мен Сені сағынғалы.
Жаным, тәнім тулап-тулап,
Тағдырға бағынғалы...