ДҮниеге келгеннен соҢ мирас Өлмек

Дүниеге келгеннен соң, мирас – өлмек,

Өлген соң, қайта айналып жоқ қой келмек!

Соны ойлап өз-өзімнен қайнап, тасып,

Қиялым көкірегімді кетті кернеп.

«Кейінге нені тастап кетемін?» – деп,

Ішкенім у сияқты болды кермек!

Жиырма мен жиырма бестің арасында,

Сұлулап секілді адам салған өрнек.

Отызда еш нәрсені ойламайсың,

Теңіздің толқынындай тасқан, өрлеп!

Қырықта ердің миы толығады,

Данышпан ақылдылар елді билеп.

Елу жас ердің мінсе еңсесіне,

Күннен күн кемиді екен күй мен көрнек.

Өз жасым бұдан-дағы асыңқырап,

Алпыстағы алдымдағы қалдым серлеп.

«Қалайда қапыда өтіп кетем бе?» деп,

Кітабын «Шаһ-наманың» еттім ермек.

Өлеңмен он бір буын он ай жазып,

Бітірдім басым сипап, шаршап, терлеп.

Тексеріп тәртіппенен төрт том етіп,

Казиздат баспақ болған, оқа зерлеп.

Талайлар таға алмай сын тарқап кетті,

Қолына бергенмен де: «Оқып көр!» – деп,

Тоғардым тартуым деп партияға,

Аттай-ақ аң құтқармас қойған ерлеп.

Үкімет ескеріп бұл еңбегімді,

«Пенсия бұйырып еді бұған бер», – деп,

«Айына, он да үш жүз, аласың», – деп,

Қолыма берді қағаз жазып, мөрлеп.

Бұларым ойынындай боп балалардың.

Отырмын түзеу үйде босқа шерлеп!

1937 жыл, Шымкент

***

Он айда «Шаһ-наманы» бердім жазып,

Төрт бөліп түн ұйқымды арып, азып.

Ішінде байқағанда бар сөздері,

Шығарған сары алтындай кеннен қазып.

Бәрін де ана тілмен еттім өлең,

Келтірмей тілінен түк арап, тәжік.

Басылып тегісінен тарай қойса,

Етер еді есіткендер көп тақаж жұп.

Жатырмын әзіріне аң-таң болып,

Жүйріктей жазатайым ұрған қазық.

Кеңесіп кеулімменен көргенімде,

Осы рет өзімде жоқ ешбір жазық.

Отырмын онда-дағы көппен бірге,

Табылып таза орын, түрлі азық.

Айтамыз сағатына сансыз рахмет,

Келгелі көрмеген соң жүрек сазып,

Сонда да жас ұлғайып жасыған соң,

Тартылып табиғатым тартты нәзік.

Қалайда бір марқамат болынбаса

Түрім бар қалатұғын тіпті қажып.

1937 жыл

ТҮРМЕДЕ

О, баста оқығансын парсы, арап,

Жазушы ем романдар оған қарап.

Ұнатып оларымды оқығандар,

Ішкендей кешіруші еді шарап.

Ондайша өнерімді есіткен соң,

Жүргенов шақырып ап, шашын тарап,

Бұйырды «Шаһнаманы» сөз қылуға,

Ойласып Мирозянмен – ойға сарап.

Бедеудей: «Болады!» – деп басым шұлғып,

Күйіме күннен күнге түстім жарап.

Аңғарсам екен оның мазмұнының,

Әуелі – Адам ата, арты – Дарап.

Қолға алып қаламымды құрастырдым,

Ойласып ойымменен өлшеп-танап.

Әр түрлі әңгімелер бар ішінде,

Бұлттай бара жатқан көкті жанап.

Қалайша халық таңырқар болмасын іс,

Ерлердің, уақытында ондай, өңшең манап?

Фердоуси оны отыз жыл жазған екен,

Алтыннан алмақ болып неше қанап.

Өлеңмен он бір буын он ай жазып,

Бітіріп мінекей деп бердік санап.

Таба алмай татаулы кеп тағысы бар,

Көргенмен әркімдер де аудармалап.

Өмірлік оның үшін пенсияң деп,

Айына берді үш жүз сом бәрі қалап.

Құлдық деп құрметіңе отырғанда,

Бұзықтың біреуіне мені балап,

Інкіба етегімнен ұстап алды,

Болды деп бұйыратын бізден шалап.

Зәредей жазығым жоқ болғаннан соң,

Айырылдым ақылымнан, ернім жалап.

Болад та бас шайқауда, бармақ тісте,

Оңына оралмаса осы талап.

Кеңестен көптің бірі-ақ барушы еді,

Гүлденген көрсетер деп келісті алап.

Жатырмыз жабық үйде жаза алмай бой,

Жылайтын жас баладай ата-аналап,

Ойлаймын осынша еткен еңбегімді,

Көрер деп көзін салып, кім бағалап?

Қайткенмен кеуілде жоқ шөлдің қаупі,

Кісідей келе жатқан көп жағалап.

Күні ертең көктемінде гүлдей жайнап,

Тарқармыз тұлпар мініп, той жағалап.

Себебі, сөйлеп шынын, сұнып мойнын,

Талайлар тарығумен тұр ағалап,

Есіркеп, енді ерлік етеді ғой,

Кетпесе кірген найза тым сағалап.

1938 жыл, Шымкент

САЛАМАТ ЖАТЫРСЫҢ БА ЖОЛДАС АБАТ

Саламат жатырсың ба жолдас Абат,

Салынған түрме ішінде неше қабат.

Жүйрікке жүзден озған сейістер де,

Суытып, сылап-сипап жабу жабад.

Келтіріп күйіне анық алғаннан соң,

Бәйгіге, таң айырта, тағы шабад.

Ақ көңіл, ашық жүзді әрқалайда,

Сыпайы ең сияқтанған сөзі набат.

Сондықтан тілектеспіз «болғай да, – деп,

Бостандай бұлбұл сайрар салқын сабат».

Кемді күн кемшілікті көргенмен ер,

Кеңдіктің кешікпей-ақ кенін табад.

ТҮРМЕДЕ АЙТҚАНЫ

Ұйтқыма, ойым, енді олай, былай,

Арылар сабыр қылсаң, бастан ылай.

«Кейіні кеніш – реніштің» болатұғын,

Тітіреп тұрса-дағы жұртың жылай.

Шаттықтың шыдасаңдар атар таңы,

Болады деп жабықпаңдар жаман сылай.

Сабыр етіп шыдау бұған өте керек,

Адамға әділдікке қойған қолай.

1938 жыл

***

Қырығын қарық қалған соң, келсе елу,

Елеуреп, ұнамайды ойды бөлу.

Мәпелеп, баққаныңмен өзіңді-өзің,

Қалпыңа қиын сауда – қайтып келу!

Ойланып ой көзімен қарағанда,

Елудің алтауында тұр-ау өлу.

Көзден нұр, кеудеден күш кеміген соң,

Қайткенмен келмес қолдан жортып, желу.

1938 жыл

***

Жомарт бар білмейтұғын барды, жоқты,

Ерлер бар ескермейтін атқан оқты.

Су сұрап іше алмайтын сүмерлер бар,

Сатпақты саусақтары, мұрны боқты.

Сабырсыз саннан да көп шамаласақ,

Шыдамай басатұғын қоз бен шоқты.

Кең ойлы кемеңгерлер кем көрінеді,

Сияқты салқын сабат бір кең қоқты.

Артында азаматтың аты қалсын,

Болса да тірілікте ашты, тоқты.

«Аты жоқ, заты жоқтың», аңлауымда,

Бұл сөзім, байқаңдаршы, қалай соқты.

***

Сабырдың түбі – сары алтын,

Шыдаған жеткен мұратқа.

Бұл – өткендердің мақалы,

Жаттарында тұрат та.

Бейнет пен егіз рахат,

Кезекпен басқа туат та.

Қайсысы қонса бағыңа,

Қайғырмай қарсы ал, қуатта!

***

Бұл күнде бейнет – жолдасың

Болып тұр деп күйінбе!

Уақытша ол – қонақ,

Қалпымен тұрмас күйінде.

Қосылатын күн туар,

Туысқан, думан, үйірге.

Шат болар қатын, балдарың,

Басыңды қоссаң үйіңде.

Шаттыққа мұндай кездессең,

Қайғыдан қалмас түйін де .

Қайғының арты – қуаныш,

Қапастың арты – бостандық.

Бейнеттің арты – рахат,

Шыдаңдар соған сүйін де!

***

Көбейіп бара жатыр тамашалар,

Біреуге біреу бәле таңа салар.

«Айтқаны әрқалайда анық қой», – деп,

Асаудай ұстап, матап таңа салар.

Ісінің ақ, қарасы ашылғанша,

Қамауда қанша уақыт қала салар.

«Жүрме, – деп, – серуендеп сен де сыртта»,

Өзін де үйге әкеліп, жаңа салар.

Ойлаған оқ боп тиіп қиянаты,

Етіне ойсыратып жара салар.

«К...ңді қисаңдамай, қысып жүр»,– деп,

Кеуліне көптің кеңес – сана салар,

Қалғанмен қалың өрттің ортасында,

Су сеуіп, сені адамдар арашалар.

Онан да өзіңді-өзің қыздай бағып,

Болма ақымақ әр нәрсеге бара салар.

1938 жыл, Шымкент

***

Жоқ еді пол жууға, жүдә, ебім,

Жұмысқа болмағансын бұрын жегін.

Отырмын оның үшін өтінуге,

Көрген соң әр ауданның өңшең бегін.

«Болса олай қиналмай-ақ қоя ғой», – деп,

Қылсаңдар қошеметті менен көбің.

Мақтанып мәз-майрам боп қалар едім,

Бергендей белді бедеу сыйлап тегін.

Баянды бастарыңа бақыт қонып,

Болыңдар ұшан теңіз, ұшақ шенің.

Болынып бостаншылық, босаныңдар,

Ұмыт боп ойларыңнан өткен не күн.

Ашылар әлі-ақ есік бостандықтан,

Күлімдеп, көсеміміз көтерсе иегін.

Қайткенмен кедей көңлін көркейтті ғой,

Капитал елдерінен алып кегін.

Қалайда халықтың қарап жағдайына,

Есіркеп етер ақыр ағын-төгін.

«Жаса!» деп ұзағынан отырармыз,

Шаттықтың шайын ішіп, шайнап сөгін.

Төрт, бес ай түрме үйінде отырғанға,

«Қайда, – деп, – қамықпаңдар бізге ол күн?»

Аузынан әрбір сөзі оның шыққан,

Жайнатар жаз жауыны жердің көгін.

1938 жыл, Шымкент

***

Епсіз ем ете алмайтын істі оңды,

Елудің алтауында жас та толды.

Шалдық пен шалағайлық қосылған соң,

Дұрыстап бере алмаспын жуып полды.

Ортаңа онан-дағы отырғызып,

Алыңдар алғысымды оңды-солды.

Болыңдар бақытқа бай, білімге ие,

Десеңдер бұл айтқаным «болды, болды».

Көріңдер сау-саламат сәуіклі жар,

Ұл мен қыз – өздеріңнен өнген төлді.

Шат болып, шамадан тыс шалықтаңдар,

Аққудай қоныстанған айдын көлді.

Тапқандай қайнар бұлақ қуаныңдар,

Кезеріп келе жатып, кезіп шөлді.

Етіңдер ертеңгі күн ел жұртты аң-таң,

Келгендей өгіз мініп деген өлді.

Өзгеге үйрететін түрлерің бар,

Ұнамды үлгі-өнеге, жоба-жолды.

Сөз жазып сол себепті былайынша,

Анықтап аяғына қойдым қолды.

Осындай уайымға ұшыраспай,

Адамзат аңғармайды тарды, молды.

«Кейіні кеніш – реніш» болар, бірақ,

Табиғат тарқатпаса тәннен сөлді.

***

Құмалақ, қорқытады, дұрыс түспей,

Ұйқыда ой түршігер көрген түстей.

Қойыңдар онда-дағы «ол-пұл» сөзді,

Үрлеген мес сияқты кеуіп, іспей.

Күңіреніп қайткенменен кете алмас көп,

Қымызын қуаныштың қанып ішпей.

Үкімет қылар-ау деп қауіп қылма,

Киімін кеңшіліктің бізге пішпей.

Жемісі жақсылықтың тұрған шығар,

Тамылжып, тамыз түсіп, тегіс піспей.

Ашылар алақ есік бостандықтан,

Өкініп, отырғанмен бармақ тістей.

Көсемнің Сталиндей арқасында,

Баратқан болар мирас өрлеп, өспей.

Жасасын ұзағынан осындайша ,

Кедейдің көзін ашты күштей, күштей,

Қадірін қалайда да біліп енді,

Бұйрығын бітірейік тынбай істей!

1938 жыл, Шымкент

***

Дос емес, бірін-бірі мақтамаса,

Ойына айтқан сөзін сақтамаса!

Бүгін тату болса да, ертең араз,

Достығы кейбіреудің тап-тамаша!

Емеспін ойлағанда оның қолы,

Себебім «Сыртым мықты, миым толы»,

Жолдастар, маған бірақ білдіріңдер.

«Мынау, – деп, – жұмысыңның жоба-жолы».

Қан тұмсық қасқырларды қатырамын,

Қарасын қара жерге батырамын.

Алдымнан айқыш-ұйқыш ор келсе де,

Одақтап, ор текедей атыламын.

Ойлайтын жұрт жағдайын жолдастарға,

Бір емес неше жола «сатыламын».

Көсемнің Лениндей арқасында,

Демеймін енді өсекке шатыламын.

Үстіне ұлы шыңның шығып алып,

Ұранын Октябрьдің шақырамын!

***

Болыңдар сау-саламат, екі қалқам,

Сияқты ең бірің – кенже, бірің – марқам.

Бағуға бағлан қылып, күн тигізбей,

Жүруші ем жайып құшақ, болып қалқан.

Басында болғаннан соң тағдыр бұлай,

Тар тұсау тартса үзілмес, тағылды арқан.

Сонда да көремін деп үмітім бар,

Татар тұз, таусылмаса, жейтін талқан.

Үстіме ортекедей ойнарсыңдар,

Есіркеп, егер Кеңес етсе дарқан.

«Жағдайы соған дейін не болад» деп,

Ақылдың арнасының суын сарқам.

Бәйбішем, тайларыңды таза асырап,

Де де тұр ертелі-кеш: «Шүкір, алқам!».

1938 жыл, Шымкент

***

Күңіренген көз жасын көр көптің, Алла,

Босатып бәрін де ет, бағулы арда.

Өзіңді ойға алатын көрінеді,

«Осындай ой табад, – деп, – уақыттарда!»

Ойлаймын ойың үшін ортақ қой деп,

Атына Әлһісламның осылар да.

Айыптар әркімдерде болатын ед,

Бақ құсы бастарынан аумасарда.

Білген соң қаталарын, қалтыраушы еді,

Түн бойы түнегендей тоңлы қарда.

Оларды ұзатпай-ақ есіркеуші ең,

Араға апуатты тұтып пәрдә.

Мәһрүм мың айтқанмен қалмаушы еді,

Көрсеткен көпке зиян кәждум мәрдә.

Достыңа дәулет құсын қондырып ең,

Жаулардан жасырынып кеп жауған қарда.

Қылып ең қалайда да қуанышты,

Халық қорған қызуынан қалған парда.

Қарыннан қырық күнде сау шығарып ең,

Жұтқанмен Жүністі де жайын жарда.

Солардың біздерге де беріп жолын,

Қадірлі қалайда да қыл сәркәрдә.

Кешікпей кеңшілігін көрсетпесең,

Қаптаған қалың өрттей қалдым шарда.

Ете гөр үй-ішімнің уақытын қош,

Отыртпай ұдайына ақы, зарда.

Өзімді өз теңімнен оздыр озат,

Пазылыңмен бей нәқя екі дарда.

Айыпты ал, әуезім бұл, азашы едім,

Қайткенмен Кәрим деген атың барда!

1938 жыл

***

Болса аман бағыңдағы екі гүлің,

Божырап, бұзылмасын бұған түрің.

Иіскелеп екеуін де ертелі-кеш,

«Шүкір!» – деп, көтер де отыр көкке мұрын.

Тигені төбең көкке, тұрса ойнап

Бірі тай сияқтанып, бірі – құлын.

«Сары алтын сабыр түбі болады» деп,

Ерлердің айтқаны бар өткен бұрын.

Олардың ол айтқанын орындасаң,

Ұлғаяр он төртінші айдай нұрың.

Кідіртпей, керектерін тауып беріп,

Ойларын өсіріп тұр, сөйлеп шырын.

Болармыз сын тағылып толық жұртқа,

Боп жүрсе бойлары бит, көздері – ірің.

Келгенше сапарымнан сау-саламат,

Сол болсын мен дегенде жиған сүрің.

Қарсы алып қуанышпен қол шапаттап,

Үстіме осы болсын шашар дүрің.

Қалармыз ұзамай-ақ ұшырасып,

Кеткендей қапаланба Қытай, Үрім.

1938 жыл

***

Болып тұр сау-саламат, біздің ғашық,

Күйініп «Кетер-ау, – деп, – ұзақ қашық!»

Бар шығар барар жерде баста жазған,

Кемді күн тататұғын тұз бен нәсіп.

Солардың себебімен саулығында,

Келейін көптерменен ұшырасып.

Олардың, байқағанда, бар ішінде,

Сайрайтын сандуғаштар пәріңді ашып.

Кеңесіп кеулімменен көргенімде,

Айыбым жоқ аблығатын асып-сасып.

Жоқ деген аққа зауал анық болса,

Жоқ болар қайғы, уайым ойдан қашып.

Өзің де оған дейін отың жағып,

Көз жетпес көл секілді отыр тасып.

Күндеген дәулетіңді дұшпаныңның,

Бәрі де басын сипап қалсын жасып.

Аман-сау ішіңдегіні туа қойсаң,

Той жасат ойын ойнатып, шашу шашып.

Осындай оншақты ауыз өлең жаздым,

Әрқашан оқысын деп көңілін ашып.

1938 жыл

***

Талайды тәрбиелеп Сәбет күтті

Кейбіреу төкті білмей «су» деп сүтті.

Кетіріп біршіліктің берекесін

Ақырында алды өзіне тілеп жұтты.

Есіткен ерлер бұған таң қалысып

Жауыздан ада-жұда үзді үмітті.

От басып ойнақтаған жас ботадай

Жайына тек жүре алмай, түлен түртті.

Кеңеске күндеушілік етемін деп

Тайдырды басынан бақ – қонған құтты.

Жауласқан ішпен, сырттан дұшпандарың,

Суырып көкке күлін, көбін құртты.

Солардың жағып кеткен оттары әлі

Жылытып жатыр шоғы сөнбей жұртты.

Данышпан көсеміміз – ұлы Ленин

Басқарған уытын тауып, қаншама ұлтты.

Көрсетіп жанға рақат жарық дүние

Серпілткен басқан тұман, қара бұлтты.

«Босат, – деп, – бейкүнәні» берер тәртіп –

«Қапаста қамалмасын, аш, – деп, – кілтті!»

1938 жыл

***

Сот маған екі жылды етіп меже,

«Тат, – деп тұр, – тұз-дәміңді жүріп, кезе».

Этаппен ертеңгі күн кете қойсам,

Бәйбішем, қапаланбай отыр төзе.

Ойым бар кешікпей-ақ келем деген,

Сендерден, бара жатқан жоқпын безе!

Ойымда уайым жоқ, он айтқанмен,

Болса сау қасыңдағы қалған шөже.

Болат боп, болған іске божырама,

Беріп тұр тәуір киім, тауып көже.

Кеңестен бір кеңшілік болатынын,

Ел біткен осы күні отыр сезе!

1938 жыл

***

Сәтті күні, сәскеде

Қауыша қалдық жанаса.

Өздерің де, бізсіз-ақ

Аз емессіңдер, санаса!

Жарық екен жайларың –

Терезесі аласа.

Тар болғанмен, тығылып

Жайласыңдар балаша.

Төңбекшітер түнімен

Қандала, бүрге таласа.

Дабыр-дүбір, ду-дуың

Той секілді тамаша.

Жайларың жатқан берік екен

Кетпестей ешкім қамаса.

Шығарасыңдар, шыдаңдар,

Қай күні Құдай қаласа.

Қосыласыңдар қозыдай

Анасын тапқан адаса.

Бастарыңа бақ қонып

Боларсыңдар әрқайсың

Ат түзер арна – салаша.

Азғанасынбай, алқалап

Алдарыңа алыңдар

Құйылған қымыз-шараша.

1938 жыл

КӨП ЕКЕН КӨРГЕНІҢНЕН КӨРМЕГЕНІҢ

Көп екен көргеніңнен көрмегенің,

Жақсы екен бәрінен де өлмегенің!

Болғасын атың – Адам, асылың – ылай,

Бола ма басқылауға көнбегенің.

Еркі бар егіншінің тегістеуге,

Жерінің шұқыр-шоқат, дөң дегенін.

Шаршатып шаруа да бас білдірер,

Аты мен атанының «жөң» дегенін.

Өзіне ұсталар да міндет көрер,

Кездігін келістіріп өңдегенін.

Болса олай, «болған іске болат болып»,

Ұнайды ой-қиялды бөлмегенің.

Ақ отын ақымақ қанша үрлесе де,

Әркім де айтқан шығар сөнбегенін.

Өзің де ескі бастан байқадың ғой,

Еш нәрсе уайымнан өнбегенін.

Түбінде түкті жүрек, туымды ерсің,

Табынан тайып төмен, төнбегенің.

Онан да өңің бұзбай отыр да ғой,

Бірдей боп ұзының мен көлденеңің.

Неше рет есің болса есіттің ғой,

«Шамасыз шапағаты оның мол» дегенін.

Кісінің көңіліне келіспейді,

Сырқаудай сылтауратып көнбегенің.

«Сары алтын – сабыр түбі» деген болып,

Көрерсің ісіңді Хақ жөндегенін.

Осылар онда ойыңнан ұмытылар,

Толайым тілладай боп теңдегенің.

Көрсет деп кеңшілікті кешіктірмей,

Қоюлы көкіректе қол дегенің.

Ойыңа өтірік деп ала көрме,

Өткеннің: «Көп тілегі – көл» дегенін.

Қанығып қымызына қуаныштың,

Шат болып, шалықтарсың шөлдегенің.

Кешікпей кеңесте де есітерміз,

Бәрің де бұрынғыдай бол дегенін.

Қосылып Құдай қосқан қосағыңа,

Көрерсің ұл-қыз тауып төлдегенін.

Айырып, атын атып алып қалар,

«Осында, обалың жоқ, өл» дегенін.

Шыдайық, әзіріне ете берсін,

Өзінің заң мен жоба, жол дегенін.

Оларды осынша елдің сілесі ұрсын,

Күндесе Үкіметтің өрлегенін.

Қалмастан Қазақстан қолқалайды,

Сұмдарды сол сияқты серлегенін.

Себебі, қанша азамат қамауда отыр,

Аттың да ұнатпайтын терлегенін.

Көреміз күмәні жоқ, ол иттерден,

Солардың сондайынша шерлегенін!

1938 жыл, Шымкент

дҮниеге келгеннен соҢ мирас Өлмек - student2.ru

Наши рекомендации