АҚтас тҰрҒымбайҰлы

(1899–1937)

Ақын Ақтас Тұрғымбайұлы 1899 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданының көлемінде дүниеге келген.

1933 жылы елдегі қуғын-сүргінді сынағаны үшін қамауға алынып, сәл кейін бостандыққа шыққан ақын көп ұзамай қайтадан қамауға алынады. 1937 жылы ату жазасына кесілген.

Қолыма жазамын деп алдым қалам,

Болып жүр қайғыменен көңілім алаң.

Тарихты бастан кешкен уақиғаны

Жазайын түсіндіріп келсе шамам.

Кешегі жауыз патша заманында

Ел едік сахарада өскен надан.

Байлар мен бекзаттардың тепкісінде

Кедейдің болған еді күні қараң.

Таң атып ұлы октябрь нұрын шашты,

Жер жүзі еңбекшінің көзін ашты.

Кедеймен орташалар ұйымдасып

Тұрмысқа социалды қадам басты.

Бұрынғы ел қанаған жалмауыздар

Кірерге көр таба алмай қорқып қашты.

Әр ұлттан отар болып езілгендер

Шығарып бір жеңнен қол араласты.

Бабамыз Маркс-Ленин салды жолға,

Тайма деп түзу жолдан оң мен солға.

Бекітіп партияның ұстаздарын

Темірдей тәртіп етіп берді қолға.

Сталин партияның жол басшысы

Жер жүзі еңбекшісін ертіп соңға.

Қисайып түзу жолдан адасқанның

Айыбын көпке айтып салды оңға.

Әр ұлттың өз қолына тізгін берді,

Өндіріс жағдайына сәйкес болды.

Белгілеп көсемдерден басшыларды

Ескіден жаңалыққа бастады елді.

Табысқа толып жатқан ие болып

Он сегіз біздің кеңес жасқа келді.

Бірлескен шаруашылық алға басты

Қалыпты бытыраңқы тастады енді.

Енші алған өз алдына Қазақстан,

Халықпыз .......... күн шығыстан.

Ардақты ұлы октябрь арқасында

Езілген алға басты әрбір стан.

Көсемнің Голощекин бастауына

Азырақ жері болды-ау жаңылысқан.

Санаспай кей ауданның жағдайымен

Жоқ малды уақыт болды тап деп қысқан.

Малшылық аудандарға көз салмады,

Әр түрлі жағдайларды еске алмады.

Ауданда алыстағы адамдарды

Жіберді орында деп тек бар-дағы.

Секретарь Талтаңбаев секілділер

Селтеңдеп екі қол ес қалмады.

Таңдамай бай-жарлы деп жоспар берді

Оңай ма жоқ кедейдің ет салмағы.

Қашаннан шеттегі аудан біздің Торғай,

Келеді шаруашылығы ешбір оңбай.

Саяси соқыр солшыл көп басшылар

Ауданды болдырды ғой ерікке қоймай.

Негізі бар кәсібі мал екені

Асыра сілтеп берді есте болмай.

Колхозға жүз процент ортақтас деп

Үгітсіз науқан жүрді күшпен зорлай.

Қашаннан бытыраңқы қазақ халқын,

Біржола жойдырмақ боп ескі салтын.

Ашылды кей ауылдан жалғыз колхоз

Еске алмай отырықшы елдің шартын.

Бір жылда қоныстатып боламыз деп

Ойламай қызмет етті істің артын.

Осындай моменттерді пайдаланып

Байларда істеп бақты айла шарқын.

Азайды соныменен малдың басы,

Күйзелді сонан кейін ел шаруасы.

Мойнынан аш-арық боп дорба салып

Шұбырған жаяу болып ел арасы.

Басқарып Талтаңбаев тұрған шақта

Халықтың қырғын тапты бір қарасы.

Баласы Әжібайдың Мұқаш шұбар

Болып еді профсовет төр ағасы.

Сөйлеуші бола қалса елдің қамын,

Қызметкер жергілікті бірлі жарым.

Табанда орнынан алып сотқа беріп

Көз көрді партиядан шығарғанын.

Болмасын асыра сілтеу ұраны бар

Қалмасын аша тұяқ деген малын.

Солшылдық сотқарлықтың арқасында

Торғайдың елу процент қырды жанын.

Ауданның сондай халін сезді облыс,

Жіберіп комиссия көрді облыс.

Тексеріп бастан аяқ болған істі

Қылмысын істерінен терді облыс.

Алдында көпшіліктің әшкерелеп

Жазасын лайықтап берді облыс.

Қаражат толып жатқан продналғыш

Жәрдемін бірсыпыра болды облыс.

Бірлескен артел еді колхоз бұрын,

Өзгертті жабайыға оның түрін.

Халықты азған-тозған түзетуге

Жіберді басшыларды білмей сырын.

Білсе де ауылдағы ойрандықты

Салмады бұл жағына көздің қырын.

Ауылды, облысты алдап елді қырған

Білмедік не себептен сенгендігін.

Басшылар жаңалықтан Торғай барды,

Қолға алып оралдықты қолдай барды.

Құртуға жергілікті қызметкерді

Жоспарды кеңнен жасап ойлай барды.

Нұрғали Нұрсейіт ұлы өкіл болып

Жол сілтеп алдағы іске толғай барды.

Аттарын таныстырсам келгендегі

Бар болса қайда құлар қорған барды.

Хатшысы райкомның Келімбетов,

Кісі екен жамандыққа сондай жетік.

Өзінің тілін алар жақынынан

Облыстан кісі сұрап көңіл кетіп.

Жемтіктес Үмбетяров қайнағасын

Торғайға прокурор қойды дүрілдетіп.

Қарашал Жұбанышқалиев Қақа болды

Парақор жан табылмас мұнан өтіп.

Қарашал барлығынан бұрын барды,

Жерлесі сұрағанын қырына алды.

Қулардан Текебаев сияқтанған

Сарала кілем алып төрге салды.

Бесінші, сегізінші ауылдарды

Қырса да ала кілем қымтай алды.

Білетін қайтып беріп ақырында

Қылмыстан ішкен-жеген арашалады.

Басқа да қабыл еді алғандары,

Алудан бола қоймас армандары.

Айтайын өткен ісін қарашалдың

Ауылға он төртінші барғандағы.

Әрқилы Уақан ауылнай бір сиырды

Жасырып соғымға арнап қалғандағы.

Қазеннен төртінші ауыл колхоз мүлкі

Бір қой мен бес пұт бидай алғандағы.

Алғанның тауса алмаспын айтып бәрін,

Бұл қалам жолға қоймақ елдің халін.

Қай жөнімен елді басқарып жаңа басшы

Айтайын тыңдаушыға осы жағын.

Бұрынға асыра сілтеу қателікті

Түзер деп көпшіліктің қуанғанын.

Қуандық шын ниетпен бәрімізде

Өңдер деп азып-тозып қалғандарын.

Басында декабрьдің бұлар барды,

Көруге еңбекшілер құмарланды.

Төтенше конференция шақырылды

Активтер аудандағы хабарланды.

Қатынасып шамамыздың келгенінше

Сөйледік бастан-аяқ болған халді.

Алдағы істелетін істер қандай

Білгенше айтқан болдық бар арманды.

Сендердің көздеріңді жоямын деп

Секретарь Келімбетов ызғарланды.

Бұл сөзді не себептен айтты екен деп

Кейбірі жолдастардың ойына алды.

Обкомнен уәкіл болып Нұрсейітұлы

Торғайға секретарьмен бірге барды.

Артелді аудандағы ажыратып

Мүшеге бермек болды ортақ малды.

Аупартком, ауаткоммен жер бөлімі

Қосылып қол қоярлық нұсқау жазды.

Нұсқауды жазылса да қолға бермей

Әдейі Келімбетов жыртып салды.

Бұрынға жергілікті қызметкер деп

Ұйғарды уәкілдікке шығарғалы.

Жөн істі жөнсіздікке шығармаққа

Жасырып жиылыс жасап ой ойланды.

Райкомның орг еді Оразбаев

Оңаша бюролар біріге алмады.

Ауызша тапсырмасы орындалып

Жабуға бөтен жала таба алмады.

Жал мен онда бар ма шатат деген,

Жөн тапса жұғады екен нақақ деген.

Аудандық жолшылардың ағасы еді

Уақытша сол кездегі Ахат деген.

Босатты қызметтен келе сала

Ойда жоқ оралдыққа сатад деген.

Қылмыс көрсетерлік болмағанмен

Қуғынға ұшыратты атақпенен.

Ұстауға бірте-бірте ақымдады,

Әркімді қисынсыздан тақымдады.

Жояға жаламенен жөнін тауып

Бірінің бірі сөзін мақұлдады.

Бастығы райотдел Өтемішев

Ол-дағы басшыларға жақындады.

Қудалап жеке қылмыс айыптауға

Байларды қолға ұстаудан тартынбады.

Бірінші түрмеге алды Қарқымбайды,

Қарашал қарсы келді деп бақылдайды.

Болған соң әкімшілік қолында күш

Еш қайла өздерінен артылмайды.

Қылмыс бар ма жоқ па бізге күман

Бермеген Қарашалға артылмайды.

Қара атты сұрағында бермедің деп

Соңыма салды менің Мұқатбайды.

Бар еді меншігімде жалғыз атым,

Бергенде болмас па едім көңілім жақын.

Көрмеген алып беріп бұрын-соңды

Білмеспін басқа тиер пайда қарқын.

Жойды деп станцияның барлық малын

Келтірді айыптауға істің шартын.

Ержанов, Кәрбиев бөлтірікті

Тексермей түрмеге алған шама-шарқын.

Басында Әнуардың бұлар жатты,

Екпіні басшылардың болды қатты.

Дегендей жегім кеп тұр қарным ашып

Шәуәли қолына алды жалғыз атты.

Балдызы Минар атты зорықтырып

Өлтіріп ақырында тыныштық тапты.

Жұмысты Өтемішев қолына алып

Түрмеге мені-дағы әкеп жапты.

Жыладым райкомге елден келіп,

Тексер деп ақ-қараны істен көріп.

Қақа мен райкомның мүшесінен

Жіберді комиссия бізге бөліп.

Қылмыс жоқ ішкен-жеген ісінде деп

Қорытты комиссия шынды теріп.

Қақаның жиылысына салған шақта

Келіскен қорытындыға қаулы беріп.

Актінің істе болып бір данасы,

Болмас бермедім

Болар деп құтылуға болды дәлел

Бермеуге келеді ғой нық шамасы.

Сыртынан куә болып қаралаған

Белгілі ежелден-ақ бай баласы.

Тергеуде беттестірмеді арманым сол

Белгісіз қандай сыр бар бұл арасы.

Сонымен біз түрмеде үш ай жаттық,

Таусылып азақ-түлік жарап қаттық.

Торғайдың әлемге айқын ауыр халі

Пұлға өткен дүниенің бәрін саттық.

Тұрмыстан соққы көріп семьямыз

Үш айда-ақ жоқшылықтың дәмін таттық.

Кепілмен сахараға аз күн шығып

Қызыққа той болғандай біздер баттық.

Марттың он-он бесі шамасында,

Күн бату, жату мезгіл арасында.

Бір күні түрмеге әкеп тығып жіберді

Райзо Мейірманның баласында.

Шашыпсың жәрдем азық деген екен

Ұсталған сұрастырсақ жаласында.

Қолға алған мұның ісін Үмбеталиев

Ол сенің ақ-қараңа қарасын ба.

Тексерген прокурор жауап алып,

Қарайтын шығаруға ынта салып.

Таппастай жеке қылмыс болғандықтан

Басқа қояр жол табады ойға қалып.

Жөн сілтеп басшылыққа тәуір болды.

Крайдан уәкіл болып Мансұр барып.

Зиянкес ұйымдасқан ұйым бар деп

Кірісті іс қарауға қиялданып.

Басшылар Мансұрменен ақылдасқан,

Мақал бар шығады деген ақыл бастан.

Бастаған Мейірманов бір топ бар деп

Өлке мен облысқа хабар шашқан.

Растап сөйлеп шығар куә болса

Айналды құтқаруға бар қылмыстан.

Босатса да өтірікті ағызатын

Табылды қылмыстылар екі бастан.

Қайдағы ел қанаған қуды іздеді,

Оларға ішкі сырын білгізбеді.

Қылмысың қанша болса босатам деп

Ойлатты айт деп итін үргізгелі.

Тапсырған бұл жұмысты Шәуәлиге

Жауаптың жөнін тауып жүргізгелі.

Түрмеге жоспар жасап, жоба сызған

Адамды елу-алпыс кіргізгелі.

Колхоздан тексерілген тараларда,

Қуларға табылды орын паналарға.

Өз басын құтқармақшы болғандықтан

Басқаны аясынба қаралауға.

Тоғыз жүз малдың басын түгел жойған

Құтылды Мұхамбетжан шара бар ма.

Колхозын тоғыз ауыл тоздырса да

Құпия агент қылды балаларға.

Тексеріп сот, тергеуші түгел барған,

Айқындап қылмыстарын түрмеге алған.

Сейдалы, Жанқылышты Әмірменен

Айыпкер есебінде бірге салған.

Түрмеден қолтаңба мен сыртқа шықты

Сөйлесе ұйым бар деп кімдер жалған.

Әркім-ақ үйреткенді айтып шықты

Өз басын құтылуды етіп арман.

Бір күні Өтемішев түрме барды,

Жөн сұрап жатқандарға көзін салды.

Алтысы апрельдің не жетісі

Шығарам кепіл тап деп хабарлады.

Тарығып тар орында жатқан жанның

Көңіліне зор қуаныш кіріп қалды.

Ішінде не сұмдық бар бізге күмән

Қуандық еске алды деп айтқан зарды.

Түрмеден шыққан күні тайраңдадық,

Мәз болып әлімізше сайрандадық.

Кісі екен шын большевик сабаз-ай деп

Жаңарып жарым көңіл жайраңдадық.

Арақты бірер шыны тауып алып

Ішсек деп басты қосып ойды ойландық.

Үйіне Қарқынбайдың бара қалдық

Қосылып екі-үш литр арақ алдық.

Отырып жарты сағат тарап кеттік,

Қаржының кемдігінен қаша алмадық.

Сейдәлі, Әмірменен Ерғали бар

Кісі екен он екі, он үш санап алдық.

Әңгіме Шәуәлиді мақтау болды

Бытырап үйді үйімізге кетіп қалдық.

Бар екен шығаруда жасырын сыр,

Болады түгел айтсам бір талай жыр.

Егіске қарсы жиылыс деп табалық

Егерде басын қосса осылар бір.

Осылай жоспар жасап шығарыпты

Пәлеге сонша жетік құрғыр.

Сайлаған куә бол деп Сейдалыны

Кісі еді қашаннан-ақ сөзі бұлдыр.

Бастық деп Ахметқалиға есім берді,

Нақақтан айыптауға өсектерді.

Куәні қолдан жасап ұйыстырып

Бірыңғай қаралауға көңіл бөлді.

Өзіңді профсовет қоямыз деп

Қазенге сөйле деген көрген жерді.

Бірыңғай қаралады тексеруде

Заңменен теңгермеді артық-кемді.

Кірісті кісі ұстауға содан былай,

Көріне таза суға қосып лай.

Куәнің бірсыпыра басын қосып

Қағазды сөзге терген салып шимай.

Колхозын сөзді терген салып шимай.

Колхоздың төртінші ауыл Албарбөгет

Тексерді кісі шығып бірнеше ай.

Сөйледі өтірікші ұйым бар деп

Мәлікті үгіттеді сөзбен бір ай.

Колхозын төртінші ауыл тексеруге,

Өтірік материал ескеруге.

Шәуәли Үмбетияров түгел шықты

Қалайда іс қылуға серт беруге.

Ұсталған сол ауылдан жиырма кісі

Қарамай-ақ қарасын бет көруге.

Босатам өтірікті айтып шық деп

Болмаса су түбіне кеткенім де.

Мәлікті қамалаған ортаға алып,

Өтірік айта алмаған ауыз барып.

Қазенді Нұрлыбаев айналдырған

Дейді деп бай баласы сені халық.

Егер де үйреткенді айтып шықсаң

Қоямыз профсовет деген анық.

Айнала қырмен жарға қарамаған соң

Ыңғаймен соза берген басы айналып.

Айыптау қортындыны естіртерде

Түрмеге Қазенді де қойды салып.

Қасқырда қол созынбас жолдасқа деп

Қазекен жата берді – аң-таң қалып.

Ғалымжан, Төлепберген, Төлемұрат

Қайырбек, Мықан, Қасен басын қуып.

Қабылда, Мырзабаймен тағы басқа,

Ақша алып тоқсан теңге сол ит оңды.

Маңаттай куә болған ірі байлар

Босанып жеке заңнан жолы болды.

Байды ұстап кедейлерді сонша езетін,

Білмедік ұлықтардың ішкі ниетін.

Өтірік пен айыптауды мақсат көрді

Ашылған шын қылмыстың бүркеп бетін.

Жасырын сыбыр куә тағы да бар

Атауға бізге күман ол ретін.

Тексеру жауап талап жүрді бізге

Айтайын сол жағынан әңгімесін.

Тексерген жауап алып Өтемішев,

Дамылсыз күндіз-түні терлеп тепшіп.

Үйреткен өтірікті кімдер айтса

Қамаудан қолтаңбамен кетер ұшып.

Ашуға ақ-қараны көңіл бөлмей

Бірыңғай қаралауға төне түсті.

Куәні қолдан жасап ұйыстырды

Сида жоқ істеді деп қиғаш істі.

Көнбеген түрмеге адам топырлатты,

Бірыңғай соққан желдей екпін қатты.

Газеттің редакторы Махмут сұлтан

Бір күні үстімізге оны жапты.

Ұйым бар кеңеске жат ертеден деп

Болмаған оқиғаның басын шатты.

Оңаша куәлерді бір үйге алды

Кім көрген бұрын-соңды мұндай заңды.

Біріне-бірін үйрет дегендей-ақ

Куәнің басын қосып бірге салды.

Бұларың о не деді соңғы кезде

Болмаса кім біледі ондай халді.

Жолынан жарып тығып отыратын

Айтуға өтірікті ыңғайланды.

Соттағы бізге таққан кінә қандай,

Боламыз еске түссе жылағандай.

Қондырды алаш орда тап жауы деп

Жаныңды күйдіреді сұрағандай.

Байларды кәсіп істе деп қорғайсыңдар,

Торғайда ұйым болып орнапсыңдар.

Егісті орындатпау әрекетін

Әдейі жиылыс ашып қозғансыңдар.

Шыныңды айт осыларды бәрі де рас,

Мойынға алмасаңдар оңбайсыздар.

Жазбады жылап айтқан шындық сөзді

Дейтіні енді кісі болмайсыңдар.

Ауыздан шыққан жауап жазылмады,

Әділдік күткен үміт табылмады.

Куәмен беттескенде шындық сөздер

Айтқанмен ешбір еске алынбады.

Қылмысын Қара шалдың қанша айтқанмен

Құлаққа бір ілмеді ондай зарды.

Орысша үйлестіріп өзі жазып

Жағдайды білімсіздік пайдаланды.

Мінекей тексерудің жалпы тұсы,

Еркі бар әкімшілік қолда күші.

Әркімнің тек тұрмысын анықтауда

Тағы да бар таңқаларға еткен ісі.

Ауылынан туып өскен жігіттердің

Сұратқан кім болды деп тек тұрмысы.

Кеңестер өтірікті қалай айтсын

Кедейлік деп куәлік берген жоқ деп мысы.

Бұларға ондай қағаз жарамайды,

Ұлықтар өзі шығып аралайды.

Бай молда тегі жат деп куәлік жазып

Қолды қойып мөрді бас деп мазалайды.

Егер де қолды қоймаған кеңес болса

Бәрібір оның өзін жазалайды.

Ондаған қолын қойып мөр басқан соң

Кеңестер ешбір айла таба алмайды.

Бұрынғы куәлікті еске алмады,

Кедейлік ата текке көз салмады.

Бір бай, бірі молда, бірі феодал

Жай кісі болып ешкім тек қалмады.

Табы жат, тілегі жат кісілерге

Мәлім ғой ауа-тұғын сөз салмағы.

Жазаның ең ауырын қолдануға

Шынды алмай өтірікке бетті аударды.

Не керек ай жарымда жауап бітті,

Ести алмай бас араздың болған жікті.

Тармағы елу сегіз – екі, жеті

Айыптап соныменен істі тікті.

Мақал бар кигіз қазық жерге барар

Егер де ұрған тоқпақ болса мықты.

Істі алып облысқа Шәкен бастық

Қайтуға бекіттіріп өзі шықты.

Почтаға тоқтау салды күнде тергеп,

Жаламен жата бердік ыза кернеп.

Қарашал әдейі арнап кісі қойды

Бір қатты оқып көрмей жіберме деп.

Жазаның ең ауырын қолданбақшы

Қай жерден көтерілмек көңіл сергек.

Қаймықты өлкеменен облыстан

Бір күнде жоқ қылмақшы еді бізді жерлеп.

Ұстауы Анниковтың әскеріндей

Бізде жоқ істерге ылғи бермек.

Қысымның жөнсіз көрген жөнін айтсақ

Ұлықтар тыңдамайды қолын сермеп.

Атылатын бүгін ертең кісісіңдер

Деп айтар киім тамақ неге керек.

Күн батып, тан атпайды ұйқы қашып

Жан шошып айтқан сөзден ыза кернеп.

Сөйтсе де облысқа арыз жаздық

Дегенге атыласың ғажаптайтын.

Жәбірді бастан кешкен түгел жазып

Почтаға ебін тауып хатты салдық.

Өлке мен облысқа арыз жетті

Қаншама көрсеткенмен бізге тарлық.

Жіберген Шураковты обл отдел

Алдына мәселенің бәрін салдық.

Тексермей танысты да жүріп кетті

Жолдастың онысына аң-таң қалдық.

Түксиіп Өтемішев ол да шықты

Асынған мылтық құрал түгел сайлап.

Жолға азық, киім-кешек жоқ деп бізге

Жалынып, жалбарынып айттық жайлап.

Болмайды алдырмаймыз рұқсат жоқ

Дегеннен басқа жауап бермеді ойлап.

Жүргенде жол үстінде шын шынымыз,

Абдырап тарылған жоқ тынысымыз.

Дегендей ойға кіріп қайраттандық

Шешілер облыстан бұл ісіміз.

Күн суық тамақ, киім алдырмады

Күнделік нашар болды тұрмысымыз.

Ән салып, көк арбаға мініп алдық

Қайырлы болғай-ақ деп жүрісіміз.

Көздеген түп негізгі мақсат қандай,

Нақақтан жапқан жала атпас таңдай.

Түзету үкімет заңы мінез құлық

Жазық не сонша аздырып қақсатқандай.

Жиналып қалған екен біраз халық,

Шулады семьялар мазаны алып.

Күңіреніп түнгі дауыс зар жылаған

Тұрғандай құлағымды бүгін жарып.

Алыстан ой бауырым деп қош айтысар

Бірі ол, бірі бұл деп айқай салып.

Атпенен омыраулатып қайтарады

Бір үйіріп қамшыларын ыңғайланып.

Адамның баласынша ұстамады

Күйіндік сол жеріне аздап налып.

Бақытжан Қалабаев сияқтылар

Әкелді киім, тамақ бірер барып.

Хош бол деп туған жермен жолға түстік

Өлмесек көрерміз деп қайта айналып.

Нақақтан жауыздықпен күйдіргенге

Кісінің кетеді екен іші жанып.

Болған соң көрсеткен ғой қолында күш,

Біз көрдік таршылықты өлгеннен соң.

Арқалап киім-кешек жүре бердік

Жүгіріп бір станция енгем жолым.

Жақындап қуып жетіп келген кезде

Ақырған артымыздан шықты дыбыс.

Атамын кейін қайт деп мылтық кезеп

Оны да алдырмаған бұл неткен іс.

Бір кесе шикі ұн болды күнделік ас,

Бұл сөздің қоспасы жоқ түгел рас.

Заң жоқ еді тұтқынды аштан өлтіретін

Бұралып нәр татпаған өзіміз аш.

Сутка тынбай жүріп Ырғыз жеттік

Жауап сол тамақ алуға рұқсат болмас.

Одан соң Шалқар келдік үш-төрт қонып,

Аштықтың әсерінен азып-тозып.

Адамның баласы деп еске алмайды

Кім көрген таршылықты мұндай болып.

Шалқардан сағат онда пойыз міндік,

Бет алып Ақтөбеге енді жүрдік.

Тоймай-ақ бір сөткеге облотдел

Шұбырып қақпасына барып кірдік.

Қамарлық бізге орын болмады ма

Ішінде қақпасының көп отырдық.

Кезінде түнгі сағат он екінің

Конвоймен итекеге біз шұбырдық.

Кіргізді итекеге алып барып,

Бар екен бізден бұрын біраз халық.

Камбірге екі бөліп кіргізді де

Кілтшілер жүріп кетті құлып салып.

Ауру көп ыңырсыған сасық ауа

Аңқыған үйдің іші тұмандатып.

Орын жоқ отырарлық, тіке тұрдық

Тірліктен күдер үзер болды қалып.

Ертеңгі күн сәулесін көрерміз бе

Дегендей күйге түстік қайғыланып.

Тәртіпсіз барашкеге отырыс көп

Барады сасық ауа кеудені алып.

Дегенмен таң атқан соң табылды орын,

Кім көрер таршылықты бұдан жорын.

Белгілі қалта иесі шермаштарға

Жұмсады біреу жолын, біреу қолын.

Сонымен орналасып жата бердік

Ашар деп обл отдел істің оңын.

Ойлар деп сеніп едік адал ниет

Айтқандай іске факті дәлел жоғын.

Он шақты итекеде өтті күндер,

Қаржыға бес-он теңге болдық ділгер.

Қысымнан Торғайдағы құтылғандай

Уақытша адамшылық дедік біздер.

Бір күні Шураков жетіп келді

Торғайлық барсыңдар ма деді кімдер.

Қағаздан спискілеп атын атап

Естіртті бес кісіге тез жүріңдер.

Шақырып обл отдел астына алды,

Жатқандар итекеде түгел барды.

Жүргізген Шураков болды қайта жауап

Ауданнан өзгеріссіз болды ызғарлы.

Шын айтқан бірлі жарым куә болса

Камбірге одиношка қамап та алды.

Сейдалы, Кәзен, Әмір және Сұлтан

Сасқаннан ескі әніне қайта салды.

Бір айда қайта жауап бітіп болды,

Мұнда да беттестірді оң мен солды.

Ескеріп Шәуәлидің тапсырмасын

Алмады шыны Шөкен сермеп қолды.

Байсыңдар, молдасыңдар бәріңде жат,

Жазыпсың Сталинге сендерде хат.

Сендердің айтатының бәрі өтірік

Жазбайды айтқанымды дейді бірақ.

Бастығын обл отдел көре алмадық,

Апарып қолдан арыз бере алмадық.

Бөлінген біздің іске өкіл Шәкен

Шындығын шешеді деп сене алмадық.

Жауапта боқтап, сөгіп ұрсып алды

Әділдік келісімге келе алмадық.

Беделін Шәуәлидің көтеруге

Шураков айт дегенмен көне алмадық.

Қайтадан тергеп істі отыз күнде,

Естіртті қортындысын жалғыз түнде.

Ауданнан іске өзгеріс аз-ақ кірді

Айтармыз енді мұңды дедік кімге.

Жіберді қарауына край төбе

Арызды тағы жаздық іспен бірге.

Баяғы итекене қайта бардық

Ақырын күтіп жатқан біз бір пенде.

Істедік итекеде қызметті,

Байқады началниктер таза ниетті.

Кейбірі передатчик, надзиратель

Өткіздік сауат жою сауық кешті.

Сәтбек, Хамитбек пен Сұлтан мырза

Босатып құлдың ұлы шығып кетті.

Біздерге передатча жеткізер деп

Қалғандар шыққандарға үміт етті.

Жолдастар еске алмады шығып кетті,

Қайрылып бір соқпады қайта барып.

Жібердік Ғабдоллаға киім-кешек

Базарға аралатып сат деп салып.

Осындай тамақтарды жеткізсін деп

Тапсырдық әрқайсымыз қағаз жазып.

Болсайшы сірә біздің есімізде

Жолына керек екен оның да азық.

Бірталай сатылған зат сома болған,

Қалтасы Ғабдолланың тола қалған.

Арада он шақты күн өтіп кетті

Айрылдық затымызды беріп қолдан.

Ғабдолла қайтып кетті деген хабар

Естілді біраздан соң бізге жолдан.

Сыналды-ау талай жігіт таршылықта

Қиын ғой аман өту қазған тордан.

Таныс жоқ беретұғын сырттан көмек,

Қолы бос жолдас әлгі алдап жемек.

Жұдырық жығылғанға деген рас

Айтарлық жолықпаймыз оның не деп.

Келер деп қашан ұлым Жатқанбай бар

Жадырап алқынбайды көңіл сергеп.

Тармағы елу сегіз – он жеті

Өлкеден болмаса егер шынға себеп.

Сейдалы, Әмір, Күмен, Қазен батыр,

Болса да өтірік куә әлі жатыр.

Түбінен парашкенің орын алып

Батырлар азып-тозып болды пақыр.

Ақ шешер, жүйрік озар дегенді денің

Мырзалар жұрдай болып болды пақыр.

Сатылды бар киімім киіп барған

Қалмады іліп алар іске татыр.

Арада екі ай өтті сөйтіп болып,

Әртүрлі қызмет еттік сыртқа шығып.

Тулайды жүрек шіркін май жегендей

Не болар істен хабар құлақ түріп.

Алды жыл артына жарты жыл қамалғанда

Әліде орныққан жоқ көңіл тынып.

Болғанда ғинуардың жиырма алтысы

Отделден итекеге келген бұйрық.

Қалдырмай таңертеңгі сағат тоғыз

Жібер деп сегіз кісі айтқан тізіп.

Анығын бұл хабардың естіген соң

Ұзақ түн келмеді ұйқы үй дүрлігіп.

Әркім бір жорып хабар ойға салып,

Алар ма қайта жауап алып барып.

Атуға ұйғарылған кісілерді

Жібермек аттандырып қайтып алып.

Ой шіркін кейде қорқып кейде сергіп

Аралап шолып жатыр бәрін шалып.

Жақсылық шағымыз деп кейбіреулер

Түс көріп айтып жатыр ұйықтап қалып.

Атар деп қашан таңды асығамыз,

Жабырқап кейде ойлап басыламыз.

Алмас қайта жауап енді бізден

Босатар деген ойға бас ұрамыз.

Бал ашып құмалақпен кейбір шалдар

Деп айтар шығасыңдар жасымаңыз.

Алдырмайды сырттан хабар жөнді тамақ

Уайым сол онда жатсақ ашығамыз.

Тап сол күн януардың жиырма жеті,

Таң атып көрінгендей күннің беті.

Буынған төсек орын бәрі даяр

Жүрмекте жолдастардың барлық ниеті.

Туар деп қандай күндер басымызға

Алыстық тамақ енші бірден екі.

Қайтадан отделге алып қалмаса да

Тексерер деген ой бар арғы шеті.

Күн шығып сағат сегіз болған кезде,

Естілді жиналсын деп хабар лезде.

Отырған кісілер ғой болып құмар

Шақыртып жатыр деген жалғыз сөзге.

Дап-дайын арқаланып шықтық сыртқа,

Қоштасып амандасып қалған жұртқа.

Жол бастар бізден төрт-бес кісі

Деп жатыр шыға қалсақ бізді ұмытпа.

Бір шана екі камбой дап-дайын тұр,

Белгісіз шақырған бар қандай ісім.

Шанаға жүгімізді салысымен

Камбойлар тығыздады айда бол жүр.

Алдына обл отдел жетіп келдік,

Бұрынғы жолдастарды қайта көрдік.

Комбойдың бірі ішке кіріп кетті

Тулап тұр жүрек шіркін бермей ерік.

Кідірмей әлгі комбой қайта шықты

Таста деді мылтығыңды біздің серік.

Босанған қазір бүкіл жабайы адам

Көрсетті қуанышты көңіл бөліп.

Қуанған қорыққанмен бірдей екен

Әлі де орныққан жоқ жүрек сеніп.

Әзірге Ақтөбеде боласыңдар

Қол қойдық қол таңбаға кезек еніп.

Край бебе .... істі қарап,

Зор қуаныш көңілге кірді тарап.

Айыптауға жатпайды біздің жұмыс

Қарасын деп обл сот тәртіп салад.

Сегіз адам түрмеден босатылсын

Отделге телеграммен хабар жазад.

Тізбемен шақырылған сегіз кісі

Босатты сол хабарды ала сала-ақ.

Обл сотқа іс келіп қаралғанша

Аталған бес кісі кейін қалад.

Обл сотқа ұзамай істе келді

Нәтижесін естуді еттік талап.

Екі жарым ай шамасы болған кезде

Елдеріне жүре бер деді тарап.

Қашан керек дегенде дайын болсын

Деді де қоя берді бізді санап.

Бесеуінде шығарды кейін қалған,

Болғаны артық екен басында ерік,

Жан ашыр дос, дұшпанның бәрі серік.

Алды май, арты июнь айларында

Қосылдық семьяға қайта келіп.

Басшының бізді айдаған бірі де жоқ

Торғайда қарап жүрсек күнін көріп.

Айналған пішкен тонның киюге өзі,

Өтірікті өрмелеген шындық жеңді.

Айтайын басқа сөзді мұны тастап,

Басшылар елді бақты қалай тастап.

Қысқаша осы жағын баяндайын

Жыр қылып тауыса алмаспын бәрін қақсап.

Кезінде егін жинау қырман алмақ

Крайдан айыптауға өкіл бармақ.

***

Аман-жақсы күйлі-сау ма Төкен шал,

Алпысбайға қарасатын не хал бар.

Бас жарлығын бізден артық кім көрді

Хакімжан мен семьяға көзің сал.

Таусылмайды жаза берсе біздің зар,

Қалам(ын) қайран келмеуіне хат-хабар.

Көңіл жетсе көмек беріп көтерер

Күйлі туыс мен секілді кімде бар.

Қажи берме Дәмет бекіп қайраттан,

Бейнет көрген біз секілді талай жан.

Жауыздардың жаласынан жадырап

Ертеңгі күн еркінсіп атар таң.

Бес-алты ауыз шер тарқатып жаздым хат,

Ойлаймын деп азып-тозып жабырқап.

Ел тарықпай молықпайды деген сөз

Қасірет тартқан әлі-ақ көңіл болар шат.

Хатпен білдір хал жайыңды қандырып,

Жай білетін жанашырға жаздырып.

Көп ойлаумен бекер босқа жабығып

Алмағайсың өз-өзіңді аздырып.

Көрші-көлем түгел сәлем достарға,

Сөз аяғы жақындады тоқтарға.

Ақ оралар, жүйрік озар деген сөз

Құтылармыз, қосылармыз қатарға.

1933 жыл, 24 қаңтар

СӘЛЕМ ХАТ

Аманбысың туыс-жекжат қандай хал,

Хат арқылы біз тараптан хабар ал.

Жабырқаған жарым көңіл жаңарып

Тарқар ма екен ішке толған қайғы-зар.

Өмір шіркін өтіп барады құлдырап,

Су сепкендей ағып жатқан сылдырап.

Алды-артыма ой жіберіп толғансам

Түк көрмейді кейде көзім бұлдырап.

Жолдас едің өмірлікке берген серт,

Жазыларма жүректегі шерлі дерт.

Тарыққалы бір жыл болып барады

Су сепкендей сөнер ме екен жанған өрт.

Өткен күнде көрдік талай тарлықты,

Әркімдерде жоқшылыққа шалдықты.

Арқасында екі бес жыл кеңестің

Көріп едік біразырақ барлықты.

Сағындың ба Шарикажан қарағым,

Жабыққанда есіме алып жазамын.

Отызыншы жылдың арғы шегінде

Жоқшылықтың тартып едік азабын.

Ойлап едім енді еңбегім жанар деп,

Тұрмыстағы көрген қорлық қалар деп.

Жуандардан жәбір көрген жарлыға

Сенуші едім кеңес көзін салар деп.

Жылдан астым ұшырадым жалаға,

Кез болған соң ойран сұлу қараға.

Балалармен тілегі бір жауызға

Тап жолында шын кедейлер жаға ма.

Бір қыс, бір жаз жатып едік Торғайда,

Шыныменен тұрмыс жеңіп қорлайма.

Бояманың жаласымен жабықтым

Аққа зауал деген сірә болмай ма.

Тәтті ұйқыда бала жатқан кез,

Естіледі жүресіңдер деген сөз.

Он-он бестей конвойменен қамалап

Жүргізетін жабдықтарын етті тез.

Сапарландық октябрьдің бесінде

Меңіреу түнгі сағат екі кезінде.

Ой бауырымдап айқай салып қоштасқан

Зарлы дауыс бүгінгідей есімде.

Алдырмады киім-кешек ешбір зат,

Ұйымдасып қудаланған ескі дат.

Тілдесе алмай қол ұстасып қоштаспай

Жолға түсіп тарта бердік таңырқап.

Әкімшілік жолға тұрды қолда күш,

Баса көктеп істеп шықты бір жұмыс.

Күдер үзіп көңіл қайтып қалсын деп

Ел көзіне қыр көрсетіп өткен іс.

Түнгі дауыс құлағымда зарлаған,

Ой бауырымдап қош айтысып қалмаған.

Мейірімі жоқ мақсатқорлар кекпенен

Сөз тыңдамай қойдан жаман айдаған.

Көрдік біраз жылдан бейнет тарлығын,

Орындады жауыздықтың жарлығын.

Пұлымызға жолдан азық алдырмай

Шарт көрсетті қолда күштің барлығын.

Тоғыз күнде Ақтөбеге жеттік біз,

Қамдана алмай түнде ұрланып кеттік біз.

Заңнан асып сонша зәбір беретін

Біле алмадық сол иттерге неттік біз.

Кеңес заңы ақты шешер жақында,

Жаза бермес жаза көрген пақырға.

Жынды қара, түкті қара, қу қара

Пішкен тонын өзі киер ақырда.

Жан ашитын туыс-туған аман ба,

Күресерлік тұрмыс қандай заманға.

Сағынғаннан сендерді ойлап қамығып

Маңдайымды сүйенермін қаламға.

Бірге туған сүйенерлік аға жоқ,

Тұрмыспенен күресерлік шама жоқ.

Алды-артыма ой жіберіп ойласам

Жәрдем беріп жағысатын пана жоқ.

Өмір шіркін өңін беріп алдады,

Бояманың жазылмай тұр қармағы.

Ең болмаса шер тарқатып алатын

Тірі болып Серікжаным қалмады.

Жалпы аман ба қаны бірге туысқан,

Кіндік кесіп кірді бірге жуысқан.

Үлкен-кіші, замандастар аман ба

Асық атып, тайды бірге қуысқан.

Қандай халде қайран туған елім-ай,

Кішкентайдан туып өскен жерім-ай.

Ойлағанда өрекпиді жүрегім

Сынып қалған секілденіп белім-ай.

Жабырқайды жарым көңіл жабығып,

Жас аламын кейде көзге қамығып.

Ден сау болса не көрмейді жеке бас

Артымды ойлап күйінемін тарығып.

Шешем байғұс дені сау ма күй қандай,

Тұрмыс қалай, азған жоқ па үй қалай.

Жабықпасын жалғызының жанында

Ойлай берсін бір қосылып тұрғандай.

***

Үстем бой жалған, шын қалды,

Өңделіп өтірік шыңдалды.

Өзімен бірдей болғасын

Қылмыстылар қорланды.

Жабықтық жатып жазықсыз,

Бозардық жатып азықсыз.

Қол аяқ бос ермек жоқ

Байлауда тұрмыз қазықсыз.

Бояманың бойы өсті,

Жала жауып беттесті.

Қарайтын бетті көз жұмып

Өтірік айтып шын десті.

Кім шешер ақтың анықты.

Жағылып күйе жаламен

Жасып көңіл жабықты.

Сарғайдық саулық, сән кетіп,

Қажыдық, қайрат, әл кетіп.

Сар төсек болып жата алмай

Саламыз күйге әндетіп.

Әділдік күйіп жалығып,

Жалығамыз жабығып.

Ұзаған соң бұл іске

Қайғырамыз қамығып.

Тұрмыстың көріп тарлығын,

Қылмыстың сезбей барлығын.

Алдандырғыш алдағыш

Орындап зорлық жарлығын.

Меңіреу түрме бұл қоныс,

Созылғын күлкі бір жатыс.

Сағатқа минут парапар

Болды тілек күн батыс.

Өткенін өмір тілейсің,

Нақантан күйіп жүдейсің.

Жабықса біреу ішінен

Көтеріп көңіл сүйейсің.

Ойланбаған бұл бір іс,

Сонда да болды бір жұмыс.

Сенім, үміт серт кетіп

Тексеруден шықты-мыс.

Қудаланып ескі дат,

Бұрмаланып әділет.

Табамыз кедей болса да

Болып та шықтық мінез жат.

Толғаусыз тон ұрады,

Толғаусыз күнә құралы.

Шындық жеңіп шешпесе

Болжаусыз өмір тұрағы.

Содырлы солшыл істердің,

Бас қамы жоқ істердің.

Тексеріліп талданып

Өзіне...............................

1933 жыл, шілде

Наши рекомендации