Жазушы жарына ескерткіш орнатты

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың жан жары, әдеби серігі Халима Қалиәкпар қызының өмірден өткеніне жыл толды. Жазушы әйеліне арнап ас берді, басына ескерткіш орнатты. Ескерткіш Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың бейіті тәріздендіріп, ұлттық үлгіде, мәңгі мүжілмейді деп есептелетін Маңғыстаудың ақ тасынан (ракушка –ұлу тас) салынды. Биіктігі 10 метр. Авторы Шыңғыстаудағы Абай мен Шәкәрім, Ділдә мен Әйгерім, сол сияқты Оңтүстік Қазақстандағы Домалақ Ана кесенелерін көтерген атақты архитектор, ақын Сайын Назарбекұлы.

— Дүниежүзіндегі — көптеген ғашықтардың қолы жетпеген мәңгілік махаббатты басынан кешірген Әзілхан аға мен Халима апаның шексіз сүйіспеншілігіне арналған бұл ескерткіш ғажайып ғашықтық дастаны "Қозы Көрпеш Баян сұлу" жырының 1500 жылдық тойына арнаған өз тартуым, — дейді сәулетші Сайын Назарбекұлы. — Баян сұлу бейіті атақты Аягөз жерінде тұр. Сол өңірде туып-өскен оның бір сіңлісі Халима күмбезі асқар Алатаудың иығынан бой көтергенін шығармашылық мақтаныш етемін!

("Қазақ әдебиеті" газеті. №31/2765/, 2.08.2002.)

Алғыс хат

Ардақты анамыз Халима Қалиәкпар қызы Өзбақанова Нұршайықованың жылына келіп қатысып, жылы лебіз білдіріп, есіңізге түсіргеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамыз.

Нұршайықовтар әулеті.

27-шілде 2002 жыл.

Алматы.

"Айтұмар " банкет залы.

(Бұл хат Халиманың жылына қатысқандарға үлестіріліп берілген кітаптардың бірінші бетіне жазылған).

ІІ ТАРАУ

ХАТТАР

Айран Халекемнен айырылыпсыз, әзіз Әзекем!

Құрметті, қайғылы, қазалы Әзекем!

Менің 50-жылдардаң бергі жан серігіме айналған "Қазақ әдебиеті" газетінен көз жазып қалғаныма біраз болды. Төрт жылдан бері жаздырып ала алмай келемін. Зейнетақы тым жарытымсыз, адам көп. Кешіріңіз, ала алмай келе жатқан себебімді айтқаным ғой.

Он-он бес құн шамасында үйдегі пеш түбіндегі маған әлдекім газетке оралған сәлемдеме беріп жіберіпті. Мені орамының ішіндегісінен гөрі сыртындағы "Қайран, Халима" деген мақала мен жылы иман жүзді әйел суреті еріксіз еліктіріп, әлгіге үңіле қалдым. Соны орталай "Ойпыр-ай, жалған ай Әзекем де сүйікті де, қимас жеңешемнен айырылып қалған екен-ау" дей бергенімде, жаным дағы телефон шар-шар ете түсіп, тұла бойымды үрей билеп, біртүрлі боп, басым мәңгіріп, өзімді-өзім игере алмай кеттім. Хабар да жайсыз хабар болып шықты. Көрші аудан Қазалыда әкемнің інісінің жалғыз баласы Әбдіқаппар (51 жас) қайтыс бопты, ауырмай-сырқамай. Газетті бүктедім бе, умаждай, мыжыдым ба, әйтеуір жаныма салғаным есімде. Апалаң-құпалаң, келуіне жарты сағат қалған "Тоқылдақ" деп аталатын поезға жинала бастадым. Мақаланы оқуды жолай жалғастырдым. Содан қайтып кеп, осыны жазып отырмын, Әзеке!

Тағдырдың жазуы солай шығар, не амал бар Алланың ісіне? "Бетпе-бет келсе, талай жерде ұялтқан болар едім" дейтін ажалдың жұмысы сол. Артының жақсылығы болсын.

Әлгі мақаланы жазған Қалмұқан ағам екен. Өткен айда қайтыс болды депті.

Қош, cay болыңыз. Өзіңізге жүрім, отбасыңызға бірлік берсін.

Жағдайларыңызды білгім келіп, осы хатты жаздым. Көңіл қошыңыз болса, бес жол жауап жазсаңыз, тәуір болар еді, Әзекем.

Өзіңізбен жүздеспеген Кеңес ініңіз Кеңес ӨМІРЗАҚҰЛЫ,

Арал қаласының тұрғыны 21.08.200

Тебай БИСЕНҒАЛИҰЛЫ

Атырау қаласының тұрғыны

I

Ассалаумағалейкүм, ардақты Әз аға!

Өзіңізге шынайы көңілмен сәлем жолдап, осы хат арқылы қолыңызды алып, көрісіп отырған Атыраудағы ініңіз Өтебай Бисенғалиұлы.

Әз аға! Атырау үн қағазының облыстық "Атырау" газеті 4 тамыздағы шыққан №92-93 санынан Халима апайдың қайтыс болғанын оқып, өз көзіме өзім сенбедім. Үш рет оқып шықтым. Мен де Кербез атты келініңіздің соңында қалып, бала мен келін тәрбиесінде отырғаныма бірнеше жыл болды ғой, Әз аға! Бір Алланың маңдайымызға жазғанын көреміз, көнеміз, көтереміз. Шүкіршілік етеміз ғой. Деніңізге саулық, бойыңызға қуат, әсем көңіл-күй, өміріңізге тыныштық, қуаныш берсін Алла тағала.

Оқырманның сүйікті жазушысы,

Оқырманның бірегей ақылшысы,

Оқырманның жүрегінде, аузында жүретін,

Сары алтындай салиқалысы,

Оқырманның көз алдына тұратын

Биік шыңы ардақтысы едің, Әз, аға!

Берік бол, жасыма, қайраттан. Қайғының бұлтын тілетін найзағай едің, Әз аға. Бауыржан ағаның бірге отасқан жұбайы қайтты ғой дүниеден. Сіз де Бауыржан ағаның бірегей сүйіктісі, қадірлі, қала ұлы інісі деп білеміз. Қалың оқырманның жүрегі солай қабылдайды, солай шешеді. Тыңнан алтын қор кітаптарыңызды жаза беруде қаламыңыздың жасымауын бір Алла нәсіп етсін. Жергілікті құшағы жазық, жүрегі үлкен қалталы азаматтар қамқорлық жасап, сізге жағдай туғызсын. Күш-қуат Алладан болсын. Тілекші қалың оқырман халқыңыз қамқор болсын. Әмин!

Кеше ертемен көңіл айтқан жеделхат салған едім. 6.08. күні барған болар. Мен Балықшыдағы үйден қала орталығында тұратын Бауыржан атты баламның үйіне келдім. Бала мен келіннің қарамағындамын.

Сәлеммен Өтебай ініңіз.

7.08.2001 ж.

II

Ассалаумағалейкүм, Әз аға!

Денсаулығыңыз қалай? Көңіл-күйіңіз жақсы ма? Немере, шөбере, өз айналаңыз, қатар құрбы достарыңыз, қаламдас әріптеріңіз тегістей аман ба? Халима апайды Бауыржан жатқан Кеңсайға қойдыңыз ба?

Әз аға! Атырау қаласындағы өзім көптеген жылдар адал қызмет жасаған балық консерві комбинатының шығарған құты консерві өнімдерін Халима апайдың рухының құрмет дастарханына Сіздерге ақ көңілмен, шын жүректен жіберіп отырмын, Халима апамның қырқына жиналғандар ауыз тиіп, дәм татсын деп. Қара уылдырықтың қазір аты өшті, жоқ. Іздесең таппайсың, қолға түспейді, көзге көрінбейді. Айыпқа бұйырмаңыз неге жіберді деп.

Деніңізге саулық, бойыңызға қуат тілейміз. Алла тағала шаршатпасын, қаламыңыз жасымасын, Әз аға.

Атырау қаласындағы тілекші ініңіз Өтебай.

25.08.2001 ж.

Наши рекомендации