Көне түркі ескерткіштері туралы қазақша реферат 3 страница

Абайтанудың алғашқы негізі де М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім нәрсе. Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. Бұлай етпейінше Абай өмірбаянын жазуға кірісудің өзі қиынға соғары мәлім еді.

Абай өмірбаянын қалпына келтірудегі басты әдіс — ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы биограф көп шындықтың сырын ашады. Осы арқылы М.Әуезов Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.

Абайдың ғылыми өмірбаянын ойдағыдай жазып шығару арқылы М.Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүргізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М.Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», «Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен Орыс Географиялық Қоғамы Семей бөлімінің Абайға арналған салтанатты кешіндегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орны» деген баяндамасы — осы әрекеттің айғағы. Бұл бөлімдегі келесі бір зерттеу де назар аударатындай, ол зерттеу «Абайтанудың бірегей зерттеушісі» деп аталады. Мекемтас Мырзахметұлы мұхтартану саласында да, абайтану саласында да жемісті еңбек етіп жүрген білгір ғалым. Сол себепті ғалым Мырзахметовтің әрбір пікірі салмақты, тиянақты, ойлы болып келеді. Мысалы: «Үдере даму үстіндегі қазақ кеңес әдебиетінің ірі саласына айналып отырған абайтанудың негізін қалаушы ғұлама ғалым М.Әуезовтің Абай мұрасы туралы ұлан-ғайыр ғылыми зерттеулері туған әдебиет тарихында ерекше орын алатын бірегей қайталанбас құбылысқа айналып та үлгірді. Ұлы ақын мұрасының сыры терең болмысына бойлай еніп, ғылыми зертетулерімен бірге тарихи шындықты бойына дарытқан суреткерлік құдіретімен, көркемдік шындыққа айналдыру арқылы көркемөнердің көптеген жанрында теңдесі жоқ қайталанбас туындыларымен рухани жан дүниемізді айтарлықтай байытты» /6.52/.

Белгілі ғалым М.Мырзахметов М.Әуезовтің Абай мұрасы жайлы ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ізденістері мен ғылыми зерттеулерін, көркем туындыларын бір-бірімен тығыз байланыста алып төрт түрлі іргелі салаға бөле отырып қарастыру қажеттігі сезіледі. Оларды бас-басына жеке түрде атап өтеді, санамалап көрсетеді.

1. Абайтанудың іргелі саласына айналып отырған ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі аса қиын да күрделі проблемаларын тұтас қамтитын Абай өлеңдерін жинау, екшеп толықтыру, тұңғыш толық басылымдарын дайындау, түсініктер жазудағы ізденістері мен осы саладағы арнаулы зерттеулерін қамтиды.

2. Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазу үстінде алғашқы биограф, тарихшы ретінде көптеген ақын замандастарымен бетпе-бет кездесіп, тікелей тілдесу, жүзбе-жүз әңгімелесу арқылы естеліктер жинау, жаздырып алу, соларға орай тарихи деректер көзін іздестіру әрекеті жатады.

3. Абайдың әдеби мұрасы жайлы арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын, негізінен сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізе отырып, әр жылдар айтылған ой-пікірлерін қорытындылау және де ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында абайтанудың арнайы курсы мен арнайы семинар сабақтарын өткізумен айналысу. Абай мұрасы жайлы зертетулерге басшылық ету, аспиранттар мен ізденушілерге жетекшілік ету өз алдына дербес бір мәселе.

4. Жоғарыда айтылған әр саладағы зерттеулердің ғылыми нәтижесіне сүйене отырып, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көркемөнер саласының әрқилы жанрында жазылған туындылары өз алдына бір әлемді құрайды. М.Әуезовтің ұлы ақын өмірі мен әдеби мұрасын зерттеу саласындағы бірегей табысы әрине XX ғасырдың көркем ойындағы қол жетпес шыңына айналған атақты «Абай жолы» эпопеясында жатыр.

Абайтану саласындағы бұл іспеттес орасан зор ғылыми шығармашылық ізденістердің сәтті аяқталуына айта берсек себептер көп. Бірақ осылардың ішіндегі елеулі буынның бірі – Абай мұрасы жайлы сан жылдарға созылған азабы мен қызығы мол ғылыми зерттеу еңбектері деп қарасақ, бір жағынан, Абай өмір кешкен әлеуметтік ортада туып, сол ортаның сыры мен шындығына жастайынан қанығып қалыптасуы да айтарлықтай орын алған. Балалық балдәурен шағында-ақ Абаймен дос-жаран, сыйлас болған атасы Әуез сүйікті немересінің рухани жан дүниесін Абай шығармаларымен ауыздандырып, ақын өлеңін түгелдей жатқа оқытып өсіруінде де біраз себептердің сыры жатса керек-ті. Өзі ұшқан ұясының Абаймен тікелей достық, туыстық қарым-қатынаста болуы, әсіресе атасы Әуездің Абай жайлы ел іші оқиғаларын толғайтын ұзақ сонар әңгіме-естеліктерінің бала Мұхтар санасына тайға таңба басқандай ізі қалып, өшпес әсер беріп отыруының айтарлықтай маңызы бар рухани қайнарға айналғаны да мәлім нәрсе. Бала жастан сырына қанығып өзі өскен әлеуметтік ортада Абайға қатысты қым-қуыт оқиғалар сыры ел арасында ұзақ жылдар бойы ұзын сонар әңгімелерге желі тартып, таралып жататын-ды. Осы әңгіме-естеліктерді елти тыңдаушылардың арасында бала Мұхтар да сол әңгімелер желісіндегі нелер бір ғажап ой-пікірлерді ой зердесіне тоқи жүретін. Жастық шақтағы әсер естен кетпей ұзақ сақталаныты себепті, Мұхтардың Абай мұрасының сыры мен ақын өміріне қатысты оқиғалардың терең мәні мен шындығын кейіннен Абай мұрасын зерттеушілердің бәрінен де жетік білуі, үздік дараланып шығуы да заңды еді. Бұл жағдайлар, бір жағынан, Абай мұрасын жинап, тереңдей зерттеуіне әрі Мұхтар Әуезовтің әлем әдебиетінің алтын қорына олжа салған ұлы туындысының сәтті аяқталуына зор септігін тигізді. Және де осы танымдары сол тұстың саяси-әлеуметтік сан салалы өмір болмысының тарихи негізі ретінде суреттеліп, жанданып жатты.

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп аталатын монографиялық еңбектің екінші бөлімі «Абай ғұмырнамасы» деп аталып, жоғарыда атап көрсетілгендей төрт түрлі нұсқаны қамтиды. Енді осы «Абай ғұмырнамасы» жайлы да кейбір мысалдар, дәлелдер келтіре кеткенді жөн деп таптық. «Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы» (1927-1933) бірнеше тақырыпшаларды қамтиды, атап айтқанда «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай туралы Көкбай ақсақал мен баласы», «Тұрағұлдың естегілері», «Абай жазған кейбір өлеңдердің қай кезде, не себепті айтылғаны туралы түсіндіру қосымшалар» деп аталады. «Абайдың туысы мен өмірінде» Абайдың өмірі, шыққан тегі, өскен ортасы жайында көп деректер бар, соның ішінде ұлы ақынның әкесі Құнанбайға қатысты ғана бірер пікірді келтірсек, себебі күні кешегі кеңестік кезеңде Құнанбай жайында мүлдем теріс пікірде болғанымыз рас. Сол себепті М.Әуезовтің Құнанбай жайындағы дерек көздеріне назар аударсақ. «Бүгінгі Семей уезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсында Қарқаралы өкірігіне қарайтын. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей нәсілінен: Құсбек, Жамантай, Абылай нәсілінен: Тобықты ішіндегі Шалғымбай деген төрелер болған.

Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқанда қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Әрбір елдің қарадан шыққан Құнанбай сияқты басты жуандары: «Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді» дей бастаған кездері болады» /7.104/.

Көп рудың қалың ортасынан шыққан жуан аталары өз ауданында төреден салмақсыз болмайды. Төре дегендердің ру басшыларының қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен төрені ұстанған патша үкіметі, енді қалың елді ұстау үшін, ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осындай екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандарына төрені сөз қылып, төрені түртпектеу салт сияқты болып тарай бастайды. Бұл туралы көп рулардың, көп басшылардың ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ел-елдің ортасында: «Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды» деген төреге қарсы қозғалыс белгісі көп жайылады.

Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталады. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі — пәлен сомада алым төлейтін бай да, екіншісі — төре тұқымдары болатын. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу құқығына ие. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болған.

Құнанбайдың осы сайлаудан кейін қанша уақыт аға сұлтан болғаны белгісіз. Қалайда болса Қарқаралы өкірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай. Сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған көрінеді.

Бұрын хан-төренің туы жығылып өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары, Құнанбайдың болуын Құсбек Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықтығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен сияқты.

Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда: Құнанбай «Қарадан хан болған» деп аталады. Мұның мысалын мына сияқты берер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай деген кісі Жарқымбай деген баласына өлерде өсиет айтқанда: «Төремен ел болса, екінші ел арасында сөз болса Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме» депті.

Одан соң 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып ас бергенде Балта ақын:

Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,

Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.

Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,

Алтынын тастап кеткен ат басындай.

Үш жүзіңді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін.

Арғынның өзін биледің,

Алшысы мен тәйкесін.

Келсең-келде кез болдың,

Кейи де беріп қайтесің! — депті деген сөз бар.

Бұл келтірілген деректерден Құнанбайға қатысты қызықты мәліметтер, сол кезеңдегі қоғамдық өмір, ел билеу жүйесі т.б. қызықты деректер бар екеніне көзіміз жетеді, мұның бәрі де абайтанудың бір белестері. «Абай өмірбаянының екінші нұсқасы» (1940) деп аталатын еңбек «Абайдың өмірбаяны», «Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар», «Көкбай әңгімелері», «Тұраш әңгімесінен», «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Архәм т.б. айтқан әңгімелері», «Мұсылманқұл Жиреншиннің әңгімесі», «Абайдың ата-тегі туралы» дейтін бөліктерден тұрады екен, әрине мұның бәріне тоқталып, талдау жасауды мақсат етпей-ақ, ең алғашқы «Абайдың өмірбаянынан» ғана аз-кем айтып өтсек. «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар.

Өскембай – Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді! /7.181/.

Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашаңдау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: «Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз бар. Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт ауылына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.

Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.

1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі. Зере күйеуінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде ауылының бәрі Зерені «кәрі әже» дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болды. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі -Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен әйелі қыздай алған — Күнке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан — ол Құнанбайдың інісі Құттымұхаметке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абай өлеңінің мәнісі осында. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз, өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналып еді. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбайтпайды. Ауруын емшіге де көрсетпейді де. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауияның өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы 60 жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі Жидебайда Еркежан қыстауының жанына қойылады.

Бұл келтірілген дерек көздерінің бәрі де ұлы Абайды тануда, танытуда көп септігін тигізері сөзсіз.

Абайтану ғылымына ерекше үлес қосқан ғалымдардың бірі де, бірегейі де академик Зәки Ахметов. Әйгілі ғалым зерттеулерінің ішінде ерекше орын алатын еңбегінің бірі «Абайдың ақындық әлемі» /8/. Академик Ахметов өзінің бұл еңбегінде ұлы Абайдың ақындық тұлғасын, адамгершілік мұраттарын бүгінгі заман ұғым-түсініктері деңгейінде жан-жақты, толық сипаттай отырып, оның шығармашылық мұрасының танымдық, эстетикалық, көркемдік, тағылымдық мәнін жүйелі түрде ашып көрсетуді мақсат еткен ғалым зерттеулері өте құнды, тәрбиелік мәні күшті, абайтанудың биік бір белесі деп тануға болады. Кітаптың аңдатуында автор былай деп бір түйеді.

«Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы — өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселесін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қарасөздерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абайдың ақындық әлемі деп соны айтамыз» /8.3/.

Ақын творчествосы жайлы түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай емес. Жеке бір өлеңді алып баяндау, талдау онан да қиын. Өйткені өлең деген басқадай жай, жадағай сөзбен айтып беруге көне қоймайды. Шынайы шабыттан туған нағыз поэзиялық туындының мағыналық сыйымдылығы, көркемдік әсері де өлшеусіз ғой. Әр адамның өз жан-дүниесі неғұрлым бай болса, өлеңнен алатын әсері де соғұрлым мол болады.

Абайтану да ақын сөзін оқудан, тоқудан басталады. Қуанғанда немесе мұңайғанда оқыса, адамның ішкі сезімімен жалғаса кірген сөз жүрекке берік ұялайды, қайталап оқығанда, еске түскенде, толқытпай қоймайды.

З.Ахметов өзінің бұл еңбегінде, яғни «Абайдың ақындық әлемінде» көптеген мәселелерді тереңінен қарастырады, атап көрсеткенде «Абайтану белестері», «Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Әлеуметтік әуендер», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Поэмалардың сыр-сыпаты», т.б. болып келеді. Енді осы еңбектерді кейбіреулері біршама деңгейде тоқталып өтсек. Ең алдымен ақын Абайдың ең үлкен құдіреті оның өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді дер кезінде көріп, танып-біліп, соның бәрін өлең үлгісінде суреттеп бере білуінде. Зәки Ахметов осы жайттардың денін өзінің «Әлеуметтік әуендер» дейтін тараушасында жан-жақты ашып көрсетеді. Ғалым былай дейді: «Ақындық өнерді өзіне өмірлік зор мақсат етіп, өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруге Абай тек 80-жылдардың ортасында жұмыла кіріседі. Бұл Абайдың айналасын болжап, әлеуметтік құбылыстарды терең бағалап, кей ойлай алатын, көргені мен түйгені тәжірибесі молайған, әбден кемеліне келген шағы болатын. Ақынның осы тұста (1882-1886 жылдары) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік қасиеттері жағынан аса мағыналы, жаңа сапалы, және ұзақ өнімді ізденістерінің қорытындысы, нәтижесі болып табылады. Бұл жылдардағы шығармаларындағы тұжырымдалған идеялар мен тақырыптардың өрісі негізінен ақынның соңғы жиырма жылдағы өмірін қамтитын бүкіл творчествосына үзілмес арқау болып, үнемі тереңдеп, дамып отырады» /8.46/.

Абайдың орасан зор ақындық қуат-күші өз шығармаларында қазақ өмірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтере білуінен, қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдерінің ой-арманын, түбегейлі мүддесін терең ұғып, сезіне білетіндігінен айрықша айқын көрінеді. Ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Сегіз аяқ», «Ғылым таппай мақтанба», «Болыс болдым, мінеки» секілді таңдаулы көркемдік туындыларының қайсысын алсақ та оларға идеялық арқау болатын келелі мәселелер — білімге, адал еңбекке, әділеттілікке шақыру, надандықты, артта қалу кесапатын айыптау, алауыдық пен керіс-тартысты, өкімет билігін теріс пайдалануды әшкерелеу екені бірден байқалады. Және осы идеялар ақын шығармалары тақырыбының ең басты, күрделі мәселелеріне жалғасып, солармен тұтасып, халықтың тағдыры, бүгінгісі мен кешегісі, поэзияның өмірдегі алатын орны туралы ойларымен сабақтас өріледі. Өйткені Абай поэзиясының басты тақырыптары, идеялық нысанасы ұлы ақынның әлеуметтік прогресс үшін, халықты өнер-білімге жеткізу үшін күресу мақсатынан туады. Халықтың ауыр тағдырын, өмір-тұрмысын ерекше шеберлікпен, нанымды көрсете отырып, Абай халықты қоғамдық асыл мұраттарға жетуге ынталандырады.

Абайдың адам мен қоғам жайындағы концепциясы — қазақ топырағындағы жаңа концепция. Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, психологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап бейнеледі. Мысалы, Абай өлеңдерінен неше түрлі болыс-байлардың әлеуметтік тұлға дәрежесіне көтерілген, жинақталған бейнесін бүкіл іші-сыртымен көз алдымызға келтіреміз. Солардың бірі — «өз малын өзінікі дей алмай, күндіз күлкі, түнде ұйқысы» бұзылған бай. Бұл — кәдімгі бір жағынан билеуші чиновниктер, екінші жағынан, ел ішіндегі әкім, төрелер тарапынан екі жақты қыспаққа ұшырап, есі шығып өз малын өзі билей алмай, әлекке қалып, жапа шегіп жүрген бай. Немесе, Абайдың болысын алайық. Бұл да Абаймен замандас, 80-90 жылдардың болысы. Ол ата-бабасының ел билеген феодал, шынжыр балақ шұбар төс емес, малын шашып, билікке қолы жеткен, байлығынан гөрі қулығына сенетін болыс. Оның ел билеу тәсілі, адамдармен қатынасы алдау-арбауға, әлдіге келгенде шалқайып, әлсізге келгенде қырындауынан танылады. Абай мұндай ел билеушілер үлкен көркемдік шындық, идеялық түйін ретінде ұсынады. Абай адам бейнесін қоғамдық орнына, мүддесіне, сол мүддеге жету жолындағы ішкі сезімі мен айла-тәсіліне байланысты жасады. Ол өз заманындағы сан түрлі әлеуметтік топтардың барлығын да осы тұрғыдан терең зерттеп көре де, бейнелей де білді. Қожа, молда, ауылнай, жүзбасы, еңбексіз мал таппақшы пасық, амалын тауып күн көрмек епті, «бұзылса елдің арасы мал таппаймын демейтін» қулар, қулықты ат-шапаннан кем көрмейтін даңғой, дарақы той-думаншыл бозбала, еңбексіз еріншектер т.б. ақын шығармаларынан кең орын алып, өздеріне ғана тән типтік жағдай, типтік мінезімен көрінеді.

1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» өлеңдерінде Абай замана жайын толғап, әр топтардың өкілдері, әр алуан адамдардың мінезі, іс-әрекетіне көз жібереді. Осы шығармалардағы айрықша өзгешелік — айту тәсіліндегі, стиліндегі қарапайымдылық, пәлендей әдемі дерлік, әшекейлі сөздерді қолдануға ұмтылмаушылық. Сонда осы өлеңдердің артықшылығы неде? Олар алдымен ақын ойының тереңдігімен, еркін төгіліп отыратын оралымдылығымен, қоғамдық өмір құбылыстарының мәнін ашып, алаламай анық, айқын бағалап, талдап беруімен тартымды. Және бір назар саларлық жай — Абай «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сияқты өзінің қамыққан, қажығандай көңіл күйін осы өлеңдердің бастапқы жолдарында ғана айтады. Осылай барып, ішкі сырын ақтаратын рай көрсетеді де, одан әрі бірыңғай айналадағы өмір, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттері, қылық-мінездері туралы айтуға ойысады.

Наши рекомендации