Мерекелік ертеңгіліктердің түрлері және оны ұйымдастыру.

Балалар өміріндегі мерекелердің маңызы – адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру құралы, әдеби шығармалар, әндер мен өлеңдер патриоттық сезімдер қалыптастырады, балалар бойында тәртіптілік, мінез - құлық, ұжымшылдық негіздерін, мәдениетін тәрбиелейді.
Мейрам күндері – балалар үшін жан тебірентер ән мен күйдің, әсем бидің, көз қуантар көріністердің қызғылықты бір әлемі. Сондықтан да, мейрам күндерін балабақшаның әрбір тәрбиеленушісі асыға күтеді, өз өнерлерін жолдастарына, тәрбиешілеріне және ата - аналарына көрсетуге асығады.
Осы жағынан алғанда, жас жеткіншектерді тәрбиелеп, оларды жан - жақты дамытып, жетілдіруге мерекелік күннің үлесі зор. Жас жеткіншектердің өзін қоршаған ортаға дұрыс қалыптастыруға өз Отанына сүйіспеншілігін арттыруға, еңбекке ынтасын күшейтуге, интернационалдық сезімін оятуға үлкен әсер етеді.
Мерекелік ертеңгіліктердің барлық түрлері (ән салу, музыка ырғағымен қимылдар жасау, би билеу, музыка аспаптарында ойнау) балаларды музыканы сүйе білуге баулудың ерекше бір түрі. Қатар отырып қуанып, толғану жас жеткіншектерді тату ұжымға топтастырады және ұжымды жауапкершілікке баулиды.
Әрбір мерекеге арналған ертеңгілік сол мерекенің қоғамдық зор мәнін, идеялық мақсаттарын жас жеткіншектердің өз сезіміне лайықтап жеткізіп, сол арқылы бүкіл халықты салтанатқа үлес қосуына мүмкіндік береді.

Мерекеге әзірлену және өткізу.
Әрбір сценарийді алдын - ала ұқыпты, жан - жақты әзірлейді. Сценарийде ертеңгіліктің мазмұнына қарай үлкен кісілер мен балалардың айтатын сөздері және орындау реті жоспарланады. Әрине, ертеңгілікті үлкендерге арнаған балалар концертіне айналдыруға болмайды. Балалардың көрсеткен ойындары олардың өздерін де қуанышқа бөлейді, бірақ олардың естерінде ұзақ уақыт сақталатындай ерекше құбылыс бола алмайды. Сондықтан, балалар өнерін үлкен кісілердің (балабақша қызметкерлерінің) орындауындағы концерттік нөмерлерімен кезектестіріп, өткізсе, эмоциялық әсерге толы, есте қаларлық мереке болуы сөзсіз.
Мерекелерді салтанатты түрде мектепке дейінгі ұйымда атап өтудің маңызы зор. Мерекелер өзінің ойластырылған бағыты мен құрылымына қарай үш түрге бөлінеді:
• Қоғамдық - саяси мерекелер
• Тұрмыстық мерекелер
• Маусымдық мерекелер
Қоғамдық саяси мерекелер салтанатты түрде өтеді. Бұл мерекелер музыка залына балалардың көгілдір жалаушалар, шарлар, гүлдер ұстап, салтанатты шеру жасап кіруінен басталады. Оған қоса ұрандар айтылып, Отанымыздың ұлылығына арналған құттықтаулары шатты түрде естіліп жатса, мереке салтанатының әсері арта түспек. Салтанатта көңілді сауықтар, ойындар, билер, топпен айтылатын әндер мерекені жандандырып отырады. Балалар ептілік, тапқырлық жөнінде сайысқа түседі. Мерекенің соңына қарай ересектердің құттықтаулары болады.

Қоғамдық саяси мерекелер:
- 6 шілде - Астана күні;
- 30 тамыз - Конституция күні;
- 16 - 17 желтоқсан - Тәуелсіздік күні;
- 8 наурыз - Халықаралық Әйелдер күні;
- 1 мамыр - халықаралық ынтымақтастық күні;
- 7 мамыр - Қарулы күштер күні;
- 9 мамыр - Жеңіс күні

Тұрмыстық мерекелер балалардың тұрмысы мен өмірі, көркемдік безендірілуі мен құрылымы жағынан өзгеше. Балалар үшін асыға күтетін сүйікті мереке – Жаңа жыл. Жаңа жыл мерекесі ертегідегі сияқты сиқырлы ғажайыптарға толы, ол балаларға толып жатқан қызықтар әкеледі. Оттарымен, ойыншықтарымен жарқыраған шырша - жаңа жыл мерекесінің орталығы. Шырша өзінің әдемілігімен балаларды тартады. Әрбір мерекелерде бала өзі ұнатқан кейіпкерді алып, ойын ойнауы керек. Мектепке шығарып салуға арналған ертеңгілік даярлық топтары үшін ұйымдастырады. Қонаққа келген сәбилер тобы өз өнерлерін көрсетіп аяқтағаннан кейін ересек жолдастарын құттықтайды, бір - біріне естелік сыйлықтар береді.

Тұрмыстық мерекелер:
- Жаңа жыл мерекесі;
- 22 наурыз - ұлыстың ұлы күні;
- Балаларды мектепке шығарып салу мерекесі

Маусыдық мерекелер жыл мезгілдеріне байланысты өткізіледі. Олардың тақырыбы балаларға күнделікті өмір мен іс - әрекеттен алынатынын, мыс: жазғы мереке кезінде балабақша ауласында концерт түрінде өткізіп, жаңа әндер айтып, би билеуі қаншалықты әсер ететінін байқауға болады. Күз мерекесінде өсімдіктердің көк сабағынан, гүлдерден өрілген әшекейлі тізбектер, жемістер макеті балалардың күз мезгілі туралы түсініктерін одан әрі кеңейте түседі. Қыс мезгілінде боранның уілдеген даусын салып, қар лақтыру ойынын ойнаса, көктем мезгілінде гүлдермен билеу, жапырақтардың бүршік жаруы туралы түсінік алуы балаларға маусым құбылыстары туралы мағлұмат береді.

Маусымдық мерекелер:
- Көктем келді шуақты"
- Жаз келді жасыл...!
- Сары алтындай сары күз!
- Қыс мезгілі тамаша!

Наши рекомендации