Рметті Әзілхан аға! Халима өмірінің өшпес өрнектері

Бірінші бөлім

Халима өмірінің өшпес өрнектері

ҚҰРМЕТТІ ӘЗЕКЕ!

...5/1-де болған кездесуде маған "Махаббат, қызық мол жылдарды", "Халиманы" сыйға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая.

Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз — үлгі!

Аман-сау болыңыз, Әз-аға.

Аса сыйлайтын Н.НАЗАРБАЕВ.

3.01.2003.

ЖИЫРМА СӨЗ

Бірінші сөз

Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Өмірінің соңғы күн, соңғы сағатына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік.

Ол менің әйелім ғана емес, әрі шешем, әрі енем сияқты болды.

Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды.

Жақында, Халима қайтыс болғаннан кейін, көңіл айтуға үйге "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Жанболат Аупбаев келді. Сол жігіт мынадай бір дерек айтты.

— Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында мен "Халық кеңесі" газеті редакторының орынбасары едім. Сол кезде біздің газетте 100-атқыштар бригадасы жауынгерлері жайында жазылған "Боздақтар" деген естелік-этюдтеріңіз шықты. Ол естеліктер газетіміздің бас нөмерінде басылған ең абыройлы материалымыз болды. Соны: "Ағаларың ауырып жатыр еді" деп, менің Колыма Халима апайдың өзі әкеліп тапсырған еді, деді.

Бұл Халиманың курьерлік кішкене қызметінің бір мысалы ғана. Ал оның өзге үлкен қызметтерін айтып жеткізу үшін жеке бір кітап жазу қажет.

Сонда да оның бір қасиетін осы арада айта кетейін. Халима өте қамқор еді. Өз бала-шағасына ғана емес, жақынға да, жатқа да қолынан келген қамқорлығын жасап жүретін. Ал маған деген қамқорлығын ешқашан айтып, тауыса алмаспын, сірә!

Мен инфарктке ұшыраған кездерде күні-түні қасымда болды. Аурухана медбикесіндей болып қызмет етті. Ауруханадан шыққаннан кейін қолтықтап жүріп, көше қыдырып, таза ауамен тыныстатты. Инфаркт сырқатының режимін бұлжытпай орындатты. Шығармашылық жұмысына байланысты көрсеткен көмегі ұшан-теңіз болды.

Оларды былай қойғанда ара-тұра ауруханаға жатып қалған кездерімде үйден келіп қамқорлық көрсететін. Сенбі, жексенбі күндері үйден қуатты ас істеп әкеп тамақтандыратын. Ауруханада қарайлас жатқан дос-жолдастарды палатаға қоса шақырып, әкелген асын бөліп ауыз тигіздіретін. Ол да өз алдына.

Сырқат адамға аурухана бар жағдайды жасап, міндетті түрде көмек көрсетіп отырады. Соған қарамастан Халима ауруханада жатқан маған үнемі өз көмегін көрсетіп, жеке қамқорлығын жасап отыратын еді.

Бір палатада екі адам жатамыз. Екі кереует, ортақ үстеліміз бар. Кереуеттер басына да, үстел үстіне де шам орнатылған. Олардың әрқайсысына 40 ваттық лампочка қойылған.

Әрине, бұл жарығы ең әлсіз шамдар. Одан басқа 60, 75, 100 ваттық жарығы күшті лампочкалар болады. Бірақ, ондай шамдарды, электр қуатын үнемдеу деген желеумен бас медбике палаталарға қойдырмайды.

Бір жолы Халима көңілімді сұрай палатаға келеді. Күн алабұлттау болатын. Үстелдің жоғарғы жағындағы аспалы шамның өлеусіреген жарығымен жазу жазып отыр едім. Халима басын шайқады.

— Мына қара көлеңкеде қалай жазып отырсың? — деді.

— Шамымыздың шамасы осы, — дедім мен.

Содан кейін Халима менің кереуетімнің бас жағындағы шамды жағып көрді. Көрді де, тағы да басын шайқады.

Одан басқа ол тақырыпқа ешқандай сөз болған жоқ. Қасымда бірсыпыра әңгімелесіп отырып, Халима үйге қайтып кетті.

Ертеңінде кешке қарай Халима тағы да келді. Бұл жолы жеміс қана емес, "жарық", ала келіпті — 75 ваттық екі лампочкамен 100 ваттық үлкен лампочканы үстел үстіне қойды. Содан кейін 100 ваттық өз қолымен үстел үстіндегі шамға орнатты. 75 ваттық екі лампочканы көршіміз екеуіміздің бас жағымыздағы электр патронына жалғастырды.

— Енді кітапты жақсылап оқи аласыңдар, — деді.

Өйткені менің түнде оянып, кітап оқитын немесе жазу жазатын әдетім барын біледі ғой. Ол ауруханада да менің жұмыс қалпым үйдегідей сақталсын деген қамқорлығы еді.

— Қарағым, маған шамды несіне әкелдің? — деді қасымда жатқан сырқат көршім.

— "Түйенің танығаны жапырақ" дегендей, өз күйеуімнің бас жағын жарқыратып қойып, Сізді қара көлеңкеде қалдырғаным ұят қой, – деді Халима күліп.

Тағы бір жолы палатадағы дәретханамыздың есігі шиқылдап мазамызды алды. Әсіресе, біреуіміз түнде түзге тұрғанда дәретхана есігінің шиқылы екіншімізді қоса оятып жіберетін болды. Бұл жайымызды бас медбикеге де айттық. Ол да ештеңе істей алмады.

Сол күндердің бірінде базардан алып, маған әкелген жемісін Халима дәретханадағы кранға апарып, жуып әкелмек болды. Халима тұтқасын тартқанда есігіміз "ойбай" салып, шар ете қалды. Қайта жапқанда да шарылдауынан танбады. Халима басын шайқады да:

— Есіктерің "әнші" екен! — деді.

Одан өзге ештеңе деген жоқ.

Ертеңінде Халима үйден іс машинасының майын алып келіп, жақсылап тұрып, есігіміздің үш топсасын түгел майлап берді. Содан кейін есігіміз бұрынғыдай бақырмайтын болды.

Нарыққа көшкен алғашқы жылдарда коғамдық мекемелердің мүліктері тонала бастады. Ол тонау ауруханаға да жеті. Бұрын әр палата үстелінің үстінде тұратын ішіне қайнаған су құйылатын графиндер де зым-зия жоғалып кетті. Аурулар дәрі ішетін қайнаған суға зар болып қалды.

Сол күндердің бірінде ауруханаға келген Халима палатада графин жоқтықтан, біздің қайнаған суға зар болып қалғанымызды көрді.

Ертеңіне ол үйден біздің палатаға графин әкеп берді. Қайнаған суға қарқ болып қалдық.

Мен қасымдағы сырқат кісіден бұрынырақ үйге қайтатын болдым. Халима келіп, жүгімді жинасты.

Мен үстел үстіндегі үйден келген графинді алғалы жатыр едім. Халима алақанын жайқады.

— Қасыңдағы кісіден ұят қой, графинді алма, — деді.

— Ертең, бүрсігүні бұл кісіде шығады, — дедім мен графиннің мойнынан ұстап тұрып.

— Бұл кісі шықса орындарына басқа адамдар келеді. Оларға да қайнаған су керек. Графин палатада қала берсін. "Ат аунаған жерде түк қалады" деген бар емес пе? Сенен қалған бір "түк" бол сын бұл графин. Сен ат құрлы жоқсың ба? — деп күліп, менің қолымдағы графинді алып, үстел үстіне қойды.

"Ұят!" деген сөз Халиманың ұраны еді! Өмір бойы сол ұранын орындап өтті ғой, қайран Халима!

Екінші сөз

Өзінің әйелдік, аналық, жұбайлық, әдеби қызметін адал атқарған ол постыда тұрып оққа ұшқан солдат сияқты күй кешті. Түсте, қазандық бөлмеде, түстік дайындап тік тұрған кезінде аузынан қан кетіп, құлап түсті.

Жедел жәрдем дереу ауруханаға жеткізді. Аурухананың реанимация бөлімінде 13 күн жатты. Талай емдеуден өтіп, асқынған шегіне жеткен бауыр ауруы бой бермеді.

Бір күні түнде аурухананың кезекші дәрігері маған телефон соқты.

— Апай сізді шақырып жатыр. Айтатын сөзім бар еді дейді, – деді.

Түнгі сағат бірде балалар бәріміз жан ұшырып, ауруханаға жеттік. Реанимация бөлімінің палатасына балаларды кіргізбеді. Мені жалғыз жіберді.

Мен палатаға кіріп, қасына барып, құшақтап бетінен сүйдім. Халима менің қолымды сипап жатып, сөз сөйледі.

— Мен жеті жасымда жетім қалып, (Әкемнің аты Қалиәкпар, шешемнің аты Зәукен ғой. Ұмытпа), 5 жасар сіңлімді жетектеп, балар үйіне түстім ғой. Балалар үйінде сіңлім Ханымхан қайтыс болып, мен жалғыз қалдым. Содан 10 жыл балалар үйі мен интернатта тәрбиелендім. Сан рет ауырып, ауруханада жатып, балалар санаторийінде емделдім. Соғыстан кейін Мәскеудегі әскери госпиталь, санаторийде жатып, бір жарым жыл медициналық бақылауда болдым. Оны өзің білесің. Сан рет өліп, сан рет тірілгенмін. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл бірге өмір сүрдік. Екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз мені өлмеуге мәжбүр етті. Саған қосылып, балалы-шағалы, немерелі, шөберелі болып, бақытты өмір сүрдім. Комсомолға өтемін деп интернатта үш жасымды өсіргенмін. Қазір төлқұжат бойынша 80 жасқа жеткенім мәртебелі махаббаттың арқасы деп білемін. Енді, міне, айрық жолға жеткен сияқтымын, Саған айтатын мынадай өсиетім бар.

Халима осылай деп бір тоқтады. Қасында тұрған система сауытынан оның денесіне кетіп жатқан нәр-дәрі тамшылап тамып тұрды. Біраз демалғаннан кейін, қайтадан сөзін жалғады.

Бірінші айтарым:Мен олай-бұлай боп кетсем, сен жылама. Жыласаң: әрі балаларды жасытасың, әрі жұрттың сөзіне қаласың. Қазақта: "Қатын өлді қамшының сабы сынды" деген сөз бар. Сен жыласаң, жұрт сені мазақтап кетеді: "Қатыны өлгенге жылаған жаман, жасық неме екен ғой!" дейді. Өзім өлсем де сенін соныңнан сөз ермесе екен деймін.

Екінші айтарым: Қазір жұрттың бәрі өтірік болса да, шын болса да діншіл болып алды. Сен ғылымға ғана сенесің. Жердегі Құдай — дәрігерлер деп білесің. Оның жөн. Бірақ, сен мені мұсылманша жөнелт. Мені жөнелту жұмысын Мақыш досымыз Байсейітоваға тапсыр. Жаназамды өзім жақсы көріп, қадірлейтін Асылхан қажыға шығарт. Егер молда шақырмасаң жұрт: "әйеліне құран оқытпай, арам өлтірді" деп қаңқу қылады. Мен сенің жұрттың осындай жаман, лас сөзіне қалмауыңды тілеймін.

Үшінші айтарым:Сақалыңды өсірме, шашынды қобыратпа, жағаңды қисайтпа. Ұнжырғаңды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: "әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетіпті" демесін!

Төртінші айтарым:Мен ертеден өзім өлсем саған серік болар қандай әйел бар деп ылғи ойлап жүруші едім. Таба алмадым. Өйткені саған жас әйелдің керегі жоқ. Жас әйелдің жат еркекпен қылмыңдағанын көтере алмайсың жүйкеңді жұқартасың. Қартаң әйелдер аяқтарын әрең алып жүр. Олардың өздеріне күтім керек. Сен ешкімді күте алмайсың, күтуші бола алмайсың. Енді 80-ге келгенде саған үйленудің қажеті болмас. Балаларымыз күтер. Әрине, менің күтімімдей болмас. Бірақ, балалар не тамақ, жасап берсе, соны іш. "Анау жоқ, мынау жоқ" деп балалардың мазасын алма — жек көріп кетеді, өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін — ұрпағыңның анасы ғой!

Бесінші айтарым:Ұлдар арақ ішпесін!

Алтыншы айтарым:Ұлдар, қыздар, келіндер, немерелер сені күтсін. Сені күткені анамыз, әжеміз, енеміз деп мені ардақтағаны, менің жаным жайлы жатуына көмектескендері деп білсін. Саған осыларды айтайын деп шақыртып едім.

Ал енді не айтамын? Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын! Біз сияқты ата-аналар әркім өз уақытында өмірден өтіп жатады ғой. Оның уақасы жоқ. Барлық ағайын, туыс, достарға, қымбат көршілерге сәлем айт. Бәрінің ұзақ өмір сүрулерін тілеймін. Қош бол! Қош. Енді тез балалардың қасына бар. Сені күтіп, үрейленіп тұрған шығар, бәрінің бетінен сүй. Мен үшін сүй!

Осылай деп басын сәл көтеріп, мені үш рет бетімнен сүйді.

Үйден фотоаппарат ала барған едім. Дәрігерге айтып (дәрігердің аты Мадина Қосмұхамедқызы Туғанбекова), Халима екеуміздің құшақтасып, сүйісіп жатқан сәттерімізді суретке түсіртіп алдым.

Шінші сөз

Осыдан бір аптадан кейін Халимадан хат алдым. Былай деп жазыпты:

Әзілхан!

Мен тәуір сияқтымын.

Мұндағы дәрігерлердің мені бағып-қағуына тәнтімін. Бәрі мені өз аналарындай ардақтайды. Ертең сен осыларға сыйлық әкел.

Аспаздық дүкенде 4-5 килограммдық үлкен торт болады. Соның біреуін сатып ал. Сол дүкенде однорозавый тарелкалар мен вилкалар болады. Соның әрқайсысынан 24 данасын қоса әкел.

Бұл бөлімшеде 8 дәрігер, 16 медбике мен күтушілер бар. Соларға арнап, 24 конверт жасап, дәрігерлерге 2000 теңгеден, медбике мен күтушілерге 1000 теңгеден салып, алып кел. Ақшаны менің өзіңнің бір кітабыңды шығарып беруге демеуші боламын деп жинап жүрген дорбадан ал. 32 мың теңге. Оның орнын ауруханадан шыққан соң толтырамын ғой. Дәрігерлердің тізімін, аты-жөндерін қоса жолдап отырмын. Сен мені алғанда "қалың мал" төлеген жоқ едің ғой. Сол "қалың малыңды" осылай өте. Дұрыс па!

Мені уайымдап, жүдеп қалма! Жарай ма ?

Өзіңнің Халимаң.

24-шылде, 2001 жыл

Аурухана

Ол осылай деп жазыпты. Балалар бәріміз қатты қуандық. Мен түні бойы, әндетіп отырып, кішкентай конверттер жасадым. Әр конверттің сыртына дәрігерлердің, медбике күтушілердің аты-жөндерін толық көрсетіп:

"Мен сізге шексіз ризамын. Халима апай" деген сөздерді машинкамен жаздым.

Содан кейін Халимаға мынадай хат жазып, кешке ауруханаға алып бардым:

24.07.2001 ж. Сағат 17.40

Халима!

Реанимацияда он екі күн аш жатып жазған хатыңды алып, қатты қуанудамыз. Қалай жазғаныңды терезеден көріп тұрдым. Апырай, үйдегі қалақтай үстелшені ала келмеген екенбіз деп өкіндім. Сенің халіңді сұрап, телефон соғушылар көп. Қазақстанның әр облысынан сен тез жазылып кетсін деп тілек айтып жатқандар аз емес. Қаладағы Әбілфайыз, Орақ, Сәки, Мақыштарға сенің жазған хатыңды айтып, қуанттым. Олар ауруханадан шығарда гүл апарып қарсы аламыз, үйге әкеліп, той жасаймыз деп дүрлігісіп жатыр.

"Қалың мал"мәселесін былай шешкенді дұрыс көріп отырмыз.

Дәрігерлерге, өзің айтқандай, торт апарайық. Ал медбикелер мен күтушілерге ішіне екі мың теңгеден ақша салып, бір-бір конверт ұстатайық. Дәрігерлерге ақша берсек, ашуланатын шығар деп ойладық. Осынымыз жөн бе?Жөн болса, қашан жүзеге асырайық? Осыны ептеп жазып жібер. Біз сенің қандай бұйрығың болса да мүлт жібермей орындауға әзірміз.

Балалар аман. Жағдайлары жақсы. Серік Ақтауға қайтқан. Аман есен жеткен. Күн сайын телефон соғып, сенің жайыңды сұрап тұрады. Алма Астанадан қайтып келе жатыр. Әжемнің қасында боламын деп, Астанада байыздай алмапты. "Куколқаң" (Халимуша) керемет! Неше түрлі қызық қылықтар жасайды. Сағат сайын жаңа әрекеттер ойлап табады. Жүгіргенде атқан оқтай зымырайды. Балалардың бәрі "жүрісі әжесіне тартқан!" — деп мәз болады.

Жаңа, мен саған осы хатты жазып отырғанда, есік қоңырау шылдыраған еді. Ілияс Есенберлиннің баласы Қозыкөрпеш екен.

Ілекеңнің мен әнеукүні Президентке жіберген "Сокровенное" деген естелігінің "Жан сырым" деген атпен қазақшасы шыққан екен. Соның алғашқы бір данасын маған әкеп беріп кетіпті. Өзі асығып, есіктен кірмей кетіпті. Президенттен әлі хабар жоқ. Бәлкім, ол кісі естелікті өзі оқып, ойланып жатқан болар. Хабарсыз қалдырмас деп ойлаймын. Әнеукүні менің өз кітабымды алғанын да хабарлап, хат жазған еді ғой.

Балалар тегіс аман. Менің тамағым тоқ. Олар "жұдырықтап" отырып, маған тамақ ішкізеді. Ал сен аш жатырсың. Осы жаныма батады.

Сенің Әзілханың.

Халиманың хатымды қалай оқығанын терезеден көріп тұрдым. Ол, хатты оқып болғаннан кейін, система қабылдап, шалқасынан жатқан күйі сол қолын жоғары көтеріп, алдымен 2, содан соң 1 саусағын жоғары шошайтты. Ол белгісін екі рет қайталады. Мен оның ишарасын: дәрігерлерге 2000, медбикелер мен күтушілерге 1000 теңгеден әкеліңдер дегені ғой деп ұқтым.

Содан кейін үйге келіп, ішіне ақша салынған кішкене конверттерді екіге бөлдім де, оларды екі үлкен конвертке салып, біріншісінің сыртына мынадай сөздер жаздым:

Дәрігерлерге арналған конверттер /8 дана/.

Халима!

Бұл конверттердің ішіндегі кішкене конверттердегі, өзің айтқандай, 2 мың теңгеден дәрігерлерге арналған сәлемдемелер.

Сенің кешегі жіберген тізіміңде Мадина деген дәрігер ұмытылып қалыпты. Ол 17-сі күні түнде екеумізді суретке түсіріп, арыздастырған дәрігер. Ол кісіге де бір конверт қостым.

Кеше балаларға Серік деген хирург баланың жақсы қызметін айтқан екенсің. Оған да жеке конверт қостым.

Сенің Әзілханың

25.07.2001 ж. Сағат 12.30.

Екінші үлкен конверт сыртына да машинкамен басып, мынадай сөздер жаздым:

Медбикелер мен күтушілерге арналған конверттер /16 дана/.

Халима!

Бұл медбикелер мен күтушілерге арналған сыйлықтар. Әрқайсысының ішінде 1000 теңгеден. Оларды да, дәрігерлерді де жеке-жеке шақырып алып, өз қолыңмен табыс етесің ғой.

Өз Әзілханың.

25.07.2001. Сағат 12.40.

Халиманың айтқан нәрселерінің бәрін түгендеп, ауруханаға алып бардық. Жанар, Жаннұр, Сабина төртеуміз барған едік. Палатаға мені ғана кіргізді.

— Жолдас сержант, бұйрығыңыз орындалды! — деп мен әскерше оң қолымды шекеме көтеріп, рапорт бердім.

Ол да күлімсіреп, рапортты қабылдаған ишара жасап, он қолын жоғары көтерді. Система тамшылап, оның бойына нәр құйып жатты. Содан кейін дәрігерлер мен медбикелерді қасына шақыртып алды.

— Қарақтарым, мен 80-ге келдім. Өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Сендер де сексенге келіңдер. Одан да асып, бақытты өмір сүріңдер. Сендердің мені бағып-қаққандарына менің аналық жүрегімнің ризалығы ретінде мына конверттерді қабыл алыңыздар. Және бас тартпаңыздар. Бұл сөзімді қарт ананың бұйрығы деп қабылдаңдар.

Мен конверттің сыртындағы фамилияларды оқып, Халиманың қолына беріп тұрдым. Ол әр конвертті өз қолымен иелеріне тапсырды: Зельцер Ефим Михайлович, Лыткин Сергей Тимофеевич, Шілдебаев Еркін Сабырбайұлы, Зина, Жанар, Перизаш, Лена, Марина, Шолпан, Мәншүк, Гуля, Света, Марал т.б.

Медбикелер мен күтушілер жылап, Халиманы қайта-қайта құшақтап, бетінен сүйді. Басынан сипап, иіліп, ізет білдірді. Дәрігерлер мұңайды.

— Түуһ, жүрегімнен бір ауыр жүк түскендей болды ғой! — деп, Халима менің қолымды алып, көкірегіне қысты. Содан кейін бізді үйге қайтарды.

Біз масайрап қалдық. Енді ол жазылады деп шаттандық.

Төртінші сөз

Ертеңінде таңертең, ерте тұрып машинкаға отырып, Халимаға хат жаздым. Кешегі сыйлық беру рәсімінің ғажап оқиға болғанын айттым. Үй ішінің, ауыл-аймақтың хабарын қостым. Күліп, көңілденіп қалсын деп, кейбір әзіл әңгімелерді де тіркедім.

Содан кейін киіндім де, реанимация бөліміне телефон соқтым.

— Апайларыңның халі қандай? — деп сұрадым.

— Ойбай, аға, апайдан түнде төрт рет айырылып қала жаздадық, — деді кезекші дәрігер. — Тез қасына келіңіз.

Жан ұшырып ауруханаға жеттім. Келсем, кешегі сөйлеп жатқан Халимам тілден қалыпты. Тек көзі ғана сөйлейтін сияқты. Мені көріп, "келдің бе?" дегендей ишара жасады.

Мен дәрігерлерге жалындым.

— Мынау соңғы сағат қой. Қолын сипап, қасында отырайын, рұқсат етіңіздер, – дедім. Бөлімше меңгерушісіне бардым, бас дәрігердің орынбасарына бардым, бас дәрігердің өзіне бардым.

Ешқайсысы рұқсат етпеді.

— Реанимация бөліміне операциядан шыққан адамдар келеді. Жай адамның отыруына рұқсат жоқ, — десті.

— Онда, қайтыс болғаннан кейін ішін жармаңыздар, — деп өтіндім. Бас дәрігер Бекмахан Құралбаев тағы да басын шайқады.

— Біз ауруханада өлген адамдарға вскрытие жасамай, ешқайсысын шығармаймыз, — деді.

— Онда қайттім, қарақтарым-ау, — дедім дағдарып.

— Онда апайды үйге алыңыз. Үйде қайтыс болса, ішін жармаймыз, – деді бас дәрігер.

Ол жедел жәрдем машинасын бергізді, бір дәрігер мен бір медбикені және қосып берді. Халиманы үйге әкелдік.

Үйге кіре бергенде Халиманың тілі екі ғана сөзге келіпті:

— Үйге келдім бе? — деп сұрапты дәрігер мен медбикеден.

— Келдіңіз, апа, — депті олар.

Халиманың аузынан шыққан соңғы сөзі осы ғана. Тегі: "Ауруханада емес, үйде жатып өлсем-ау" деп армандап жатқан болуы керек. Зембілге салып үйге кіргізгенде өз үйін танып, қуанғаннан тілі шыққан тәрізді.

Халиманы диванға жайғастырып, жатқыза берген кезде есік қоңырауы шылдырады. Пошта тасушы қыз екен.

— Ағаның өзі келіп, қол қойсын, — деп мені шақырды.

Барсам, Президент кеңсесінен келген хат екен. Осыдан 25 күн бұрын қазақ халқының 700 жылдық тарихын жазып кеткен "Көшпенділер" мен "Алтын орда" трилогияларының авторы Ілияс Есенберлинге Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында "Халық қаһарманы" атағын беруді сұрап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған едім. Соның жауабы келіпті.

Бір жағынан, жан жарымның жағдайына қиналып, екінші жағынан, жауап хат мазмұнының бұлдырлығына жабырқап, екі оттың ортасында қалғандай күйде болдым.

Мақыш досымыз, Үкіжан апа, Марал медбике және балалар бәріміз түні бойы Халиманың қасында отырдық.

Бір кезде қолын көтеріп, қасында отырған мені құшақтап, кеудесіне қысты. Сол қолымды қолтығына қысып, босатпай, жарты сағат ұстап жатты. Әлсіз жатқан адамның қолын көтеріп, мені көкірегіне қысуға қалай шамасы келгеніне таң қалдым. "Менің өлмей, ұзақ жыл өмір сүргенім екеуміздің махаббатымыздың арқасы ғой" деп өзі әлденеше айтқан еді. Сол ұлы махаббат оған тағы да, соңғы сағатта күш берді ме екен? — деп ойладым.

Екеуміздің ең алғаш қосылған кездегі уәдеміз еріксіз есіме түсті...

Бесінші сөз

Менің ойымша, махаббат үш түрлі болады.

1. Бала махаббат.

2. Шала махаббат.

3. Мәңгілік махаббат.

Бала махаббат әркімнің басында болады. Бала күнінде бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіт артынан ғашығынан көз жазып қалады. Балалық махаббатты мен де басымнан кешіргенмін.

Жұрттың көбі шала махаббатпен өмір сүреді. Алғашында бірін-бірі шын сүйдік деп қосылған екі жұп артынан аңғал қосылғандықтарын аңғарып, не ажырасып кетеді. Не, балалы-шағалы болғандықтан, жұптарын жазбай, тоқтап қалады.

Ал мәңгілік махаббат ілуде біреуде ғана болады. Сыңарынан айырылғаны қайтадан тұрмыс құрмай, өмір бойы жан жарын жоқтаумен өтеді.

Біз Халима екеуміз бір-бірімізге 9 жыл ғашық болып жүріп қосылдық.

Мәскеуде 4-5 жыл тұрған, Семейде өскен қала қызы 1947 жылы 5-маусымда электірі жоқ, радиосы жоқ, киносы жоқ, үйінде суы, көшеде дәретханасы жоқ алыстағы "Ақбұзау" колхозына келін боп түсті. Сол ауылда екеуміз бір жыл тұрдық. Халиманы жарқыраған қаладан қараңғы колхозға жетелеп әкелген махаббаттың күші еді.

Мен Семей облыстық "Екпінді" газетінің (қазіргі "Семей таңы" газеті) Шар, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет істедім.

Мен аудан аралап, іссапарға кеткенде Халима мен туралы жаман түс көріп қоямын деп қорқып, түні бойы ұйықтамай, керосин шамның жарығымен кітап оқып шығады екен. Мен болсам аудандағы шаруамды бітіріп, тез үйге қайтуға асығамын. Екеуміз бір-бірімізді көргенде баладай мәз болып қуанамыз.

Сондай күндердің бірінде Халима маған былай деді:

— Егер сен жолаушы жүргенде бірдеңеге ұшырап қалсаң, мен сенсіз өмір сүрмеймін — артыңнан қоса кетемін, — деді жылап.

— Қой, ондай жаман сөзді айтпа, — дедім мен жарымның жасты көзінен сүйіп.

Содан соң ол балаша күлді. Күлді де:

— Мен бір сөз айтайын, тыңдайсың ба? — деді.

— Айта ғой, — дедім жас келіншегімді арқасынан қағып.

— Айтсам: немістің Стефан Цвейг деген жазушысы болған. Білесің бе?

— Жоқ.

Ол кезде мен расында да Стефан Цвейгті білмейтін едім. Кейін өзімнің ең сүйікті жазушыларымның біріне айналып кетті ғой.

— Білмесең, тыңда. Сол жазушы бір күні әйеліне: "Мен енді өмір сүрмеймін. Өлемін" депті. "Сен өлсең, мен де өлемін" — депті әйелі. Содан кейін екеуі астарына жамылғы жайып, үстеріне ақ көрпе жамылып, қатар у ішіп, құшақтасып жатып өліпті. Осы оқиға менің есімнен кетпейді. Сол сияқты біз де бірімізді соңымыздан біріміз кете аламыз ба?

— Кетеміз, айналайын! — дедім мен ойланбастан.

— Егер сен бұрын кетіп қалсаң, мен сенен қалып, бір күн тірі тұрмаймын, — деді ол тағы да жыламсырап.

— Мен де! — дедім оның адалдығына көңілім босап.

Екеуміз қол алысып, серттестік.

Алтыншы сөз

Содан бері жылдар өтті. Екеуміз де аман-есен келе жаттық. 1997 жылы Халимаға операция жасалмақ болды. Бауыр мен өтке жасалатын ауыр операция.

Халима ешқашан да жүзік, білезік, сырға салмайтын. Алтын сағаттар да тақпайтын. Операция жасалар алдында жұрт сыйлаған сол алтындарының бәрін зергерге апарып, 10-15 сақина соқтырды. Әр сақинаға: "Халима. 1997" деген жазу жаздырды. Содан кейін ол сақиналарды қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берді.

Ертең операцияға баратын күні Халима маған:

— Ал, папасы, енді екеуміз әңгімелесейік. Екеуміздің баяғы, жаңа қосылған кезіміздегі "Ақбұзау" колхозындағы сертіміз есінде ме? — деді басымнан сипап.

— Есімде, маматай. Есімде.

— Есіңде болса: менің операция үстінде өліп кетуім мүмкін. Ал сен қалай өлесің?

— Мен қалай өлемін?.. Маяковский атылып өлген. Фадеев те сөйткен. Есенин... Бірақ, мен атылып та, асылып та өлмеймін.

— Сонда қалай өлесің? Мен сенің жұртқа күлкі болмай, ақ өліммен өлгеніңді қалаймын ғой.

— Мен оны да ойлап қойғанмын. Француз Президенті Миттеранға ұқсап өлемін.

— Қалай?

— Миттеран ауыр науқасқа ұшыраған екен. Тек дәрінің күшімен күн көріп жүріпті. Президенттіктен өз еркімен түсіп, мемуарын жазып бітіріп болғаннан кейін үш күн дәрі ішпей қойыпты. Сөйтіп өмірден өтіпті. Мен де дәрімен күн көріп келемін. Күніне 20 таблетка дәрі ішемін. Мен де дәрі ішуді тоқтатамын. Содан кейін жылт етіп, жаныңа жетіп барамын.

Халима басын шайқады.

— Жоқ, сен өйтпе.

— Неге?

— Мен бұрынғы сертті бұзамын. Бұздым!

— Себеп?

— Бұрын екеуміз де жас едік. Баламыз жоқ болатын. Енді балаларымыз да, немерелеріміз де, тіпті шөбереміз де бар. Біреуіміз тірі қалып, соларға бас-көз болуымыз керек. Сол себептен мен бұрынғы сертті бұздым. Сен де бұз. Әкел қолыңды.

Екеуміз қайтадан серттестік. Біріміз өлсек, біріміз тірі қалып, балаларға бас-көз болатын болдық.

Ертеңінде Халима операцияға барды. Наркозды оған екі рет беріп, ол үш күннен кейін әрең есін жиды. Біздің Халимадан айырылып қалады екенбіз деп есіміз шықты. Ауруханада бір ай жатып, әупірімдеп үйге қайтты...

Халима мені құшақтап, қолымды жібермей жатқанда: "Сен өлме, тірі қал, жаным!" деп жатыр ма екен деп ойладым.

Мені босатқаннан кейін көзін ары төңкеріп, бері төңкеріп, біреуді іздегендей болды. Сол сәтте шөбересі кішкене Халиманы көтеріп апарып, бетіне тостық. Ернін әрең қыбырлатып, шөбересінің бетінен сүйді. Шөбересі де кішкентай ернін икемдеп, әжесінің бетіне тигізді. Сол кезде Халиманың көзінен бұрқ етіп жас шықты.

Сөйтіп жатып, қайран Халима: "Қош, жарық дүние!" деп 27-шілде күні таңертеңгі сағат 9.40-та өмірден өтіп кетті.

Жетінші сөз

Әркім өз әйелін ең асыл металл алтынға бағалайды ғой. Ол дұрыс! Ал Халима жай алтын емес. Менің қолыма Тағдыр ұстатқан сом алтын сияқты еді.

Енді оның кейбір қасиеттеріне тоқтала кетейін.

Кейбір әйелдер жас басынан ұмытшақ келеді. Халима қыз күнінен өте зерек еді. Орта мектепте, институтта тыңдаған сабақ, естіген лекцияларын, шығарған есептерін артынан бұлжытпай айтып беретін. Барлық семинар сабақтарының лекцияларын, ол, көбінесе, дәптерге жазбай-ақ есінде сақтайтын.

Үйде біз әзілдеп оны "Біздің компьютеріміз" деп атаушы едік. Өйткені ол қалалық автовокзалдың, теміржол вокзалының, аэропорттың, барлық дос-жолдастарымыздың телефондарын жатқа білетін. Қай мекеменің, кімнің телефонын сұрасаң да мүдірместен айтып беретін. Орыс, қазақ, европа әдебиеттері классиктерінің аты-жөндерін ғана емес, олардың романдарының басты кейіпкерлерін де есінде ұстайтын.

Егер Халима маған тұрмысқа шықпай, басқа біреуге барса, атақты ғалым әйелдердің бірі болатын еді деп ойлаймын. Ол өз бойындағы осы тамаша талантты мәртебелі махаббат жолына құрбан етті өз талантын өшіріп, менің талантымды өрістетті. Өз бойынан неше алуан талант төгіліп тұрса да (ісмер тігінші, шебер кестеші, емші, етікші, электрші, монтер, слесарь да болатын), соның бірде-біріне мақтанбайтын: ісмерлігін, іскерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын.

Әйел адамдар мұң шаққыш келеді. Халима ондай емес еді. Ешкімнің алдына барып арыз айтпайтын.

Әйел адамдар жылауық келеді. Қит етсе жылап қоя беретін әйелдер болады. Халиманың көзінен жас сирек шығатын.

Әйел адамдар күлкішіл келеді. Қарқылдап қатты күлетіндері де болады. Халима ақ тістерін жарқырата көрсетіп, еріндерін сәл ашатын да, жай ғана жымиып қоя салатын.

Көп әйелдер күйеуіне кінә таққыш келеді. 54 жыл бірге тұрғанда Халима маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтықтан болмаса керек. Ол оның: "Жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жанын жараламайын" дегендігінен шығар.

Көп әйелдер өзін-өзі аяп, өзгенің де оны аяп, аялауын талап еткіш келеді. Халима өзін аяп, аяншықтану дегенді білмейтін еді. Мәселен, менде 10 мыңға жуық кітап бар. Халима ерінбей, жалықпай соның бәрін тізімге тіркеп отырды. Менде 800-ден аса жазушылар, тілшілер, әралуан авторлар қолтаңба жазып сыйлаған кітаптар бар. Халима солардың бірін жоғалтпай жинап, арнаулы картотека жасады. Барлық кітаптардағы авторлардың сый сөздерін өз қолымен картотекаға көшіріп қойды.

Бір жолы іссапардан келсем, Халима үйдегі суреттердің бәрін алдына жайып салып, жыл-жылымен реттеп отыр екен.

— Картотекаға түсіріп, әр суретті жеке-жеке конверттерге салып, нөмірлеп қояйын деп едім, — деді.

— Суреттер көп қой. Оған шаршап қайтесің! — деймін әйелімді аяп.

— Бұл суреттердің бәрі заман тарихы ғой. Кейін керек болар. Әр суреттің сыртына ондағылар кім екенін, қашан түсірілгенін, кім түсіргенін бәрін анықтап жазып отырмын, — дейді ол сабырлы қалыппен.

Сөйтіп, ол мыңнан аса суретке өз қолымен деректеме жазып, оларды жеке-жеке конверттерге салып, әр конвертті нөмірлеп, ол конверттердегі суреттердің түсірілген жылдарын сыртына жазып, үйдегі үлкен темір шкафтың екі сөресіне тізіп қойды.

Қазір жұрттың сұраған суреттерін Халиманың картотекасы бойынша қолма-қол тауып бере аламын. Жақында теледидардың Бауыржан Момышұлы, Жайық Бектұров, Ыбырай Жақаев туралы хабарларына қатысқанымда сол кісілердің Халима реттеп кеткен суреттерін шетінен алып, көрермендерге көрсетіп отырдым.

Қаладағы кейбір әйелдер елден келген студент жақындарын үйінің шаруасын істетіп, құлдай қызмет еткізеді. Олар институт бітіріп, елге қызметке кеткенге дейін жылпос жеңгелерінің ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында болады.

Ал Халима жұртқа өзі құлша қызмет етуге ерінбейтін.

Павлодардан көшіп, Алматыға қайта келгеннен кейін жиеніміз Бақытжамал Жұмағалиеваны ЖенПИ-ге түсірдік.

Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысында екі көзінен бірдей айырылған зағип досым әрі "Махаббат жыры" повесімнің бас кейіпкері Әділхан Құсайыновтың қызы Қарлыға Құсайынова өзімен бірге орта мектеп бітірген Бағдагүл деген құрбысын ертіп, біздің үйге келді. Екеуі де ЖенПИ-ге түскілері келетіндерін айтты.

Тағы да Халима екеуміз қол ұстасып, ЖенПИ-ге жүгірдік. Сәті келіп, оларды да түсірдік.

Бірақ, солардың бірде-бірін Халима үйге шақырып, жұмысын істеткен жоқ. Кір жудыруды былай қойғанда, не еден сыпыртып, ыдыс-аяқ жудырған емес.

Қайта олар үйге келсе, қуана қарсы алып, туған сіңлісінен кем көрмей, күтіп жіберетін. Олар тамақ ішкен ыдыстарын жуып кетейік деп ыңғайланса, Халима:

— Қайтесіңдер оған әуре болып. Өзім жуып аламын ғой. Ода и да сабақтарыңды оқыңдар, — дейтін.

Халимадан қамқорлық көрген сол қыздар: Бақытжамал Жұмағалиева қазір М.О. Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында қызмет істейді. Ол қызметке де біздің досымыз сол институтта бөлім меңгерушісі болған филология ғылымының докторы Мырзабек Дүйсеновке айтып, Халима орналастырған болатын.

Ал Қарлыға Құсайынова Абай атындағы опера және балет театрының белгілі әншісі, әрі консерватория ұстазы. Бағдагүл болса (фамилиясы ойымда жоқ) Өзбекстандағы бір қазақ мектебінде үлгілі ұстаз.

Одан бұрын, 1950 жылдардың бас жағында, мен "Социалистік Қазақстан" газетінде қызмет істеп, Халима ЖенПи-ді жаңа бітірген кезде, ауыл ағайынымыздың баласы Қалихан Ахметжанов ойда жоқта үйге кіріп келді. Мектептер мен институттарда оқу жылы басталуға он шақты ғана күн қалған. Бұл кезде бұл бала неғып жүр деп аң-таң болдық.

Сөйтсек ол Ташкенттегі театр институтына түсуге барып, конкурстан өте алмай қалыпты. Енді ҚазПи-ге түскім келеді дейді.

Институттарда қабылдау емтихандары аяқталып, қабылданған студенттер жатақханаларға жайғасып алған кез. Мен не істерімді білмей, абыржып қалдым.

Сол кезде Халима маған:

— Мәлік ағаңа барсаңшы. Екеуіңнің соғыс кезіндегі достықтарың бар емес пе? — деді.

Ол кезде ҚазПИ-дің ректоры Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин еді. Мен Мәлікпен соғыс кезінен біліс болатынмын. 1943 жылы Батыр атағын алғаннан кейін Мәлік майдандағы біздің 100-қазақ атқыштар бригадасына келген. Біздің бөлімдерді аралаған. Батыр артиллерия дивизионына келгенде мен оны "Сәлем сізге, Мәлік аға!" деген өлеңмен қарсы алғанмын. Ол өлеңім майдандық газеттерде басылған. Мәлік менің өлеңдерімді майдандық газет беттерінен бұрын да оқып жүрді, атыма қанық екен. Екеуміз әдіріс алысып, соғыс аяқталғанша бір-бірімізбен хат жазысып тұрғанбыз.

Інімді қолынан жетектеп, Мәлікке бардым. Мәкең ықыластана қабылдады. Неге келгенімді сұрады. Мен мән-жайды айттым. Мәкең сәл ойланды да, алдында жатқан тізім толы қағаздарға үңілді. Соларды сүзіп шықты да:

— Жарайды, ініңді қабылдайық, — деді.

Содан кейін қабылдау бөлмесінде қалған інімді ішке шақыртты. Онымен сәлемдесті де, қолындағы өтініш қағазын алды. Содан соң маған қайта бұрылды.

— Өзіңнің пәтерің бар ма еді? — деп сұрады менен.

Мен жеке пәтерге қолым жетпей жүргенімді, жалдамалы пәтерде тұратынымды айттым.

— Онда бұл балаға жатақханадан да орын керек қой?

— Иә, Мәлік аға.

— Жарайды, жатақханадан орын да беремін, — деді Мәкең қысқа қайырып. – Кеше біз екеуміз соғыста жүргенде осыларды қорғадық қой. Жақсы оқы, айналайын, – деп інімнің қолын қысты. — Халыққа қызмет етіңдер, қалқам.

Сөйтіп, інім студент болып қабылданып, жатақханадан орын алды, демалыс күндері біздің үйге келіп, кетіп жүрді. Ол үйге келгенде Халима қайнысына бұрау басын сындыртқан емес. Ол кезде Алматының басты отыны сексеуіл болатын. Үйге әкелген сексеуілді мен, мен жоқта Халиманың өзі жаратын. Халима Қалихан қайнысына сексеуіл жарып бер деп бір ретте, өтініш айтқан емес.

Бір жылдан кейін біз Павлодарға көшіп кеттік. Одан кейін інімізді көрген жоқпыз.

Ол ҚазПИ-ді үздік бітіріп, Семей облысындағы Ақсуат орта мектебінде ұзақ жылдар директор болды. Мәлік ағасы оған: "Халыққа қызмет етіндер, қалқам!" деген еді. Қалихан ұстазының ол өсиетін абыроймен орындады.

Көп әйелдер ұят дегенді естігендерімен, ұялуды білмейді. Қоғам рұқсат етті деп, ашық-шашық, жалаңаш-жалпы жүре береді. Ал Халима маған жалаңаш денесін көрсетуге ұялатын. Көрсетпейтін.

Халима маған жалаңаш тәнін көрсетпегендіктен, мен "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жазғанда Меңтайдың жалаңаш қалпын Италия суретшісі Джорджоненің "Ұйықтап жатқан Венера" картинасына үңіліп отырып жаздым. Ал Меңтай бойындағы адамгершілік қасиеттердің бәрін Халимадан алдым.

Мінеки, Халима келіншек қалпынан кемпірге айналғанда да сол табиғи ұялшақтығының бір мысқалын жоғалтқан жоқ.

Әйелдер баласын мақтап, байын мадақтап, өзін өркештендіріп отырғанды ұнатады. Кейбір әйелдер ұрлық жасап, түрмеге түскен, маскүнем болып кеткен балаларын да көкке көтере мақтай жөнеледі. Күйеулерін: "Сен пәленшеден артықсың, түгеншеден де биіксің. Сенің талантыңа ешкім тең келмейді" деп қолпаштап, қоздырып, желіктіріп отырады. Халима өмірі өйткен емес. Ол жақсы балаларын да, жаман емес күйеуін де не жұрт көзінше, не оңашада мақтап көрген жоқ. Ал ішінен балаларын да, мені де шексіз сүйетін, жанындай жақсы көретін еді. Егер әке мен балалар бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын. Ешкімді де жақтамайтын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін сол үнсіздігімен ұқтыратын. Қонақта, әлде бір жиын ортасында отырғанда өзін біреу қолпаштай бастаса, қабағын сездірмей шытып, қолайсызданып қалатын.

Көп әйелдер күйеулеріне кітап алуға ақша шығартпайды.

— Үйде жүз кітап тұрған жоқ па, тіреліп. Қайтесің оны үсті-үстіне ала беріп? Қоятын орын жоқ қой, — деп бажылдайды.

Өйтетіндер көп кітап оқымаған, кітаптың қадірін білмейтін әйелдер.

Жазушылардың да көбінің әйелдері кітап бетіне қарамайды. Тіпті, өз күйеулерінің кітаптарына да көз салмайды.

— Маған кітабың емес, қаламақың ғана керек! — деп төтесінен қойып кеп қалады.

Халима өйтпейтін еді. Өзі де кітапты көп оқитын. Бұрын классиктерді тегіс оқып тауысты да, кейін детектив кітаптарына ден қойды. Бірақ, маған детектив кітаптарды оқытпайтын.

— Бұлардың саған керегі жоқ, классиктерден қол үзбе! – дейтін.

Мен қанша кітап сатып алсам да, қабағын шытпайтын. Сол себептен де екеуміз тамақ пен киімнен басқа бар ақшамызды кітап жиюға жұмсайтынбыз.

Бір күні екеуміз Сейфуллин мен Гоголь көшесінің қиылысындағы кітап дүкеніне кірдік. Одан жаңадан шыққан кейбір керекті кітаптарды сатып алдық. Кітапты мен іріктеймін, Халима ақшасын төлейді.

Ол дүкеннің екінші жақ бөлігінде ұсталған кітаптар (букинистік) сатылатын. Соған да бас сұқтық. "Дүние жүзі халықтарының мифологиясы" деген екі томдық кітап тұр екен. Мен соның әр томын кезек қолыма алып, әр бетін ақтарып, қарай бердім. Оны 1982 жылы "Кеңес энциклопедиясы" баспасы шығарған екен. Екеуінің бұрынғы бағасы 25 сом. Ал, сатылу бағасы үш есе көбейтіліп, 75 сом көрсетіліпті. Удай қымбат! Бірақ, қолға түспейтін, өте сирек кітап.

Ол кезде мен М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтінмін. Айлық жалақым 140 сом болатын. Кеше айлығымды алып, Халиманың қолына берген едім. Бүгін, сенбі күні, сол ақшаны қолымызға алып, дүкен аралап жүргенбіз.

Орнына қояйын десем, кітапты қимаймын. Алайын десем, азғантай ақшамды қимаймын. Өйткені бұл екі кітаптың бағасы менің айлық жалақымның жартысынан асады.

Өстіп, дел-сал болып тұрғанымда Халима:

— Бағасы қанша екен, айтшы, — деді.

Мен басымды шайқадым.

— Қанша сонда?

— 75 сом.

Халима дереу бүмәжнігін ашып, қалған ақшасын санай бастады.

— Жетеді екен. Кассаға төлеп келейін, — деді содан соң.

— Қой, алмай-ақ қояйық, — деп айтуға аузымды ашып үлгіргенше, Халима кассадан 75 сомның чегін алып келді.

Әрқайсысы екі килограммнан келетін ауыр кітап дүкен сөресінен менің қолыма көшті. Мен қуана құшақтап, екі томды екі қолтығыма қыстым.

Халима алғаш алған кітаптар салынған тордың аузын ашты да:

— Екеуін де мынаған сал,— деді.

— Біреуін өзім көтерейін, — дедім мен.

— Жоқ, жүрегіңе жүк түсіріп қайтесің?! — деді Халима.

— Саған ауыр болмайды ғой.

— Қойшы, кітап ауыр болушы ма еді? — деп бәрін өзі көтеріп алды.

Бұл әріректе болған оқиға. Одан бертінде заман өзгерді, ақшаның құны төмендеп, таршылық кезең келді. Бұрын 7 сомға сатып алатын кітаптар 700 теңгеден асып, кітап алу қиындап кетті.

1998 жылдан бастап "Әдеби кейіпкерлер энциклопедиясы" шыға бастады. 10 том. Әрқайсысы 740 теңге. Ол зейнетақың да қолға уақытылы тие қоймайтын қысылшаң кез болатын. Соған қарамастан, осы энциклопедияның он томын түгел сатып алдым. Халима соған титтей де қабақ шытқан емес. Оның кендігінің арқасында бұлардан басқа "Все шедевры мировой литературы" сериясының бірнеше томына ие болдым.

Бұлардың бәрі де: "Біреуі бір қаралық!" дейтін кітаптар. Ал бұлар мен үшін бір қаралық емес, әрқайсысы он қаралық дүниелер.

Егер жиған дүниені бұрынғы қазақтарша мал санымен есептесек, онда екеуміз жинаған кітап 30-40 мың жылқыға парапар болар еді. Осынша "малға" — рухани байлыққа Халиманың қамқорлығы арқасында қолым жетті.

Тұрмыс тапшылығынан қандай қиындыққа кездессек те, қайда жүрсек те Халима жанын жастық, жүрегін төсек етіп отырушы еді маған.

Менің рухани қажетімнен бір тиын аяған емес.

Қайран Халиманың осындай мінездері болушы еді.

Сегізінші сөз

Әйелдердің көпшілігі қорқақ келеді. Олар көлеңкелерінен қорқып, жоқтан өзгеден үркіп тұрады. Осыған орай, Халиманың бір ер мінезін ерекше атап айтқым келеді.

1987 жылы КПСС Орталық Комитетінің қазақтарды ұлтшыл деп айыптаған қаулысы шықты. "Правдадан" бастап, барлық газеттерде басылды. Мен сол қаулыға қарсы болып, КПСС Орталық Комитетінінің Бас секретары Горбачевқа хат жаздым. Қазақтардың ұлтшыл емес, нағыз интернационалист, патриот халық екенін дәлелдедім. Қаулыдағы "қазақ ұлтшылдығы" деген сөздерді өшіріп, оны жұртқа жариялауды өтіндім.

Хатымды алдымен Халимаға көрсеттім. Ол оқып шықты.

— Не айтасың? — дедім содан соң.

Ол ойланып ұзақ отырды. Содан кейін:

— Бұл хаттан кейін сені түрмеге жабады. Ұрып-соғып, қорлық көрсетеді. Мен сені ондай қинауға қимаймын. Менің ерім де, әкем де, шешем де сенсің! Бірақ, сен менің күйеуім ғана емес, ұлтыңның ұлысың ғой. Ендеше мен саған менің күйеуім ғана бол, ұлтыңның ұлы болма деп айта алмаймын. Тәуекел, мен көндім, – деді.

Одан кейін төрт баламмен ақылдастым.

— Папа, хатыңызды Горбачевқа жіберіңіз, — деді Жанар, Жанат, Арнұр, Жаннұр төртеуі бірауыздан.

Осыдан кейін Халима екеуіміз Горбачевқа жазылған хатты ең жақын досымыздың үйіне апарып оқыдық. Оқып болғаннан кейін досыма:

— Сен осы хатқа менімен бірге екінші болып қол қойсаң қайтеді? — дедім.

Досымның әйелі баж ете қалды.

— Ойбай, Әз аға, сіздің осы үйдің шаңырағын ортасына түсіргіңіз келе ме?! Жоқ, мұндай хатқа менің күйеуім қол қоймайды. Өлсем де қойдырмаймын! — деді.

Мен досыма қарадым. Оның Брежневше тамсанып отырып сөйлейтін әдеті бар еді. Ол тамсанып отырды да:

— Болмайды! – деп басын бір-ақ шайқады.

Мен ол хатты жалғыз өз атымнан Мәскеуге жібердім. Ол кезде Алматыдан Мәскеуге баратын хат қатаң тексеруден өтетін. Сондықтан ол хатты поштаға салмай іні-досым Олжас Сүлейменовтен беріп жібердім. Ол Мәскеуге барған сапарында КПСС Орталық Комитеті үйіндегі еңбекшілер хаттары түсірілетін үлкен жәшікке апарып салды.

Менің ол хатым артынан Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне келді. Оны Колбин, Мұқашев, Камалиденов, Назарбаев, Өзбекәлі Жәнібеков бәрі оқыды.

КПСС Орталық Комитетінің Мищенко, Захарченко деген екі инспекторы үйіме телефон соғып, "Сен неге ондай хат жазасың?" деп төбеме әңгір таяқ ойнатты. Сені партиядан шығарамыз деді. Бірақ, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінін бюросы Мишенко мен Захарченконың дегенімен жүрген жоқ. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібеков марқұм мені қорғауға аянбай атсалысты.

КПСС Орталық Комитетінін "ерекше бақылауда тұрған" ("На особом контроле") бұл хатынан мені қорғап, оған Қазақстан Компартиясының бюросы атынан өз қолымен байыпты жауап жазған да Жәнібеков болды. Өзекең марқұм ол хатын Мәскеуге жөнелтер алдында үйге телефон соғып, маған оқып берді. Сол сәтте үйімізде құрметті достарымыз Күбіра мен Тұрсынбек екеуі отыр еді.

— Кіммен соншама ұзақ сөйлестіңіз? — деді Тұрсынбек.

— Өзбекәлі Жәнібековпен, — дедім мен.

— Бойына қарамай бұған ЦК-ның секретары телефон соғады, — деді, ол әзіл-шыны аралас мысқылдап. Тұрсынбек менің бойымды мысқылдамай жүре алмайды. Ол кісінің менің бойыммен бақталастығы бар. Қазақ бірімен-бірі бақталаспай жүре ала ма?

Менің ол хатымды Олжастан кейін оқыған үшінші адам дос інім Софы Сматаев болатын.

Мінеки, ағайын, Халиманың осы ересен моральдық, әйелдік, аналық, даналық ерлігін мен ешқашан ұмытпаймын!

Тоғызыншы сөз

Халима жүрегін жайлаған махаббат күшінің тағы бір тарауын айта кетейін.

Мен 6 рет инфаркт болдым. Сол ауыр сырқаттардан Халиманың маған деген махаббаты сүйреп шығарды. Олай дейтінім сол кездерде мені бағып-қағып, аурухана палатасында қасымда жатып, аузыма су тамызып, жаныма жігер, бойыма қуат беріп, аяғымнан тік тұрғызып, қолтықтап, сан рет үйге алып қайтты. Аса ауыр жүрек ауруына шалдыққан мені отыз жыл күтіп, осы күнге аман-есен жеткізді.

Ауруханада жатқан кездерде күні-түні кірпік қақпай мониторға қадалып, жүрегімнің соғуын санап, оның минут сайын сүрінгенін қағазға тізумен болды. Жүрек қағысы нашарлай бастаса, жанұшырып, дәрігерге қарай жүгірді. Кардиология институтында біздің осындай қыл үстінде жатқан сәттерімізді, сол кездердегі Халиманың жанқиярлық еңбегін Тұрсынбек Кәкішев, Қалмұхан Исабаев інілеріміз бірнеше рет өз көздерімен көрді. Халиманың күндіз-түні қасымда отырғанына, оның монитор иректерін санап берген мәліметі бойынша менің жүрегіме шипалы ем жасап, әлденеше рет ажалдан арашалап қалған медицина ғылымының кандидаттары Гүлзада Мүкейқызы Көшімбаева мен Марат Әбдірахманұлы Баязитов және басқа дәрігерлер куә.

Наши рекомендации