Түзеу мекемелерінде жазаны өтеу жағдайы.
Түзеу мекемелерiндегi режим- сотталғандарды күзету мен оқшаулауды қамтамасыз ететiн заңда және заңға сәйкес нормативтiкқұқықтық актiлермен белгiленген жазаны атқару мен өтеу тәртiбi; оларды ұдайы қадағалау; өздерiне жүктелген мiндеттердi атқару; олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыру; сотталғандар мен қызметкерлердiң қауiпсiздiгi; сотталғандардың түрлi санаттарын бөлек ұстау; сот тағайындаған түзеу мекемесiнiң түрiне қарай ұстаудың түрлi жағдайлары; жазаны өтеу шарттарын өзгерту.
Режим сотталғандарды түзеудiң басқа құралдарын қолдануға жағдайлар жасайды.
Түзеу мекемелерiнде сотталғандар нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалатын белгiленген үлгiдегi киiмдi киiп жүредi.
Сотталғандар, олардың заттары мен киiм-кешегi, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң үй-жайы тiнтiледi және тексерiледi. Жеке тiнтудi сотталғандармен бiр жыныстағы адамдар жүргiзедi. Тұрғын үй-жайды оларда сотталғандар болған кезде тiнтуге кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайда жол берiледi.
Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi мекеменiң аумағындағы және оған жапсарлас режимдiк талаптар белгiленген аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлiк құралдарына тексеру жүргiзуге, сондай-ақ тiзбесi ҚР-ның заңдарымен және түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленетiн тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға құқылы.
Түзеу мекемесiне iргелес аумақтың шекарасын оның әкiмшiлiгi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiм бойынша белгiлейдi.
Қылмыстық-атқару жүйесi органдарының түзеу мекемелерiндегi сотталған адамдарға қадағалауды және тексерулер жүргiзудi жүзеге асыру қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн ҚР ІІМ айқындайды.
Сотталғандардың өзiнде болуға рұқсат етiлетiн заттар мен нәрселердiң тiзбесi түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiмен белгiленедi. Сотталғандардың ақшаны, бағалы қағаздар мен бағалы заттарды, сондай-ақ тiзбеде көрсетiлмеген нәрселердi өзiнде сақтауына жол берiлмейдi. Сотталғандардан табылған ақша, бағалы қағаздар мен өзге де бағалы заттар алынып, түзеу мекемелерiнiң Iшкi тәртiп ережелерiне сәйкес түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi сотталушы босатылғанға дейiн жазасын өтеу кезiнде оларды пайдалану және билiк ету құқығынсыз сақтап қояды. Сотталғандардан алынған және тыйым салынған нәрселер, заттар мен тамақ өнiмдерi сақтауға өткiзiледi не соттың шешiмi бойынша жойып жiберiледi.
Сотталғандардың белгiленген тәртiппен сатып алған бағалы қағаздарын сақтауды түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қамтамасыз етедi.
Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi қашып шығу мен басқа қылмыстардың, жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыстық-бейнелiк (бейнелiк қадағалау жүйесi), электронды және өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
Түзеу мекемелерiнiң әкiмшiлiгi сотталғандарға қадағалау мен бақылаудың бiр мезгiлде қорғау мiндетiн атқаратын, бұзылған жағдайда сотталғандардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiруi ықтимал техникалық құралдары қолданылатыны туралы хабарлауға мiндеттi.
Техникалық қадағалау мен бақылау құралдарының тiзбесiн ҚР-ның Үкiметi айқындайды, оларды пайдалану тәртiбiн ҚР ІІМ белгiлейдi.
ҚР-ның заңдарына сәйкес түзеу мекемелерiнде жедел-iздестiру қызметi жүзеге асырылады, оның мiндетi мыналар болып табылады:
жазаларды атқарудың тәртiбi мен ережелерiн, сотталғандардың, түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерi мен өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
түзеу мекемелерiндегi әзiрленiп жатқан және жасалмақшы қылмыстар мен жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн бұзуды анықтау, ашу, жолын кесу және алдын алу;
түзеу мекемелерiнен қашып кеткен сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыруды өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды белгiленген тәртiппен iздестiру;
сотталғандардың түзеу мекемесiне келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтау мен ашуға жәрдемдесу.
Жедел-iздестiру жұмысын түзеу мекемелерiнiң оралымды қызметтерi жүзеге асырады.
Табиғи апат, түзеу мекемесi орналасқан ауданға төтенше, ерекше жағдай немесе соғыс жағдайы енгiзiлген, сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы жағдайларында, сондай-ақ жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде түзеу мекемесiнде ерекше жағдайлар режимi енгiзiлуi мүмкiн.
Ерекше жағдайлар режимi қолданылған кезеңде түзеу мекемесiнде сотталғандардың осы Кодексте көзделген кейбiр құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзет пен қадағалаудың күшейтiлген нұсқасы, объектiлерге жiберудiң ерекше тәртiбi енгiзiлуi, күн тәртiбiнiң өзгертiлуi, өндiрiстiк, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық, медициналық-санитариялық және өзге қызметтердiң жұмысы шектелуi мүмкiн.
Ерекше жағдайлар режимi ҚР-ның IІМ ҚР-ның Бас прокурорымен келiсе отырып отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге енгiзiледi. Ерекше жағдайлар режимiн енгiзу тәртiбiн ҚР ІІМ белгiлейдi. Айрықша реттерде ерекше жағдайлар режимiнiң қолданылу уақыты осы бапта белгiленген тәртiппен қосымша отыз тәулiкке ұзартылуы мүмкiн.
Егер сотталғандар түзеу мекемелерiнiң қызметкерлерiне қарсылық көрсетсе, олардың заңды талаптарына қасақана бағынбаса, бой бермеушiлiк танытса, жаппай тәртiпсiздiктерге, аманаттар басып алуға қатысса немесе осы секiлдi өзге де iс-әрекеттер жасаса, азаматтарға шабуыл жасаса, сондай-ақ түзеу мекемелерiнен қашып шығу немесе қашқандарды ұстау кезiнде сотталғандарға аталған құқыққа қарсы әрекеттердi тыю, сондай-ақ бұл адамдардың айналасындағыларға немесе өздерiне өздерi зиян келтiруiне жол бермеу мақсатында дене күшi, арнаулы құралдар мен қару қолданылады.
Өмiрiне нақты қатер төнгенi туралы деректер түскен сотталушылардың сазайын тарттырудан қорғау қажет болған жағдайда мұндай адамдарды жалпы негiздерде бiр айға дейiнгi мерзiмде жеке камераларда ұстауға рұқсат етiледi.