Дәріс тақырыбы:Дефектологияның лингвистикалық негіздері

Мақсаты: студенттерге дефектологияның лингвистикалық негіздері жайында мағлұмат беру.

Тірек сөздер:компенсация, коррекция, реабилитация, бейімдеу.

Жоспары:

1. Арнайы педагогиканыңлингвистикасы және психолингвистикасы

2. Ойлау мен сөйлеудің қатынасы

Тілдің мәнін, оның атқаратын қызметін, құрылымдары мен даму жолдарын түсіну арнайы педагогика үшін үлкен маңызға ие. Себебі, ойлаудың жүзеге асуы, адамның қоғамға араласуы үшін сөйлеу тілі қажет. Тілді тану – адам танымының қалыптасу құралы. Бала дамуындағы кез-келген кемшілік баланың сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсуіне, сөйлеу тілінің қалыптасуына кері әсер етеді, яғни баланың жалпы әлеуметтену жағдайына кедергі болады.

Лингвистика мен психолингвистика мәселелерінің қатарында арнайы педагогика үшін маңызды тұстарын атап көрсетуімізге болады.

Біріншіден, лингвистика мен психолингвистиканың арасындағы қатынастардың бірлігі мәселесі. Лингвистердің зерттеуінше, тіл - жоғарғы деңгейдегі дамуды айқындаушы құрал. Индивид тіл арқылы тұрмыстағы заттармен танысып, олардың атауларын, қасиеттерін игереді. Психолингвистикалық бірліктер – сөйлеу әрекетінің қалыптасуымен байланысты анықталады. Сөйлеу әрекетінің құрылымы адам әрекетімен сәйкес келеді. Тілді меңгеру үшін сөйлеуге үйренудің түрлі құралдарына таңдау жасап, тілді меңгерудегі эвристикалық қағидаға сүйенеміз.

Екіншіден, бала тілінің дамуы маңызды мәселе болып табылады. Тілдің онтогенездегі даму қабілеті – бір жағынан ересек адаммен қарым-қатынасқа түсу, екінші жағынан баланың танымдық әрекетінің даму процесі болып табылады.

Отандық психолингвистердің пікірінше, тілдің дамуы қарым-қатынасқа түсу қабілетінің даму көрсеткіші. Бұл жағдайда баланың алдында нақты коммуникативтік міндеттерді орындау талабы қойылады. Бұл міндеттерді шешу үшін бала сөйлеудің бірнеше құралдарына таңдау жасауы тиіс. Мұндай құралдардың қатарын баланы қоршаған ересектердің сөзі, сөйлеуді ұйымдастыратын синтагмалар мен сөйлемдер құрайды. Дегенмен, бала бұл құралдарды өздігімен қолдана алмайды, сондықтан бала естіген дыбыстарын, сөздерін сыртқы бейнесіне қарай қайталаумен ғана шектеледі. Физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты бала өзіне қойылған коммуникативтік қарым-қатынасқа түсудегі нормалар мен талаптарды мүмкіндігінше орындайды. Осыған байланысты сөйлеудің даму кезеңі үш аспект (фонетикалық, грамматикалық, семантикалық аспект) бойынша айқындалады.

1. Бала сөздің дыбыстық құрамын ажырата алмайды;

2. Сөздің дыбыстық құрамын игерген, бірақ оны баяндаудағы құрылымдық заңдылықтардың сақталмауы;

3. Сөздерді зат атауларымен сәйкестендіру қабілеті қалыптасқанымен, сөздің мағыналық жағын игере алмауы;

Үшіншіден, онтогенездегі символдық функциялардың дамуы. Л.С.Выготскийдің және басқа да Ресейлік авторлардың тұжырымдамаларында сөйлеу мен ойлаудың дамуы арасындағы байланыстарға болжам жасалады. Егер, ойлау мен сөйлеудің дамуының генетикалық түп-тамырынан бастап қарастырсақ, олардың дамуы параллель, біркелкі дамымайтынын, яғни белгілі бір кезеңге дейін ойлау мен сөйлеу бір-біріне тәуелсіз дамитынын білеміз.

Л.С.Выготскийдің пікірінше, екі жасқа дейін бала сөйлеудің символдық функцияларын игереді, осы кезеңнен бастап ойлау сөйлеуге ауысып, ал сөйлеу интеллектуалдық дамуды айқындайды. Мысалы, саңыраумылқау балаларды оқыту тәжірибесі оларды бірінші сөйлеу емес, алдымен заттық әрекет бірінші дамитынын көрсетеді. Сол арқылы мұндай балалар заттарды манипуляциялау арқылы тілді меңгере бастайды.

Төртіншіден, тілге қоғамдық құбылыс ретінде талдау жасау. Арнайы педагогика үшін тұлғаның әлеуметтенуі мен тілдік аспектілерді әлеуметтік деңгейде игеру маңызды. Сөйлеу әрекетінің әлеуметтік жүйесі үшін адамдармен қарым-атынасты тудырушы жағдайлар (әлеуметтік топтар, қоғам) орын алуы керек.

Тілді игертудің әлеуметтік сипаттамасын анықтауда екі аспектіні (сөйлеуге қабілеттілік және сөйлеу әрекеті) бөліп қарастыруымызға болады. Сөйлеу қабілетінің әлеуметтік табиғаты тілді игерудегі белгілер, қарым-қатынасқа түсудегі әрекет формалары арқылы қалыптасады. Сөйлеу әрекеті (Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин) өмірге келгеннен кейін мәдени құбылыстарды, шындық құбылыстарды дайын күйінде қабылдауы үшін қажет. Шындық құбылыстар туралы білімді игеруде сөйлеу әрекетінің дамуына отбасы мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары қажет. Сөйлеу функциясының эволюциясы, диалогты және монологты сөйлеудің қалыптасуы, ішкі сөйлеу мен сыртқы сөйлеудің қалыптасуына байланысты психикалық дамудың кешеуілдеуі кезіндегі сөйлеу әрекетін игеру күрделі түрде өтеді.

Бесіншіден, сөйлеудің патологиялық дамуы кезіндегі психолингвистикалық талдаулар сөйлеу әрекетінің қалыптасу кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді. Сөйлеудің патологиялық дамуы кезінде адамға нақты көмек түрлері қажет. Ол үшін сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді психолингвистикалық көзқарас тұрғысынан анықтап, кемшіліктің формаларын анықтаймыз:

- Сөйлеудегі психолингвистикалық кемшіліктер тұлғаның бұзылуымен, сананың, жоғары психикалық функциялардың бұзылуымен байланысты (мысалы, шизофрения);

- Бас миының локальды бұзылуынан болатын тілдік кемшіліктер (афазия);

- Туа пайда болған немесе жүре пайда болған сенсорлық кемшіліктерге байланысты анықталатын тіл кемшіліктері (саңыраулық);

- Ақыл-ой дамуымен, психикалық дамудың кешеуілдеуімен байланысты тіл кемшіліктері;

- Тілдің моторлы дамуындағы кемшіліктермен байланысты анықталатын тіл кемшіліктері (тұтығу);

Арнайы педагогиканың әрбір саласындағы психолингвистиканың жетістіктері логопедияда (Л.Б.Халилова), сурдопедагогикада (Ж.И.Шиф, Г.Л.Зайцева) зерттеулерінде анық мазмұндалады.

Сонымен, лингвистикалық жәнее психолингвистикалық талдаулар арнайы педагогиканың негізгі түсініктерін анықтауға, сөйлеу тіліндегі кемшіліктердің классификациясын жасауға ықпал етеді.

Наши рекомендации