Азіргі сабаққа қойылатын талаптар
Сабақта мұғалімнің өзінің не біліп, не істейтіні маңызды-ақ, бірақ оның ықпалымен шәкірттерінің не біліп, не істейтіні одан да маңыздырақ. Нағыз ұстаз, міне, осынысымен бағаланады.
Цицерон.
Оқу қызметі – адамның оқу міндеттерін шешу процесінде теориялық білімдер мен қызмет тәсілдерін игеруіне бағытталған негізгі қызмет түрлерінің бірі. Оқу қызметін жүйелі жүргізу оның субъектілерінде негізгі компоненттері мазмұнды абстракция, жалпылау, талдау, жоспарлау және рефлексия болып саналатын теориялық танымы мен пайымдауының жедел дамуына жағдай жасайды.
Мектептердегі оқыту процесі мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі. Оның қызметінің мақсаты оқушылардың белсенді, саналы, танымды қызметін басқару болып саналады. Мұғалім оқушыларға бірте – бірте күрделі талаптар қояды, соның арқасында баланың танымдық ойының ілгерілеу қозғалысын қамтамасыз етеді. Мұғалім оқытудың табысты өтуіне жағдай жасайды: қойылған талаптарға сәйкес мазмұн таңдайды, оқытуды ұйымдастырудың әр алуан түрлерін пайдаланады; соның көмегі арқасында мазмұн оқушының игілігіне айналатындай әр түрлі әдістерді пайдаланады.
Әрбір мұғалім өз сабақтарының қызықты, тартымды, есте қаларлықтай болғанын қалайды. Дегенмен, жас мұғалімдер өз пәнін жетік білу және оның әрбір мәтінін қызықты етіп баяндай алу – мұғалімнің басты қасиеті деп ойлайды. Алайда мектептегі негізгі пәндерді оқыту барысы бұл қасиеттің мұғалімдер үшін жеткіліксіз екендігіне көз жеткізіп келеді.
Дидактик-ғалымдар арнайы зерттеулер нәтижесінде оқушылардың танымдық белсенділігі олардың игеретін білімінің сапасына тікелей әсер ететінін анықтап отыр. Мысалы, өздігінен оқу немесе дәріс тыңдау барысында ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтаудың көрсеткіші 10 пайыздан аспаса, әр түрлі танымдық ойындар мен белсенді оқыту әдістерін пайдалану барысында ол көрсеткіш 90 пайызға дейін жетеді екен. Бұл "жағада тұрып жүзуді үйрену мүмкін еместігін” дәлелдейді.
Орыс академигі В.Беспальконың айтуынша игеру деңгейі 70 пайызға жетпеген білім, біртіндеп кеми береді екен, тек 70 пайыздан асқан кезде ғана оны өздігінен толықтыру мүмкіндігі пайда болады екен. Ал ғалымдардың зерттеулері оқыту барысында балалар өзара талқылау жасап, алған білімді өз тәжірибесімен ұштастырып және өз білгенін өзгеге үйреткенде ғана бұл деңгейден асуға болатынын көрсетіп отыр.
Шығыс даналығы: Естігенің естен шықса, көрген қалар көңіліңде, бір нәрсені жасап, ұқсаң, ұмытылмас өміріңде, – дейді. Қазіргі ғылыми зерттеулер бұл даналықтың астарында терең мағына жатқандығын байқатады. Орыс ғалымы Л.Фридманның айтуынша, бала білім игеру барысында төрт түрлі позицияда болады екен:
1.Тыңдау арқылы дайын білімді алу. 2.Өздігінен жаңалық ашу. 3.Түрлі әсерді сезіну. 4.Бұйым немесе өнім жасау.
Осы позициялардың соңғы үшеуі ғана шын мәнінде өнімді оқуға жағдай жасайды. Сондықтан сабақты жоспарлау мен ұйымдастыруда оның өнімділігін арттыратын оқытудың белсенді әдіс-формалары мен танымдық ойындарды тиімді пайдаланудың маңызы зор.
Сабақтың тиімділігін арттыруды жүзеге асыру үшін қазіргі сабаққа қойылатын талаптарды сақтау керек:
1. Әрбір сабақта білім беру, даму және тәрбиелеу мақсаттарының бірлігі сақталуы керек. Әрбір сабақ оқыту процесінің басты заңдылықтарын жүзеге асыруға ықпал етуі керек.
2. Әрбір сабақ дидактиканың барлық принциптеріне және бәрінен бұрын оқыту мен өмірдің ғылымилығы мен байланысына жауап беруі керек.
3. Әрбір сабақ , ең алдымен, сабақьың тақырыбымен жиі ауыстырылатын айқын дидактикалық мақсатпен сипаттауы керек.
4. Сабақтың барлық кезеңдерінде оқушылардың танымдық қызметін жандандыру мақсатында оқытудың әр алуан әдістері мен тәсілдерін пайдалану.
5. Сабаққа қойылатын талаптардың бірі – оның эмоционалдығы. Ол оқушыларды сабақтағы маңызды қызметті – жаңа білімді игеруді – атқаруға итермелейді. Ол сырттай ғана байқалуы мүмкін (мұғалімнің қатты дауысы, қол сілтеуі, т.б.), эмоционалдық мұғалімнің сабақтағы оқыту процесіне, оқылатын тақырыпқа қатысты байқалуы мүмкін.
6. Әрбір сабақта оқушылардың білімін үздіксіз есепке алу жүргізілуі керек.
7. Әрбір сабақ өзінің ұйымдастырушылық заңдылықтарымен, оң нәтижелерді сезінгіштігімен ерекшеленуі керек.
8. Әрбір сабақта жүйелі қайталаудың элементтері қатысуы тиіс.
9. Әрбір сабақ техникалық оңтайлы және дидактикалық жарақтандырылған болуы керек.
10. Кез келегн пән бойынша әрбір сабақтың өткен және алдағымен байланысы.
11. Сабақтың барлық уақытын үлкен табыстылықпен пайдалану.
12. Оқушылардың бүкіл сабақ бойы оқу еңбегін қамтамасыз ету.
13. Сабаққа қойылатын талаптардың бірі оның құрылымдық икемділігі болып табылады.
14. Сабақтың кәсіби бағыттылығы.
15. Үй тапсырмасының тиімділігі және оны міндетті тексеру.
16. Қолайлы моральды – психологиялық және санитарлық – гигиеналық жағдайлар туғызу.
Мұның бәрі тек бір ғана жағдайда мүмкін болады, егер сабақтың өнімділігі мен балалардың белсенділігі жоғары болса.
Орыс дидактигі В.Голуб сабақ тиімділігін арттырудың жеті бағытын атап көрсетеді:
1.Сабақтың тиімділігін арттыру жолдарының бірі (кез – келген оқу пәні бойынша) әр сабақта мынадай жағдайлар жасау болып табылады: оқушылардың оқу материалының негізін сабақтың өзінде меңгеруі тиіс, бірақ бұл негіздер кездейсоқ емес, саналы игерілуі керек.
Келесі сабақтың тиімділігін көтерудің тағы бір маңызды жолы – бұл ұжымдық жұмыс кезіндегі әр оқушының барынша дамуына мүмкіндік туғызу.
3.Сабақ тиімділігін көтерудің келесі жолы – бұл белгілі бір құрылымның болуы. Бұл жағдайда жұмыстың сыртқы жағы (сұрау, түсіндіру, бекіту) емес, оның ішкі құрылымы оқушыларға білінбейді, бірақ оны мұғалім нақты ойластырған.