Түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы

ШҚО

Ұлан ауданы

Молодежный кенті

тел. 8-328-271-44

2005 жыл.

СӘЛЕМ ХАТ!

Құрметті Әзілхан аға, қалыңыз, денсаулығыңыз жақсы ма?

Мыңдаған оқырмандарыңыз атынан сізге саулық тілей отырып, тамаша кітаптарыңыз үшін көптеген көп рахмет айтамыз. Біз үшін әрине "Мәңгілік махаббат жырының" орны ерекше. Сіз тағы да өзіңіздің ержүрек ұстамдылығыңызды дәлелдедіңіз. Отан соғысында зеңбірек расчетінің жанында қазақтың қара ұлы тайсалмай жаудың танкісіне қарсы тұрып ерлік көрсетсе, Халима ападан айрылған езіліп үгілмей (өзі өсиет еткендей) қасқайып қайғыны да көтере жүріп, махаббат жырын оқырмандар қолына ұстаттыңыз. Бұған, әрине, бірінші апамыздың аруағы, рухы болса, екінші біздер сол ерлігіңіз үшін зор құрметпен бас иеміз. Жуықта үйге құда-жекжат, туыстарым, әріптестерімді шақырып, кітаптың кей жерін дауыстап оқып, өзімнің алған әсерімді әңгімелеп, семьялық оқырмандар конференциясын өткіздім (қалжың). Амангелді бауырыңыздың әсері ерекше. Алматыға барғанда Халима апамыздың басына неге бармадық деп қатты өкінеді. Ендігі мақсатымыз апамыздың ақ күмбезіне барып тәуап ету. Кітапты оқуға құштарлық білдіргендер кезекке тұрып жатыр. Біздің қазіргі әңгімеміз тек махаббат жыры. Әзілхан аға, сіз біздің өмірімізге қандай өзгеріс, жақсылық әкелгеніңізді білсеңіз ғой. Осы еңбегіңіз үшін сізге көптеген-көп рахметімізді айтамыз. Әзілхан аға, бір рет қағазға бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Өз ішкі толғаныс-әсерімді шағын мақаламда жазған болдым (Әлде шығар, әлде шықпас). Біздер үшін бұл кітап расында мәңгілік жырланатын болады. Бал-шағамызға, ел жақтағы оқырман-жұрағаттардан дұғай сәлем жолдап, алдағы келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Деніңізге саулық, творчестволық жемісті еңбек, табыстар, ұзақ ғұмыр, бала, немере-шөберелеріңіздің қызығына қуанып жүре берулеріңізге шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз.

Зор құрметпен бауырларыңыз:

Амангелді-Бағдангүл ТҮСІПОВТАР.

2005 жыл

АШЫҚТЫҚ ДІНІ

"Мәңгілік махаббат жыры" - жазушының жан сыры. Әзілхан Нұршайықовтың кітабының лейтмотиві: "Ойлап қарасам, бүкіл тіршіліктің, бар ғұмырдың мән-мағынасы, сән-салтанаты, қызық-шыжығы адал жар ғана екен" (62-бет).

Бұл кітаптың әу баста екі түрлі керетар пікір тудыруы ғажап емес. Ол бәз біреулерге "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін" деп Абай сүйген өнердің өз қағидасынан оқшау, көркем әдебиеттен тыс бір сезімге, сентиментальды сағынышқа толы жеке бастың дүниесі болып көрініп, талғампаздық наразылыққа ұшырап қалуы бек мүмкін. Автордың өзінің өмірлік қосатына арнаған ескергіш назы, ризашылық пейілі тәрізді шартты нәрсеге тағы ұқсап тұруы нанымды. Асықпаңыз.

Асылында бұл өзгеше кітаптың ең асыл қазынасы жер астының құпия кені тәрізді бірден көзге шалынбайды. Оқушысынан мұқият қарауды талап етеді. Сондықтан "Қазақта Халима сияқты жақсы әйелдер көп шығар. Ал әйелін Әзекендей бағалаған ешкім жоқ!" (473-бет, Мұқанәли Омарбаевтың сөзі) сынды көзқарас бұл кітаптың үсті жағы ғана. Автордың толық субъективті қалпынан танбауы заңдылық. Ол басқаша бола алмайды. Әйтсе де былайғы бөтен жұрт бұл кітаптың жүздеген парақтарының арасынан, мемуарлық, диалогтық, монологтық, хат, хабарларының астынан гауһар тастай жарқыраған бір бейнені тауып алады. Ол Халиманың деректі образы, ет пен сүйектен жаралған адами болмысы. Расында мұндағы Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова тарихи жеке адам қалпынан биіктеп өсіп кеткен. Оның жан сұлулығы қарапайым әйелдің шынайы көрік-келбеті. Ол образдың кереметтігі сонда, қазақтың ұлттық әдет-ғұрпынан, дүниетанымынан титтей алшақ кетпегені. Халима — қазақтың этностық, этнографиялық, боямасыз, қоспасыз, әсіресіз бет-бейнесі. Қазіргі әдеп, иба, сана дегенді ескінің қалдығы көретін пиғыл бел алған тұста мұндай адамдардың сиректегі, артықшылығы білінбей әсте қалмайды.

Осы Халима нағыз қазақ. Ол оз бойында шынайы қазақ әйелінің барша мінез-құлқын, ниет-пиғылын кіршіксіз сақтаған. Ұлттық тектілік, адалдық, сабырлылық, ерге адалдық (адал сүт емген дейді қазақ мұны), әдемілік ("Халима әпкеміз мүлдем боянбаған", 248-бет), момындық, ол кәдімгі рухани жан шуағынан тарайтын мейірімнен туады, балажандылық, қонақжайлылық, жұмсақтық, ісмерлік тәрізді толып жатқан далалық кендіктен, молшылық құттан, құдайшылық обал-сауаптан, тәңіршілдіктен дарыған асыл қасиеттерін айтып тауысу қиын. Тал бесіктен жер бесікке түскенше отандасының ең бір ізгі, таңдаулы қасиетін сүйіп сақтау Халиманың адамзаттың өзін-өзі аман сақтау түйсігінен туындайды. Себебі бір үйлі әулеттен аман қалған бір өзі ғана, сол ұрпағын жалғау, өсіру қамы оның рухани арманынан қанаттануы тірі құбылыс.

Халимаға лайық эпитеттерді кітаптың өн бойынан інжу тергендей сүзіп алуға болады. Шынтуайтында бұл бір адамның мақтауын асыру ғана емес. Олай ойлаған жан мықтап қателеседі. Расында бұл бір өнеге. Кейінгі ұрпаққа, отбасының ұйтқысы болуға жаралған әйел затына өсиет-сыр, игі жақсының кіршіксіз портреті.

Халиманың портреті:

"Халима өте қамқор еді", "Бала күнінде жаны мырза еді (517-бет, құрбысының сөзі), "Халима өте ісмер еді", "Қаладағы кейбір әйелдер ауылдан келген студент жақындарын үйінің шаруасын істетіп, құлдай қызмет еткізеді. Ал Халима жұртқа өзі құлша қызмет етуге ерінбейтін" (20-бет). Қазаққа урбанизация жетіп, қала мен ауылдың алшақтығы білінгенде өзін тым биік, мәдениетті, артық санайтын қалалық сылқым әйелдердің ішінде осынау мұнтаздай тектілікті некен-саяғынан ғана кездестіруге болғаны нағыз шындық. Ол әйелдер өз үйіне сәл кіріптар болған жасы кішілерді, жақындарын құлша, күңше жұмсауға арланған емес.

Бауырмалдық, дегдарлық, кішіпейілдік мінез қонса, әрине олар бауырларын мүлдем құлданбас еді. Әйтпесе, тіпті жұмсауықтығы елге аңыз болып, қайын ағасын екі мәрте жұмсаған әдепсіз, көргенсіз келіндердің нашарлығына қарама-қарсы мінезді Халиманың осы бір жұмсауық, құлданғыш пейілден адам табиғи қалпынан көреміз. Жалпы, бүгінгі қазақтың қыз-келіншектеріндегі тіккөз, тікбақайлықты Мөңке би, Мұрат ақындардың жазған заман туралы зар өлеңдерінен табар едік. Қазіргі қазақ мұңы тұрмысқа, заманға жаба салып, мұндай әдепсіздікті, жамандықты тым үдетіп, тура бөтелкеден шыққан жындай қаптатып алдық.

"Жалпы, Халима біреуге жақсылық жасаса, оны жария етпейтін" (35-бет). Мұсылманшылық деген осы. Мұхамед пайғамбардың хадистерінде осындай өсиет бар. Грузинның ұлы ақыны Шота Руставели: "Жұртқа бергеннің бәрі менікі" дейді, жан жомарттығы негізінде АЛЛАшылықтың ең қайырлысы, ең ізгісі.

Жазушы өз жарын жоқтап, қырқында, жылында тебіреніп сөз толғайды, өзге адамдарға, әйел мен ерлерге, жастарға үлгі болсын деп айтады.

Халиманың өз күйеуіне жанын салып қызмет қылуы тағы ұлттық тәрбиенің жемісі, оның ұлы аналарынан бергі, қан, тек арқылы берілген қастерлі қасиет. "Жөргектегі сәбидей күттім" (515-бет) дейді Халиманың өзі ері ауырғанда.

Ажалмен алысып мені

Өлімге қимағанын үшін! (203-бет), яғни бұл екі адамның, ерлі-зайыптының өмірі өзара қимастық пен сыйластықтың, сүйіспеншіліктің қуатымен баурап алары анық.

Кітаптың жанрын тап басып айту мақсат емес. Рефрен, градация көп. Бір адамның портреті жұртшылық қауымның көкірек көзімен де, өмірдің реальды кезең-кезеңімен де қанық берілген.

Тегінде мемуарлық кітап болғандықтан өмірде болған, өткен адамдар, замандастар туралы нақты деректер болмағы заңды құбылыс. Сондай тұлғаның бірі көрнекті ғалым Мырзабек Дүйсенов. Сонда оған қатысты деректерден енді келіп автордың өз автопортреті шығады. Әзілхан аға ұзақ күткен Халимасын іздеп, поезға отырар тұста қазақтың эпостық жырларына перифраз болып құрылған қоштасу жыры әзіл қалжыңмен қатар, шынайы реалистік суретке құрылған. Бұл ауылға аттанып бара жатқан, кешегі Отан үшін шайқасып, қан төккен жауынгер ендігі студент қаладағы қырық қыздың арасынан ешкімді місе тұтпай, қырық қыздың арасындағы аққудай көрінетін Халимасын аңсап, іздеп бара жатыр. Сондықтан ол өзін Төлегенге, сүйгенін Қыз Жібекке теңейді. Болашақ әдебиетші ғалым Мырзабектің жолдасы Әзілханға баға беруі де қазақы дүниетанымды ардақтау, "жақсы сөз жарым ырыстың" растығы.

Екінші бөлім — "Халимаға хат" өлеңдермен түзілген. Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар" атты романын Абай өлеңінің бір жолымен атағаны мәлім. Бұл жолы да Абай поэзиясын рухани қайнар бұлақтай қабылдайды. Өлеңдер ұлы итальян ақыны Ф.Петрарканың Лаурасына арнаған сонеттеріне әсерленіп жазылса да Абайдың стиліне түскен. Мұндағы шынайы махаббат сезімі тағы да авторын эпитондық деген қатаң айыптан қорғап қалары даусыз.

Шынында жас Әзілханның соғыста жүргенде суретін сұраған қыздарға өз портретін өлеңмен беруі нағыз өлең болатын.

Өлгенге ғашық болу жоқ,

Тірілерге құштар көп.

Мен қалармын тарихта

Өлгенге өткен ғашық боп!

"Өлгеннің беті ары" дейді қазақ. Автордың 54 жыл тату отасқан өз жарын жоқтауы бұл ойды терістеп, өзіне лайық өмірінің философиясын түйіндейді, "өлі разы болмай, тірі байымайды" дегізеді.

Автор Абайдың махаббат лирикасынан толғанып, әсер алып, кейде ашықта айтады.

Беатриче мен Лаураны

Данте, Петрарка жырлаған

Көрмей махаббат қызығын,

Тек сыртын олар сырлаған

дейді ол, "балалар мен немерелердің мені сүйгені де сенің арқан", деп әспеттейді жазушы жан жарының рухына тағзым етіп (152-бет). "Алтын басты әйелден бақыр басты ер артық" дейді қазақ халық даналығы, сөйте тура, "жақсы әйел жаман еркекті зор етеді" деп үстейді.

Бірақ кітаптың контекстінде жасырын тұрған бір мезет: Әзілхан ағаның өз Халимасына бек лайық қалпы. Халиманың таңдаған адамын қорашсынып сөйлегендердің ойы да әрқашан қаз-қалпында беріледі: "Мына аққудың көгілдіріндей қызды шүйкедей қара жігітке ішімнен қимадым" (378-бет) дейді марқұм Тұрсынхан Әбдірахманова, ақын апамыз.

Автордың өзінің сұлу жарына шын лайық, адал, мейірімді, бауырмал, жұмсақ мінезді адам екенін байқамау үшін ақымақ болу керек. Әйтпесе, үріп ауызға салғандай көрікті Халима өзіне ерекше ынтыққан өзге жігіттерді көрмей қалатын көрсоқыр емес қой. Оған бөгетте болмаған.

Алайда, бұл кітапты оқи отырғанда тағы бір құдіретті персонаж алдымыздан Қыдыр атадай кес-кестеп шығады. Ол Тағдыр. Жаратқанның жазуы ертегі емес. Олар бір-бірінің маңдайына жазылған адамдар екен. Сол себепті екі жас ішкі дауыс қорғаушы періштелерінің үнін қабыл алды. Халима сондықтан Әзілханды қалтқысыз таңдап алды, айнымады, бөгдеге мойын бұрмады. Замана зарын, алапат аштықты, өмірдің тепкісін көріп жетім өскен Халима қанды соғыс дәл өзіндей жетім қылған, әке-шешеден, ағадан айырған жігітті жазбай таныды.

"Сені кімге теңерім" (155) бұл да, әлемді күллі ақындардың сүйікті әйелдеріне баға беру арқылы Халимасының құнын асқақтату жазушыға өзге үшін емес, өзі, жүрегі үшін керек.

Ардақтасын әйелін солай,

Күндеушілер болса мықты!

Басыңа ақ күмбез көтердім,

Осыған менің көңілім тоқ.

XX ғ. батыс әдебиетінде Д.Г.Лоуренс, Пристли, т.б. жазушылардың шығармашылығы отбасылық ұйтқының бұзылуын анықтап берді. Лев Толстойдың шіркеуден аласталса да XIX ғ. әйгілі романдарында айтпағы осы еді. Христиандық некенің бұзылуын ол бірінші болып жаны күйіп айтты.

Бұл кітаптың оқырманын бір себептен жіпсіз жетелеп отыруы да тума тұнық, мөлдір бастаулардан ажырамаған отбасылық идеальды бақытты ұлықтауында жатса керек.

Бұл өзі қызық кітап. Автор Ирак соғысы туралы айтқанда үлкен азаматтық позициясы, адамдық жүрегі беріледі. Бір кезде екінші дүние жүзілік қанды қырғында от кешкен қарт солдаттың ар-ожданы.

Жазушы марқұм жарын еске aлy арқылы тарихи деректерді қоса мәлімдейді. Әскери архивтерді ақтарған. Соғыста шейіт болған қазақ ерлерінің нақты деректері бар (469-бет).

Халиманың балалық дәурені туралы ет жақын туыстары еске алған тустардан (оның немере апайы Тоқан Өзіханова айтқан) атамекен туған жеріміздің әсем поэтикалық табиғаты суреттелген. Ел-жұрт әлі күнге дейін бұл жерлерді Жүреқадыр, Құндызды деп атайды. "Үбіге таяй бергенде қалың шілік бар. Соны ел Қараханның шілігі деп атайды", — деп жаздым мен прозалық бір кітабымда нағашы ағам Оразханның аузынан естіген деректерді айнытпай келтіріп. Ол кісі туған жерін алақандағыдай әр тасын, әр талын түгел білетін, ат үстінде тұмыр бойы жүрген жерлері ғой. Қараханның шілігі аталған Халима тәтенің ағасының қыстауы.

Кітапта элегия, ода, жоқтау, шер тарқату өлеңдері бар. Әйткенмен бұл шығарманың ең құнды, тамаша тұстары Халиманың балалық шағы туралы естеліктер. Ол әр қилы жандардың, туыстардың аузымен айтылады. Оларды кәдімгі үлкен прозадағы "Әңгіме ішіндегі әңгіме" десе артық емес. Сондай әңгіменің бірегейі кішкентай қос жетім қыздың біреуінің қайғылы тағдыры. Оның үлкені сексенге тақаған шағында ақ өліммен фәниден бақиға озған, басына Ақтаудың ұлутасын Алатауға әкеп, ақ шағала күмбез тұрғызылып, есімі еліне тараған Халима.

Екіншісі — бес жасында шетінеген бейкүнә сәби, Халиманың туған сіңлісі — Ханымхан. Ол-дағы 1932 жылғы қазақтың басына түскен ұлы зұлматтың-аштықтың, төңкерістердің құрбандығы. Заманадан жазықсыз жазып, шолақ дүниеден жылап өткен бір мұңлық бала. Осы бір титімдей Ханымхан кітаптағы күшті образдың бірі. Кіршіксіз періште сәби. Трагедиялық образдың сұлулығы. Кейіннен оның зиратқа қойылған томпиған орны да жер боп жоғалып кетеді. Екі түрлі тағдыр, бірақ екеуі де қазақтың, ұлтымыздың басынан кешкендері.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жастардың Мешекеттік "Дарын " сыйлығының лауреаты.

"Абай " журналы, №4, 2005 ж.

ӘЗІЛХАН АҒА!

Сіз Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясына студенттермен кездесуге келдіңіз. Біз сонда Сіздің адал да, аяулы жарыңыз Халима апаға арнаған "Мәңгілік махаббат жыры" атты жаңа кітабыңызбен таныстық. Кездесу өте әсерлі өтті.

Ал өзіме келсем, ерекше тебірендім. Себебі: мен Қызылорда облысындағы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің түлегімін. Қазақтың Батыр қызы Мәншүк апаның 80жылдық, колледжінің 70 жылдық тойы өткенде Алматыдан көптеген қонақтар келді. Бірақ сіз болмадыңыз, біз Сізді асыға күткенбіз. Дегенмен, біздің ұстазымыз Шермаханова Роза апай Сіздің Мәншүк жайлы жазылған естеліктеріңізбен таныстырды.

Енді "Мәңгілік махаббат жыры" жайлы айтсам: кітапты екі күнде оқып шықтым. Екі күн оқыған себебім: өте әсерлілігі сондай, сіздің кейбір естеліктеріңізді 2 қайтара оқыдым. Мен анамды жақсы көргендіктен бе білмеймін. Сіздің жарға деген, анаға, жалпы қыз балаға деген махаббатыңыз қатты тебірентті. Біз көбіне жақсы ойлар ойлаймыз, бірақ жеткізе алмаймыз. Сол Сіздің өз ойыңызды, Халима апайдың қасиеттерін еш әсерлемей, табиғи түрде жеткізгеніңіз мені тәнті етті.

Сол кітап туралы бір апай: "Бұл кітапты барлық қыздар оқып шығуы керек" депті. Меніңше, тек қыздар ғана емес, бүкіл жігіттер қауымы оқуы керек және де әрбір оқырманның осы кітаптан өзіне деген жақсы қасиет әсер алатынына күмәнім жоқ.

Әзілхан аға!

Мен сізге зор денсаулық тілеймін. Үнемі жақсы көңіл күйде болыңыз, себебі: көңіл-күй денсаулыққа қатты әсер етеді. Балаларыңыз аман болсын. Оқырмандарыңызды қызықты да, құнды әңгімелеріңізбен қуанта беріңіз.

Сіздің Халима апайдың бойындағы патриоттық қасиет бізге, жастарға дарысын деп тілек тілеймін.

Еліміз тыныш болсын.

13.01.2006. жыл. (Ескі жаңа жыл)

Гүлхан Сіргебаева САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ.

Қазақ Ұлттық Өнер академиясының 3-курс студенті.

Нағым ҚҰСАЙЫНҰЛЫ

қарт ұстаз, зейнеткер.

"МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ"

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов жаңа туындысын прозалық поэма деп атапты. Қара сөз және ақ өлеңмен жазылған бұл туындының әр тарауы поэма тәріздес оқиғаларға толы. Олар бірінен соң бірі оқырманды тартып, тебірентіп, толқытып отырады. Көңілді қозғап, көзге жас келтіреді.

Тәрбиелік мәні зор бұл шығармасын автор жан жары, әдеби серігі, қазақ халқының тамаша қызы Халимаға арнаған. Мен осы "Мәңгілік махаббат жырын" оқығанымда, көзіме жас алып, егілгенімді жасырмаймын. Кәрі адамның көңілі босаң болатыны белгілі ғой. Кітаптың бірінші бөлімі Халима апайдың қырқында жиналған жұртқа Әз ағаның қимас жары жайлы толғана айтқан әңгімесі. Оған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті студеттері алдында айтылған сөзі мен кейбір деректі материалдар жалғастырылған.

Екінші бөлімінің аты "Халимаға хат". Бұл автордың жан жарын жоқтап жазған, барлығы 80-дей мұңды хаты. Халима Әз ағаның тоғыз жыл ғашық болып, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрген жан жары, мәңгі ғашығы. Кітаптың "Мәңгілік махаббат жыры" аталуы сондықтан. Автор кітаптың алты сөзінде: "Қазақта қас жаман қатынын мақтайды" деген сөз бар. Ол сөзді мен де білемін. Бірақ өзім "жаман" атансам, атанайын, алайда әйелімнің жақсылығын жасырмайын деп шештім", деп еске алады. Нағыз махаббат осындай-ақ болар. "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Қыз Жібек пен Төлегендей" аңыз қылып айтуға тұрарлық дүние екен. Мен қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша бала оқытып, тәрбиелеген қарт ұстазбын. Әдебиет тарихында бір-біріне мұндай ғашық болып өткен адамдарды естіген емеспін.

Бұл кітап Халима апайға ғана емес, қазақтың аяулы қыздарына, барша адал жар, асыл ана, ардақты әжеге орнатылған мәңгілік ескерткіш қой деймін. Сағыныш дастаны дерсің.

Халиманың қазасы алты рет инфаркт алған Әз ағаға ауыр жүк болғаны анық. Әз аға Халима апайдың бар болмыс-бітімін, адал махаббатын іңкәр көңілмен жыр қып айтқанда, көптен туындаған, көптен сүйсінбеген жан бір тебіренетіні анық. Оны оқыған ер-азамат та ойланар, қыз-келіншек те толғанар.

Бұл тәлім алам дегенге тәрбиелік мәні зор өмір жыры екені даусыз. Адам, Азамат, жазушы жарын, досын, жан серігін жоқтағанда, оқыған кісі селт етіп оянбауы, дүр етіп сілкінбеуі мүмкін емес. Мен осы ғұмырнаманы жұбайыма, байырғы дос-жолдастарыма, бала-келіндеріме әңгімелеп айтып бердім.

Адамның ішкі дүниесі керемет әлем ғой. Әз аға мен Халима апайымыздың махаббаты кейінгі ұрпағымызға дарысын.

Махаббат жыршысы атанған Әзілхан Нұршайықов ағаның осынау эпистолярлық хикаяты өмір ұғымының махаббатпен әдіптелген терең мәнін, айшықты туынды екенін оқыған барша оқырман мойындайды.

Тәрбиелік мәні зор бұл кітапқа демеуші болған азамат, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов мырзаға кітап оқырмандары атынан шын жүректен ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Осындай жаны жайсаң, жүрегі жомарт азаматтар көбейе берсе екен! Пәк сезімнің құны түспей бүгінгідей қоғамда адал махаббат, адамдықты ту ғып көтерген осындай кітаптар көбейсе игі. Тек сол шығармалар оқырман жүрегіне жол тапсын дейік.

"Орал өңірі" газеті.

27-мамыр, 2006 жыл.

СӘЛЕМ ХАТ

Сәлеметсіз бе, құрметті Әзілхан аға!

Сізге хат жолдаушы Семейлік сәби Халиманың ата-анасы.

Сәби Халиманың апаларының айтуымен, кішкентайды қырқынан шығарғаннан кейін Сізге хат жазып отырмыз. Кішкентай Халима 8-наурыз халықаралық әйелдер күні қырқынан шықты. Қырқынан шығарып, ағасы (яғни Сіз) сыйға жіберген ит көйлегін ырымдап кигізіп, конвертіне жатқызып, фото суретке түсірдік. Отан қоса, сіз жіберген сәби жасауын құрметпен ашып жатқан кезіміздегі сәтте түсірілген фотосуреттерді де Өзіңізге ұсынамыз.

Қадірлі Әзілхан Аға! Сіздің отбасыңыздағы адамдардың есімдерін өз балаларына қою бұдан бұрын да болғаны белгілі. Сол сәбилерге арнап Халима апамыз бала жасауын жіберіп отырыпты. Халима апамыздың дәстүрімен ерекше ілтипат көрсетіп, сәби жасау жібергеніңізге шын жүректен рақмет айтамыз.

"Мәңгілік махаббат жыры" кітабыңызды, кітаптың алғашқы беттеріне жазылған "Сәбиге сәлем хатыңызды", сәби жабдығыңызды кішкентай Халиманың Бойтұмары ретінде қабылдадық. Бұл заттарды отбасымыздың құнды жәдігері ретінде сақтау ниетіндеміз.

"Сәлем хатыңызда" жазған:

— Өс, өс, өс, Халима! Өс, айналайын өс! — деген сөздеріңіз менің (яғни анасының) сәби әлдиіне айналды. Кішкентай Халиманы суға түсіргенде, жаттығу жасатқанда, ұйықтатқанда мен:

— "Өс, өс өс, сәби Халима!" деп айтқан Ағасы. — "Өс, айналайын, өс!" деген. Сен бой жетесің. Сол кезде Ақкүмбезге, Халима әжеңе барасың, сәлем бересің. "Әже, әже! Мен кішкентай Халимамын. Сізге сәлем беруге келіп тұрмын, — деп Ақкүмбезді сипайсың" деген сөздеріңізді кішкентай Халимаға сәби әлдиі ретінде жеткізіп отырдым.

Әзілхан аға! "Болмасаң да ұқсап бақ" деп Абай атамыз айтқандай, кішкентай Халиманы Халима апасындай өнегелі тұлға ретінде тәрбиелеп өсіруге тырысамыз. Тәрбие жолындағы үлкен көмекшіміз Сіздің "Мәңгілік махаббат жыры" кітабыңыз болары сөзсіз.

Аға! Семейге жолыңыз түссе, Халиманы келіп көріңіз. Хатты ұзақ жазып, уақытыңызды алғанымызды айып етпеңіз.

Аман-есен болыңыз, Әзілхан аға!

Хат жазушылар: әкесі Бешімбаев Руслан НАЗАРБЕКҰЛЫ

Анасы Қалдықыз Есболатқызы ЖОЛАНОВА БЕШІМБАЕВА.

Әдірісіміз: Семей қаласы, Найманбев көшесі, 220 үй, 13-пәтер.

Телефонымыз 64-12-15, 12.03.2007жыл,

Сізге керек болар деп, Халиманың туу туралы куәлігі

мен кейбір суреттерді қоса жіберіп отырмыз.

түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы - student2.ru

түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы - student2.ru

түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы - student2.ru

түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы - student2.ru

түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы - student2.ru

түсіпова бағдангүл тахманҚҰлҚызы - student2.ru

Наши рекомендации