АппаҚ Қардай аҚ махаббат болсын

Қымбатты студенттер, балаларым менің!

Мен жолда не ойлап келгенімді айтайын ба? Айтсам қылшылдаған жігіт жазушылар, қылпылдаған қыз-келіншек ақындар бар. Соларды шақырмай, сексенге келіп, селкілдеп отырған шалды неге шақырды екен балалар? Мен не айта аламын оларға?

Міне, осылай ойлап, қысылып келдім алдарыңа.

Ал, кәні, көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?

Көргенімді айтсам: Кеше қыс түсті. Алматыға қар жауды. Мен ұлпа қарды кешіп келдім осында.

Қар табиғаттың адамға берген ұлы сыйлықтарының бірі. Қарға қуаныңдар, балалар! Оны уыстаңдар, иіскендер, бір-біріне шашу етіп шашып, қуана күліп, қызықтаңдар. Бұл — кейін қартайғанда, қолың жетпей қалатын қызық, жастыққа ғана арналған табиғат ләззаты.

Аппақ қардай ақ махаббат болсын!

Аппақ қардай адалдық болсын!

Аппақ қардай таза пейіл, пиғыл, мейір болсын!

Менің көшеде көргенім осы, енді іске кірісейік.

* * *

Енді өзіме жазба түрде берілген сұрақтарға жауап бере бастаймын. Сұрақтарды топ-топқа бөліп, жүйелегенім жоқ. Қолыма ілінген сұраққа № 1, №2 деген белгі қойып, жауап жаз-дым. Осылай еткенім дұрыс па?

— Дұрыс, аға.

— Онда — жон. Бірақ, сұрақтарыңның аяғына аты-жөндеріңді жазбапсыңдар. Жауап берілген қай сұрақ кімдікі екенін өздерің ажыратып аласыңдар ғой?

— Ажыратамыз, аға.

— Кейбір сұрақтар қайталанғаннан кейін оларға берілген жауаптар да қайталанған болуы керек. Оған ренжімейсіңдер ме?

— Жо-о-оқ!

1. Сіз қандай тақырыпқа шығарма жаздыңыз?

— Мен Ерлік пен Еңбек, Достық пен Махаббат тақырыбына жаздым. Ол шығармалар өздеріңізге белгілі.

2. Махаббат тақырыбына жазылған шығармаларыңыздың кейіпкерлерімен кездесуіңіз туралы айтыңызшы ?

— "Махаббат, қызық мол жылдар" романында Тана деген қыз бар. Ербол екеуі үш күн бірге жатып, бір-біріне тимей ажырасады.

Бұл болған оқиға. Тана — Тұрсын деген қыз. Ербол мен едім.

Тұрсын қазір Семейде тұрады. Әлі күнге дейін хат жазысамыз.

Тұрсын ЖенПИ-ді бітіргеннен кейін Павлодар облысына барыпты. Бесқарағай деген ауданның "Өндіріс" деген ауылында мұғалім екен.

1953 жылы мен Павлодар облыстық газет редакторы болып бардым. Бесқарағай ауданына іссапарға барғанымда Тұрсынды іздеп таптым. Күйеуі мектеп директоры екен. Үйлеріне қондым.

Одан кейін Тұрсынды көргенім жоқ. Бірақ, анда-санда хат келіп тұрады.

Екінші кейіпкермен кездесуім осы жақында ғана болды.

Сол романдағы Меңтай (шын аты Нұрғамила Нұрбосынова) мені 75 жылдық тойына шақырды.

Бардым. Мен машинадан түстім. Ол сабырмен келіп, қолымды алды да қойды.

— Келуіңізбен! — деді бар айтқаны.

Шайға отырдық. Меңтайдың ұлы, келіні, бауыры ду күліп қоя берді.

— Біз мамам өзінің әрі авторы, әрі курстасымен құшақтасып көріседі екен десек, сіздер қол алыстыңыздар да қойдыңыздар ғой, деді.

Меңтай жауап берді.

— Мен екі шеңбердің ішінде өстім. Бірі — педагогтік шеңбер, екіншісі "Махаббат, қызық мол жылдар" Меңтай бейнесі. Өмір бойы мен екі шеңбердің ішінде келе жатқандықтан ағаларыңды құшақтап, бетінен сүйе алмадым, — деді.

3. Қазір сіздің жүзігіңіз екеу ғой. Қайсысын қай қолыңызға салып жүрсіз?

— Рас. Бірі — жан-жарым Халиманың жүзігі, екіншісі кейіпкерім Меңтайдікі. Алғашында Халиманың жүзігін оң жақ қолыма салып жүрдім. Кейін Меңтай: "Махаббат, қызық сол жылдар" романын жазған қолыңыз нәумез болсын" деп шешесінен қалған жүзігін сыйлады. Оны сол қолыма салды. Артынан ойлап қарасам, Меңтай өз жүзігін "роман жазған қолыңыз нәумез болмасын" деп сыйлады. Романды оң қолыммен жаздым. Ендеше ол жүзік оң қолымда болуға тиіс. Ал сол қол жүрекке жақын. Сондықтан әйелімнің жүзігін сол жақ қолымның саусағына көшірдім.

Мен сексенге дейін қолыма жүзік салмаған кісімін. Бізде неке жүзігі деген де болған жоқ. Сондықтан жүзік салу тәртібін білмеймін. Осылай еткенім дұрыс қой деп ойлаймын.

4. Сіз пәктік туралы көп айтасыз. Себебі не ?

— Пәктігі жоқ адамдарда мәңгілік махаббат болмайды. Екі жақта та пәк қосылса мәңгілік махаббат осыдан өрістейді. Өзім осылай ойлаймын.

5. Сіз махаббатты: Бала махаббат, шала махаббат, мәңгілік махаббат деп үшке бөлесіз. Сонда осы үшеуінен басқа махаббат болмай ма ?

— Махаббат мың түрлі. Мен оларды негізгі үш топқа ғана бөліп айтып отырмын.

6. Мерейтойыңыз қашан, қайда өтеді?

— Мен 786 күн зеңбірегімді жауға кезеп соғысып жүріп, аман қалдым. Сондықтан менің жер басып жүрген әр жылым — той, әр айым — мереке, әр күнім — қуаныш!

Сондықтан дүбірлетіп той жасамаймын. Жиналыс болмайды. Үйіме балаларымды, өзімді алты рет инфаркттен алып шыққан дәрігерлерімді, кейбір өзіме жақын адамдарды шақырып, шай беремін. Болды!

7. "Махаббат, қызық мол жылдар" кітабыңызды қайдан алуға болады ?

— Гоголь мен Абылай хан көшесінің бұрышындағы "Атамұра" кітап дүкенінен алуға болады. Мен: "арзан бағамен сатыңыздар" деп өтініп едім, олар әр кітапты 330 теңгеден сатып жатқан көрінеді.

8. Арманыңыз қандай ?

— Спидтен, нашақорлықтан, арақтан, темекіден аман болып, қазақ халқының мәңгі өмір сүруін армандаймын!

9. Қай кейіпкеріңіз ұзақ өмір сүреді деп ойлайсыз?

— Меңтай мен Бауыржан!

10. Ұнатпайтын нәрселеріңіз не?

— Ұлдардың қыздарды алдап кетуге құмарлығын ұнатпаймын.

— Қыздардың жігітке сөз айтса, жығыла кететіндерін ұнатпаймын.

— Мектеп мұғалімдерінің, институт оқытушыларының шәкірт, студент қыздарға көз салғыштығын ұнатпаймын.

— Біліп тұрған студентке баға қоймай, соны жығуға тырысатын профессорларды ұнатпаймын.

Мынадай бір анекдот бар. Бір қырқылжың профессор ауылдан келген студент қызға қызығады. Сынақ кітапшасына қол қоймайды. Ал қызға стипендияға іліну керек. Профессор қызға "көн" дейді. Қыз амалсыздан көнеді. Соңынан профессор қызға:

— Пәктігін қайда, қарағым-ау? – дейді.

— Ой, ағай, ауылда да мұғалімдер бар ғой, — деп жауап беріпті қыз.

Бұл — анекдот, әрине. Бірақ, анекдот та шындықтан шығады.

— Енді нені ұнатпаймын? Иә, тағы да бар.

Әлдеқайда бір институтқа, не бір университетке олардың шақыруымен, студенттермен кездесуге бара қалсаң, дәлізде кездескен қыздардың үлкен кісі келе жатыр-ау деп, жол бермей талтайып тұрып алатындарын ұнатпаймын. Сол сәтте: қарсы келе жатқан машинаға да, тракторға да жол бермейтін сиыр малы есіме түседі.

Жастардың телефон соққанда: "Мен, Мәулен ғой!" деп, әкесінен бұрын өздерінің атын атайтындарын ұнатпаймын.

Алдымен әкесін айту керек. Сен аспаннан түскен жоқсың, әкеден тудың. Сен туғанда әкең "Балам өзім өлгенде атымды ататып жүреді" деп қуанды. Ендеше сол үмітін ақтау керек.

Мені бірсыпыра жұрт біледі. Сонда да телефон соққанда, телефон трубкасын көтергенде:

— Мен Нұршайықовпын ғой, деймін, атымды артынан айтамын.

Көп адамдар мені дауысымнан таниды. Ал дауысы белгісіз, өзі де мәлімсіз жігіттердің: "Мен Жараспын ғой!" деп шіреніп тұратындарын жаратпаймын.

Содан соң кейбіреулер телефон соққанда бірден: "Мені таныдың ба?" дейді.

Көзім көріп тұрмаған, күнде сөйлесіп жүрмеген адамның дауысын қалай танимын? Оның үстіне бір-біріне ұқсас дауыстар аз ба? Өзім телефон соққан жеріме алдымен: "Сәлеметсіз бе?" деп алып, өзімнің аты-жөнімді айтамын. Содан соң шаруаға көшемін.

Осы күнгі жастардың соңынан қабаған ит қуып келе жатқандай сасқалақтап, жыпылдата, жылдам сөйлейтіндерін ұнатпаймын. Ондай жыпылдақтардың не айтып тұрғанын әрең ұғасың, ұқпай да қаласың. Ал мұны олар өнер ойлайтын сияқты.

Меніңше, өнер емес, өресіздік! Әннің сөзін ұғу қиын. Бірақ, Роза Бағланова әннің әр сөзін анық етіп айтады ғой.

Қазақ сабырлы, салиқалы халық. Ол әр сөзін айқын етіп, саралап сөйлеген. Былдырлатып жылдам сөйлеу ұлттық өнеге емес.

Ақылды адам аптықпай сөйлейтінін ұмытпау керек.

Мінеки, осы сияқты ұсақ-түйектерді ұнатпаймын.

11. Нені жақсы көресіз?

— Жалықпай жұмыс істей бергенді жақсы көремін.

12. Шығармашылық жағынан енді не істемексіз?

— Мәңгілік махаббат туралы роман жазсам деймін. "Өмір өрнектерінің" жарыққа шықпаған 2 және 3-кітаптарын компьютерге бастырып, дискетаға көшіртіп қойдым. Демеуші табылса, жариялауға әзірмін. Өзгелер туралы өзім жазған екі том естеліктерім машинкаға басулы тұр. Өзім туралы жұрт жазып берген бір томдық естеліктерді реттеймін.

Қазір 124-күнделік дәптерімді толтырып жүрмін. Журналист кезімде жазған 200-ден аса қойын дәптерлерім және бар.

Бұлардың тағдыры не боларын білмеймін!

Не істеймін деп ойлайтындарым осы. Бірақ, оның бәрі уақытқа, қайратқа, қаражатқа байланысты.

13. Әйеліңіздің өмірі есіңізден қалмайтын қандай сәті жадыңызда ?

— Әйелім өзінің туған күнін өмірі атаған емес. Оны аузына да алмайтын. Бірақ жыл сайын менің туған күнімді қалт жібермей өткізіп отыратын.

Мен өмір бойы әйеліме бір тал гүл сыйламаппын. Мұным иттік, әрине. Бір жолы балалар шешесінің туған күнін атап өтпек болды. Сол күні мен ғана гүл әкелмеппін. Дағдыланбағандықтан ғой, әрине.

— Саған гүл сыйлауды ұмытып кетіппін. Ғафу ет, Халима дедім әйеліме.

Ол жымиды да:

— Сен маған өзіңді сыйладың. Менің гүлім де, күнім де, байлығым да, бақытым да — сенсің! — деді.

Мен әйелімді құшақтап, бетінен сүйдім.

— Қой, ерте ғой әлі, — деді ол әзілдеп. Өйткені біз ешқашан жұрт көзінше күндіз сүйіспейтінбіз.

Екінші бір есімде қалған сөз мынау:

Жамбыл мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында, Никольск базарына қарай бұрылатын жолда биік тас баспалдақ бар.

Бір қыста жер тайғақ күні Халима екеуміз қолтықтасып, сол баспалдақтан төмен қарай түсіп келе жаттық. Менің аяғым тайып кетті де, құлай бастадым. Басымдағы малақайым ұшып кетті. Сол сәтте Халима мені қорғап, құшақтаған бойы астыма қарай құлады.

Екеуміз сырғанап, етектен бір-ақ шықтық.

— Аманбысың? — дедім жоғарыда жатқан мен алдымен тұрып.

— Мені қойшы, өзің амансың ба? — деді ол басын сипап. Сөйтсем, оның да бөркі анадай жерге ұшып кеткен екен.

Соғыста командирге оқ тигізбеу үшін қасындағы жауынгер өз кеудесін оққа төсеп, командирін сақтап қалатын еді. Сол есіме түсіп, көзіме жас келді.

— 1945 жылдың мамыр айынан бастап, Халима бір жарым жылдай Мәскеу госпиталінде жатты. Алты айдан кейін университетте оқып жүрген маған одан хат келді.

— Мен мына аурудан жазылатын емеспін. Жазылмауым да мүмкін. Ондай ауру әйелден не рахат көресің? Бір жақсы қызға үйлен. Мына суретімді сақтарсың, деп сыртына мынадай төрт жол өлең жазыпты:

Храни мое изображение,

Если подругу видишь в нем.

Если появится сомнение,

Сожги безжалостным огнем!

Бұл шумақты мен өзімше былай деп аударған едім:

Мынау менің суретім,

Досым десең қабыл ал.

Шүбә туса көңілде,

Күдіктенсең – отқа сал!

Ол ауруханадан шыққаннан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл өмір сүрдік.

Сол суреті мынау. Бұл суретті мен өмір бойы сақтап келемін.

"Кеңсай-2"-дегі ақ күмбездің ішіне орнатылар алты тас кітаптың бірі "Халима" деп аталады. Сол тас кітаптың бірінші бетіне осы суретті салғыздым.

— Мінеки, әйелімнің осы үш ауыз сөзін өмір бойы ұмытпаймын.

14. Қанша қызға ғашық болдыңыз?

— Екі қызға. Екеуіне де өлердей ғашық болдым. Біріншісі О. деген қыз, екіншісі — Халима еді.

Мен 14 жасымда ғашық болдым. 6-класта едім. Жақындағы жетім балалар үйінен біздің ауылдағы орталау мектепке оқуға қыздар келді. Солардың ішінен бір аққұба қызға көзім түсті. Ғашық болдым. Хат жаздым. Қыз қабыл алды. Екеуміз институт бітіргеннен кейін қосыламыз деп уәделестік. Екеуміз бір-бірімізге қосылғанша пәктігімізден айырылмаймыз, таза күйінде қосыламыз деп серттестік.

7-класты бітіріп, мен Алматыға тау-кен институтының рабфагына оқуға кеттім. Инженер болғым келді. Қызым Семейдегі №11 орта мектептің интернатына ауыстырылды.

Жарты жылға дейін хат жазысып тұрдық. Мен: "О.., тамаша жарым болады!" деп іштей мақтанып жүрдім.

Жарты жылдан кейін қыздың хаты тоқтап қалды. Қайғырдым. Алматыдағы оқуымды тастап, Семейге келіп, педучилищеге түстім. Бұл 1939 жыл еді. 5-қыркүйек күні қызымды іздеп, №11 мектепке бардым. Қызым шақырғаныма келмей, жолықпай қойды.

Содан кейін қайғыланып, оған жүзінші рет хат жаздым. Ол былай басталатын еді:

Жүз хат жаздым бір қызға.

Әдет жоқ қазақ, қырғызда.

Махаббатым мәңгілік.

Үлгі болсын ұл-қызға.

Ұзақ өлең. Ең соңында: "Қош, бақытты бол. Мен саған өмір бойы тілектеспін" дедім.

Содан соң ол қыздың досы Халимаға құмарттым. О-ға - 3, Халимаға — 9 жыл ғашық болдым. Халимаға ғашық болуым былай басталды.

Алматыдан Семейге келіп, оқуға орналасқаннан кейін ғашық қызымды іздеп, №11 орта мектептің интернатына бірнеше рет бардым. Бір күні интернат есігінің алдында шашын қиған, үкі көз, аққұба қызға кездесіп қалдым. Тоқтатып, О-ны сұрадым.

— Білемін, бірге оқитын құрбым. Жатақханада бір бөлмеде тұрамыз, – деді.

— Сол қызды шақырып бере аласын ба?

— Жарайды, күте тұрыңыз, — деді аққұба қыз.

Әлден уақытта ол қайта шықты. Аяғын әрең басып қасыма келді.

— Келе ме? – дедім мен дегбірсізденіп.

— Жоқ, келмейді.

— Неге?

— Білмеймін. "Менен күдер үзсін, енді ешқашан мені іздеп келмесін" — деді.

Бұл сөздерді ол үзіп-үзіп, қинала тұрып айтты.

Мен жылап жібердім. Баламын ғой. Менің көз жасымды көріп, әлгі қыз қосыла жылады.

— Сен неге жылайсың? — дедім мен жеңіммен көзімді сүрткілеп.

— Саған жаным ашып кетті, — деді ол алақанымен бетін сүртіп.

— Атың кім?

— Халима. Қыздар Катя деп атайды, — деді ол.

Катя қызға рақмет айтып, педучилищеге қайттым. О-дан айырылып қалғаныма өлердей өкіндім. Жылай бергім келді. "Не жазығым бар еді?" деп көп ойландым.

Осындай ұзақ айлардан кейін менімен қосыла жылаған көз шарасы кең бейтаныс аққұба қыз көз алдыма елестейтін еді. Әсіресе, көзінен моншақтаған жасты сүртіп жатқан кезі көкейімнен кетпейтін болды.

Кейін ол қызбен Н.В. Гоголь атындағы қалалық, кітапханасында кездесіп жүрдім. Кездескен сайын:

— О. қалай? — деп сұраймын.

— Жақсы, оқуы бәрі ойдағыдай, — дейді ол. Одан О-ға өлеңмен жазылған 2-3 хат беріп жібердім, жауап болмады.

Сөйтіп О-дан күдер үздім.

Енді Халимаға ғашық болдым. Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бергі жағым дос, арғы жағым ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін. Tic жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз. Осылай үш жылды оқумен өткіздік. Одан кейін төрт жыл соғыс болды. Екеуміз де әскерде жүрдік. Үзбей хат жазысып тұрдық. Енді ғашықтық жайлы ашық айтылды. Ол да сезеді екен. Амандық болса, соғыс біткеннен кейін қосыламыз деп уәделестік.

Халима екеуміздің қосылуымызға себепкер болған О-ға үнемі алғысымызды айтатын едік. О. мен Халима екеуі жақсы дос болатын: интернатта бірге өсті, онжылдықты бірге бітірді. Соғысқа да бірге барып, бір батальонда радистка болды. Сонда О. Халимаға ылғи мені мақтайды екен. "Сен ойың да, бойың да таза қызсың. Соған қосыл!" деп үнемі айтып жүріпті.

— Жоқ, сен қосыл. Екеуіңнің бала күндерден уәделерің бар. Уәдеңді бұзба, — деп Халима оны үгіттейтін болса керек.

Ал, О. оған өзінің маған неге қосыла алмайтын себебін айтпайды.

Халима екеуміздің бір-бірімізді тапқанымызға О. себеп болды. Егер ол болмаса біз бір-бірімізді білмес едік. О. екеуміздің арамыздағы бала махаббат Халима екеуміздің арамыздағы мәңгілік махаббатқа жол ашты. Мен жан жарым қайтыс болғаннан кейін оған арнап "Халима. Мәңгілік махаббат жыры" деген деректі шығарма жаздым. Ол шығарма "Жұлдыз" журналы мен "Простор" журналдарында қазақ, орыс тілдерінде жарияланды. Оны оқырмандар деректі дүние емес, көркем шығарма санатында өте жылы қабылдады. Маған ол туындыға разылық білдірген бірнеше хаттар келді. Әсіресе, орыс әйелдері ерекше сүйіспеншілік білдірді. Қазір ол еңбек ағылшын тіліне аударылып жатыр.

15. Неге кейіпкеріңіз Меңтай тойына шақырғанда оған 3 шарт қойдыңыз?

— Дүниеқор емеспін. Зейнетақыда отырған қарт ұстазды аядым.

16. Әйеліңізден дүниеден өткеніне қанша уақыт болды ?

— Бүгін тура 496 күн. Содан бері жетіммін, мүсәпірмін, мұңдымын. Бұл уақыт ішінде әйелімнің жатқан жеріне 100-рет бардым. Ол маған: "Қасыма келгенде 3 рет атымды ата. Немесе, Абайдың 2-3 ауыз өлеңін айт, мен соны құран деп қабылдаймын" деген еді.

Мен барған сайын Абайдың "Айттым сәлем, қаламқасының" алғашқы екі шумағын айтамын.

Содан соң: "Халима Қалиақпарқызы Өзбақанова Нұршайықова" деген жазуы бар құлпытасты қайта-қайта құшақтап, ішімнен егіле еңіреп, үйге қайтамын.

17. Сіз Мәншүк туралы көп жаздыңыз ғой. Әлі күнге дейін аузыңыздан тастамайсыз. Егер Мәншүк тірі болса, оған үйленер ме едіңіз?

— Жоқ, үйленбес едім. Оған екі себеп бар. Біріншісі, менің үйленемін деп уәделескен қызым бар. Уәдемді бұзбас едім.

Екіншіден, егер қызым жоқ болған күннің өзінде, Мәншүктің: "Соғыс біткен күні маған бірінші ұсыныс жасаған кісіге жар боламын. Оған дейін жаныма ешкімді жолайтпаймын" деген сөзі бар болатын.

Мен артиллериядамын. Мәншүк жаяу әскер пулеметінің батальонында. Мен сөз айтамын деп артполктен батальонға жеткенше басқа біреулер менен бұрын оған сөз айтып қойған болар еді.

Міне, осы себептерден мен сүйікті Мәншүкке үйлене алмаған болар едім. Мен Мәншүкке рухани ғана ғашықпын. Оның Отаншылдығы мен ерен ерлігіне ғашықпын және мәңгі ғашықпын. Оған барлық ұрпақ мәңгі ғашық болуы керек! Қазақ қызы Мәншүк Мәметова — Орден қызы Жанна Д’Арк!

18. Соғыста қуанған, қайғырған күндеріңіз?

— Украинада әкем Нұршайық оққа ұшқанын, ағайым Ниғаптың Ленинград қоршауында қаза тапқанын және елде шешемнің қайтыс болғанын естігенде, қатты қайғырдым.

Қуанған күндерім: Жамбылға хат жазған күнім. Жамбылдан жауап алған күндерім.

Ең ұлы қуаныш 1945 жылы 9-мамыр Жеңіс күні болатын. Одан кейінгі ұлы қуаныш 1947 жылы 5-маусымда Халимаға үйленген күнім болды.

19. Соғыста хат жазысып тұрдыңыздар ма ?

Жаздық. "Қайран қыздар, сағындық," деген өлеңіме көп хат келді.

Қыздардан келген хаттарды жігіттерге үлестірдім. Маған келген хат арқылы үйленген жігіттер ұлдарына Әзілхан деп ат қойды (Мұқан Омарбаев, Қабікен Мендібаев, Талғат Қосаев т.б.). Бір қыз суретімді сұрады. Оған мынадай өлеңмен жауап бердім:

МЕНІҢ ПОРТРЕТІМ

Тұрпатым қатты қысқан жұдырықтай,

Қаңылтақ денем, мойын қылдырықтай.

Жүректе жалын атқан жігерім бар,

Жүрісім жылдам ұшқан бұлдырықтай.

* * *

Кескінім торсық шеке, қыртыс маңдай,

Қос қабақ бір-бірімен қырқысқандай.

Тұңғиық мөлдірейді екі көзім,

Жүзімді жылытуға тыртысқандай.

* * *

Көк тастан қашалғандай өң келбетім.

Салпы ерін, үйрек мұрын, шүңгіл бетім.

Қаралығым қазанның күйесіндей,

Мінеки, менің осы портретім.

Осылай деп қызға хат жазып қоя бердім.

Қыз: "Сенбеймін. Сіз екі иығыңызға екі кісі мінгендей сұлу жігітсіз! Біз солай деп ойлаймыз", — деді.

Қалай ойласаңдар, олай ойлаңдар, өзім осындаймын деп мен жүре бердім.

20. Алғашқы қызыңыз неге Сізді менсінбей кетті?

— Көп жылдан кейін: "Маған берген сертіңізді неге орындамадыңыз?" деп сұрадым мен одан.

— Орындамайын дегенім жоқ. Балалықпен сақинамды сындырып алдым — пәктігімнен айырылып қалдым. Сондықтан сенен ұялып, жоламай кеттім, – деді ол.

Ол екеуміз 22 жылдан кейін кездестік. Күйеуі әскерден босап, олар Алматыға көшіп келіпті. 3 қызы бар екен. Ол кезде мен "Социалистік Қазақстан" газеті редакторының орынбасары болатынмын.

Ол қыз менің әйелімнің досы болған соң ерулікке шақырдық. Кейін араласып тұрдық. Бір жолы ол маған жоғарыдағыдай сырлы шынын айтты.

— Мен сенің пәк қызға қосылуыңды тіледім. Халимаға қосылса екен дедім. Қосылдыңдар. Мен соған шексіз қуаныштымын. Бірақ, мен сені ешқашан ұмытқаным жоқ. Егер ұл тапсам, атын Әзілхан деп қоярмын деп ойлаушы едім. Тағдыр маған ұл бермеді, 4 қыз таптым. Алғашқы қызымыз өліп қалды, — деді.

21. Пәктік мәселесіне қалай қарайсыз? Кейбіреулер пәктігінен айырылған қыздарды кінәламайды. Маған пәктіктің керегі жоқ дейді ғой. Сіздің ойыңыз ?

— Пәктік керек. Пәк қосылған жұп берік, бір-біріне өмір бойы адал болады. Ал пәктігі жоқ қыз бен жігіт қосылғанымен: бөтен еркек пен әйелдің дәмін татып алған олар бөтенге бой ұра береді.

Қазақта "дәніккен ит мамағын жалайды" деген дөкірлеу және мәдениетсіздеу мақал бар. Неге ол мамағын жалайды? Қаншыққа қосылып дәніккен төбет тағы бір қаншыққа қосылуға құмартып, мамағын жалайды.

Жүргіш еркектер сол "мамағын жалайтын" итке ұқсайды. Басқа әйелге аңсары ауып тұрады. Содан отбасы бұзылып, адалдық адыра қалады. махаббат мәнсіздікке айналады.

Өз басым қыз бен жігіт пәк күйінде қосылса ғана екеуінің арасында мәңгілік махаббат болады деп ойлаймын. Сондықтан да мен "Махаббат, қызық мол жылдарда" қанша жақсы қыз болса да, пәктігінен айырылып қалғандықтан, Меңтайды "өлтіріп" тастауыма тура келді.

Бұл мәселені басқаша ойлап, өзгеше пайымдайтындар болар. Мен олармен таласпаймын. Өмірден түйген өз ойымды ғана айтып тұрмын. Ғафу өтінемін.

22. Кентау сапарыңызда ерекше есте қаларлық оқиғалар болды ма?

— Болды. Бірі мынадай. Меңтай тойының орта тұсында үш келіншек бір шамаданды көтеріп, қасыма келді. Келді де бірі:

Ақ, етіне қызыл көрпе басылып,

Көкірегі жатыр екен ашылып.

Дірілдейді кеудесінде қос алма,

Қара шашы толқындай боп шашылып, — десе,

екіншісі,

Оны көрсе жүрек күйіп жанатын,

Кездессе жүз, естен мүлде танатын:

Болсам етті, әттең дүние-ай сол көрпе,

Құшып, сүйіп, құмарымнан қанатын, — десе,

үшіншісі,

Беріп тәңір тілегімді ниетін,

Тым болмаса киіміңді киетін,

Не сол көрпе астарының бір сабақ

Жібі болсам денесіне тиетін,

деп өлеңдетіп қоя берді.

"Махаббат, қызық мол жылдардағы" менің өлеңім.

Осы өлеңді айтты да үшеуі алақандарындағы целлулоид шамаданды ашып, ішінен жұмсақ жүннен жасалған бір қызыл көрпені алып, менің иығыма жапты.

— Сол өлеңіңіз үшін Сізге Меңтай-Тұрғамила апамыз 40 жыл қызмет істеген №11 қазақ орта мектебінің ұжымының сыйлығы, деді.

— Ол қызыл көрпеге оранып, әдемі қыз жатқан еді ғой. Сол қыз осы көрпенің ішінде ме? — дедім мен оларға әзілдеп.

— Бізді мына сол қыз деп есептеңіз, — деп үш келіншек мені құшақтап, екі бетімнен кезек-кезек сүйді.

Өздері аппақ, көздері ботаның көзіндей қап-қара, тістері маржандай сұлу келіншектер шөпілдетіп бетіңнен сүйіп жатқанда адамның буыны босап кетеді екен.

Ал ол келіншектер сыйлаған көрпені қыздың шашы сияқты сипай бергің келеді, сипай бергің келеді.

23. Біз "Ақжүністен" сіздің апай туралы айтқандарыңызды естідік. Ол кісіні қатты сағынасыз ба?Қалай есіңізге түсіресіз?

— Жоғарыда айттым ғой: сағынамын, әрине.

Кейбіреулер әйелін өле сала ұмытып кетеді.

Кейбіреулер жаңа әйелге үйленгеннен кейін бұрынғы әйелін еске де алмайды.

Кейбіреулер өлген әйелін ойына алудың орнына ашына іздеп әлекке түседі.

Мен өйте алмаймын. Өйте алмайтыным менің жүрегімді мәңгілік махаббат мекен еткен болар деп ойлаймын.

Менің ойымша:

Мәңгілік махаббат тән табысуы ғана емес, жан табысуы.

Еркек пен әйелдің немесе қыз бен жігіттің бір кісіге айналып кетуі.

Бірінің ойындағысын екіншісінің айтпай ұғынуы.

Сыңарынан айырылған аққудың көктен құлап өлетіні сияқты, көп ұзамай жан серігінің артынан жөнелуі.

Тірі қалғаны өлген сыңарын өмір бойы есінен шығармауы.

Өлген жарын күн сайын түсінде көріп, тірі күндегідей қол ұстасып, қатар жүруі.

Мәңгілік махаббаттың мен білетін белгілері осылар. Біз жас кезімізде бірге өлеміз деп уәделескен едік. Артынан ол:

— Жоқ, мен өлсем, сен тірі қал, балаларға бас-көз бол, — деп тапсырды.

— Мен өлсем, сен де сөйтесің бе? — дедім оған.

— Иә! — деді ол.

Екеуміз қайтадан серттестік.

Сол себептен мен әйелімнің артында қалып 493 күн тірі жүрмін.

Оның үстіне маған көңіл айтқан, хат жазған, телефон соққан адамдар:

— Сіз халыққа керексіз, жер басып, аман жүріңіз! — деген тілек айтады.

Халыққа қанша керек екенімді білмеймін. Ал балаларыма керектігім рас екен. "Балаларға бас-көз бол" деп Халима дұрыс айтыпты.

24. Махаббат жұрттың бәрінде бола ма ?

— Махаббат деген ақындық сияқты ерекше дарын. Жұрттың бәрі бірдей ақын, талантты күйші немесе биші бола бермейді.

Сол сияқты махаббатсыз, тек қана соқыр сезім-инстинктпен өмір сүре беретін адамдар да болады.

Сексті махаббат деп түсінетіндер көп.

Махаббат — секс емес.

Махаббат жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі. Осы төртеуінің тұтастығы!

Қысқасы: Махаббат жұрттың бәрінде бола бермейді.

25. Секс туралы толық түсінік беретін кітапты қайдан алуға болады ?

— "Энциклопедия секса" деген қалың кітап бар. Секстің сонда барлық түрі айтылған. Бағасы 1300 теңге. Барлық кітап дүкендерінде бар. Мен оны Қабанбай батыр көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы кітап дүкенінен көрдім.

Секс дегеніміз — ерлі-зайыпты адамдардың міндетті түрде атқаратын қызметі. Бұл табиғи міндетті атқармауға ешкімнің де құқығы жоқ.

26. Өз бойыңызда қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?

— Мен ән айта алмаймын, домбыра тарта алмаймын және би де білмеймін. Сөйте тұра өзімнің қалай жазушы болып жүргенімді және білмеймін.

Осындай үш үлкен кемшілігім бар.

27. Сезім мен сана туралы айтыңызшы: қайсысы қайсысына бағынады ?

— Сезім — асау ат, сана аттың басына кигізілетін жүген. Ноқтасыз асау ат алып қашып, сені бір жерге жығып, мерт етіп кетуі мүмкін. Ал жүген асауды ауыздықтап, оның беталды лағып, шаба беруіне ырық бермей, дұрыс жолмен жүруіне көмектеседі. Сондықтан бір бәлеге ұрынбайын, оқыс халге ұшырамайын десең сезімді санаға билету керек.

Сананы сезімге бағындырудың нәтижесі: туа сала тұншықтырылып, жөргекке орап, жолда қалдырылып жатқан сәбилер. Сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан, шетелдерге сатылып, жөнелтіп жатқан балалар.

Өз сәбиін туа сала тұншықтыру — ең үлкен қылмыс. Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер бізді, біз оларды өлтіріп жаттық.

Өйткені біз бір-бірімізге жау едік. Мен өзім тура көздеуде зеңбірегімнен атып, жаудың бір үлкен танксін жайраттым. Ол танк өртене бастағанда, ішіндегі экипажы сыртқа қарай секірді. Оларды алғы шепте жатқан жауынгерлер жайпады. Ал жабық позициядан атқан менің зеңбіректерімнің снаряттары талай ДОТ-тың үнін өшіріп, жаудың талай пулеметін көкке ұшырды. Біз оларды өлтірмесек, олар бізді өлтіретін еді.

Ал жаңа туған жас сәбидің не жазығы бар? Шаранасы кеппеген, соншалық бейкүнә, қорғансыз, көзін де ашып, дүниеге қарап үлгермеген, тілі де, аяғы да шықпаған сәбиді, өз қанынан жаралып, өз ішінен шыққан сәбиді өз қолымен өлтірген кісіні қыз болсын, кім болса ол болсын, барып тұрған жауыз, жендет деп бағалау керек!

Ол ешкімге адал жар болып та жарытпайды.

Мұның бәрі сезім мен сана туралы сөзден шығып кетіп жатыр ғой. Әсіресе, қыздар сезімін шынжырлап ұстауы керек. Шынжырлап! Сонда құмарпаз жігіттер ештеңе істей алмайды. Ештеңе!

Сонда жетім бала тумайды, сорлы сәбилер көбеймейді.

Сонда адамдық арға ешқандай қылау түспейді.

Сезімді санаға бағындырудың бір керегі осы!

28. Ең қымбат көретін, қимайтын нәрсеңіз не?

— Егер өлсем, артымда қалдыруға қимайтын екі нәрсем бар еді. Бірі жан жарым Халима да, екіншісі — екеуміз жинаған кітаптар болатын.

Халима мені өкіндірмейін дегендей, ол дүниеге менен бұрын аттанып кетті. Енді қимас кітаптарым ғана қалды.

Солардың ішінде Халима Алматының Никольск базарынан біреудің қолынан сатып әкелген, 1947 жылы шыққан (біз сол жылы үйленгенбіз) Джордж Сандтың екі томдық "Консуэло" кітабы бар. Бұл екі томды 160 сомға сатып алғанбыз.

Менің кітаптарымның төлбасы ол екі кітап кітапханамдағы кітаптардың ең алдында тұр.

Кейде сол екі кітапты қолыма алып сипаймын. Асыл жарымның алақанының жылуын іздегендей боламын.

Сол сәтте мөлтілдеп, екі көзіме жас келеді.

29. Сіз 80-ге келдіңіз, қартайдыңыз ғой. Кәрілік қандай болады екен?

— Кәрілік адамды — аяқтан, белден, беттен, көзден, құлақтан алады екен. Аяқ әлсіреп, бел майысып, бет быжырайып, көз көмескіленіп, құлақ тосаң тартады екен.

Кәріліктің бұл белгісін бастан кешіру де бақыт екен!

"Сонда, кәрінің қартаймайтын ештеңесі жоқ па?" деп ойлайсыңдар ғой. Жоқ емес, бар екен. Ол — қартаймайтын мықты көңіл екен. Кәрі болсаң да сүйгің, сүйсінгің, сүйкенгің келеді. Тым болмаса, бір сипасам екен дейсің! Одан өзге, айтқың, жазғың, жарияланғың, радиодан сөйлеп, теледидардан көрінгің келетіні тағы бар. Бірақ, көңілдің бұл тілектеріне өмір ерік бере бермейді.

Әрине, бұл әзіл ғой. Ал, қартайғаныма қарамастан, маған газеттер мақала жаздырып, мектептер мен кітапханалар, институттар мен университеттер кездесуге шақырып, радио ай сайын сөйлетіп, теледидар күнара көрсетіп жатады. Жастарға білгеніңді айтып, өнеге үйреткің келеді.

Соған қарағанда мен әлі қартая қоймаған болуым керек деп ойлаймын (әзіл).

Ал ана сүю, сүйсіну жағына қол жетпейтін көрінеді. Жас әйелдер шалға қарамайды, ал кемпірлер аяқтарын жоғары көтере алмайды. Сөйтіп жүріп әжім-әжім беттерінен сүйейін десең бұлданады кеп! (бұл да әзіл).

— Сонымен бірге қайта-қайта телефон соғатын кемпірлер де бар. (Бұл шын).

— Айтпақшы, бір әйел өзінің аты-жөнін, қайдан келгенін, жасының 27-де екенін айтып, "Сізбен жеке сөйлескім келеді, бүгін қабылдайсыз ба?" — деді.

— Бүгін қолым босамай жатыр, ертең хабарласыңыз, — дедім жайымды айтып.

Әйел "жарайды" деді.

Бірақ, ертеңінде де, одан кейін де хабарласпай кетті. Одан бері үш ай өтті.

Тегі сол кісі осыдан ештеңе шықпас деп менен күдер үзген болуы керек.

Одан басқа тағы бір әйел телефон соқты. Оны да айта кетейін. Былтыр Қ. облысынан.

— Өзім өте сұлумын. Бұрын үлкен қызметте болдым. Қазір жалғызбын. Өмірім өте қызық. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов, Сіз үшеуіңіздің біріңіз жазсаңыздар тамаша роман шығар еді. Келесіз бе? — деді.

Мен сырқат екенімді, жаңа роман жазуға көп күш, қуат, қайрат керек екенін айттым.

— Оған менің күйім келмес, — дедім.

— Ойланыңыз, тағы да телефон соғамын, — деді бейтаныс әйел.

Бірнеше күннен кейін ол әйел тағы да телефон соқты.

— Ойландыңыз ба? – деді.

Мен өткен жолғы жауабымды қайталадым.

Одан кейін ол кісі хабарласқан жоқ. Басқа автор тапқан болуы керек.

Менің кітабымды оқыған кейбір әйелдер мені әйелқұмар екен деп ойлайды.

Ал менің бөтен әйелдің етегін ашып көрмегенімді, бір бөлмеде оңаша жатқан әйелдің жанына жақын бара алмайтынымды қайдан білсін? Қазақта "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман" деген сөз тіркесі бар. Сол тіркес маған да арналып айтылған шығар деп ойлаймын.

Менің "жаман" болатын себебім не? Ол менің ҰЯТ деген сөзді өте жоғары бағалайтыным болуы керек.

Мен ҰЯТ дегенді – ұлы күш деп санаймын. Адамшылдықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұрықары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. ҰЯТ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАСИЕТ! Ұяттыға иман ұялайды, ұятсызды қылмыс қуалайды.

Мен:

— Өтірік айтуға ұяламын.

— Айтқан уәдемді орындамауға ұяламын.

— Орынсыз жерде артық сөз сөйлеуге ұяламын.

— Өз кітабымды және өзімді мақтауға ұяламын.

—Трамвай, троллейбуста қарттар түрегеп тұрғанда, жастардың орын бермей, шіреніп отырғандарын көргенде ұяламын.

— Кейбір қазақ жастарының асыл ана тілін ардақтамайтынына ұяламын.

— Біреудің әйеліне құмарлана қарауға ұяламын.

Сол себептен де қызу науқан кездерінде, іссапарға барған аудандарымда (мен ұзақ жылдар журналист болдым ғой) күйеулері шаруа қамымен шапқылап кетіп, үйінде оңаша қалғанымда бір де бір досымның, жолдасымның, таныс-бейтанысымның әйелінің төсегін жағалаған емеспін. Сондықтан да, кейбіреулер тәрізді қара бет болмай, жора-жолдастарымның бетіне тура қараумен болдым.

Әрине, жас жігіт пен жас әйелдің бір үйде оңаша қалып, қыбыр етпей жатуы қиын да. Әйелдер шыдайды да, бірақ еркекке қиын шаруа. Халық әндерінің бірінде мынадай екі жол бар:

"Ұзақ таңға ер жігіт қайтып шыдар,

Сары майдай толықсып қыз жатқанда"

— деген.

Қиын жағдай. бірақ, ұятты ұран етіп өскен жігіт мұндай қиындықтан да құтылады екен.

Мен:

— Біреудің сырын сыртқа шашуға ұяламын.

Досыма да, қасыма ауыр сөз айтуға ұяламын.

Үлкенге де, кішіге де (әсіресе үлкендерге) "Сен" деп сөйлесуге ұяламын.

Әлдекімге жағынып, жағымпаздық жасауға ұяламын.

Жұмыссыз бес минут отыруға ұяламын.

Кімге болса да қолымнан келген жақсылықты жасамауға ұяламын.

Кісі нәрсесіне қызығуға, біреуден бірнәрсені тегін алуға ұяламын.

Сөйлеп тұрған кісінің сөзін бөлуге ұяламын оны ақырына дейін мұқият тыңдауға тырысамын.

Мүмкіндік болса, өз ойымды ол кісі сөйлеп болғаннан кейін айтамын. Мүмкіндік болмаса, үн-түнсіз қала беремін. Өңештемеймін. Өкпелемеймін.

Біреуден бірдеңе сұрап, қол созуға ұяламын ешкімнен ештеңе дәметпеймін.

Қоғамдық орындарда (емхана мен ауруханада, азық-түлік дүкендерінде, поштада, әртүрлі кассалар алдында) шіретте тұрмай, "Мен ардагермін!" деп жұртты кимелеп, алға қарай ұмтылуға ұяламын.

Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын.

— Ұяты бар адамдарды ардақтай білуге шақырамын.

— Сексқұмарлыққа емес, эротикалық ұстамдылыққа шақырамын.

Маған қойылған сұрақтар бітті. Ен соңында сіздерге айтарым:

— Адам рухының ұлы күші МАХАББАТ жасасын!

— Шала махаббат емес, мәңгілік махаббат болсын!

— Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын! — деймін.

— Ұлдар! Қыздарды құрметтеңдер, аялаңдар, ардақтаңдар. Олар: ұлт ұрпағының анасы, алғы ұрпақтарының әжесі.

Адамзат өмірінің алтын күні әйел! Жер бетіндегі жалғыз күн әйел!

Көктегі күн болмаса, жер көктемейді. Жердегі күн — әйел болмаса, адамзат өркендемейді.

— Қыздар! — Ұлдарды құрметтеңдер, қошеметтеңдер.

Олардың әрбір сөзіне жымия жауап беріңдер. Оғаш қылығы болса, ашуланбай, ақылмен айтып түсіндіріңдер.

Өйткені ерден айырылған ұлттың өмірі — қараң! Тіршілігі — тұман! Сол Отанды жаудан қорғайтын жандарында жүрген жігіттер. Олар бүгін — студент, ертең — солдат. Олармен дос, сыйлас, сырлас болып өсіңдер. Ертең Отан қорғап жүргенде олар сендерді сағынатын болсын.

Сендер үшін, туған жер мен ел үшін Отан қорғау жолында жандарын да аямайтын ерен Ер, қаһарлы Қаһарман, жалынды жауынгер болсын!

Мен өзіме келген сұрақтардың барлығына жауап беріп біттім. Енді өздеріңнің өзге сұрақтарың болса, жауап беруге әзірмін.

Наши рекомендации