Президент халық жазушысымен хат алысты

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа төмендегідей хат жолдаған еді.

Қымбатты Нұреке!

Сізге алғыс хат жазамын деп жүріп, ол ойымды орындай алмай, қатты сырқаттанып, ұзақ уақыт ауруханада жатып қалдым. Өзіңізге ризашылығымды білдіре алмай кетемін бе деп қорқып едім. Ауруханадан шығып, кеше ғана үйге келдім. Бүгін өзіңізге хат жазуға шамам келетініне қуаныштымын.

Айтайын дегенім: осы жылдың бас жағында Өзіңізге хат жазып, қайтыс болған әйелімнің басына күмбез көтеруге қаражатым жетпей қысылғандықтан, биылғы 2002 жылға тиісті 180 мың теңге президенттік стипендиямды жыл аяғына қаратпай, ертерек бергізуіңізді өтінген едім. Сіз: ол кісінің стипендиясына тимеңдер, сол мөлшерде көмек көрсетіңдер деп нұсқау берген екенсіз. Сіздің сол нұсқауыңыз бойынша 160 мың теңге алдым. Өзіңізді сол жәрдеміңіздің және басқа да жолдастардың ұлттық дәстүр бойынша көрсеткен көмегімен (ақын інілерім Олжас Сүлейменов — 300 доллар, Мұхтар Шаханов — 100 доллар, бейтаныс оқырмандарым — Мұхтар Құл-Мұхаммед — 270 мың теңге (1760 доллар), Нұртай Сабильянов ол жігітті Өзіңіз білесіз: 2001 жылы 29-желтоқсанда Алматы зиялы қауымымен кездескеніңіз де мен Сізге бата беріп, өз кітабыммен бірге ол жігіттің кітабын сыйлағанмын 1250 доллар, тағы басқа ағайын туыстар 500-5000 теңгеден қосты. Ешкімнен бір тиын сұратыным жоқ, өздері әкеп берді) "Кеңсай-2" зиратына жайғасқан жеңгеңізді басына сонау Маңғыстаудан ракушка алдырып, ақ күмбез орнаттым. Соған өте қуаныштымын. Менің басыма түскен осынау ауыр жатпайда 160 мың теңге ақша жіберіп, көмек көрсеткеніңізге мың мәрте алғыс айтамын.

Күмбезіміздің (өзім де соған жайғасамын ғой кейін) сырты бітті. Енді ішкі жұмыстары ғана қалды. Амандық болса оны жеңгеңіздің екінші жылды асына дейін бітіремін ғой бірдеңе етіп. Жеңгеңізді жоқтаудай – ақ жоқтап келемін. Айырылғаныма жылдан асса да әлі күнге дейін көзімнің жасы тиыл тан жоқ.

Енді менің Сізге айтар ешқандай арыз, өтініш, бұйымтайым жоқ.

Жалғыз ғана ТІЛЕГІМ бар:

— Аман болыңыз!

— Абыройлы болыңыз!

Зор құрметпен

ардагер ағаңыз Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ

Президент Н.Ә. Назарбаев халық, жазушысының осы хатына төмендегідей жауап жолдады.

Құрметті Әз аға!

Халима жеңгеміз марқұмның басын қарайтқан ниетіңізге ықылас танытып, шамалы шапағатымды тигізгеніме үлкен ықыласыңызды айтып хат жазыпсыз. Көп рахмет!

Ниетіңізді орындап шытыпсыз, қайырлы болсын! жұртшылықпен естіп, басылымдардан байқап жүрмін, жеңгеміз осындай әсем күмбез орнатуға әбден лайықты жан екен. Мүмкіндік тапсам, бүгінде көпшіліктің қолынан түспей жүрген "Халима" атты хикаятыңызды мен де оқып шықпақпын. екеуіңіздің жан толқытарлық сыйластықтарыңыз кейінгі жастарымызға жақсы үлгі-өнеге деп ойлаймын.

Осы ықылас-ниетіңіздің бәріне жеңгеміз әруағы риза болар. Енді қайраттаныңыз, күтініңіз, ауырмауды ойлаңыз. сау-саламат болыңыз!

Құрметті Әзеке! Тәуелсіздігіміздің бірінші күнінен бастап, ағалық, жүрегіңізбен, адал пейіліңізбен барша істерімді қолдап келесіз. Ақжүректен шыққан батаңызды алып жүрмін. Зор рахмет! Туған елімізге қызмет етіп, аман-сау жүре беруіңізге тілектеспін!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Жазушы жауап хат жазғаны үшін Президентке шын жүректен ризалық білдіріп, Өзі оқуға ниет еткен "Халима. Мәңгілік махаббат жырын" ("Жұлдыз", 3, 2002) автограф жазып, Нұрсұлтан Әбішұлына жіберді.

Президент пен жазушының өзара хат алысуы бірінші рет емес. Ол хаттар екі жақта да сақтаулы тұр.

Жұмабек ОРЫНБАЕВ,

Жамбыл облысы

Ар алдында көрмеген жаза басып

I

Мен зейнеткермін. Бұрын комсомол, партия, кеңес, мәслихат жүйесінде ұзақ жылдар қызметте болдым. Сол кезеңнің бәрінде бұрынғы "Лениншіл жас", бүгінгі "Жас алаш" газетін үзбей алып келемін. Сол өмір серіктей болған "Жас алаштың" 29-тамыздаты санында "Берік махаббаттың белгісіндей" деген атпен жарияланған Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың жан жары, әдеби серігі Халима Қалиәкпар қызына арнап ескерткіш - күмбез орнатқан жөніндегі мақала маған үлкен әсер етті, өткен бір кезеңдерде Әз атамен, Халима жеңгемен кездесулер ойға оралды.

Әзекеңе Халима жеңгейдің бақилығы ауыр тигенін жанымызбен сезіндік. Әзекең мен Халима Қалиәкпарқызы отбасында талай рет болдық.

Халекең қарапайымдылығымен үлкенге де, кішіге де ізетті, ашық, жарқындылығы мен, салихалы сабырлығымен ерекшеленетін. Халима жеңгейдің әрбір сөзін қалт жібермей тыңдауға тырысатынмын. Ол кісінің бауырмалдылығы, кімге де болса жақсылық жасауға ұмтылатын үлгі тұтар қасиеттері мол еді. Халекең өз анам Тынышты бала кейіпті ізгілігімен, тіпті шүйкедей болса да шымырлығымен, әрі өткірлігімен де есімде сақталатын болар.

Халекең осы замандағы үлгі етер аналардың жарын жанындай күтетін, отбасының берекесін, ынтымағын көздің қарашығындай сақтайтындардың бірі. Осындайда "Жанашыр әйел жарын күтеді, жарымес әйел жанын күтеді" деген халық даналығы ойға оралады. Иә, Халекең ерекше жан еді.

Әзекең жан серігіне белгі орнатып, заманға, адамға үлгі боларлық, тәлімді қадам жасады. Ақ шағаладай еңселі көз тартар сырты да, іші де "ХАЛИМА" деп сыр шертіп тұрған Күмбез Әзекең әулетіне, қала берді барша жанға алдымызға ол дүние бар, ойлан, сыйлас, бір-біріне қадірлі бола біліңдер деп тұратындай.

Әзекең Халима Қалиәкпарқызы дүниеден озғаннан кейін "Ақжүніс" телехабарында отбасындағы әйел, жардың орны туралы толғана айтқанын көріп тыңдадық. Бақытты, ұстамды, үлгілі отбасындағы осы әңгіме кімге де болса әсерлі шығар. Отбасының шырқын бұзып, отбасында сыйласпай қинасып дүрдараз болып, тіпті ажырасып жүргендерге, араққа салынған еркектерге, әйелдерге ой тудыратын шытар.

Халекеңнің келбеті еске түсіп, Әзекеннің мөлдір махаббатына тәнті болғанда мына бір шумақ, ойға оралды:

Биікте тұр ғажайып Халима жеңгей мазары,

Ел есінде болады ол, мәңгі өткенмен "базары".

Махаббаттың, сыйластықтың құдіретін баяндап,

Әз Ағаның әлі алда жүректен жыр жазары.

Әдебиет әлемін дүр еткізе, оқырмандар қолдан колға тигізбей толғаныспен оқыған "Махаббат, қызық мол жылдарды" жырлаған Әзекең отбасында да махаббатты жалғастырып, махаббат жөніндегі аңыздарды өз отбасы арқылы ақиқатқа жеткізді.

Халық жазушысы Әзекең, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзекең үнемі халықтың ортасында. Жамбыл облысының 40 пайызын алып жатқан Мойынқұм ауданында болған кездерінде осы аймақтың барлық аумағында болды: Ақбақай кен орынының шахтасына түсті, Сарыарқаға жайлауға беттеген малшынар көшімен бірге болып, жауын-шашын, қар аралас кезеңде олардың қиыншылықтарын көзбен керді, сексеуілді құмды (мал қыстауларын) аралады. Бәрінде еңбек адамдарымен кездесулер өткізді.

Иса Байзақов жырлаған "Құралай сұлу" поэмасының оқиғасы болған Шу өзенінің төменгі ағысындағы Кіші Қамқалы көлін керіп жырдағы оқиғаларды сабақтады. Қол жаттауларында отырған ата шопанның отбасында ері мен әйелінің Шекспирдің Отелос пен Дездемонаның монологтарын жатқа орындағанын тыңдап, сонау түкпір - түкпірдегі еңбек адамдарының сондай кесек шығармадан хабардар екеніне қуанғаны есімде. Әзекең сонау Португалияда өткен СССР мәдениет күндеріне қатысып өнер көрсеткен ауданның "Мойынқұм" фольклорлық, ән-би ансамблінің өнерін қызықтады. Асықпайтын, аптықпайтын, қарапайым адамдармен терезесі тең сөйлесетін Әзекең мойынқұмдықтардың құрметті қонағы болды.

Сол кездегі аудан басшысы Айтбай Назарбековпен, екі мәрте Енбек Ері Жазылбек Қуанышбаев пен, көптеген аудан азаматтарымен үзбей хабарласып тұрды.

Бұл күнде 80-ді алқымдаған, қадірменді ақсақалымыз Әзекеңе мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, оқырмандарын жаңа шығармаларымен қуанта берсін деген тілектеспін.

Менің мекен-жайым: 485320, Төле би ауылы,

Сейфуллин көшесі, 43-2,

Шу ауданы, Жамбыл облысы.

3.10.2002 ж.

II

Сәлеметсіз бе, Әзаға!

Өзіңізбен Мойынқұмда бірге өткізген күндер қаншалықты қадірлі екенін уақыт көрсетіп отыр. Биыл мен де 68 жасты алқымдап отырмын.

Халима жеңгейдің жарқын жүзі, инабаттылығы, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі жөнінде үйімізде жиі еске алып жүрміз. Аналарды, сүйген жарды жырлағанда кездестіретін Ана, Жар, Халимадай - ақ болар.

Менде газет қиындыларын жинап жүру әдеті бар. Сіздің Халекең мазары, оның алдында тұрған Өзіңіздің бейне суреттеріңіз соның бірі. Оған үңілеміз де, сол күндер еске түсіп, шүйіркелесеміз, әңгіме қозғаймыз.

Әз аға, сізге Құдай қуат берсін! Ұзақ ғұмыр сүріңіз, ортамызда нағыз үлгі тұтатын, ұқсап бататын Әз атасыз. Көптен көп жазбаларыңызды оқитын болайық.

Жазыңыз, Әзеке, жазыңыз.

Біз, Шәкең - Шәйкүл екеуміз өміріміздің зейнеткер деген жалғасын "құдайға шүкір!" деп өткізіп жатырмыз. Құдайға шүкіршілік!

Сәлеммен, ініңіз Жұмабек, қарындасыңыз,

әрі келініңіз Шәйкүл

27-қараш. 2002 ж.

Айбек САПЫШЕВ,

ақын.

Әзілхан аға!

Өлеңдеріңізді "Халимаға хатты" түгелдей оқып шықтым. Шын жүректен толғаныстан туған ойлар, асыл жарға деген шексіз махаббатыңыз бірден баурап, аңсарлы хаттардың көркемдік дәрежесіне мойын да бұрғызбады. Тіпті оған көңіл аудармадым да. Сіздің жүрек сөзіңізді естіп ерекше толқу үстінде болдым. Махаббат жырының мәңгілік екенін тағы бір сезініп, дүниедегі ең асыл қасиетті арта адалдықпен, жарға сарқылмас махаббатпен сақтай білген адамдардың асыл бейнесін көрдім. Ұрпаққа үлгі, ұланға мұра болар бұл жазбаларыңызды "ақ өлең" деп жіліктемей-ақ қоялық деген ойға келдім. Осы қалпында іші нұрланып тұрған жырларды дауыс мәнеріне де терең ой салып оқылатындай етіп, "Халимаға хат" деген атпен, аздап өңдеп, көпшілікке ұсынуға болар деп түйдім.

Ініңіз Айбек Сапышев Семей қаласы.

14-қыркүйек. 2003 жыл.

Үй-жай: Семей қаласы

Семенов-Тян-Шянь көшесі, 16

. Үй телефоны: 62-78-79

Жұмыс телефоны: 62-38-81

Гүлбаршын БАЙТОҒАЕВА-БАЗАРБАЕВА,

Алматы қаласы.

Құрметті Әзеке аға!

Мен бұл кішкене хатты Сіздің маған жолдаған "Махаббат, қызық мол жылдар" деген кітабыңызды қайтадан оқығанда оның басындағы Халиманың артында қалып бара жатқан жандарға арнаған сөздерін және Сізге, бала-шағасына деген мейірімі мен ризашылығына толы, даналық ақтық сөздерін оқығанда, әсіресе, Сіздің Халимадай жарыңыздан айырылған кезде жазған "Мәңгілік махаббат жыры" деген шағын дүниеңізді қайта-қайта оқып,көп толғанып отырып, бұл жұртты толғандырмай қоймайтын дүниелерді оқыған мен сияқты көп оқушыларыңыздың бірі ретінде жазып отырмын бұл хатты.

Сүйікті жарыңыз Халима туралы "Мәңгілік махаббат жыры" деген тамаша (он бірінші беттегі) "Он екінші" сөзіңізді қайта-қайта оқығанда, әрі өте тан қалдым, әрі сіздің жарыңыз туралы сондай керемет сөздер айта алғаныңызға шексіз риза болдым!

"Бірінші" сөздің аяғында.оның өзге үлкен қызметтерін айтып жеткізу үшін жеке бір кітап жазу қажет" депсіз, ол дұрыс. Ол үлкен кітап жазылып та жатқан шытар. Халима сияқты Сізге сүйікті жар, балаларына, немерелеріне, сүйікті ана, әже, апа болған және өзінің тұлғалық, сирек қасиеттерімен басқаларға да қадірлі, үлгілі болып өткен дана Адам туралы, әрине, тағы да айтыла беру керек. себебі, оның тұлғасы, өмір-тіршілігі кейінгілерге өнеге - үлгі бола беруі керек!

Қаршадайынан жетім болын өскендіктен, Халима тым ерте есейген секілді. Әр нәрсенің түп-төркінің жастайынан пайымдап, жаман-жақсыны жастайынан айырын, өз өмірінде қолынан келгенше үлкенге де, кішіге де, жақынға да, реті келсе, жатқа да жақсылығын аямай, жарқын сәулесін шашын, өте жатымды, сыйлы болын өткен, өмірде сирек кездесетін, ерен жан болған екен Халима.

Сіз "Сөзіңіздің" бір тұсында Халимаңызды өте зерек болды депсіз. "Зерек" деген сөзді мен табиғатынан жан-жақты талантты адам деп түсінемін. Мен сол сөздің мәнін өзім жас шағымда жетім қалып, қолына келген, аса бір инабатты да, дана адам болған, үлкен анамыз Болат шешемнен сұраған едім. Сонда ол кісі "Зерек" деген адамның өзімен бірге жаратылатын қасиет ақыл деп түсіндірді. Сосын ол кісі адамға оқу ақыл қоспайды, білім ғана қосады дейтін. Білім деген сырттан келетін нәрсе, ол адамда болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін, ал ақыл адамның өзімен бірге келеді дейтін. Сондықтан, мен зерек болған Халиманың өте ақылды да, талантты адам болғанына, оның өзіңіз айтқандай "сом алтын" болғанына тәнті болдым.

Өзі хал үстінде жатып (ондай жағдай ешкімнің ойына келмейтін) емхананың бар коллективін, бірін қалдырмай, риза ететін жақсы сөздерін жазып, ішіне әжептәуір ақша салдырған конверттер мен басқа да сый-сыяпатын көрсеткені және өзіне тиесілі асыл заттарды бұздырып, балаларына, немерелеріне, Сізге де алдын-ала өз атын жаздырып, ескерткішке алтын жүзік соқтыруы да Халиманың асқан ақылдылығы мен парасаттылығының куәсі екені сөзсіз.

Бірақ, Халима табиғатынан қанша жерден ақылды, асыл адам болғанымен, оған тағдыр Сіздей жарды кездестірмегенде, оның өзі айтқандай, мұндай бақытты, шуақты өмір сүре алар ма еді, алмас па еді?! "Алтынның қадірін зергер біледі", "Екі жақсы қосылса, күн туады ай менен" деген атадан келе жатқан сөздер бар ғой. Сіздің Халимаңыздың табиғатта сирек кездесетін сегіз қырлы, бір сырлы асыл болуы да Сіздей зергердің қолында өңделіп, қырлары жарқырап, ашылғаннан болу керек. Асыл емес, жай тасты қанша өңдесең де жарқырамас.

Сіз өзіңіздің "Бесінші сөзіңізде": "Махаббат үш түрлі болады: 1. Бала махаббат, 2. Шала махаббат, 3. Мәңгілік махаббат" деп жазып, өзіңіздің махаббатыңызды мәңгілік махаббатқа жатқызып, оны дәлелдеп шытыпсыз. Шынында да, Сіздердің махаббаттарыңыз мәңгілік махаббат екені сөзсіз.

Дегенмен, меніңше, ер адам махаббаттың сәулетшісі болғанымен, оны өмірлік ұстап туратын тұтқасы да, ұйытқысы да дана әйел баласы болатын сияқты. Солай екеніне Халиманың "Махаббат, қызық мол жылдар" деген кітабыңыздың басында келтірілген, өзі өмірден өткеннен кейін, көңіл айтып келетін кісілерге бағыштап жазған, соларға тапсыр деген сөзінде өзінің өмірі туралы (қалай жетім қалып, қайда өсіп, қайда оқып, есейіп, қызмет жасағаны жайында) айта келіп, Сізбен қосылғаннан кейін: "Одан кейінгі өмірімді жан жарыма арнадым" деген ғажап сөздерді оқығаннан кейін менің көзім әбден жетті.

Біздің әйелдер мен ерлерді теңеген заманда, әйелдер білім алып, мамандық меңгеріп, өз бетімен қызмет етуге мүмкіндік алған уақытта, әйелдің әйелі, адамның адамы ғана өз еркімен бәрін тастап, үйге таңылып, қазан-ошақтың қасында отырады.

Халима өз ризашылығымен "жан жарыма көмекші болдым" десе де, сіз өзіңіз айтқандай, оның зеректігі мен жанжақты таланттығы, оның көп нәрседен хабардар біліктілігі Халиманың қазіргі уақыттағы ғылым-білім аясында көзге түсіп жүрген немесе мемлекеттік-қоғамдық жұмыстарда үздік көрініп жүрген әйелдердің қатарына көтерілері сөзсіз еді. Бірақ ол сол артықшылықтарының бәрін Сіздің жолыңызға құрбан етіп, Сізге көмекші болыпты.

Өзіңіз "Он екінші сөзде" айтқандай, Халима Сізге "жанынан жылу", "жүрегінен жыр" берген, "ойыңызды жалғап", "өрісіңізді кеңейткен" кемері қуанышқа толы, "ғажайып рухани жан дариясы бар" Сізге шексіз берілген жан болған екен. Өзіңіз айтқандай, "Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді, ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын еді" деп. Қандай керемет сөздер?! Қандай шексіз махаббат пен керемет рухани биіктік, ажырамас бірлік?!

На такое самопожертвование и "подвиг" способна не каждая женщина!

(Мына орыс тілі менің 40 жыл бойы мұғалім болғандағы "жұмысшы" тілім болғандықтан, сол тілде сөз айту да, жазу да маған оңайырақ. Кешіріңіз!)

Вы, Азеке, счастливый человек, как Вы сами признаетесь! Вы прожили красивую жизнь с любимой и любящей женщиной. Вы верно называете ее "золотом-самородком". Она и уходила из этой жизни со словами любви и благодарности к Вам, к своим детям и внукам, даже ко всем, кто лечил ее, заботился о ней или просто хорошо относился к ней. Она не забыла никого одарить заранее заказанными, заготовленными памятными подарками. И на такие поступки не каждый способен!

Ваша Халима была редким, незаурядным человеком, посетившим этот мир, чтобы сделать счастливым Вас!

И, Вы глубокопочитаемый, Азеке, оказались на высоте, увековечив свою Халиму и построив ей белокаменный Мавзолей на Коктобе (наподобие мавзолею легендарных Козы Корпеш и Баян сулу в Аягузе, что интересно: Ваша Халима, оттуда родом), который будет стоять вечно, как символ всепобеждающей, вечной любви!

С глубоким уважением к Вам!

Гульбаршын Байтугаева-Базарбаева 10.05.2004 г.

Наши рекомендации