Леуметтік педагогиканың – білім саласы ретінде даму кезеңдерін атаңыз

«Әлеуметтiк педагогика» ұғымын алғаш рет XIX ғасырда немiс педагогы А. Дистервег енгізген. Бірақ араға көп уақыт салып қана әлеуметтік педагогиканың екі ғылыми-практикалық бағыты айқындалды. Оның бірі П. Наторп есімімен байланысты айқындалып, халықтың мәдени деңгейін көтеру мақсатында қоғамның тәрбиелік күштерін интеграциялау мәселесіне арналды. Екінші бағыт қараусыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, оларды қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Бұл бағыт Г. Нол, Г. Боймер есімдерімен байланысты болды.
Әлеуметтiк педагогика, бұл қоршаған ортаның тәрбиеге әсерi жөнiндегi ғылым. Әлеуметтiк педагогика мәселелерiн зерттеуде танымал Ресей ғалымы А. В. Мудрик әлеуметтiк педагогиканы адамның бүкiл өмiрi барысында жүзеге асырылатын әлеуметтiк тәрбиесiн қарастыратын ғылым ретiнде қабылдауға болады деп айтады.
Көптеген әлеуметтік-педагогикалық еңбектерде әлеуметтік педагогиканың дербес ғылым ретінде қалыптасуының бастауларына ертедегі дін мен қайырымдылық шараларының үлкен ықпалының болғандығы айтылады. Діни мекемелердің қай-қайсысы болмасын қашан да жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттап келген. Кез келген діни еңбектер мазмұнында адамгершілік, адамға мейірімділік көрсету, жақындарына қамқор болу мәселелері ең маңызды орында қарастырылады.
Тарихи деректерге жүгінсек, тастанды балаларға арналған ең алғашқы тәрбие мекемесі IV ғасырда Кесария (Малайзия) қаласында орналасқан шіркеудің жанынан епископ Василия Кесарийскийдің бастамасымен ашылған. Мұндай мекемелер кейіннен 787 жылы Миландағы соборлар жанынан ашылды және ұзақ жылдар бойы Еуропадағы жалғыз балаларды қамқорлыққа алу мекемесі болып келді. Ал XIV ғасырға қарай олардың саны 30-ға жетті. Бұл мекемелерде тек балаларға қамқорлық жасау ғана емес, сонымен қатар профилактикалық жұмыстар да жүргізілді, атап айтқанда, ата-аналарға көмек көрсету, баласынан бас тартқан жағдайда оларды өзге отбасыларына асырап алуға беруді ескерту, олардың тәрбиесіне ұдайы бақылау жасап отыру секілді жұмыстар атқарылды.
Ресейде де қараусыз қалғандарға қолдау көрсету жолында шіркеулер маңызды рөл атқарып келген. Көне дәуірлерден монастырлар мен храмдар жанынан мұқтаждық көрген адамдарға ауруханалар мен қамқорлыққа алу мекемелері қызмет етіп келген. Ресейдегі мейірімділік жасау қызметтері мен мекемелерінің құрылу тарихы әлеуметтік педагогиканың дамуына ықпал етті. Ғасырлар бойы қайырымдылық пен мейірімділік көрсету шаралары қоғамдық сипат алып, тек қана руханилық пен дворяндық сипаттан шығып, өзге де таптарды қамтыды. Екатерина-2 тұсында қайырымдылық істер мемлекеттік сала ретінде қалыптасты, дәстүр бойынша императорлардың жұбайлары қамқорлығындағы ведомстволар (кейіннен министрліктер) құрылды. Бірінші «Қайырымдылық министрі» Павел І-дің жұбайы Мария Федоровна болды. Оның қамқорлығымен жетім балалар үйлері ашылып, онда музыка мұғалімдері мен тәрбиешілер даярлау кластары жұмыс істеді.
Бертін келе, қазақ қоғамында да адамды қоғамына лайықты қалыптастыру мен олардың тәрбиесіне қамқорлық жасау, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мәселелері басты назарға алынып, балалар мен ересектердің болашағына алаңдаушылық білдіру, сондықтан көпшілік болып қол ұшын беру, көмек қолын созу секілді дәстүрлер кеңінен насихатталған. Дінді тәрбие құралы ретінде берік ұстанған ата-бабаларымыз, жалпы түркі халқы қайырымдылық істерде ислам талаптары мен діни шарттарын ескеріп отырған. Осы тұста Хазiрет Али былай деген екен: «Балаларыңды өздерiң болмайтын уақыт үшiн тәрбиелеңдер, өйткенi олар сендер болмайтын уақыт үшiн жаратылған». Осылайша ұрпақтарын олардың заманы үшін тәрбиелеп, қоғамдық сұраныстарды ескеріп отырған. Мұндай көзқарастар қазақ халқының зиялылары көзқарастарында да жалғасын тауып келді. Атап айтқанда, зиялы тұлғалардың бірі М. Жұмабаевтың педагогикалық еңбегiнде ата-аналарға бала тәрбиесiнде былай кеңес береді: «Ата-аналар балаларын дәл өзiндей етiп тәрбиелемеуi керек, одан да мықты етiп тәрбиелеуi тиiс, себебi олардың өмiр сүретiн заманы ата-аналардың заманына қарағанда әлдеқайда талапшаң болмақ», - деп айтқан болатын. Мұның өзi баланы әлеуметтендіру идеясының халқымыз болмысында арнайы тәлімдік ғылыми теориялар мен мекемелер қызметнің жүйесінсіз-ақ, от басы - ошақ қасында жүріп-ақ іске асырылғандығынан дерек береді. Осылайша, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіндегі талаптары да әлеуметтендіру міндеттерімен байланыстылығын дәлелдей түседі.
Сондай-ақ, ислам талаптары адамдарға жамағат болып, қоғам болып өмiр сүрудi және сол қоғамда ортақ талаптарды орындау мен соған мойынсұнуды мiндет етедi. Нақтырақ айтар болсақ, «Кiмде-кiм жамағаттан шығып, яғни көпшiлiктен бөлiнiп кетiп, содан кейiн өлер болса, онда ол адам надан өлiммен өлген болады», - деген. Бұл сөйлем қатары жастарды қоғамға бейiмделуге шақырады, яғни ата-аналардан балаларын тәрбиелегенде қоғам талаптарына бейiмдеу, әлеуметтендiру процесiнiң орындалуын талап етiп отыр. Өйткенi, адам тек адамдар арасында ғана өзiнiң адамдық сипатын қадағалай алады және жетiлдiредi. Ислам шарттарында жастарды үлкендi сыйлауға тәрбиелеу, бойында қайырымдылық пен iзгiлiктiң дәнiн себу арқылы жағымды қарым-қатынас жасау мәселелерi былайша қарастырылады: «Егер сiздер бiр жаманшылықты көрсеңіздер, қолыңызбен кедергi болып өзгертіңіз. Егер қолыңызбен өзгертуге күшiңіз жетпесе, онда тiлiңізбен өзгертіңіз. Оған да күшiңіз жетпесе, онда жүрегiңізбен кедергi болып өзгертіңіз», - деген [Муслим, Иман 78]. Бұл өсиеттен діни насихаттар жастарды жамандыққа төзбеуге, оған бейтарап қарамауға, соның нәтижесінде iзгiлiкке, адамгершiлiк пен қайырымдылыққа, кiшiпейiлдiлiкке шақырғандығы айқын көрiнедi. Міне, осылайша қандай халықтың болсын тарихи қалыптасуына шолу жасап көретін болсақ, алғашқы әлеуметтендіру шаралары діни көзқарастары негізінде қалыптасып, арнайы мекемелерде іске асырылып отырған.
Кейіннен әлеуметтік педагогиканың идеялары мен бұл саладағы қызметкерлердің жұмыстары С. Т. Шацкий, В. Н. Шульгин, М. В. Крупенин, А. Г. Калашникова, А. П. Пинкевич т.б. тарапынан қарастырылған. С. Т. Шацкий мектептің әлеуметтік рөлін негіздеп, кіші ортада біртұтас тәрбие процесін ұйымдастыруды теориялық тұрғыдан айқындаған. 30-жылдардың аяғындағы мектептердің тек оқу-тәрбие процесін жақсартуға ғана басты назар аударуы әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми зерттеулерді кейінге ысырып жіберді.
Әлеуметтік педагогика мәселелерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуінің жандануы 1950-1960 жылдардан Е. Молленхауэр есімімен оның әлеуметтік педагогиканың пәні жайлы пікірталасты ұйымдастыруымен байланысты дамыды. Е. Молленхауэрдің әлеуметтік педагогика мәселелерін әлеуметтік қорғаудың теориясы мен әдістемесіне ғана теңестіруі Х. Мискестің әлеуметтік педагогиканы ғылыми пән ретінде қарастыру жайлы идеясының ілгері дамуына кедергі болды.
Ресейде әлеуметтік педагогикаға қызығушылық 1990 жылдан бастап қалыптаса бастады. Бұл п.ғ.д., профессор В. А. Сластениннің ұжымдық ғылыми-ізденушілік қызметінің арқасында дамыды. Осы ұжым ең алғашқылардің бірі болып әлеуметтік педагогтар институтын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің біліктілік, этикалық стандарттарын негіздейтін құжаттарды дайындады. Мұндай құжаттар шетелдік және ресейлік ғалымдардың адамтану жайлы идеяларын оқып үйрену негізінде жасалды. Осы орында ф.ғ.д., профессор Л. В. Филиппованың еңбегін ерекше атап өту қажет. Ол әлеуметтік педагогика мәртебесін қоғамның даму кезеңіндегі қажеттіліктерімен сәйкестендіруге көп әрекет еткен. Л. В. Филиппова әлеуметтік педагогиканың тұжырымдамалық негіздерін айқындау мен ұғымдық аппаратын нақтылауға, кейбір құрылымдық компоненттердің мазмұнын ашуда да көп еңбек еткен.
Әлеуметтік педагогиканың бастаулары халықтық педагогикада жатыр. Тұлғаны әлеуметтендіру идеялары ұлы ғұламалардың педагогикалық көзқарастарында қарастырылған. Атап айтқанда, әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, Қ. А. Ясауи және т.б. ғұламалар еңбектерінде адам тәрбиесін жүзеге асыру оның әлеуметтік ортасын қалыптастырумен байланысты екендігі баса айтылған.
Әлеуметтік педагогика мәселелерін көптеген классик педагогтар Я. А. Коменский, Ж. Ж. Руссо, И. Г. Песталоцци, И. Гербарт, А. Дистервег, К. Д. Ушинский және т.б. қарастырған. Олардың педагогикалық көзқарастарының ықпалымен адам тәрбиесінің қоғамдық-әлеуметтік ортадағы рөлі, тәрбие нәтижесінің қайырымдылықпен, мейірімділікпен айқындалатындығы туралы ой-пікірлер тұжырымдалады.
Ресей педагогтары тәрбиедегі маңызды міндеттердің бірі жаппай білім алуға бұқара халықтың қол жетімділігі болуын ұсынған еді. Өйткені адам өмір сүретін ортада қоршаған әлеуметтік жағдайлар міндетті түрде ықпал ететіндігін түсінді. Олардың дүниетанымы, қарым-қатынасында көрініс беретін мінез-құлқы мен іс-әрекеті, жалпы рухани деңгейінің маңыздылығын ұқты. Ең алғаш тәрбиенің халықтық сипат алуын ұсынған Ресей педагогы К. Д. Ушинский халықтық мектептердің құрылуын насихаттады. Әйтсе де, ұлы педагог К. Д. Ушинскийдің бұл идеясы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында ғана жүзеге асты, сөйтіп, ересектерге арналған қайырымдылық істерді жүзеге асыратын оқу орындарының тізбегі қалыптасты. Оған зайырлы және шіркеу-приход мектептері, бастауыш училищелер, алғашқы сауаты бар адамдар үшін қайталау мектептері және т.б. енді.
Әлеуметтік педагогикада маңызды орынды оның әрбір компоненттерінде және функцияларының әрбір деңгейлерінде көрінетін басқару процестері иеленеді,(ғылыми- зерттеушілік, ғылыми –қайта даярлаушылық және ғылыми-білім берушілік).
Әлеуметтік педагогиканы басқаруға жалпы алғанда мынадай проблемаларды жатқызуға болады: әлеуметтік педагогиканың адамның қоршаған әлеуметтік ортамен өзара ықпалының үйлесімділігін қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеушілік, ғылыми–қайта жасаушылық және ғылыми-білім берушілі кұрылымы мен штаттары; бұл құрылымдардың қызметін реттеу мен ұйымдастыру(мемлекетті, мемлекеттік емес және коммерциялық типтегі); мемлекеттегі ғылыми және білім беру мектептерінің, әлеуметтік жұмыстың практикалық орталықтарының қызметін ұйымдастыру, жүргізу және дамыту, сондай ақ ынталандыру (Республикалық, аймақтық және жергілікті деңгейде); әлеуметтік педагогикалық саладағы ғылыми, практикалық және ғылыми педагогикалық кадрлар қызметін ұйымдастыру мен ынталандыру (жаратылыстану, әртүрлі мақсаттағы әлеуметтік жұмысшы кадрлар); ғылыми зерттеушілік, ғылыми қайта жасаушылық және ғылыми педагогикалық қызметтің негізгі бағыттарын, жолдары мен приоритетті проблемаларының дамуын болжау(әлеуметтік педагогика мен әлеуметтік жұмыстың әртүрлі құрылымдарында); мемлекет ішіндегі және басқа да мемлекеттер арасында ақпараттармен қамтамасыз ету және т.б.
Сонымен, әлеуметтік педагогика адамдар қоғамындағы өмір мен әрекеттің күрделі функционалдық құбылысын арастырады. Практика ретінде ол субьекттің әлеуметтік ортадағы ғылыми қайта қалыптастырушылық әрекетін бейнелейді және әлеуметтік педагогикалық жұмысты, оның педагогикалық компоненттерін қарастырады. Ғылым ретінде жалпы педагогика ғылымының оның бір ғана құрылымдық бөлігімен шектелмейтін әлеуметтік ортадағы қарым-қатынасын зерттейтін бөлігі болып табылады; сонымен бірге, адамның әлеуметтік ортадағы қарым қатынас педагогикасы ретінде субьектінің ғылыми танымдық әрекетін көрсетеді. Білім беру кешені ретінде ол әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінің әртүрлі типтеріндегі әлеуметтік педагогтардың ғылыми білім берушілік қызметін айқындайды(кәсібилікке дейінгі, кәсіби, кәсібиліктен кейінгі). Құрылымының жиынтығы тұрғысында әлеуметтік ортаның педагогикасын түсіндіреді және адам мен оның қоғаммен өзара ықпалының тәсілдері, механизмдері туралы білімдер интеграциясы.
44. Әлеуметтік педагогиканың тәжірибе және ғылым ретіндегі принциптеріне негіздеңіз.

Қазіргі таңда әлеуметтік педагогиканың тұжырымдамалық және құрылымдық мәселелерін жасауда қолданылып жүрген негізгі тұжырымдамалық идеялар Б. А. Грушин, Р. Г. Гурова, С. Н. Иконников, В. Г. Лисовский, Ю. В. Торсуев және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Бұл зерттеулерде тәрбиенің әлеуметтік детерминанттылығы және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты тұлғаның әлеуметтенуі жайлы эмпирикалық зерттеулердің талдаулары берілген.

В. С. Бестужев-Лада, Б. С. Гершунский, В. А. Караковский, М.Н. Скаткин, В. А. Ядов т.б. әлеуметтік-педагогикалық болжам жасау мәселелерін шешуде әлеуметтік педагогика ғылымына үлкен үлес қосқан.

В. И. Журавлев, Б. Т. Лихачев, В. Г. Разумовский, Г. П. Будановалардың зерттеулерінде жастардың еңбекке, отбасылық өмірге, білім алуға, қоғамдық іс-әрекет пен дем алуға дайындығы жан-жақты әрі терең қарастырылған.

Психология мен әлеуметтік психологияда тұлғаның психологиялық құрылымы мен рефлексивтік белсенділіктің түрлеріне, формаларының заңдылықтарына іс-әрекет психологиясы мен тұлға ерекшеліктері, идентификациялаудың әлеуметтік-психологиялық механизмдері (эмпатия, еліктеу, сендіру т.б) жатады. Бұл орайда Б. Т. Ананьев, Л. С. Выготский, А. Н. Леонтьев, Б. Ф. Ломов, В. М. Мерлин, Л. И. Анциферова, И. Н. Семенов және т.б айтуға болады.

Соңғы жылдарда философияда қоғамда адамның алатын орны, адамдағы биологиялық пен әлеуметтіліктің арақатынасы, тұлға дамуының әлеуметтік мәдени детерминациясы, адамның іс-әрекеттік болмысы әлеуметтік қоғамның негізгі сфераларын талдау, гуманистік концепция мазмұнын түсіну мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы зерттеулер ретінде М. Н. Берулова, Л. П. Буева, Л. Н. Коган, И. И. Резвицкий, И. Н. Семенов, Э. Г. Юдин, К. А. Шварцман т.б еңбектерін атауға болады.

Әлеуметтік педагогиканың принциптері – бұл, тұлғаның қалыптасу және даму процесінің базалық принциптерін түсіну ғана емес, сондай-ақ оларды практикалық тұрғыда жүзеге асыру. Ондай принциптер қатарына – гуманитарлық, дамудың әлеуметтілігі, жүйелілік, поляризация және тәжірибе жатады.

1. Әлеуметтендiрудiң ізгіліктілігі принципi. «Гумандылық», «гуманизм» ұғымдары латынның «адамдық» деген сөзінен аударылғанда «адамға деген құрмет» деген мағынаны білдіреді. Гуманизм қағидасы мынадай ережелерді сақтауды қажет етедi:

- қоғамдағы барлық балалардың дене, материалдық және әлеуметтік жағдайына карамай оларға деген дұрыс қарым-қатынас пен құрмет болуға тиіс;

- әрбір баланың бойындағы «мен» ұғымының қалыптасуы мен дамуына көмектесу, айналадағы адамдарға құрметпен қарау;

- мейірімділік пен қайырымдылықты гуманизмнің алғашқы басқышы ретінде түсіну.

Әлеуметтендiрудiң ізгіліктілігі, бағыттылығы принципi - адамның өмiрiн, оныңдене, психикалық және адамгершiлiктiк саулығын, сондай-ақ рухани байлықтарын адамның жоғары құндылықтары ретiнде мойындау. Әлеуметтендiру процесiндегi педагогикалық

ықпалдың негiзгi мақсатының өзi оны тек танып қана қоймай, сол құндылықтарға қол жеткiзу болып табылады.

Тәрбиені ізгілендіру идеясы Ян Амос Коменскийдің еңбектерінде бастау алып, ол барлық елдер педагогтары тарапынан насихатталып келеді.

Әлеуметтік педагогиканың ізгіліктілік принципі ізденушілік және практикалық іс-әрекетте төмендегідей үш идеямен байланысты болады:

- адамды жоғары әлеуметтік құндылық ретінде тану;

- адамды қоғамдық дамудың мақсаты ретінде мойындау;

-адамды қоғамдық өмірдің жалпы барлық салаларын кез келген әлеуметтік-педагогикалық жобалар мен технологияларды бағалаудың жоғарғы критериі ретінде тән алу.

Әлеуметтік педагогика үшін әлеуметтілік принципі - адамның интегралдық әлеуметтік болмысына, тұлғаның көп аспектілі қалыптасу және даму процесінің әлеуметтік

детерминациясы мен қызмет ету жағдайындағы тұлғаның әлеуметтік болмысына қатысты үш аспектіде принципиалдық маңызға ие.

Жүйелілік принципінің мазмұны төмендегі қағидалар арқылы айқындалады:

- тұлғаның қалыптасу және даму процесін зерттеу және қамтамасыз етуде пәнаралық қатынасқа бағдарлану;

- тұлғаның өмір сүру деңгейі мен әлеуметтендірудің барлық құрылымдық компоненттерінің субординациясы мен координациясының логикасын мазмұндық тұрғыдан қарастыру;

- жүйелілік қатынас негізінде әлеуметтік-педагогикалық технологияларды жасау.

Поляризациялау принципіәлеуметтендіру процесінің өзін диалектикалық бірлікте қарастыруды, қарама-қайшылықтар бірлігі ретіндегі тұлға болмысының табиғатын, оның өмір сүруінің жекелік деңгейін түсіндіруді мақсат етеді.

Әлеуметтік педагогтарды кәсіби дайындау тұжырымдамасы. Жалпы тұжырымдамалар ғылыми білімді дамыту формалары ретінде бірнеше ерекшеліктерге ие. Ең алдымен белгілі бір ғалымның дүниетанымдық жеке ұстанымын білдіреді. Сондай-ақ, ол теорияны құрастырудың алғашқы сатысы саналады. Осындай дүниетанымдық ұстанымдар мен әдіснамалық нұсқауларнегізінде кейбір пән аясындағы бастапқы теориялық категориялар бірігуі нәтижесінде әдіснамалық тұжырымдар пайда болады. Мұндай бірігу негізінен олардың арасындағы қажетті байланыстарды айқындау негізінде жүзеге асырылады. Мұндай процедураны толық деңгейде жүзеге асыру түбінде концепцияның теорияға айналуына септігін тигізеді.

Әлеуметтік педагогика ғылымындағы әлеуметтендіру принциптері тәрбие принциптерімен тығыз байланыста қарастырылады. Осы тұста педагогикалық тәрбие принциптері мен М. А. Галагузованың әлеуметтік педагогикалық принциптер тұрғысындағы көзқарастары жақын келеді.

Солардың біразын қарастырып көрейік:

Әлеуметтендірудегі тәрбиенің халықтығы принципі. Қазақ халқы бала тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берiп, балаларды оның тек ата-анасы ғана емес, бүкіл ауыл болып тәрбиелегендiгi белгiлi. Сондықтан ата дәстүрінің бірі – дүниеге келген балаға бүкіл ауыл, тума-туысқандар болып көңіл бөлу болып табылады. Азан шақырып атын қойғаннан ер жетіп отау тіккенге дейінгі бала өмірінің әрбір белесі мен асқан асуы туыстар тарапынан атаусыз, ескерусіз қалған емес. Бала өміріне байланысты отбасында болатын қуаныштардың барлығын қадірменді ақсақалдар мен игі жақсылар балаға деген жақсы тілегін айтып, ақ батасын беріп, үй иелерінің қуанышын бөліскен. Міне, сондықтан да бала тәрбиесі бұрынғы қазақ ауылында бір үй адамдарының тілек-талабы мен мүдделерінің деңгейінен асып түсіп, қоғамдық, әлеуметтік сипатқа ие болған.

Әлеуметтендiрудiң мәдениетке байланыстылығы принципі. Тәрбиенің мәдениетке байланыстылығы қағидасын алғаш немiс педагогы А. Дистерверг ендірді. Ол бала

тәрбиесінде оның өмір сүрген жері мен уақытын, мәдениет және болашақта өмір сүруге тиісті болатын жері ескерілуі керек деді.

Әлеуметтендiрудегi жеке-даралылық принципi. Мұнда әрбiр индивид дене жағынан және интеллектуалдық мүмкiндiгi бойынша қайталанбайтын тұлға ретiнде қарастырылады. Сондықтан, оларды тәрбиелеу немесе өмiрлiк әрекеттерге бейiмдеу қызметiнiң мазмұндық және уақыттық аспектiлерi әртүрлi болып келедi, соған сәйкес соңғы алынатын нәтижесi де бiр-бiрiнен ерекшеленедi.

Ол адамның гендік ерекшелігіне, тұлғаның өмірлік мақсаттары мен ұстанған позицияларына да байланысты болады.

1.Әлеуметтік тәрбие тұлғаны қоғам талабына сай етіп қалыптастыруды көздегендіктен, ол тәрбие үрдісімен сабақтасып жүзеге асырылады. Сондықтан әлеуметтендіру үрдісі де нақты заңдылықтарға бағынып, принциптерге сүйенеді.

2.Әлеуметтік педагогика ғылымының негізгі принциптері адам тәрбиесін жүзеге асыруда басшылыққа алынатын тәрбие принциптерімен тығыз байланыста болады.

3.Әлеуметтендіру принциптері әлеуметтік педагог қызметін тиімді ұйымдастырудың шарттарын қамтамасыз етеді.

Наши рекомендации