Азіргі заманауи талапқа сай технология сабағын оқыту әдістемесі

Ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлы «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаға үйрететін нәрселерін өзі де жақсы білуі керек» деп тұжырымдағандай технология сабағын қызықты өткізіп, оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамыту үшін ең алдымен мұғалім өзі шебер болу керек. Жан-жақты дамыған, әрқашан ізденісте болған мұғалім ғана қазіргі талапқа сай болатыны анық [1].

Технология сабағы – әрбір оқушының рухани байып, дүниетанымын қалыптастыратын бірден-бір пән. Технология пәнінің мұғалімі өзінің лауазымдық міндеттеріне сай еңбекке баулудың, тәрбилеудің әдістемесі мен бағдарламасына сәйкес балаларды оқыту жұмыстарын жүйелі жүргізуі тиіс.

Технология пәнін халықтық педагогикамен ұштастырудың маңызы айрықша. Себебі ол - білім алушылардың еңбекке икемділігі мен дағдысын, оларды практикада қолдануға дайындығын қалыптастырады. Мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес еңбекке баулудың оқу жоспары мен үйірме материалдарын құрастырады. Сонымен қатар, оқушыларды техникалық шығармашылыққа, халықтық, ұлттық өнерді жалғастыруға, ұтымды еңбек етуге және өнертапқыштыққа ұмтылысын дамытып отырады. Технология пәні мұғалімінің кәсіптік бағдарлау жұмыстарын үнемі тиімділікпен жүргізіп отыруы маңызды міндет.

Халықтық педагогика негізінде қолөнер арқылы оқушының бойына адамгершілік рухын, ұлтқа деген сүйіспеншілігін арттыруда еңбек тәрбиесі мынадай мақсатқа бағытталады: халықтық педагогика негізінде балаларға білім мен өнеге берудің қажеттілігін көрсету; оқушыға қолөнерді үйрету барысында оның қабілет-икемін, дағдысын дамыту; қолөнер бұйымдарын жасай отырып оқушы бойына халқымыздың ізгі қасиеттерін сіңіріп, дарыту; қолөнер жеке тұлғаны дамытуға арналған құрал болғандықтан, олардың қызығушылық аясын кеңейтіп, шығармашылық іздену жолдарын қалыптастыру; оқушының өзін-өзі тану қабілетін ояту; еңбекті шығармашылықпен, қызығушылықпен орындауға, ерікті түрде еңбек етуге үйрету; ұлттық тәрбиенің пайдалылығын қол өнер бұйымдарын жасату және оны пайдалану арқылы түсіндіру.

Бүгінгі таңда сәндік өнерді оқытудың өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасып, ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Жастарды сәндік өнерге бейімдеп оқыту мен тәрбиелеу білім беру мазмұны мен оқыту формасы және әдістері бойынша анықталады. Оқушыларды еңбекке баулуда және тәрбиелеуде негізгі мақсат баланың толық білім алуына ықпал жасау болғандықтан, педагогикалық ізденіс қажет.

Оқыту барысында оқушыларды қолөнер шеберлерінің шығармашылық жұмыстарымен таныстыру керек. Дегенмен, оқушыларды олармен, олардың жасаған бұйымдарымен таныстыру жақтары көңіл қуантарлық дәрежеде емес. Сондықтан, оқушыларды қолөнерге баулу және оған қызықтыру үшін, ең алдымен, оған үлгі алатындай жағдай туғызып, халық қолөнерінің әсемдік құпиясын ашып көрсету қажет. Бұл олардың өз ойларымен композиция құрастыруына, ою-өрнектерді дұрыс қолдана білуіне, түстерді дұрыс таңдап алуларына септігін тигізеді. Сабақ барысында орындалған шығармашылық жұмыстар ұлттық тәрбиені, эстетикалық көзқарасты қалыптастырып ұлттық дәстүрлермен қолөнерімізді бір-бірімен байланыстыра отырып рухани жан дүниесін байытады. «Өнер түрі елде мол, өнім сыры жерде мол» дегендей, өнер түрлері халықпен жасай береді. Қазіргі кезде де халық қолөнерінің бай мұраларына жаңаша түр, сипат беріп, оларды жасаудың техникалық әдістерін жетілдіріп, ел арасында таратып жүрген шеберлер көп.

Оқушыларға қолөнерін үйретуде мынадай педагогикалық шарттар орындалса тиімді болады:

- қазақ қолөнерінің тәлім – тәрбиелік дәстүрлерін үйрету;

- оқушыларды жастайынан ұлттық өнермен таныстырып, еңбек етуге баулу және қабілеттік пен шеберлікке даярлауды көздеу;

- қоғам өміріндегі еңбектің, халық қолөнерінің рөлін түсіну, өнер адамдарын құрметтеу;

- көне мұраларды тауып, түрлендіре жаңғыртып отыру;

- ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер түрлерін іздестіріп меңгеру;

- ел арасында жүрген шеберлермен кездесу ұйымдастырып, бұйымдарынан көрме жасау.

Сәндік-қолданбалы өнерін оқытуда әр сабақтың тәрбиелік мәні болуы керек. Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуі, еңбек етуге қабілеті мен шеберлігі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі негізінен бұйымдар жасау барысында яғни, ою-өрнек салу, кілем тоқу, киім және кесте тігу кезеңдерінде жүзеге асырылады. Үйде ұсталынатын бұйымды сатып алмай-ақ өздерінің орындауы ата-анаға да үлкен қуаныш әкеледі.

Қазіргі кезде елімізде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияның кеңінен қолданылуына ерекше талаптар қойып отыр. Өндірісте жұмыс жасайтын маман өз міндетін атқарып қана қоймай, ісін жобалай білу, шығармашылық жұмыстар орындай білуі қажет. Осындай қабілеттер жас кезінен бастап қалыптасып, еңбек әрекеттерін орындау барысында алға қарай дамытуы керек. Қазіргі таңда ғылымның тез қарқынмен дамуы, жаңа технологиялардың енуіне байланысты кәсіптік мамандыққа қойылатын талаптар өзгеріп, екі-үш мамандықты меңгеру керек.

Ғалымдардың еңбегін зерделей келіп, біз ұлттық мазмұнда сәндік-қолданбалы өнерін оқыту мынадай талаптарды кешенді түрде жүргізу қажет деп санаймыз:

- оқушылар жұмысы қажетті тәжірибелік сипатта болуы;

- жасалынатын еңбек туралы білімі және тәжірибелік тапсырмаларды орындау шығармашылық іс-әрекетті қалыптастыруға бағытталуы;

- сабақ барысында пайдалы өнім жасау;

- жалпы еңбектік және арнайы білім мен ептіліктің үйлесуі;

- еңбек жайлы білімнің тәрбиелік, дамытушылық және кәсіптік бейімделу сипатында болуы;

- оқушылардың бейімділігі мен қызығушылығына байланысты және мектеп айналасындағы өндірісті есепке ала отырып технология жайлы білім мен ептілікті игеруде еңбекке оқытудың жіктелуі;

- оқыту барысында ақпараттық технологияның озық, заманауи үлгілерін қолдау.

Мұндай жағдай оқу еңбегінің өнімділігін арттырады, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді; көрнекілікті үйлестіру арқылы окушылардың білімді терең ұғуын, сонымен бірге сабақта олардың зейінін, тез байқағыштығын, қызығушылығын, ептілік пен қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Технология атты жаңа интегративті білім саласын меңгеру оқушылардың жалпы білім мен дағдыны меңгеруіне мүмкіндік береді, интеллектуалдық, тұлғалық, этикалық және эстетикалық дамуын, өзіндік кәсіптік айқындалуын, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделуін қамтамасыз етеді.

Наши рекомендации