Айтыстың көркемдік ерекшелігі 5 страница

    * * * Алаштың көрнекті қайраткері, ағартушы-ғалым. 1872 жылы Торғайдың Ақкөл жағасындығы (қазір Қостанай бол. Жангелдин ауд.) Сарытүбек жерінде туған. 1884 жылы ауыл мектебін, 1891 жылы Торғайдағы орыс-қырғыз училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіріп, өз бетінше көп білім жиған. 1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Торғай уездерінің мектептері мен училищелерінде мұғалім болады. 1909 жылы патша өкіметінің шет ұлттарға қарсы әрекетіне көзқарасын білдіргені үшін Семей абақтысына жабылады. Мұнда ол 1910 жылдың басына дейін отырады. 1910-1913 жылдары ағартушы қатаң бақылау жағдайында болады. 1913-1917 жылдары әйгілі «Қазақ» газетінің редакторы қызметін атқарады. Осы шақта ағартушы ұлттық Алаш қозғалысын жандандыруға атсалысады. Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. І съезде негізгі мәселелер бойынша хатшы болса, ІІ съездің шақыру комиссиясына енді. 1917 жылы 14 желтоқсанда Орынборда Алаш партиясының Торғай облыстық комитеті ашылып, қайраткер төраға (Ә.Бөкейхан) орынбасары болып сайланады. Ұлт кеңесі құрылатын ІІ съезде Оқу-ағарту комиссиясын басқарады. 1919 жылы ұлттың болашағы үшін кеңестер шебіне шығып, Өлкелік әскери төңкеріс комитетінің мүшесі болады. 1920-1921 жылдары Халық ағарту комиссары қызметін атқарады. 1920 жылы ол басында "Ұшқын" газетінің, кейіннен аты "Еңбек туы" боп өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды. Осы жылы желтоқсанда Әлихан, Смағұл, Жүсіпбек, Хайретдиндермен бірге "Қазақстан" мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді. 1921-1922 жылдары Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етеді. 1922-1925 жылдары ХАК Ғылым комиссиясын басқарады. 1926-1929 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтында, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында қызмет атқарады. Ағартушы қайраткер ғалым, жаңа отандық ғылымның көшбасшысы ретінде қалыптасты. Әдеби қызметі де қайраткерлігімен біртұтасып кеткен. 1909 жылы шыққан «Қырық мысал», 1911 жылы жарияланған «Маса» жинақтары халықты оятуға себепші болды. Ғалымның «Оқу құрал» (1912), «Тіл құрал» (1914), «Әліпби» (1924), «Әдебиет танытқыш» (1926), «Баяншы» (1926) еңбектері ұлт филологиясының негізін қалады. Ол 1926 жылы Бакуде өткен ІІ Түріктану съезіне қатынасты. Саяси себеппен 1929 жылы тұтқындалып, жер аударылды. 1937 жылы тағы да ұсталып, 1938 жылы нақақ атылды.

Қазақша өлең: Дулат Бабатайұлы (Аягөз, қайда барасың?)

Тауды екіге жарасың,

Тастың қашап арасын.

Кесіп өтіп кезеңді,

Аягөз қайда барасың?..

Тарбағатай тауынан

Тоқсан сала қосылып,

Тоғыз өзен түйісіп,

Ақтың төмен жосылып.

Ағының тасты ағызып,

Арнаң қалды осылып.

Күркіреген үніңнен

Аңдар қашты шошынып.

Қырға суың тарады,

Ойға суың барады

Тоғанменен тосылып.

Аягөз сенің бойыңда

Несібе ырыс тегіс қой,

Сай-салаң толған жеміс қой

Қырың малдың кіндігі

Ойың өнім егіс қой.

Айтуға ауыз келе ме

Аягөз кімнің жері еді?

Жер сауырын жайлауды

Ел сауыры дер еді

Жер кімдікі дегенде

Аға сұлтан қазылар

Не деп жауап береді....?

"Бақытсыз Жамал" романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы. Шығарма сол кезеңдегі қазақ даласының шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін эпизодтан басталады. ... Жайлауға жаңа көшіп қонған ауыл. Саумалкөл маңына жағалай тігілген киіз үйлер. Бие байлап, қымыз сапырған жайма-шуақ ауыл адамдары. Қыстай араласа алмай, сағынысқан жұрт енді бірін-бірі қонаққа шақырып мәз. Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Осылайша жайбарақат жатқан ауылға патша ұлықтары келе жатқаны туралы хабар тарайды. Абыр-сабыр басталады. Ауыл сыртына үй тігіледі. Арнайы үйге келіп түскен екі ұлықты "ләббай, тақсыр" деп күткен ауылнайдың сөзінде де ерекше бір мақтаныш сезіледі. Міржақып Дулатов осы шағын көріністі суреттеу арқылы өз заманының тұрмыс-жағдайын, адамдардың психологиясын дәлме-дел береді. Ауыл адамдарының өзара әңгімелерінен, ауылнай бастаған белсенділердің іс-әрекет, мінез-құлықтарынан жазушы мол сыр ұқтырады. ...Дәл осындай абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге қыз бала келгені туралы қуанышты хабар жетеді. Дүниеге келген бұл сәби романның бас кейіпкері Жамал болатын. Табиғатынан зерек жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Түрлі хисса-дастандарды көп оқиды. Бірқатарын жатқа да айтатын болады. Сөйтіп елдің көзіне түсіп, қыз айттырам деушілердің назарына ілігеді. Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де "Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар" деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Қыз шешесінің қарсылығына қарамастан, Сәрсенбай болашақ құдасының байлығына қызығып, құдалыққа келіседі. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысын, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні Ғалидың қабірінің басына барып, жылап жатып қайтыс болады. Романда оқиға желісі—суреттелетін ауыл өмірі, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен жекелеген адамдар түсінігіндегі қайшылықтар шырмауына түскен Жамал мен Ғалидың мөлдір махаббаты, өз еркіндіктеріне жету жолындағы үмтылысы осы арнада өрбиді. Ақыр аяғында трагедиямен аяқталады. М. Дулатов бұл оқиғаны кездейсоқ болған бірді-екілі жай ретінде қарамайды. Ғашықтар трагедиясын ол қазақ даласындағы әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Сол арқылы қазақ қыздарының бас еркі, жастардың өз қалауымен өмір сүру қажеттігі туралы ой ұсынады. Жазушы үшін әйелдің бас бостандығы, өзінің сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы ең бір түйінді мәселе болды. Ол әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Міржақып Дулатовтың романдағы Жамал бейнесін сомдаудағы жаңалығы да өзінің осы идеясына негізделеді. Романдағы Ғали — сол замандағы оқыған, мәдениетті жастарының жиынтық бейнесі. Сырт келбетіне ақылы сай жігіт Ғалидың әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген , жазған хаттарынан бұл қасиет айқын аңғарылады. Ал шығармадағы Байжан бай, оның баласы Жұман, сондай-ақ Жамалдың әкесі Сәрсенбай, үлкен шешесі Қалампыр — ескі психологияның адамдары. Оларға адамгершіліктен гөрі байлық, шен мақтанышы қымбатырақ. Тұтастай алғанда, "Бақытсыз Жамал" романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне дәстүрлі жол көрсетті, үлгі болды.

Батырлық жырлар, батырлар жыры — ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі.[1] Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеум. қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі.[2] Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. Батырлық жырлардың осы өзгешелігіне байланысты ғылыми ортада көптен бері түрлі тұжырымдар орын алып келеді. Ресейлік зерттеушілер (Б.А. Рыбаков, Р.С. Липец, т.б.) және кейбір қазақ ғалымдары (Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б.) эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек етсе, енді бір топ ғалымдар (В.Я. Пропп, Б.Н. Путилов, т.б.) эпостың нақты тарихи оқиғаларға қатысы жанама түрде ғана көрінеді деген пікірді алға тартады.

Соңғы кездері, эпостық жырларда тарихтың да, көркемдік шарттылықтың да белгілі бір дәрежеде орын алатынын, бұл екеуінің үнемі бірге әдіптеліп отыратынын негіздеген зерттеулер жарыққа шықты (В.П. Аникин, В.М. Гацак, Р. Бердібаев, Ш. Ыбраев, т.б.). Қалай болғанда да, Батырлық жырлар — ең алдымен көркем шығарма. Ол өзінің жанрлық нысанасына қарай шындықты өзінше қорытып, оны өзінің көркемдік өзгешелігіне қарай өріп отыратыны даусыз. Эпостық жырлар адамзат қоғамының тарихи даму үрдістерімен бірге жасап келеді. Осыдан болса керек, эпостық жырларды кейде тарихи кезеңдерге қарай топтастыру орын алып келе жатыр. Эпостық жырларды іштей саралап, жанрлық белгісіне, шығу дәуіріне қарай топтастырып отыру ғылымның жеткен деңгейін танытады және мұндай жинақтаушылық сипаты бар ой-пікірлер бұрын-соңды жүргізілген ізденістердің нәтижесіне сүйенеді. Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Шоқан Уәлиханов, Г.Н. Потанин, В. Радлов, Ә. Диваев, Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулерінің тәжірибесіне сүйеніп Марғұлан ұсынған болатын. Ол эпосты бес салаға бөлсе, кейіннен Қоңыратбаев эпосты он салаға бөледі. Мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ эпосының шығу дәуірін, жанрлық түрлерін ішкі көптеген ерекшеліктеріне қарай топтастыру оңай іс емес.
Батырлық жырларын пайда болу кезеңдеріне қарай ірі үш топқа жинақтауға болады:

· 1) “Ең көне заманғы эпос”, “ертегілік эпос”, “архаикалық эпос”, “көне эпос”, “мемлекетке дейінгі эпос” дейтін атаулар ғылымда алғашқы кезеңдегі эпостық жырларды атау үшін қолданылып жүр. Бұлардың қатарына “Ергенеқон”, Аттилла, Ер Төстік, мергендер туралы эпостық жырлар жатқызылады.

· 2) Тарихи кезеңдердің эпосы: Түрік қағанаты, Оғыз хандығы, ноғайлы дәуірі, Қазақ хандығы кезеңіндегі эпостар (“Қорқыт Ата кітабы”, “Алпамыс”, “Қамбар”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, т.б.).

· 3) Жаңа дәуір эпосы (тарихи жырлар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жырлар, “Еспенбет”, “Өтеген”, “Нарқыз”, т.б.).

Батырлық жырлар байырғы көне эпостың жалғасы ретінде дами отырып, қоғамдық қарым-қатынастың, саяси-әлеум. жағдайлардың өзгеруіне, бұрынғы жекелеген рулар мен тайпалардың біртіндеп халық болып құрала бастауына сәйкес қалыптасты. Осыған байланысты бұрынғы мифтік түсініктердің іргетасы сөгілді. Қайшылық, күрес идеясының түпқазығы болып бұрынғы кездегідей дию-перілер емес, енді адамдар дүниесіндегі (басқа діндегі, тілдегі, мемлекеттегі) қайшылықтар тақырыбы алынды. Мифтік дәуірден бері қалыптасып келе жатқан батырға қаһармандық дәуірде жеке отбасы, үй-іші, қалыңдық үшін күреске шығу секілді әрекеттер жеткіліксіз еді. Енді оның ерлігі біртіндеп халықтың бостандығы, елдің бірлігі, көптің тілегі мен мүддесі үшін қызмет етуі керек болды. Мұның бәрі байырғы миф пен көне эпостың жанрлық белгілерін өзгертіп, мүлдем жаңа жанрдың — Батырлық жырлардың қалыптасуына жағдай жасады. Дегенмен, байырғы көне эпостың дәстүрі негізінде пайда болған Б. ж. бірқатар архаикалық белгілерін сақтап та қалды. Солардың бірі — батырдың болашақ жарын іздеп шығуы және осы сапарда кейбір қиыншылықтарды жеңуі. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырларындағы батырдың алғашқы жорықтары осымен байланысты. Алайда, бұл жорықтың мәні біршама бәсеңдеп, жырдың түпқазығы батырдың елі-жұртын азат етуге аттанған сапарларына ауысқан. Мысалы, “Қобыланды” жырындағы Құртқа — батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Қарлыға Қобыландымен бірдей дәрежеде ерлік көрсетіп, батырлардан асып түспесе, кем түспейді. Әйтсе де, әйелеркі (матриархат) дәуірімен байланысты орын алған белсенді әйел қаһармандардың қызметі кейінгі Батырлық жырларда біршама шектелген. Әйелдер отбасы, үй-ішінің ғана көркі болып қалған. Қолына қару алып, ерлермен бірге жүретін, болмаса аға-інілерін үйлендіріп, олардың орнына өзі кек алатын әйел қаһармандар мұнда жоққа тән. Батырлардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, тұлғасын әсірелеп, ұлғайтып көрсету батырлық жырларда маңызды орын алады. Аттың сөйлеуі, биік таулар мен қамал-қорғандардан ұшып өтуі, қысылғанда батырға ақыл-кеңес беріп, қиындықтан құтқаруы сияқты байырғы түсініктерге тән белгілер Батырлық жырларда үлкен орын алады. Алайда бұл да біртіндеп шындыққа, реалды өмірге жақындай бастаған.

Батырдың жеңілмейтіндігі және оған зақым келмейтіндігі де — эпикалық дәстүр. Қаһарманның өліп-тірілуі, “атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді” сияқты ажалсыздық, батырға деген шексіз идеалдық түсінік, әрине, жалпы мифтерден бастау алатын “мәдени ілкі қаһарман” (Е.М. Мелетинский термині) ұғымымен төркіндес. Фольклордың өзге жанрларына қарағанда, Батырлық жырлардың көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Халық тарихында орын алған, не орын алуға тиіс оқиғалар мейлінше жинақталып, әрі іріленіп суреттелумен бірге, олардың ел-жұрт, мемлекет тағдырындағы шешуші мәніне де көңіл бөлінеді. Елді біріктірген, немесе ынтымағын ыдыратқан оқиғалар саяси-әлеум. түп-тамырымен бірге ашылып көрсетіледі. Осының бәрінің бел ортасында халықтың аңсары ауған, әсіре мадақталған, мұраттас қаһарманы жүреді. Оның іс-әрекетінде қара басының қамынан мейлінше жоғары елдік, халықтық мүдде қашан да бірінші кезекте тұрады. Сондықтан болар, жырлардағы үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі де сол қаһарманның іс-әрекеті мен түсінігі арқылы тізбектеліп өтіп жатады. Сол арқылы халық іс жүзінде тарихи оқиғалар мен қоғамдық-әлеум. жағдайларға өз көзқарасын білдіреді. Сөйтіп, қаһармандық эпос тарихтағы оқиғалардың халықтық тұрғыдан бейнеленген, оның халық санасындағы көркем тілмен баяндалған шежіресі қызметін атқарады. Батырлық жырлардың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрі бар. Оны жыр құрылымынан да, оқиғалардың орналасу ретінен де, кейіпкердің бастан-аяқ атқарған ісіндегі бірыңғай тектестіктен де көреміз.

Қазақ қаһармандық эпосының әрқайсысын жалпылама белгілеріне қарай жинақтар болсақ, ең алдымен, олардың сюжеттік құрылымындағы ұқсастықтарды инвариант (қайталанатын мотивтің жалпы тобы мен рет тәртібі) түрінде төмендегіше жіктеуге болады.

Батырға тән балалық шақ және кейіпкердің үйленуі (батырларға лайық құдалық):

· 1) суреттеу, орта (тайпа, ата-ана, ел-жұрт) туралы сөз;

· 2) кейіпкердің ғажайып жаратылысы;

· 3) батырға тән балалық шақ;

· 4) алғашқы ерлік;

· 5) қалыңдық туралы хабар (қалыңдығын іздеу);

· 6) қалыңдықпен сынға түсу, белдесу (немесе күйеу жігіттер арасындағы бәсеке);

· 7) жеңіс және кейіпкердің қалыңдығымен оралуы.

Батырларға тән ерліктер:

· 1) жаудың шабуылы туралы хабар;

· 2) жорыққа аттану;

· 3) батырлардың белдесуі (кейде жорық сәтсіз болып, батыр тұтқынға түседі);

· 4) жекпе-жек және кейіпкердің жеңісі;

· 5) жеңіспен елге оралу.

Жаудан (құлдан, бақталастан) елін (тайпаны, қалыңдықты, туған-туысты, елін) азат ету:

· 1) қалыңдық туралы немесе туған-туыстың тұтқынға түскені (қорлық көргені) жөнінде хабар (түс көру, белгі берілуі);

· 2) дұшпанның, бәсекелестің немесе құлдың кейіпкердің қалыңдығына үйленуді ниет етуі;

· 3) қалыңдықпен жасырын кездесу немесе қалыңдығының тойына бөтен адамның кейпінде келу;

· 4) кейіпкердің күрес (жарыс) үстінде танылуы;

· 5) туған жерге оралу, бәсекелестерді, құлдарды жазалау;

· 6) той.

Бұл жіктелуден байқалатын жағдай — бірқатар батырлық жырларда осы үш сюжеттің бәрі де бір-бірімен осы қиюласқан рет тәртібімен толық көрінетіндігі. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қарабек” жырларында осы үш сюжет тұтас қамтылады. Ал атақты Мұрын жырау жырлаған “Қырымның қырық батыры” сияқты жыр тізбегі негізінен І және ІІ сюжеттерден тұрады. “Дотан”, “Құбығұл”, “Құламерген”, “Жоямерген”, т.б. көне эпостар, жоғарыда айтқанымыздай, үйлену, үй-ішін қорғау оқиғаларына құрылатындықтан, олар І сюжеттің төңірегіне топталады. Екі не одан да көп сюжеттердің кіруі (контаминация) Батырлық жырлардың қалыптасуы үшін айрықша қызмет атқарған. Көптеген эпостарда әрбір жеке сюжет өз алдына дербес жырланатындығын да, бір жырда бір-бірімен жалғасып, тұтас баяндалатынын да байқаймыз. Оның үстіне, жеке сюжеттің кеңістік (мекендік) бойынша құрылымы бірдей болып шығады: батырдың мекені — жау елі — батырдың мекені. Жау елінде қаза таппаған батыр өзге елде дүниеге, малға, патшалыққа қызықпай қайтып келеді. Батырлық жырлардың оқиғасына жыршы мен жырау да, тыңдаушы көпшілік те болған шындық деп қарайды. Эпостың оқиғасы “Баяғы заманда”, “Бұрынғы өткен заманда”, “Ноғайлы заманында” деп көрсетіледі. Бұл батырлар өмір сүрген айрықша бір дәуір, тыңдаушылар мерзіміне ұқсамайтын, елдің бірлігі мен берекесі мол кезең деп түсіндіріледі. Міне, осындай дәуірде өмір сүріп, “ішкенге мас, жегенге тоқ” жүріп жатқан елдің тыныштығын бұзатын жаулар қалмақ, ындыс немесе қызылбас болады. Жыр оқиғасына қозғау салатын да, батырдың үйден шығып, жорыққа аттануына себепші болатын да — осы қалыпты өмірдің бұзылуы. Батыр — бұзылған жағдайды қалпына келтіруші тұлға. Ол жауды жеңіп, әділеттілікті асқақтатып, алғашқы мамыражай дәуірді қайта орнатады. Оқиға өзінің басталған жерінде аяқталады. Жай ғана емес, тоймен аяқталады. Себебі, халық ұғымында жамандықты жақсылық, жауыздықты қайырымдылық, зорлықты әділдік жеңу—батырдың ерлігімен болатын іс. Ол кезең — айрықша қаһармандық дәуір, батырлар заманы. Той — сол жақсылық атаулының жеңіс мейрамы.

Қазақтың Батырлық жырларына негіз болған екі түрлі эпикалық (қаһармандық) дәуір бар:

· 1) жеке рулар (тайпалар) дәуірі. Мәселен, “Алпамыс” жырында — қоңырат, “Қобыланды” эпосында — қыпшақ заманы;

· 2) ноғайлы дәуірі.

Жеке рулар дәуірі жыр тізбегіне (циклына) енбейтін дара тұрған эпостық жырға тән әрі ондай жыр көбіне жоғарыда көрсетілген инварианттың үш сюжетін де қамтиды. Батырлардың жорығын бірнеше рет қайталау, оқиғасын өмірбаяндық жолмен құру арқылы мұндай эпос өзі суреттеп отырған дәуірді мейлінше мол бейнелейді. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырларында сюжеттердің толықтығын былай қойғанда әлеум. орта, жағдай, ел тіршілігі, біршама нақтылы баяндалады. Ал ноғайлы дәуірі қазақ эпосының тізбекті топтама жыр үлгілерінде көрініс береді. Бұларға қаһарманның дүниеге келуін, балалық шағын, үйлену тарихын толық баяндау тән емес. Бір жырдан кейін бір жыр тізбектеліп, қайта-қайта бір ізбен, бірыңғай өмірбаяндық жолмен баяндалып отырса іш пыстыратын қайталаушылыққа әкеліп соқтырған болар еді. “Қырымның қырық батыры” сияқты орасан зор тізбекті жырды жырлаған атақты Мұрын жырау бұл өзгешелікті өте терең түсінген. Сондықтан да, ол әр батырға тән жеке сюжеттерді (көбіне ІІ және ІІІ сюжеттер) іштей барынша ширықтыра отырып, бірер оқиға болса да, оларға бірегейлік қасиет дарытып жырлаған. Батырлық жырлардың құрылымына қатысты осындай ерекшеліктер олардың мезгіл мен мекендік және тізбектік сипатымен тығыз байланысты. Батырлық жырлардың өлең құрылысы, негізінен, табан астында өлең жолдарын суырып салып айтуда, әсіресе, қимыл-қозғалысты, түрлі динамикалық оқиғаларды баяндауда ойнақы, оңтайлы, еркін көсілуге мүмкіндік беретін жеті-сегіз буынды жыр өлшемі. Қазақ халқының Батырлық жырлары туралы алғаш зерттеулер жазып, жарыққа шығарған ғалымдар Уәлиханов, Радлов,Потанин, И.Н.Березин, Диваев, Т., Беляев, И. Мелиоранский, Г. Саблуков, Н.Н. Ильминский, Ж. Шайхисламов]], т.б. болды.

Наши рекомендации