УАНДЫҚ–ҚАРАЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ ӘТІМГЕ

Қадірлі ел ағасы Әтім аға,

Қуандық-Қараекеден затың аға.

Арғын аға болғанда, сәлем бізден,

Әдейі арнай жазған хатым, аға.

Ер басына күн туып сергелдеңде,

Бейнеттің жүрміз дәмін татып аға.

Қазақтың қазақшылық жолыменен,

Орынды өкпе айтамыз батып, аға.

Қуандық қыдыр қонған ел еді ғой,

Байып ба айран-шалап сатып, аға?

Сөз жарасы сүйекке таңба болар,

Досқа күлкі болмайық, жатқа таба.

Арғынның белді атасы Қуандықтан,

Маңғаз бай, сүбелі би, батыр шыққан.

Сарыарқаны ен жайлап, мыңды айдаған,

Қараекеде кім артты Саңырықтан?

Қияш та өтті дәулеті асып-тасып,

Нұрлан да өтті жалғанды жалпақ басып.

Солардан мәңші қалған мұра бар ма,

Жан-жаққа қараңдаршы көзді ашып?

Азына шықты шалқып Сарыматайдан,

Ол-дағы он жеті мың жылқы айдаған.

Дастарқаны жиылмай ертелі-кеш,

Ат басын тартқан емес Арғын, Найман.

Алтайдың мал сыймады аймағына,

Құт қонып Аққошқар мен Сайдалыға.

Бақ қарап, Қыдыр дарып толықсыған,

Малайда Жанайдардың Мейрамына.

Олардың пейілі тар боп көрген емес,

Желігіп жел нәпсіге ерген емес.

Талтаңдап тиын санап, жалаң қақса,

Дәулет қонар дегенге сенген емес.

Естігенде бұзылған ниеттеріңді,

Көруге ұяламыз беттеріңді.

От жақпаса құр түтін шықпас болар,

Орынсыз сөз етеді текке кімді.

Қуандық Сарыарқаға қанат жайған,

Шалқыған ортасында Арғын, Найман.

Құлқың неден бұзылды бүгін сенің,

Бата алған ел емес ең Қарынбайдан?

Екі бие біткенге еліресің,

Тойып айран ішкенге семіресің.

Қазақшылық қалыпты мүлде ұмыт,

Кердең қағып, кекиіп, керілесің.

Біреу барса өзімнің ауылым деп,

Қаны бір қайран қазақ бауырым деп.

Аяғы ақсақ, арқасы жауыр жанның,

Сауысқандай шоқисың сауырын кеп.

Мәз болып елдің алды, тоғымыз деп,

Өмірдің еш арманы жоғымыз деп.

Күні-түні Құдайдан тілейсіңдер,

Боталы түйе болсын боғымыз деп.

Бұл мінез арға тиіп, жанға батты,

Күйініштен шыққан сөз тиер қатты.

Кегі жоқ ағайындық айтқан наздың,

Басы қатты болғанмен, түбі тәтті

Адамшылық жатпай ма ұят, арға,

Мал бітпес қайыры жоқ пейілі тарға.

Ауылыңы іздеп барса шулайсыңдар,

Секілді жемтік көрген қара қарға.

Арғын аға баласы, ары бар деп,

Қазақ қой қазақшылық қаны бар деп,

Аңсап барған сорлыға тап бересің,

Өлген сарттың қойнында наны бар деп.

Ол барған бір сорлы жан айдаудағы,

Баста еркі жоқ, қол-аяқ байлаудағы.

Маңдай тасқа тигендей түңіледі,

Бұйырмай бір тостаған айран-дағы.

Бас аманда ол-дағы дәурен сүрген,

Басынан бақ тайған соң тартқан кірбең.

Атам қазақ ырым ғып шығаратын,

Ақ құйып жыланды да үйге кірген.

Бармайды ол тамақ іздеп табайын деп,

Барады жақын тартып, ағайын деп.

Бас-аяғын қарайсың жылмаң қағып,

Жарамды заты болса алайын деп.

Айырылып қадірлі ата-анасынан,

Мал-мүлкі, сүйген жары, баласынан.

Мал ұрлап, кісі өлтіріп айдалған жоқ,

Жабылған жауыз жанның жаласынан.

Біз бір жан мүсәпірлік сапардағы,

Елінен аулақ болып татар дәмі.

«Ер арыса – әруақ...» деген бар ғой,

Кешегі азаматтар қатардағы.

Біз түскен жан тағдырдың азабына,

Бұл мінез жат қалың ел қазағыма.

Көлеңкең көзсіз болсаң аспас бойдан,

Қалмайық дос дұшпанның мазағына.

Сіздерден сұрамаймыз бер деп көмек,

Ағайынға айтамыз оны не деп?

Қара нардың жүгі ауып қайысқанда,

Көз көрсе, жібермей ме жат та демеп!

Туыстар темір жолдың бойындағы,

Кетпесін қарыз болып мойындағы.

Үш жүздің ортасынан азамат бар,

Айтқаны өкпе-назын ойындағы.

Деген бар «бұқа – буға, азбан – дуға»,

Қайғысыз жан семірер қара суға.

Көре алмай Қараекеңнің жақсыларын,

Кездесіп жүрміз бе әлде сұм мен қуға?

Құмалақ қарын майды шірітетін,

Аз жаман рулы елді ірітетін.

Артық айтсақ биғайып, кешіріңдер,

Тұтқындағы адамбыз көңілі шетін.

Зілі жоқ, бұл өкпе-наз, өзегі жоқ,

Көңілде кір сақтайтын кезегі жоқ.

«Түбі бірге – түтпейді», – деген мақал,

Ағайын – азары бар, безері жоқ.

Хат жазған алыс емес, жақыныңыз,

Біз-дағы өздеріңдей ата ұлымыз.

Баста ерік жоқ, құн бар ма сөзімізде,

Теріс бос жүрген шақта мақұлымыз.

Тағдырдың кермесіне кім келмес кез,

Біреуге ерте деген, біреуге тез.

Тағы ғафу өтініп, сөзді аяқтап,

Абайдан келтірейік бір ауыз сөз.

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін біл,

Не қызық бар өмірде онан басқа!»

1953 жыл, Карлаг

УАНДЫҚ–ҚАРАЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ АҚСАҚАЛЫ ӘТІМГЕ - student2.ru

АСАНБАЙ АСҚАРОВ

(1922–2001)

Ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқарұлы Асқаров – 1922 жылдың 15 қыркүйегінде Жамбыл облысының Меркі ауданы, Тәтті ауылында дүниеге келген.

Әр түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология Ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. А.Асқаров – «Тағдыр» (1991), «Жұмақ пен тозақ жырлары» (1992), «Көзқарас» (1997), «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998) және т.б. көптеген кітаптардың авторы.

2001 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында дүние салған.

Наши рекомендации