Амауда жатқанда жазғаны

Таршылық қамауында болдым ғаріп,

Көретін емін-еркін қайда жарық.

Бола алмай еркін жүрген хайуан құрлы

Тұтқында қалғаным ба ашып-арып...

Бар болғаны – осы екі өлең. Бұл – біз үшін тарихи жыр. Себебі: біз осы өлең жолдары арқылы өткен замананың ақиқатын біліп отырмыз. Әрі дүниеден осындай ақынның да өткенін байқаймыз.

Семейдің Аягөз аймағында Тобағұл Мұсабайұлы есімді ақын өмір сүрген екен. Сол Тобағұл Патша заманында да, Кеңес үкіметінің заманында да Сібірге айдалып, итжеккеннің азабын тартқан екен. Ақынның Сібірдегі түрмеден жазған жырлары туған еліне хат болып жеткен болатын. Белгілі қаламгер Ғабиден Құлахмет ақынның түрмеде жазған шығармаларын жинастырып, «Сібірден жазылған өлең-хаттар» деген атаумен жеке жинақ қылып шығарды. Ғ.Құлахметтің «Тобағұл ақын және оның жырлары» («Жұлдыз» журналы, №11, 2015) атты мақаласында: «Тобағұл Мұсабайұлының ел ішіне өте кең тараған туындылары – Саратов түрмесінде, кейінірек Иркутск губерниясы, Благовещенск уезінде каторгада жүріп жазған өлең-хаттары. Тобағұл әкеміздің Сібірден жолдаған өлең-хаттарын бүкіл ел болып асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей көшіріп алатын. «Отыз бес деген жасымда», «Шұбарағаш – Ойжайлау», «Бәзбен ер», «Қоштасу», «Сағындым Сарыарқаны», т.б. жырларын бала кезімізде үлкендер жағы бізге айтқызып, өздері жылап отыратын еді, – деп есіне алатын қарт жырау Кәрім Сеңкібайұлы («Жалын» журналы, №3,1984)» – дейді. Ал, ақынның жырларын оқып отырсақ, оның өз заманының батыры болғанын ұғамыз. Мысалы,

Лепсінің бес жыл жаттым қаласында,

Түсем деп ерлікпен ел арасына.

Мойынмен көтерейін, қолмен істеп,

Біреудің ілінгем жоқ жаласына,

– дегенінен ақынның 1906 жылдың 11-қаңтарында Жетісу губерниясы, Лепсі оязы, Арғанаты болысында болған аты шулы оқиғаны еске түсіреміз. Бұл қақтығысты Патша үкіметі шектен шыққандық деп қабылдап, «бүлікшілерді» Лепсі түрмесіне қаматтырады. Кейінірек, нақтырақ айтсақ, Верный Округтік сотының 1908 жылғы 26-қаңтар күнгі үкімі бойынша Лепсі түрмесіне түскен «бүлікшілер» 10 жылға каторгалық жұмысқа кесіледі. Ал, мына төмендегі өлең жолдарынан:

Күнімді жатқа қараттың,

Азабын тарттым қамақтың.

Базарын қайран ғұмырдың,

Абақтыға тонаттым,

– деп 35 жасында, нағыз ерлік көрсетер жасында торға түскен тотыдай боздап отырған ақынның наласын байқайсыз.

Орал-Жайық өңірінде Сағат Әбдуғалиев (Әбуғалиев) есімді тағдырлы ақын өткен. Сағат Мұхтарұлы – 1948 жылдың 22 ақпанында Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында дүниеге келіп, 1984 жылдың 5 сәуірінде Ақжайық ауданының Алғабас ауылында дүние салған. Бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінде оқыған. Сағат ақын Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелеріне қамалып, азап шеккен. Ақынның өлеңдері түрлі мерзімді басылымдарға жарияланған. «Құлыншақ көктем» (1980), «Көзайым келешек» (1992), «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты жыр жинақтары шыққан. Алайда, тағдырлы ақынның түрмеде жазылған шерлі өлеңдері ешқашан баспа бетіне жарияланған емес. Біздің қолымызда ақынның түрмеде жазған өлеңдерінің топтамасы бар. Алайда, оны бұқараға жариялауды жөн санамадық. Әрі өлеңдерінде есімі аталатын адамдар қазіргі уақытта арамызда жүр екен әрі көптеген өлеңдерінде боғаусыз сөздер кездеседі. Ақынның түрмеде жазған өлеңдерінен мысал келтірейік:

Адамдық – ана құшақ, ата құшақ.

Қылығың қабырғама батады ұсақ.

..... тен қалған төрде отырғаның

Шыбынға секiретiн бақа құсап.

немесе:

Тұтқынның тұнжыраған күнi мұңды,

Мойынға он арыздың бiрi мiндi.

я болмаса:

Көрсетем деп қояншыққа қыл үстiн,

Етегiмнен арыз терiп, жұғыстың.

Ала таңнан жыбырлайсың бөлiмде

Шыбын шаққан құйрығындай шыбыштың,

– деген жолдарындағы теңеу қандай! Образды өлең емес пе!Енді ақынның түрмеде жазған өлеңдерінен тағы мысал келтіреміз. Сөздердің, өлең жолдарының концептуалды мағынасына назар аударайық (когнитивті лингвистика заңдылығы):

Қадағандай көкiрекке дәл ине,

Тықпаладың КПЗ-ға – тар үйге.

Ғұмырыңа бастық болып қалмайсың,

Ақын болып мен өлемiн, әрине! – деген жолдардан

байқайтынымыз – ақынның болашаққа деген сенімі. Ақиқатында, қазір жұрт Сағат марқұмды ақын ретінде таниды. Ақынның болашақ күндеріне деген сенімін төмендегі өлең жолдары да айғақтап тұр:

Қорқытпайды менi лагерь, он бес күн,

Ажал жетпей апармайды көрге ешкiм.

Көптi көрген баршын басым, бол аман

Он саусағым, өзiң барда өлмеспiн.

немесе:

Жалғыздарға кiм тигiзер септiгiн,

Өше көрме өлгенiмше, отты үнiм.

Ақынның өз-өзіне деген ішкі реніші мен өкінішін мына өлең жолдарынан аңғарамыз:

Он жыл бойы жылан құшып алданған

Мен өзiмнiң жүрегiме кектiмiн.

Ақынның Орал өңірінде орналасқан түрмеге түскенде жазған «Қырық тұрба» атты өлеңі бар. «Қырық тұрба» – жергілікті халықтың түрмеге қойған аты. Бұл өлеңінде жалпы түрменің сипаты бейнеленген:

Төңiрегi тас дуалды тiкен сым,

Тiкен сымға қалайынша құт енсiн?!

Теперiштi тайсалмай-ақ тiк көтер,

Жасық болсаң жетi күнде бiтерсiң.

Ақын түрмеге қамалып, жазасын өтеп отырған айыпкердің бейнесінде сөзбен сомдаған екен. Қараңыз:

Көңiлдерде кәдiмгiдей кек тұнып,

Мойындатар тағдырыңды көк құлып.

Темiр торлы терезеге телмiрiп,

Отырасың қалған нанды кептiрiп.

Жоғалғасын жанарыңнан жарты әлем,

Қалайынша болар досым, арқа кең?

Тар бөлменiң бұрышына тышқызып,

Асырайды ала таңда арпамен.

Тұтқындарға қайғы ортақ, төсек тең,

Өкiнесiң күндерiңе бос өткен.

«Қырық тұрба», құтыламын мен сенен,

Таусылмаса кеудемдегi қос өкпем,

– міне, Сағат ақын осылай сөйлейтін. Өзі лирик ақын болатын. Қатал тағдырдың тауқыметін арқалап, дүниеден өксіп өткен ақын еді ау...

Антологиялық жинаққа әр жылдары жазықсыз жапа шегіп, түрмеге түскен ақындардың шығармаларын енгіздік. Саны жағынан біреуінің өлеңі көп, біреуінің өлеңі аз болды. Сосын кейбір ақындардың туған, өлген жылдары нақты белгісіз болғандықтан мәлімет бере алмадық. Тағы бір атап өтер жайт: кейбір ақындардың суреті жоқ. Яғни, олардың суреттері еш жерде сақталмаған.

Қадірлі оқырман қауым, сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, қасіретті жылдардың ақиқаты – осы жинаққа енген азалы жырлар. Оқыңыз, көріңіз.

Наши рекомендации