Мені елімнен айырҒан

***

Еділ, Жайық екі су,

Айналасы қамыс көл,

Астрахань мен Оралдың

Екі арасы шойын жол.

Төменгі жағы Гурьев,

Байқағанға алыс жол.

Менің мекен жайлауым –

Екеуінің арасы.

Кіндік кесіп, кір жуған

Мыңтөбе еді туған жер.

Мұндай ыстық жүрекке

Таба алмадым таныс жер.

Домалантып қаңбақтай,

Айдады бізді биыл жел.

Жалбарындым өзіңе,

Жасаған ие, оңын бер.

Тарығып тарлан жүргенде

Болмасаң өзің медеткер,

Мұның жайын айтпасам,

Басылмайды ішкі шер.

Астраханьнан айдады

Шойын жолмен зырлатып,

Атқан оқтай зулатып,

Күн-түн қатып тоқтамай,

Ор қояндай ойнатып.

Бір ай, бір күн дегенде

Жетіп келдік Гурьевке,

Ұйықтамастан түн қатып.

Көпті көрген ақ иық

Жайлауыштар ер батып,

Жауырныма жер батып,

Маңдайыма тер қатып,

Абақтының ақ үйі –

От жақпайтын салқын үй,

Алып барад мұздатып.

Сағындырып сарғайтты,

Таңдайымды құрғатып.

Қарамадым жан-жаққа,

Көрінгенге тіл қатып.

Жүре бердім сол боймен,

Зырлап асып деңгеймен.

Құбыладан арқаға,

Күншығысқа айдалдық,

Бірден-екі он қолмен,

Он кісіге тоғызы

Қызыл жаға конвоймен.

Сан есікті сарт ұрып,

Өттік неше тергеуден.

Сарыарқада салқын бар,

Сонда да жүрдік шөлдеумен.

Сәтсіз күні жабысқан

Басты науқас меңдеумен.

Түзелсін бе дүниеде

Қисайған бақыт көлбеумен!

Мен осыған іліндім,

Жылқы жылдың аяғы,

Қой жылының басында.

Сапар етіп жол жүрдім

Қырыққа келген жасымда.

Туған жерім сұрасаң,

Мыңтөбенің қасында.

Ауылымды айтайын,

Анау ояз жерінде

Жаңғылды көл басында.

Туысқан толы азамат,

Бірі болмай қасында,

Бізден дұғай көп сәлем

Жалпы жатқан халқыма.

Жасаған ие, не қылдым

Қалың жатқан шаршыға?

Ойпаң жерлер көл болды

Көзден аққан жасыма.

Құрғақ жерлер су болды

Бір-бір тамған тамшыға.

Ағайынды аралап,

Жете алмадым антыма.

Қызыл тілім желмейді,

Көкірек шіркін жарты ма?

Тек көргенім бұл емес,

Талай түстім талқыға.

Шабан көңіл сабалып,

Сүйеніп тұр қамшыға.

Тыпырлайды, тулайды

Тұғырдағы қаршыға.

Жақсылық пен жамандық

Жазылған болар лауқыда.

Осыны айтқан мен едім,

Бір сөйлерге дөп едім.

Тоқталмадым назданып,

Келіп тұрса кезегім.

Жүйрік бар ма тауысқан

Тәмам сөздің дерегін?!

Көргенімді айтуға,

Соған құмар шөл едім.

Атқа мініп жақсымен

Күлейінші деп едім.

Жасы үлкен ағаға

Ерейінші деп едім.

Елдің ішін аралап

Жүрейінші деп едім.

Аты шыққан жігітті

Көрейінші деп едім.

Тіл бәйгесі келгенде

Желейінші деп едім.

Адам басы домалақ,

Болмады ғой дегенім.

Еленгендей ел іші,

Бүлінді ғой бөлегім.

Азаматқа болар ма

Енді менің кергім?

Көлеңкесі түсер ме

Мал шалмаған төбенің?

Ел ішінде жүргенде

Таусылмайтын көл едім.

Қара көзден қан тамып,

Үзілді ғой өзегім.

Ақ қабаққа аунаған,

Таудың бетін жайлаған

Елді қашан көремін?

Ойладым да толғадым,

Хақтан күтіп себебін.

Белді буып, жең сұқтым,

Енді көңіл бөлмеймін.

Жаным хаққа аманат,

Ажал жетпей өлмеймін.

Өзім деген кісіге

Сен демеймін, Сіз деймін.

Боямалы жалған дос,

Енді саған сенбеймін.

Қаумаласа қарындас,

Тартып бұйда үзбеймін.

Алыс пенен жақынның

Бәріне де бірдеймін.

Мұнда жалғыз мен емес,

Неше бір сан, мың деймін.

Бөрі арығын білдірмес,

Жел түбіне меңзеймін.

Мен де соның бірімін,

Нені көксеп іздеймін?

Талайыма тас түсті,

Оны ешкімнен көрмеймін.

Сары күнге бұл да ермек,

Тек көңілді делбеймін.

Солай болды заманым,

Ауып кетті табаным.

Содан теріс болды ма

Үкіметке ғамалым?

Ағы менен қарасын

Тартып қара таразы,

Сонда қояр қарарың.

Қазушы емес нақақтың

Негізінде зарарын,

Үкіметтің ғаділ жол,

Толық саған нанамын.

Күнәларын кешірген,

Біз секілді наданның.

Тартып жүрмін әр жерден,

Талай жердің тағамын.

Мен ішпеген суы жоқ

Еділ, Жайық саланың.

Араладым бәрін де

Бұл бойдағы қаланың.

Бұл сапарда көргені

Осы бір жетім баланың.

Ақ киіктің баласы

Көлденеңдей желеді,

Табанынан жел кеулеп,

Бірден-екі желге өрлеп.

Ол да ілінер жебеге

Құрып қойған көңгейлеп.

Тұлпар дуға шабады.

Қара жерді шеңгелдеп.

Қазған ордан аттаған,

Басқан өзі деңгейлеп.

Сол секілді дүние боқ,

Көпті алдаған көлбеңдеп.

Жалғыз ием, жан бердің

Бәрімізге бірдейлеп.

Жаратқан соң осылай,

Жақсы, жаман таң көрмек.

Ажал, өлім алдында

Келе жатыр телмеңдеп.

Бұрынғылар айтыпты:

Пәни, саған сенбең деп.

Биік жерлер ой болып,

Соның бәрі өзгермек.

Алла шашқан нәсіпті

Ойламаймын термен деп.

Хақ тағала, астым ба

Көкірегім мен, мен деп?

Ақын емен айтулы,

Қамыққанда бұл да ермек.

Көкіректе ойлаған

Айтар сөзім көп еді.

Қимылдаған жанды зат

Басқа түссе көнеді.

Қара тасты қақ жарған

Шулай соққан жел еді.

Жел айдаса пендесі

Көрмегенді көреді.

Бақыт бастан айтарда

Табылмай ма себебі?!

Мың досының бірі жоқ,

Бетін теріс береді.

Өзімнің басым аман деп,

Күле түсіп жүреді.

Басы жұмыр пендесі

Нені шекпей біледі?

Менің жалғыз туған мекенім

Мыңтөбенің жері еді.

Мұнарланған тауы бар,

Көлденең жатқан бел еді.

Жазда сағым ойнаған,

Биік біткен төбе еді.

Жауған қардың дымымен

Қалың шыққан көк еді.

Жалбырай жазда көк шыққан

Жасыл нудың шағы еді.

Топырағы қызыл саз,

Шаруаға дөп еді.

Оны қазақ жайлаған,

Айналасы ел еді.

Теріскей қабақ бойында

Тобылғының түбі еді.

Қаптаған қалың қара ағаш

Мал шалмаған соңы еді.

Қаптай боран соққанда

Қара жердің шомы еді.

Жыңғыл, дүзгін, ажырық

Қалың қара шөп еді.

Қыста малы кетпейтін,

Біріне-бірі жалғасқан

Кең Нарынның бойы еді.

Арасында ащы бар,

Мыңғырып жатқан малы бар,

Толықсыған төл еді.

Қыраңнан бүркіт сілкінсе,

Оның жейтін тағамы

Ор қоянның жоны еді.

Арқа жағы егістік,

Сары жатық тегістік

Жанды судың кемері.

Айтқанымды қай су деп,

Байқағандар біледі.

Құбыласы көк теңіз,

Атыраудың ойы еді.

Айдын теңіз ораған

Маңғыстаудың түбегі.

Күн шығыс жақ етегін

Қарабұғаз дер еді.

Күн батысы тау, тасты

Бақы дейтін жер еді.

Көл суына шомылған

Қамысы менен терегі.

Еділ, Жайық екі су

Оған құйған өзегі.

Ат бауырын жазғандай

Айналдыра көлемі,

Көрейінші дегенге

Бір сапарлық жол еді,

Осы ерден сапарға

Көріп едім бір бойын.

Еркі өзінде жігіттің

Көрінеді күнде ойын.

Еркің бастан кеткен соң,

Бұзылмай ма енді ойың?!

Жайықтың арғы жағында

Жақын дейді Жем бойын.

Тайсойған менен Бүйректі,

Деп атайды кең қойын.

Сары изені жабықтан

Жұрт мақтайды өр бойын.

Күн батысы Дендер тау,

Арқа жағы Шыңғырлау.

Шыққан шөбі сары еркек,

Құба тал мен дүзгінді-ау.

Қалың қазақ баласы

Осы араға орнаған,

Талай байлар мыңғырды-ау,

Үйірлеген жылқы айдап,

Неше бір сан мың қылды-ау.

Пішендігі бидайық,

Бөлек-бөлек дің қылды-ау.

Қыста кетіп, жаз жайлап,

Көкорайын ну қылды-ау.

Мал аяғы шымырлап,

Соның бәрін жүн қылды-ау.

Оның несін айтайын,

Сол секілді құрғырды-ау!

Қияндағы жұмақтан

Туған жердің құмы артық.

Шығатұғын басына

Боз қырқаның бірі артық.

Көтерілген ауасы

Кеш болғанда мұнартып.

Ыссы қайнап шыжғырса,

Салқындауға ызы артық.

Салқын қатты жел соқса,

Шоқалының ығы артық.

Сары еркектің көгінен,

Боз изеннің шөбінен

Қияғының түбі артық.

Жеке туған жігіттің

Мың жаманнан өзі артық.

Шет асылмен дос болма,

Өз еліңнің құлы артық.

Тозығы жеткен жібектен

Қолға ұстауға жіп артық.

Қайырымы жоқ байлардан

Есіктегі құл артық.

Күле шыққан дұшпаннан

Шын досыңның ізі артық.

Күнің тыныш болмаса,

Төсекте жатқан түн артық.

Қайраулы болат майысса,

Қолдан соққан сым артық.

Жаңбырсыз болған жазыңнан

Шығы қалың күз артық.

Жәйі болса жаныңның,

Бәрінен де сол артық.

Түсті ме деп есіңе,

Дұшпаның айтар ұялтып.

Еңбектен өткен ғұмырдан

Еңкеймей өткен сол артық.

Жан ашитын достарым,

Қамықтырды-ау жылатып,

Абақтының сары үйі

Ақ жүзімді суалтып.

Бір аттауға мұң қылды-ау,

Аш күзендей бұралтып.

Қызыл тілім, қалыпсың

Бір сөйлеуге құмартып.

Айтайын деп осыны

Көкірегім ойлады,

Ойландым да толғандым.

Жарты көңіл жабыққан

Сөйлемеске болмады.

Жолдас болған қан мен тән –

Ол да еркіме қоймайды.

Одаманы сенсін деп,

Қызыл тілім зарлады.

Жатқан жүрек селт етіп,

Май ішкендей ойнады.

Тамырдағы қатқан қан

Бірін бірі айдады.

Еске түсіп қайдағы,

Зығырданым қайнады.

Бабаларым әруағы

Қара бұлттай торлады.

Қысылғанда қамығып,

Атам Бекет қолдады.

Бұраң-бұраң жолдардан

Неше дүркін оңдады.

Көңіл деген дария

Жоқ еді бұрын толғаны.

Дарияға талпынған

Мен – қаршыға тордағы.

***

Жігіттің даңқы шыға ма

Қалың қолды бой қылмай,

Оңды-солды жол қылмай,

Жанды хаққа тапсырып,

Көкіректі мұз қылмай,

Ит терісін тон қылмай,

Шақпақ тасты бор қылмай,

Көрінгенді ат қылмай,

Қара суды ас қылмай,

Тай-құлындай айқасқан

Бауырласты жат қылмай,

Қара көзден қан тамбай,

Қабырғадан қан тамбай,

Әттең, көрсем дегенді

Сағынғанда тамсанбай,

Сандық толы сары алтын,

Толысын төгіп шайқамай?!

Ер бақыты сыналмас,

Осындайда байқамай.

Аңырамай құлан шөлдемес,

Желпінбей тұлпар терлемес.

Айырдан туған жампоздың

Мертікпей қомы көлбемес.

Арқадан шыққан ақ бұлт

Жел соқпай көкке өрлемес.

Алғыс алған кем де емес,

Жақсы мен жаман тең де емес.

Бұрынғының мысалы,

Осыны айтқан мен де емес.

***

Қиядан боран соққанда,

Томағалы қаршыға

Қанатын көкке қаққанда,

Алма мойын ақсұңқар

Шабуыл салып шапқанда,

Ағыны қатты терең су,

Тоқтамай көлге аққанда,

Селт етіп басын көтерді

Талайлар тыныш жатқанда,

Жылы қанды жігіттің

Бәрі ілінді қақпанға.

Ем бола ма өткенің,

Басыңнан бақыт қайтқанда?

Маңдайымнан аққан тер

Мұз болып мұртқа қатқанда,

Сыпыра шапқан сары тақтай,

Жанбасқа жаңқа батқанда,

Екінді мен ақшамда

Есікті кілтпен жапқанда,

Қаны қара қандала

Қанымды сорып шыққанда,

Жалбарындым өзіңе,

Тарығып сонда жатқанда!

Жан жаратқан жан ием,

Жанды берген өзіңсің.

Бізді жоқтан бар етіп,

Топырақтан жан етіп,

Он сегіз мың ғаламның

Риздық бердің бәріне,

Сыртымыздан қам етіп.

Күндердің күні болғанда,

Біздерді қойдың зар етіп,

Қатын-бала, қара орман,

Бәрінен де баз етіп.

Біз қапаста жатырмыз,

Құмырсқадай хал етіп.

Мойынға бұршақ салулы,

Рахымыңнан дәметіп.

Жалбарындым, жалындым.

Мойынға бұршақ тағындым.

Қара сөзден қан тамды,

Сұбыханалла, не қылдым?!

Құлым десең, құдай-ау,

Жетпей ме бізге пейілің?

Бәрі өзіңнің қолында

Жеңіл менен ауырдың.

Сөнер күні болар ма

Жүректегі жалынның?

Жай табар күні қайда екен

Көкіректегі қайғының?

Қайтар күні болды ма

Маңдайдағы бағымның?

Ажары тайды бойымнан

Жеті мүше тәнімнің.

Өлі менен тірінің

Арасында отырмын,

Екі бөлек қауымның.

Абақтының ақ үйі

Жүрекке салды қайғыны.

Баса алмадым аяғым

Ақылым ауған дал күні.

Ер жігіттің досы көп

Басы аман сау күні.

Бастан бақыт тайған күн

Қайсысы сырттан қам қылды?!

Жан ашитын достарым

Ішінен тынып, қайғырды.

Көре алмаған ит-дұшпан :

«Жойылар, – деді, – қай күні?!»

Ажал келсе, кім өлмес

Жетсе хақтың дағдыры.

Ал құлым деген жігітке

Ашылар жолдың даңғылы.

Мені елден айырған

Екпінді ағын қарқыны.

Жүректі қайғы-шер басар,

Ер мұңайып қамықса.

Ақша беттен қан таяр,

Қайғырып қатты жабықса.

Баз кешеді мал-жаннан,

Қысылып басы тарықса,

Ерні салпы ер аты

Жер ала ма салықса?

Сол секілді қызыл тіл

Сөз таба ма жалықса?

Түнде көзім ұйқыда,

Күндізгі күнім тамұқша.

Абақтының ақ үйі –

Шілтерлі темір сауытша.

Үсті темір, асты тас,

Жанбасқа тиді мамықша.

Бір күн емес, мың күнді

Мойынға идік қамытша.

***

Төредей басың тарығып,

Жүрекке қайғы бермесін.

Қаралай ерлер қамығып,

Тірліктен күндер үзбесін.

Аты адамның баласы

Бұл орында көрмесін.

Аяқ-қолы бос жүрген,

Көңілдері хош жүрген

Біз пақырға күлмесін.

Бірде бар да бірде жоқ,

Бұл пәниге сенбесін.

Үш ай тоқсан қыс күні

Бойыма ызғар бергесін,

Қырық күн шілде жаз күні

От болып ішке кіргесін,

Күннің өзі балқытқан

Жанды түгіл, жансызды.

Таңдайың кеуіп шөлдейсің,

Қара суға зар болдық,

Не қылайын өзгесін.

Алла салды, мен көрдім,

Маңдайыма бергесін.

Күндіз сөйлеп – күлкім жоқ,

Түнде жатып – ұйқым жоқ.

Есікті кілттеп жапқанда,

Күлмек түгіл, тырс үн жоқ.

Тақтай батты жанбасқа,

Бұрынғыдай тыншым жоқ.

Қан кеткен соң нұр тайды,

Адам қарар сиқым жоқ.

Сіз бен біз деп сөйлеген

Қыз мінезді құлқым жоқ.

Негізі хақтан болғасын,

Билігімді білсін деп,

Көрсеттің бе көзіме,

Есіне алып жүрсін де?!

Шыжыған темір, қызыл тас,

Салып қойды күйсін деп,

Жұмақ пен тамұқты

Тірілей көзін көрсін деп.

Рақат пен машақат,

Бәріне де көнсін деп.

Жатсам, тұрсам Сіз деймін,

Айтқаным жоқ сенсің деп,

Әлі тілек, ниетім

Алланың өзі берсін деп.

Сүйек қалды, ет кетті,

Қойдың ба, құдай, өлсін деп.

Мұнан жаман өлім бар,

Терең қазып көму бар.

Көкіректе шықпаған

Тек бір ғана демім бар.

Хақ тағала, құдай-ау,

Енді өлмеген неміз бар?!

Егер өлсек бұл жерде,

Қайсымызда кебін бар?!

Жан иесі өзіңсің,

Алар болсаң, жөніңе ал.

Көлденең қаза келтірмей,

Өлшеулі ғұмыр мерінде ал.

Құрт, шаянға жем қылмай,

Әркімнің жанын төрінде ал.

Ауыр менен жеңілді

Шегетұғын керің бар.

Ұзын менен қысқаны

Өлшейтұғын кезің бар.

Айтпасыма болмады,

Жүрегімде шерім бар.

Сөйлесін деп тіл берді

Әлі айтатын сөзім бар.

Мұны естіген тең құрбы,

Тілектес бол да ойыңа ал.

Сансыз елге көп сәлем,

Сол сықылды жайым бар.

Шілтерлі темір, салған кілт,

Қабырғамнан ілініп,

Аш күзендей бүгіліп,

Бір басуға зар қылды-ау,

Терезеден үңіліп,

Жатсам, тұрсам қайғыда

Шыбын жаннан түңіліп.

Бізге шығар күн қайда

Елдің суы бұйырып?!

Сағындым іні, ағаны,

Құрбы менен баланы.

Көз алдымда елестеп,

Шамшырақтай жанады.

Көзден аққан қанды жас

Тоқтамай жерге ағады.

Солар еске түскенде

Жүрегімді жарады.

Қайғының дерті қаумалап,

Жан-жағымнан қамады.

Оның жанған жалыны

От қамшымен сабады.

Оның ұрған таңбасы

Сүйегіме барады.

***

Күншығыстың желімен,

Күнбатыстың дәмімен

Кетіп едім халқымнан

Ояздың жері қоныс деп,

Алыстан шыққан даңқымнан.

Онда да туған бар ғой деп,

Болмады жүрек талпынған.

Айтайыншы дегенде

Жоқ едім бұрын талпынған.

Не десең де, жамағат,

Ер бақыты қайтылған.

Бақытым бастан қайтқан соң,

Айтуға сөзім таусылған.

Аз ғұмырды зайғылап,

Ақсұңқар болдым шарпылған.

Туысқан, толы азамат

Тілектес болғай артымнан.

Қолдан келер не зат бар,

Үмітім сол жалпыңнан.

Кеш болмайды – күн ұзақ,

Ертелі-кеш сарсылам.

Саудаға кетсін мың күнім

Бір күнгі көрген зауқымнан.

***

Сәлем айттым Сіздерге,

Сабыралы, Қажекем,

Зейнолла мен Қамекем,

Болымбетұлы Қабекен!

Тарыққанда қармайтын

Ана менен аға екен,

Аға деген мысалы

Биік біткен жар екен.

Іні деген елгезек

Айбалтаның сабы екен.

Жарқын жүзбен ойнаған

Қараңғының шамы екен.

Сол қадірді кім білген,

Басқа көнген бақ екен.

Іздеп едім Сіздерді,

Мені айдаған дәм екен.

Азғана күн ойнадым,

Өлшеулі күнім бар екен.

Екінші сәлем айтайын

Құбаш пенен Қадеске.

Ойнап жүрген тең құрбы,

Ұмытпаймын, әлі есте.

Тай-құлындай айқасқан

Қазақшылық әдетте.

Шашылған дәмді қуалап,

Шығып кеттім мен шетке.

Кімнің әлі жетеді

Хақтан болған себепке!

Үшінші сәлем айтайын

Әбуғали, Аренге,

Жиен, Шәкір, Халелге.

Бас-басыңа айтуға

Жеткізе алман сан елге.

Үзеңгісін тең басқан

Азамат бар әр елде.

Тонның ішкі бауындай

Туысы бірге әуелде.

Дұшпан күліп не қылсын

Хақтан болған дәлелге.

Қосылам деу Сіздерге

Әлі де менің дәмемде.

Елдегі жолдас, айтайын,

Қайыпқали Смағұл,

Рақмет, Марданға.

Қарманған күні қаруым,

Белімді бекем буғанда,

Екі талай ер келіп,

Желдің түбін қуғанда,

Сүйенген ерім көп еді-ау

Тарығып талай тұрғанда.

Тең басып қатар, бірге өстік

Мыңтөбе деген құмдарда.

Жанашыр жақын сендерсің,

Төте жақын тұрғанда...

Кім жетеді мақсатқа

Жетесінен сынғанда?!

Шар айнада сан көрдім,

Пәк болмайтын жуғанда.

Маңдайыма жазылған

Рақат пен машақат.

Хақтың салған ісіне

Еттім дәйім қанағат.

Сөз жүйесі келмеді-ау,

Болмаған соң көңіл шат.

Бас-басыңа айтуға,

Ақылым бөтен, атым жат.

Сағындым, халқым, бәріңді,

Алаштың ұлы азамат.

Бәріңізге көп дұғай

Мың-мыңдаған миллиард!

мені елімнен айырҒан - student2.ru

Наши рекомендации