Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаларды орындау тәртібі мен жағдайы.
Сот бас бостандығын шектеу түрiнде жаза тағайындай отырып, қадағалайды және сотталған адамға:
1. қылмыстық-атқару инспекцияларының Қазақстан Республикасы ІІМ-нiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен бекiтiлген жазаны өтеудiң тәртiбi мен шарттарынан туындайтын талаптардырындауға;
2. қылмыстық-атқару инспекцияларына хабарламай тұрақты тұратын, жұмыс iстейтiн және оқитын жерiн өзгертпеу;
3. оқудан және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерiнен кетпеу:
4. мамандандырылған органның рұқсатынсыз белгiлi бiр жерлерге бармау;
5. басқа да жерлерге бармау;
6. қылмыстық-атқару инспекциясы белгiлеген мерзiмде тiркелу және тәрбиелiк iс-шаралар өткiзуге қатысу үшiн қылмыстық-атқару инспекциясына келуге;
7. жұмыс немесе оқу кестесiнiң өзгеруi туралы қылмыстық-атқару инспекциясын жиырма төрт сағат iшiнде хабардар етуге;
8. жеке басын куәландыратын құжатты өзiмен бiрге алып жүру мiндеттерiн жүктейді.
Сот, бас бостандығын шектеуге сотталған адамға оның түзелуiне ықпал ететiн басқа да мiндеттердi орындауды: алкогольге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы жұғатын аурулардан емделу курсынан өтудi, отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктей алады.
Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу кезеңiнде сот сотталған адамның мiнез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын органның ұсынысы бойынша сотталған адамға бұрын белгiленген мiндеттердiң күшiн толық немесе iшiнара жоя алады.
Бас бостандығын шектеуге сотталған адамдар еңбек етуге міндетті және олардың еңбегi, ҚР Қылмыстық кодекспен белгiленген ережелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледi.
Сотталған адамды басқа жұмысқа, оның iшiнде басқа жерге ауыстыру қылмыстық-атқару инспекциясының келiсiмiмен жүзеге асырылады.
Қылмыстық-атқару инспекциясы бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеушi адамдармен тәрбие жұмысын жүргiзедi. Сотталған адамдардың тәрбиелiк сипатта жүргiзiлетiн iс-шараларға белсендi қатысуы көтермеленедi және түзелу деңгейiн анықтаған кезде ескерiледi.
Бас бостандығын шектеу түрiндегi жаза тағайындалған адамдарға көтермелеу және жазалау шаралары қолданылуы мүмкін, олар жазбаша түрде қолданылады.
ҚР ҚАК 49 бабына сәйкес Қылмыстық-атқару инспекциясы жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн адал орындағаны үшiн сотталған адамдарға мынадай көтермелеу шараларын:
- алғыс жариялау;
- бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алу;
- демалыс және мереке күндерiн тұратын жерiнiң шегiнен тыс жерлерде өткiзуге рұқсат беру;
- демалысын тұратын жерiнiң шегiнен шығып өткiзуге рұқсат беру шараларын қолдана алады.
Тәрбиелiк iс-шараларға белсендi қатысатын және жәбiрленушiнiң денсаулығына, мүлкiне келтiрген залалды және мемлекетке келтiрген материалдық залалды өтеу жөнiнде шаралар қолданатын және сот тағайындаған жазаны толық өтеудi қажет етпейтiн сотталған адамдарды сот ҚР ҚАК-де көзделген тәртiппен шартты түрде мерзiмiнен бұрын босата, сондай-ақ жазаның олар өтемеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстыра алады.
Қылмыстық-атқару инспекциясы жазаны өтеу тәртiбiн бұзушы сотталған адамдарға мынадай жазалау шараларын:
- сөгiс беру;
- демалыс және мереке күндерiнде тұратын жерiнiң шегiнен шығуға бiр айға дейiнгi мерзiмге тыйым салу;
- бас бостандығын шектеудiң бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкiн екендiгi туралы ескерту шараларын қолдана алады.
Кейiн жасалған әрбiр тәртiп бұзушылық алдыңғысына жаза тағайындалғаннан кейiн жасалған жағдайда 1)тұрғылықты жерiне, жұмыс немесе оқу орнына келудiң белгiленген кестесiн бұзу, 2)өзiне сот жүктеген мiндеттердi орындаудан жалтару, 3)сол үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған сотталған адамның қоғамдық тәртiп пен адамгершiлiкке, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, жеке тұлғаға және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар аясына қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзушылық болып табылады.
Жазалау шараларын қолдану кезiнде құқық бұзушылық жасалған мән-жайлар, сотталған адамның жеке басы мен оның терiс қылық жасағанға дейiнгi мiнез-құлқы ескерiледi. Тағайындалатын жаза сотталған адам жасаған терiс қылықтың сипаты мен ауырлығына сәйкес болуға тиiс. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал егер терiс қылыққа байланысты тексеру жүргiзiлсе - оның аяқталған күнiнен бастап, бiрақ терiс қылық жасалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей тағайындалады. Жаза жиырма төрт сағат iшiнде, ал ерекше жағдайларда - ол тағайындалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей атқарылады.
Көтермелеу және жазалау шараларын қолдану құқығын қылмыстық-атқару инспекциясының бастығы немесе оның орнында қалған адам толық көлемде пайдаланады.