Сотталғандардың еңбегін құқықтық реттеу. 3 страница

Кешірім жасау актісімен жазасын өтеп шыққан адамдардың соттылығы да алынып тасталады.

Ауыр сырқат немесе мүгедектіктігіне байланысты жазаны өтеуден бо­сату. ҚР ҚК 73-бабы адамды ауруға шалдығуына байланысты жазадан боса­туды қарастыратын болса, ал ҚР ҚАК 168-бабы жазаны өтеуден босатудың негіздерінің біріне сотталған адамның ауыр сырқаты немесе мүгедектігі болуын жатқызады.

ҚР ҚК 73-бабының мазмұны бойынша ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін және соттық талқылау әлі өткізілмеген жағдайда ғана орын алады. Сондықтан адамды мұндай боса­ту сотталған адам жазасын өтей бастағанда қолға алынады.

ҚР ҚАК 168-бабы мазмұнының ерекшелігі, бұл жағдайда сотталған адам сот тағайындаған жазаны одан әрі өтеуден босатылады. Бұл жағдайда адам­ның сотталу фактісінің басталғаны ғана емес, тағайындалған жазаны оның өтеп жүрген фактісі болуы керек. Нақтырақ айтқанда, осы екі жағдайда екі түрлі құқықтық қатынас субъектісі болады.

Сондықтан қылмыстық жазаны өтеп жүрген адамдарға қатысты босату тек қана ауыр сырқаттағы немесе І және ІІ-топтағы мүгедек адамдарға қолданы­латынын білуіміз керек.

ҚР ҚАК 169-бабының мазмұнына сәйкес ауруына байланысты жазаны өтеуден босату мына төмендегілерге қолданылады:

- жүйкесінің бұзылуы салдарынан ауруға шалдыққан жазасын өтеп жүрген адамдарға;

- ауыр сарқатқа шалдыққан жазасын өтеп жүрген адамдарға;

- жазасы бас бостандығынан айыруға қатысты емес І және ІІ-топтағы мүгедектігі бар жазасын өтеп жүрген сотталғандарға.

Осы айтылған барлық негіздер болуы үшін жазасын өтеп жүрген соттал­ғандардың жазасын өтеуді одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермейтіндей ауыр сырқаты болуы тиіс.

Жүйкесінің бұзыла бастауы, яғни психикалық есі дұрыс еместіктің бас­талуы сотталған адамның жазасын өтеуді одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермейді. Оны жеке оқшаулағышқа қамау мен өзге де түзеу-тәрбие жұмыс­тарының бәрі де ешқандай нәтиже бере алмайды. Мұндай сотталғандарды басқа сотталғандардан бөлек арнайы емдеу мекемелерінде ұстаған жөн.

Жүйкесінің бұзылуымен ауырған сотталған адамдарды босату үшін арнау­лы нормативтік актімен қарастырылған осындай аурумен ауыратындығын анықтаған арнайы дәрігерлік комиссияның қорытындысы негіз болады. Мұн­дай жағдайда бас бостандығынан айыру жазасын атқарушы орнның немесе органның әкімшілігі жазадан босату туралы сотқа ұсыныс жасайды. Ұсыныс­пен бірге сотқа дәрігерлік қорытынды мен сотталған адамның жеке ісі жібе­ріледі.

Сот мұндай жағдайда сотталған адамды оданн әрі жазасын өтеуден боса­туға міндетті. Бұл жерде сотталған адамның жаза мерзімінің қаншасын өтегені, жазасын өтеп жүргенде өзін қалай ұстағандығы ешқандай рөл ойна­майды.

Ауыр сырқат салдарынан сотталған адамды жазасын өтеуден босатудың тәртібі бірсыдырға басқаша. Мұнда сотталған адамның ауруын айғақтайтын арнайы дәрігерлік қорытындымен бірге жазасын өтеп жүрген кездегі тәртібін сипаттайтын мінездеме де рөл атқарады. Бұл жағдайда жазаны одан әрі қарай өтеуден босату соттың міндеті емес, құқығы, ендеше мұндай адамның не босатылуы не босатылмауы да мүмкін. Сот шешімінің нәтижесінде мұндай сотталған адам жазасын өтеуден босатылмай-ақ арнайы дәрігерлік мекемеге емдеуге жіберілуі мүмкін.

ҚР ҚАК 169-бабының 7-бөлігіне сәйкес сотталған адамды жазасын одан әрі өтеуден босату негізі ретіндегі мүгедектікті ескеру қоғамдық жұмыс­тарға, түзеу жұмыстарына тарту мен бас бостандығын шектеу түріндегі сот­талған адамдарға ғана қолданылуы мүмкін. Бұл жоғарыдағы осы айтылған жаза түрлерінің барлығының басты шарты сотталған адамның қоғамдық-пай­далы еңбекке міндетті түрде қатысуы болса, алайда адамның мүгедектігі осы аталған жаза түрлерін өтеуге кедергі жасайды және бұл жерде жазаның өзі­нің кейбір мағынасы жоғалатыны сөзсіз. Сондықтан, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бостандығын шектеу түріндегі жазамен сотталған адамдарды І және ІІ-топтағы мүгедек деп тану үшін жазаны өтеуші мекеме немесе орган сотталған адамды жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босату жөнінде ұсыныс жолдайды, ал тәртіп бойынша сот мұндай ұсынысты қанағатандыруға тиіс.

Заңмен қарастырылған өзге де негіздерге байланысты жазаны өтеуден босату, мысалы қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту мен бас бостандығын шектеу түріндегі сотталған әйелдердің жүкті екендігі анық­тал­ған жағдайда қолданылуы мүмкін.

Мұндай әйелдерді жазасын өтеуден босату мүгедектікке байланысты боса­ту сияқты жүзеге асырылады, бірақ сотқа өтініш білдіргеннен бастап емес, заңда қарастырылған жүктілігіне байланысты демалысқа жіберілген кезінен басталады.

Жазаны өтеуден босату азаматтардың көптеген құқықтыры мен міндет­терін қалпына келтіруді талап етеді. Сотталған адам жазасын өтеп шыққан­нан кейін өзінің қарауынша тұратын жерін, кәсібін таңдай алады, өзінің керегінше тапқан табысын жұмсай алады, біреулермен таныса, отбасы құра алады.

Осыған қарамастан, жазасын өтеп шыққан мұндай адамдар үшін бәрібір оның құқықтарына белгілі бір шектеулер жасайтын, біраз үзіліп қалған әлеу­меттік жағдайларды қалпына келтіруді талап ететін басқаша құқықтық мәр­тебе пайда болады.

Бостандыққа шыққан азамат дәл босаған кезінде құқықтарын қалпына кел­тіру ауызбен айтқанда ғана оңай түскенін көргенімен қалың өмірге араласқан бастаптқы кезеңде біраз қиыншылықтарды басынан кешіріп, әлеуметтік байланыстарын қалпына түсіру үшін тырысып, көп еңбектенуіне тура келеді.

Бостандыққа шыққан адамның әлеуметтік байланыстарын қалпына келті­руді жүзеге асыру үшін оған тән біраз құқықтар мен міндеттер қажет болып есептеледі.

Жазасын өтеп шыққан адамның құқығы туралы айтқанда, кейде оларға қандайда болмасын құқық беруге қандай негіз бар, сотталып шыққандарға басқаларға қарағанда ерекше көңіл аударудың қажеті бар ма деген күмәнді сауал туындайды.

Ал енді осы сауалға жауап іздеуге келгенде, жазасын өтеп жүрген кезде олар онсыз да қоғамдық қатынастардан қол үзіп, бірқатар құқықтарынан айырылып қалды емес пе, ендеше адамгершілік жолына түскен болса, солар­ды неге қайтарып бермеске деген ой туады. Кейбір құқықтары сотталып шыққанан кейін қолданылмай қалады. Олардың қоғамға сол бұрынғысынша қайтадан қосылып, араласуы үшін сол құқықтарын қалпына келтіру үшін ар­найы соларға тән бірқатар құқық топтары қарастырылған. Оларды дербес үш топқа бөлуге болады:

1. Материалдық көмек алу құқығы. Бұл құқық тұратын немесе жұмыс іс­тейтін орнына, ал мүгедектер мен қарттарға соарға арналған мекемелерге же­туі үшін тегін жолақы; баратын жеріне жеткенше тамақпен немесе оларды сатып алатын ақша; қажет ететіндерге маусымдық киім мен аяқкиім берумен көрінеді.

Қажет болған жағдайда бостандыққа шыққан сотталған адамдар өздерінің өтінштері бойынша түзеу мекемесімен есеп айырысу кезінде белгіленген мөлшерде қосымша ақшалай жәрдемақы ала алады.

Егер бас бостандығынан айыру орнынан баласы бар әйел босатылатын болса, оған бала үшін тегін тамақ, маусымдық киім береледі.

2. Тұратын жеріне жету үшін көмек алу құқығы. Бұзылмайтын тәртіп ре­тіндегі бұл құқық ҚР ҚАК 177-бабының 5-бөлігінде былайша тұжырымдал­ған, түзеу мекемелерінен босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтімге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейінгі кәмелетке толма­ғандар тұратын жеріне туыстарына немесе алып кетуге келген өзге адамға не түзеу мекемесі қызметкеріне ертңп жіберіледі.

3. Еңбекке орналасу мен тұрмыстық жайласу көмегін алу құқығы. Екінші қайталап қылмыс жасаудың алдын алу жүйесінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды дер кезінде еңбекке орналасуы мен тұр­мыстық жағдайын шешу мәселелері бірінші кезектегі орын алады.

Мұндай мәселелерді сотталып шыққан адамдардың көбісінің өздері өз бетімен шешеді. Алайда, еңбекке орналастыруда да, тұрмыстық жағдайын жайғастыруда да көмек қажет ететін босатылатындар мен босатылғандар жеткілікті. Әдетте, мұндай жағдайды ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасын өтеп шыққандар, бірнеше мәрте сотталғандар, туған-туыстары жоқ­тар, сондай-ақ ескі заңнамалар бойынша тұрғын-жайларынан айырылып қал­ғандар басынан кешіріп жатады. Осындай көмекті сотталғанға дейін тұрақты жері болмаған І және ІІ-топтағы мүгедектер мен жасы жеткен қарттар, сон­дай-ақ бұрынғы тұрған жеріне барғысы келмейтін босатылғандар қажет етеді.

Материалдық және тұрмыстық сипаттағы көмек көрсету туралы мәселені шешу жазасын өтеп шыққан адамның өмірін қалыпқа келтіруде айтарлықтай маңызға ие болатыны сөзсіз.

Түзеу мекемелерінің қызмет тәжірибесінде босатылғандарға мұндай көмек көрсету мақсатында ауқымды іс атқарылады, өмірлік маңызы бар мұндай мәселені шешпейінше, жазасын өтеп шыққан адамды бірнеше рет түрме есі­гінен көруге болады. Әдетте, босатылғандардың көбісі өздерінің отбасына оралуға тырысады, тіпті тағдыры жараспағандардың өздері де алғашқы ұясы­на кешірім сұрап келіп жатады. Отбасының жазасын өтеп келген мүшесін лайықты қарсы алып, қабылдай білуі оның мінез-құлқын түзетіп, дұрыс жол­ға түсуіне көп септігін тигізеді. Сонымен бірге мұндай ниет пен көрініс сот­талған адамның өзінің бойына және оны ұстаған әкімшілікке сенім ұялатады. Енді оның қоғамның сенімді бір азаматы болып шығатына деген үміт нығая түседі. Ахуалы дұрыс ортаға енген ол көп кешікпей жұмысқа да орналасады, тұрғын-жайы да болады. Сөйтіп, адал өмір сүруге жол ашылады.

Атап өту керек, өмірге лайықты бейімделудің міндетті түріндегі жағдай­ла­рының бірі тұрмыстық жайғастыру еркектер мен әйелдер үшін әртүрлі шешіледі. Әйелдер үшін бейімделу процесі өте күрделі өтеді, олардың отба­сылық пен туысқандық байланыстарын қалыпқа келтіру қиынға түседі. Осы­ндай жағдайдағы, яғни сотталған әйелдерге байланысты өмірде отбасы шыр­қының бұзылуы жиі кездесіп жататыны аян. Жалғыз басты әйелдер тұрмыс құра алмай, өзінің жағдайын өзгерте алмай далада қалатын кездер де көп кездеседі.

Сондықтан ондайларды босатар кезде күні бұрын, алдын ала олардың тұрмыстық жағдайының ойдағыдай болуын ойластырған да жөн сияқты.

Жазасын өтеп шыққандардың еңбекке орналасуына көмек көрсету олар­дың өмірі үшін өте қажетті мәселе. Адамның қоғамдық-пайдалы еңбекке ара­ласа отырып, ең бастысы өзінің тіршілігіне қажетті табыс табады, өзінің ма­териалдық моральдық мұқтаждықтарын қанағаттандырады. Ұжым арасында олардың бойында өмірге, еңбекке, адамға, заңды құрметтеуге дұрыс көзқарас қалыптасады. Көпшілікпен бірге өндірістік міндеттерді орындауға араласып, өмірден өз орындарын табуға тырысады.

Әлеуметтік бейімделу мазмұны туралы мәселеге жауап беру үшін ең әуелі мұндай бейімделудің не қажеті бар деген мәселені анықтап алуымыз керек. Бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаның мәнін алатын болсақ, ол адамды қоғамнан алшақтатып, онсыз да қыры кеткен адамның өміріне айға таңба басқандай дақ салып, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, белгілі бір шектеулер мен бейімсіздікке бастайтыны белгілі. Осындағы шек­теулердің қатарына туған-туыстары және отбасымен қарым-қатынастың та­рылуы ғана емес, тіпті мысалы әдебиет пен өнерден, білім мен ғылымнан хабардар болып, оны одан өрістету, еңбек ұжымдарында адамдармен арала­судың және басқа да әрекеттердің нәтижесінде келетін қоғамдағы рухани байлықтарымен байланысу мүмкіндіктерін де жатқызуға болады. Әділетсіз, жазықсыз күйзеліске ұшырататын құбылыс ретінде көрінетін бас бостанды­ғынан айыру жазасы сотталған адамды қоғамнан алшақтатып, жағдайын қиындата түсетіні сөзсіз. Сотталған адамның жағымсыз субъективті жай-күйі мен күйзелісі көптеген жағдайда олардың ортаға деген сенімсіз көзқарасы­мен, ыза-кегімен, ұру мен соққыға жығыламын, бейшара күйге түсемін деген қорқыныш сезімімен, ал өзін жәбірлеген адам жазаланбайды деген ойлармен көрініп, білініп тұрады. Осыған орай, дөрекілік пен шектен шығушылық, қо­қан-лоққы жасаушылық бас бостандығын айыру орындарындағы тамырына балта шауып, мүлдем құртатын мәселеге айналғалы қашан.

Бас бостандығынан айыру орындарындағы тым жоғары психологиялық шиеліністер, үнемі жанжал тудыратын себептер, адамгершілік қасиеттің бұ­зылуы сияқты көріністермен бірге сотталғандардың тұрмыстық жағдайлары­ның нашарлығы, бассыз кеткен тәртіп пен тіршілік, біреудің біреуден қор­қып-сескенуі осының бәрі өте қолайсыз жағдай туғызады. Айналысын үнемі небір бұзық мінезді адамдар қоршаған сотталған адам өзіне-өзі келе алмай, не істерін білмей, алдағы болашағын болжай алмайтындай көңілсіз күйге түседі. Мұндай жайдың бәрі бас бостандығынан айыру орындарында бір ғана жынысты, небір бұзылған, шектен шыққан адамдардың бір жерге шоғырлану салдарынан пайда болады.

Бас бостандығынан айыру орындарындағы тұрмыстық жағдайға келетін болсақ, ол өте шектеулі, жұтаң, күйкі тірлікті, жабайы, дөрекі, бір сөзбен айт­қанда басқа халықтың тіршілігмен салыстырғанда тым кері кеткен. Бұл кө­бінесе соталғандарды тамақтандыруға, емдеуге, тазалығын ұстауға жағдай­дың жоқтығымен, әсіресе әйел затына деген жағдайдың ойластырылмауы­мен, жалпы алғанда пайдалы іспен айналысуға мүмкіншіліктің жұтаңдығы­мен көзге ұрып тұрады.

Қазіргі кезеңдегі түзеу мекемелеріндегі өндірістік базалардың осалдығы, сотталғандардың бәрін бірдей қоғамдық-пайдалы еңбекпен қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқты жағдайды күрделілендіре түсуде.

Шиеленісті, ыза тудыратын, ыңғайсыздық жағдайлардың объективті және субъективті себептерінің жиынтығы келіп қамаудағы сотталғандардың ара­сында алауыздық тудырып, бір-біріне күш көрсетумен тынады. Бір сөзбен айтқанда, сотталғандардың өміріне қажетті материалдық факторлардың қана­ғаттандырылмауы психоло­гиялық жағымсыз әрекеттерге әкеп соқтырып жа­тады. Күш көрсету, зорлық-зомбылық жасау осындай себептердің салдары­нан тамырын тереңге жайған келеңсіз көріністердің бірі. Шын мәнінде бас бостандығынан айырудың өзі де күш көрсету мен зомбылық.

Біріншіден, өйткені шектелген уақытта және шектелген кеңістікте адам­гершілігі жағынан ең нашар бір жыныстағы адамдар тобы еріксіз, күштеп шоғырландырылған (тек қана еркектер немесе тек қана әйелдер, немесе тек қана кәмелетке толмағандар). Олар өздерінің әлеуметтік мәніне қарай өте на­шар жағдайда бірге тұруға, бірге жұмыс істеуге жинастырылған қылмыскер­лер болып табылады. Бұл жерде қылмыс бұл адамдардың өміріндегі алға қойған мақсаты емес, өздерінің қамын ойлап, күпкөріс, тіршілігі үшін амал­сыздан жасалатын іс-әрекет. Мұны кейбіреулері бірнеше қайталап та жасап жатады.

Екіншіден, күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа сотталғандар қауымдас­тығы құрылымының өзі мен нақты бір белгіленген әлеуметтік топтар итер­мелейді. Мұндай топтардың құрылымның реттілігі соншама, ондағы сот­тал­ғандардың әрқайсысы өз орындарын біледі, басқа сотталғандарға қатысты мұнда кейбір сотталған адамдар мен топтардың күшпен бақыланатын және қолдау тауып отыратын мәртебелері де болады. Бұл түрли заңы. Ол өте қа­таң, ырыққа көнбейді, күш көрсету соның негізінде қаланған, ал осы заңның өзі де күш көрсетуге сүйенеді. Бұлар бірінсіз бірі болмаған болар еді.

Адам бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуге түскенде, дәл осындай сөзге тұрғысыз жағдайға тап болады. Мұндай жағдай оны түзеп қа­на қоймай, көп ретте моральдық жағынан азғындыққа түсіріп бұзады, қалып­ты адамгершілік қасиеттен арылып қалады. Міне, сондықтан сотталған адам­ға әлеуметтік бейімделу қасиетін дарыту қажет болады.

Әлеуметтік бейімделу дегеніміздің өзі адамның белгілі бір әлеуметтік ор­таға үйренуі, оның ережелері мен нормаларын игеріп орындай білуі, осы ор­таға тән көзқарасты ұстана білу, бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққаннан кейін лайықты өмір сүруге бет бұру, жағымды дағдылар қалып­тастыру.

Сонымен бірге, сотталған адам жазасын өтеу жағдайындағы оқшаулауда өзінің өміріне лайықты ешқандай шешім қабылдай алмайды, өйткені бұл жерде оның өмірінің ережесін әкімшілік анықтап, белгілейді. Оның өзінің қаржы-қаражатын қажетінше жұмсай алатындай мүмкіндігі болмайды, өйткені оның қалтасында ақшасы жоқ. Осыған орай көлікке де міне алмайды, тойып ішетін, жылы киінетін киім де ала алмайтындай жағдайға душар бо­лып, қоғамның әлеуметтік жағынан бейімсіз бір мүшесі болып қала береді.

Адам бас бостандығынан айыру орнынан жазасын өтеп шықты делік. Ал енді оның одан әрі қалай өмір сүруі тиіс? Мұндай сауал түзеу мекемесінен босап шыққан әрбір адамға қатысты қоюға тура келеді. Кейбіреулер, өз басына өзі бәле тілеп алды, енді не істесе соны істесін, дұрыс жолға түсіп, қоғамының лайықты азаматы боламын десе өзі білсін деп өз еркіне жіберуге тағы болмайды. Аса маңызы бар мұндай мәселеге көз жұмбайлық жасауға болмайды. Әрине онсыз да әркім ала көзбен қарайтын адамның өмірден өз орнын тез таба қойып, қалырты өмір арнасына түсе қою оңайлықпен кел­мейді. Ішкі істер органы қызметінің тәжірибесінде мұндай мәселеге көз жұм­байшылық жасауды кері әсерін тигізетінін көрсетіп жүр. Жазасын өтеп шық­қан адам жұмысқа орналаса алмай, сергелдеңге түсіп, амалсыздан қылмыс­тық топқа еніп, солармен бірге жаңадан қылмыс жасайтын жәйттер жиі кез­деседі. Ал енді кейбіреулері өзінің қателігін түсіне біліп, дұрыс жолға түсіп, адал еңбек еткісі келеді, заңды құрметтеп, оны бұзбауға тырысады.

Не істеу керек? Неге, кімге сенуге болады? Олардың қолында қандай құ­қық пен міндет бар? Ал соны жүзеге асыру үшін үкімет пен мемлекет тара­пынан қандай көмек бар? Мұндай адамдарды әлеуметтік бейімделуін қандай жолмен жүзеге асыруға болады? Қатты толғандыратын мәселе осы.

Әлеуметтік бейімделу– бұл дегеніміз, жеке адамның топтардың тәртібі мен мінез-құлқын сол қоғамдағы, таптағы, әлеуметтік топтағы жоғары ұстай­тын нормалары мен құндылықтарына бағындыру, икемдендіру. Ол әлеумет­тендіру барысында (қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қызмет етуге мүм­кіндік беретін белгілі бір білім, нормалар мен құндылықтар жүйесін игеру барысында), сондай-ақ қоғамдық және мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары қо­сылатын әлеуметтік бақылау механизмінің көмегімен жүзеге асырылады. Өз кезегінде әлеуметтік бақылау қоған мен оның бөлімдері (топтары, ұйым­дары) көмегімен бұзылуы әлеуметтік жүйенің қызметіне нұқсан келтіретін белгілі бір шектеулерді (шарттарды) сақтауды қамтамасыз ету механизмін білдіреді. Мұндай шектеулер ретінде құқықтық және моральдық нормалар, әдет-ғұрыптар, әкімшілік шешімдер көрінеді. Әлеуметтік бақылау әрекеті осы шектеулерді бұзушыларға түрлі жолдармен тосқауыл қою арқылы қол­данылады. Жазасын өтеп шыққан кейбір адамның тәртібі мен мінез-құлқы жазалау-тәрбиелеу ықпалдарының нәтижесіне емес, оның қамаудағы дағды­ларынан арылып, жаңа өмірге бейімделе бастауына байланысты. Кейбіреу­лері тәрбиелеу ықпалын бойынан жоғалтпай, дұрыс жолға түсуге бет бұрса, енді біреулері керісінше қамаудағы бойына дарытқан жаман дағдыларын өнер көріп, есерленіп, қайтадан қылмыс жасап алғанын байқамай да қалады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы бас бостандығынан айыру орындарында жүргізулер мынадай жағдайды көрсеткен: ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 297 адамның 8,2%-ның босатылып шық­қанға дейін отбасы сақталған, 84 пайызының есеп шотында небәрі 200-ақ теңге болған, 42,5 пайызы дәл босатылар кезде жазаны өтеу режимін бұзу­шылыққа барған, 6,1 пайызы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп шыққан, 25,9 пайызы қылмыс жасауда өздерінің кінәлі екендігін мойындамай, жасаған әрекеті үшін өкініш білдір­меген, 51 пайызы 5 жылдан 10 жылға дейінгі жазасын өтеу мерзімін толық аяқтап шыққан.

Жыл сайын бас бостандығынан айыру орындарынан мыңдаған адам босап шығып жатады. Олардың арасында өткеніне өкініш білдіретіндер де, әділет­сіздіктің құрбаны болып кетпеніне ренжитіндер мен ыза-кек ұстанғандар да, қорлық-зорлық пен моральдық мазақ көргендер де, күні көре алмай далада қалатындар да бар. Міне осындайлар нарықтың тарықтыратын қыспағына түскен ортаға келіп, өз орнын таба алмай біраз сергелдеңге түсетіні белгілі. Істейін десе жұмыс жоқ, ішейін десе тамақ жоқ, жатайын десе орын жоқ. Осындай күйге түскендердің көбісі ырықсыз тағы да қылмыс жолына түсіп, қайтадан босап шыққан жеріне оралып жатады.

Наши рекомендации