МӘҢгі есімізде саҚтаймыз

Тәтемнің бірте өскен туыстары ол кісінің жақсы қасиеттері, сұлулығы ата анасына, нағашыларына тартқан дегенін көп естідім. Бұған дәлел: біз 2001 жылы Семей облысы Жарма ауданы Қапанбұлақ ауыл советіне қарасты Егінбұлақ ауылында жерленген біздің ағамыз (Халима тәтемнің нағашы ағасы) Ыдырыс /Ақмола/ ағаның басына зират көтердік. Сол зираттағы көк тасқа жазылған бір ауыл ескерткіш өлең Халима тәтемнің ататегін сипаттағандай:

Шипагер молла атандың,

Жайылды елге атағың,

Ұмытпайды ұрпағың

Қолдап жүрсін аруағың.

Осындай дарынды ағамыздың ұрпағы Халима тәтем туралы былай деп айтқым келеді:

Жақсыдан туып баға алдың,

Адал жар, ана атандың,

Артыңда өшпес із қалды

Болса да тағдыр қатал тым.

Бабаларымыздың бір ауыз өлеңмен айтқан мына сөздері өте терең мағыналы ғой:

Күннің жылы-суығын,

Қыс түскенде білерсің,

Кісінің алыс-жақынын

Іс түскенде білерсің! –

дегендей, Әзілхан аға, Сізді туған-туыстарыңыз жұбату сөздерін айтып, қасыңызда болып тәтемнің бейнесін, қасиетін есте ұстайды деп білерсіз. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Жаны жәннетте болсын!

Келініңіз Мәрияш Әбілқызы Жақып немересі, өзіңіз де өсіруге көмектескен ұрпақтарыңыз Ғалым, Гүлмира!

Наурыз, 2002 ж.

Алматы қаласы.

Фермехан ШОЕВА,

журналист

КЕЙБІР СӘТТЕР

Мен Нұршайықовтар отбасымен алпысыншы жылдардан таныспын. Алғаш Әзілхан аға мен Халима тәтені өзімнің үйлену тойымда кездестірдім. Халима тәте жұбайым Жұмағали Қанияновтардың (суретші) апайы Олжаспен Семейдің балалар үйінде тәрбиеленіпті. Екеуі бір сыныпта, ал біздің Жұмекең олардан екі-үш сынып төмен оқыған көрінеді.

Аға мен тәтені мен сол алғашқы кездескен күнімнен бастап етене жақын көріп кеттім. Мені ол кісілердің зор адамгершілігі, үлкенге, дос-жаранға деген сый-құрметі ғана мес, өзінен кішіге ілтипаты, аса бауырмалдығы тәнті етті. Ағаның қашан да қол ұшын беруге дайын тұратын дархан көңілі, айтар ақпейіл ақылдары кейбір тарығып жүрген сәттерде көңілге медет, бойға қуат берсе, тәтенің қашан келсең де шын жүрекпен іштарға жымиып қарсы алатын жібектей мінезі бізді осы үйге барсақ, көріссек, әңгімелессек деп өзіне тартып тұрады. Мен өзім адамдар арасындағы жақсы, ізгі қарым-қатынасты, досты сыйлау, туған-туыстарды, жалпы көпшілікті қадірлеу сияқты құндылықтарды осы кісілерден көріп қалыптастым. Әйелге тән үй жұмыстарын (ас пісіру, қонақ күту т.б.) істеуді де негізінен Халима тәтеден үйрендім десем артық айтпаспын.

Жуырда бұл кісілер мені тағы бір тамаша қырларымен таң қалдырды. Ол — екеуінің өзара сыйластығы, жан елжіретер татулығы, өзін де, өзгені де бағалай білуі. "Біз қосылғалы 54 жыл болды" — дейді тәтем. Ал екеуінің бірін-бірі күтуі, қамқорлығы, аялап-баптауы жаңа қосылған жас жұбайлар қызығарлықтай. Құдай-ау, жасыратын несі бар, ұзақ жыл бірге өмір сүрген жасамыс кісілердің арасында бір-біріне балаларымның анасы, яки баларымның әкесі деп қана салқынқандылықпен қарайтындар аз емес қой. Ауруханада тәтем екеуміз бір палатада жаттық. Ол кісінің әр сөзі ағадан басталады. "Балалар күте алды ма екен, жүрегі ауырып қалмаса болар еді, салқынға шытып кетіп жүрмегей" сияқты қамқор көңіл. Аға да күн құрғатпай келіп, бар жай-күйін біліп, өзінің де, балалардың да, жағдайын тәптіштеп айтып, тәтеге дәрі-дәрмектің қалай әсер еткенін дәрігерге дейін барып сұрап, анықтап жатқаны. Келген сайын екеуі көптен көріспеген адамдардай бірін-бірі аялап, әдемі әзілдесіп, екеуара еркелей сырласып отырғандары қандай көңілді болса да елжіретпей қоймайды. Кішіге өнеге етерлік тамаша көрініс!

Біздің балалармыз да бірін-бірі көріп, сыйласып өсті. Енді сол балалардың кейбір қылықтарына тоқталайын.

Қызымыз Гүлжанның туғанына 6-7 айдай болып қалған. Ол кезде әлі жаспыз ғой. Киноға, театрға барғымыз келеді. Гүлжанды кімге қалдыру керек? Ойланбастан, әрине, Халима тәтеге дейміз. Ал ол кісінің өзінің төрт баласы барын, ағаның өзімен бірге бір топ жолдасын ерте келетінін ескермейміз. Оның өрескелдік, ұят екенін кейін уақыт биігінен қараған кезде ғана түсіндік қой. Сөйтіп Гүлжанды тәтеге келесі бір жолы тағы тастап кеткенбіз. Айтқандай-ақ үйге бір топ қонақ келеді де, тәтем баланы құрғатып, ботқа пісіріп бөтелкеге құйып "жақсылап қара, жылап қалмасын" деп бірінші сыныпта оқитын кіші ұлы Жаннұрды қасына отырғызып қояды.

Қонақтарды күте жүре балалар жаққа құлақ түреді, ол жақтан дыбыс шықпайды. Бұларға не болды екен деп есіктен сығаласа Жаннұр Гүлжан енді қынқылдай бастаса оның аузына емізікті бере қойып, "не плачь, Гуля, я твой маленький дядя" деп жұбатып отыр дейді.

Біздің ұлымыз Жан туғанда атын қойдырайық деп Әзілхан аға мен Халима тәтені, жұбайымен марқұм Мырзабек Дүйсеновті т.б. туыстарды шақырдық. Әртүрлі есімдер аталып жатыр. Ержан, Елжан, Нұржан, Жан деседі. Жеребе тастамақ болдық. Шиыршақталған қағазды Мырзакең ауырды. Атанын атаған "Жан" деген есімі болып шықты. Сөйтіп ұлымыздың атын аға мен Мырзакең қойып еді. Сол Жанды да ара тура Халима тәтеге қалдырып кететінбіз. Бір жолы әлдебір себеппен ұлым балабақшаға бармай қалды. Тағы да тәтеге апардым. Ол кезде қыздары Жанар, Жаннат, ұлдары Арнұр мен Жаннұрлар ержетіп қалған. Аға мен тәте "Целинный" кинотеатрына киноға билет алып қойған екен. Балалар келе қоймаған соң бес жасар Жанды өздерімен бірге киноға алып барыпты. Фильм Отан соғысы жайында болса керек. Атылған мылтық, немістердің әскери формасы балаға да әсер еткен ау, кинодан шыққан соң мен де солдат боламын депті. Үйге жақындағанда тәтем нан ала кетпек болып, Жанды жетектеп тамақ дүкеніне бұрылыпты. Жәкең сөредегі конфеттерді көріп, маған мынаның бәрін әпер деп қиғылық салады ғой. Тәтем бір-екі түрінен әпереді де, үйге қайтады. Есік алдында тосып тұрған атаның жанына келген соң бала күшейіп, "ана маған конфеттің бәрін әпермеді, жаңағы кинодағыдай атып тастаймын" депті. Жанды көргенде соны айтып аға әлі күледі.

Қуаныш бізге қашан да ортақ еді. Ағалар сондай бір үлкен жақсылықтарына шақырған. Бұл үйдің үлкен қызы Жанардан туған тұңғыш немересі Сабина апыл-тапыл басып жүрген-ді. Қуыршақтай әдемі сәбиді алдыма алып ойнатып отырғанмын. Әлденені көрсетіп, күлдіріп қоямын. Ойыншықтардың атын атап "мынау аю, мынау қоян" деп жатырмын. Кішкентай Сабинам бір кезде жерге түспек болып аятын көтеріп қалды. "Бұл не, Сабина?" дедім күліп. Сөйтсем өзім "апа, аға, мама, пападан" артық сөйлей қоймаған шығар деген бөбегім ап анық "бұл аяқ" дегені. Бәрі мені мазақтап күліп жатыр. Сол Сабинаның қазір дәл өзіндей Халима атты қызы бар. Тәте оны "Қуыршағым" деп ағайды. Айта берсек балалардың да, өмірдің де қызығы таусылар ма!

Біздің Жұмакен екеуміздің бұл отбасына деген сый құрметіміз, айтар алтысымыз ерекше. Өмірде осындай жайсаң көңілді жанашыр жандар барын көргенде, олардың өз отбасы ғана емес, бүкіл айналасына тигізер шапағаты, зор кісілігі, жан жылуы барын білгенде өне бойың жадырап сала береді. Көлеңкесінен күнгейі мол болғанға не жетсін! Аға мен тәте менің жүрегімде сондай қимас, қымбат, сезім тудырған жандар!

Алматы, 2001 ж.

Бақыт МЕРЕКЕНОВА,

Алматы қалалық әкімшілігінің

Ішкі саясат департаментінің

бас маманы, журналист

ІЗГІЛІК ШУАҒЫ

Әзілхан аға мен Халима тәтеге тым бауыр басып кеттім. Кішкентайымнан кітабын жаттап өскен, сүйікті жазушы Әзілхан аға Ұлы Отан соғысы кезінде әкеммен бір майдан жерінде болған соң ба, әйтеуір әкем Қабылхан қайтыс болған соң, "Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін" деген қазақтың ежелгі мақалы тегін айтылған ба, Әз аға мен Халима тәтеге туған әке шешемдей үйреніп, меншіктеп алғам.

Халима тәте табиғатында мінезі жібектей, қашан көрсең де бота көзі жәудіреп, Бақыт қызымыз келді, деп туған баласын көргендей күлімдеп қарсы алады, мен ағамен сәлемдескенше, дастарқан мәзірін әзірлей бастайды. Сонымен, ақ самаурынның буы бұрқырап, дәмді тамақтың хош иісі тәбетің тартып, бәріміз көптен көрмеген жаңалықтарымызды айтып, дастарқан басында мәз-мейрам боп отырамыз.

Әлі есімде, бірде 9-мамыр, Жеңіс күні қарсаңында "Қазақстан" телеарнасынан қазақтың атақты батыр қызы Мәншүк Мәметова туралы хабар жасадым. Әзілхан аға Мәншүкті жақсы біледі, майдандас болған, сондықтан Қазақ телевидениесіне жақын орналасқан Әз ағаның үйіне бейнекамерамды ала келдім. Ондағы ойым бейнетаспаға Әзілхан ағаның Мәншүк туралы естелігін түсіріп алу. Көптен көрмегесін бе, аға мен тәте құшақ жайып, қуана қарсы алды. Соңғы кезде бейнекамерамды өзім түсіретін боп, үйреніп алғам. Әз аға әңгімешіл, соғыс кезіндегі жайларды аса көрегенділікпен, жазушылық шеберлікпен нақышына келтіре әңгімелеп, сол кезді айна-қатесіз суреттеген кезде, көз алдыңа бұлжытпай, түп-түгел майдан даласының елесі кинодағыдай келе қалады.

Бірде ауыр шайқас болды, сол түні көп майдандас жолдастарымыздан айырылдық. Ертеңінде сәл-пәл тыншу тауып, жау аяғы саябырлаған сәтте бәріміз жертөлеге жиылып, он сегіз бен он тоғыздағы жас жігіттер ауылды сатына еске алдық, арамызда жалғыз қыз Мәншүк бар еді. Өткен түнде қайтыс болған жап жас жолдастарымызды ойлады ма, Мәншүктің қарақат көзіне жас тұнып, мұңайып, Құрбылармыз ай, жауды жеңіп, елімізге аман-есен қайтар күн туар ма екен, — деді жабырқау үнмен. Қарақат көзіне мөлдіреп жас толған, даусы дірілдеп, толғана шықты. Бәріміз бір сәтке үн-түнсіз ойланып қалыппыз. Мәншүктің дәл осы мұңды түрі мәңгілік есімде қалыпты, қазақтың қаракөз бойжеткені, қайран Мәншүк.

Әз ағаның сезімтал жүрегі шыдамады, көзіне мөлтілдеп жас толды, сонан соң "түсірмей тұра тұр" деген ишарат жасап, біраз, өксігін басып, қыршын кеткен жас қызды қимай еске алып, біраз жылап мауқын басып, көз жасын сүрте бастады. Мен бейнекамерамды тоқтатпай түсіре бердім, ішімнен "Әзілхан ағадай атақты жазушының он сегіз жаста қыршын кеткен Мәншүк секілді батыр қызды жоқтап жылағаны ерсілік пе, мұндай ержүрек қаһарман қыз енді қайтып тумас, қайталанбас ерекше тұлға емес пе?" — деп іштей ойладым да, ары қарай камераны тоқтатпай түсіре бердім.

Дастарқан басында Әз аға Мәншүк туралы әңгіме айтып, сол ең соңғы шайқастан соң, батыр қыздың мерт болғанын айтып, бір кезде маған қарап: — Жаңа Мәншүкті еске алып, жылап отырғанымды таспадан алып таста, — деді Әз аға.

— Жеңіс қарсаңында Мәншүк апайыңды еске түсіріп, ағаңның көңілі босаған екен ғой, Әзеке, сізге қатты толқуға болмайды, дәрі ішетін уақыт болыпты ғой, ұмытып кетіпсіз, — деп Әз ағаның жүрегі ауыратын, дәрісін әкеліп берді, аға ауырып қала ма деп, Халима тәте бәйек бола бастады.

— Бақыт, ұмытып кетпе, — шегелеп қайталады.

— Жарайды, аға, — десем де, көңілімде күмән бар. Қазақ телевидениесіне келіп, хабарды монтаж жасай бастағам, Әз ағаның Мәншүк Мәметованы ойлап егіліп жылап отырғаны, өте әсерлі, шынайы жүрек тебірентерлік. Абай ағамыз айтпап па еді, "Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді" деп. Әзілхан ағаның дәл осы жерін қиып алып таста дегеніне қарамай, сол қалпында тиіспей жібердім. Сол күні кешке эфирде хабарды көрсететін.

Әз ағаның үйіне телефон шалып едім, Халима тәте екен, әдетінше дауысымды бірден тани қойды.

— Тәте, бүгін маған Әз аға ренжитін болды. Хабарды бүтін кешке көрсетеді, — дедім.

— Бақыт қызым-ау, не болып қалды? Ағаң неге ұрсады? — Халима тәте сыңғырлап күлді, — Бақытжан, түсіндіріп айтшы, жаным.

— Мен Әз аға Мәншүкті ойлап жылап отырған кезін қиып тастамай, сол қалпы хабарға салып жібердім. Өйткені өте әсерлі, Мәншүктей батыр қызды ойлап, қазақ халқының атақты жазушысы егіліп жыласа несі айып, тәте. Атанын айтқан сөзін өмірімде бірінші рет орындамадым, аға сіздің көзіңізше алып таста деп қатты тапсырып еді, ал мен сол күйі экранға жіберіп, ата ренжитін болды-ау деп уайымдап отырмын. Тәте, халқының атақты жазушысы Мәншүктей асыл апамызды жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, қимай қиналса, қартаң тартқан жасына қарамай, жас баладай шын көңілден ақтарыла жыласа, еліміздің маңдайына біткен жұлдызын ұмытпай, жүрегінде мәңгілік сақтағаны емес пе? Тәте, сіз қалай ойлайсыз?

— Бақытжан, қайдан білейін, сен телевидение саласында жиырма жыл қызмет істеп келесің, өз жұмысынды жақсы білесің, мүмкін сенің ойың да дұрыс шығар. Ағаң біраз ренжіп, ашуы басылңр, уайымдама ештеңе етпес, — деді Халима тәте мейірімді үнмен. Әйткенмен, алабұртқан көңілім басылмай, үйге көңілсіз келдім. Әзілхан ағамды Қабылхан әкемдей жақсы көріп, өте қатты сыйлайтынмын, сезімтал жазушының көңіліне қаяу салдым ба, ер адамның көз жасын бекер көрсеттім бе десем, енді бір ойым — қыршын кеткен қазақтың батыр қызын ойлап, жазушының жылағаны — асқан парасатты азаматтығын, халқы үшін құрбан болған қаршадай қазақ қызын ойлап толғауының өзі адамгершіліктің асқан белгісі емес пе, көкейдегі ойлар тыным табар емес. Мен кешкі сағат алтыда ағаның хабарды көріп отырғанын сезіп, одан сайын дегбірім кетті.

— Қап, туған әкемдей аяулы жанды ренжітіп алғаным-ай,

— деймін қамығып, әдетте менің хабарларымды көріп, Әз атан жақсылығын айтып мақтаса, төбем көкке жеткендей қуана қалатынмын. Кейде кемшіліктерін тәптіштеп айтып, сол жатын жетілдіре түс деп пікірін айтып, қамқорлық жасайтын. Бүгін не деп айтар екен, — деп, жүрегім лүпілдеп, телефон шыр ете түссе, өз тағдырым шешілгелі тұрғандай қатты толқыдым.

— Бақытжан, сен бе айналайын, — Халима тәтемнің биязы, жұмсақ дауысы екен, — балалар қалай, Нұрланның сабағы жақсарды ма? Мен жауап беріп жатып, есіл-дертім ағаны ойлап, — Аға хабарды көргесін маған ренжіп жатыр ма? — деппін абдырап. — Ағаңмен сөйлесе ғой, — деп Әз атаға трубканы бергені. Маңдайымнан сұп-суық тер шытып, — Аға, — дедім даусым әрең шытып. — Бақыт,'айналайын, сен бүгін тағы бір ерлік жасапсың, мен шығарма деп екі рет ескертіп айтқанымды тыңдамай, ең сезімтал тұсын хабарға қосып жіберіпсің, деп, бағана тәтең айтқанда, алғашында саған ренжіп қалтам, жаңа хабарды көрсем, өте табиғи, шынайы дүние. Әрине, Мәншүк апайын бәріміз жоқтауға лайық азамат.

Менің үстімнен үлкен бір жүк түскендей бойым жеңілдеп, рахаттанып қалдым. Әзілхан аға сабырлы үнмен сөзін жалғастырды.

— Осы жолы атанды тыңдамай, нағыз тележурналист маман екеніңді көрсеттің.

Әз атанын бұл сөзі маған ең жоғары награда алумен бірдей болатын, "Рахмет аға" деймін шын көңілден риза болып,

— Бақыт, тәтеңмен сөйлес, — деп Халима тәте трубканы алды.

— Бақытжан, ертең балаларды алып үйге келіндер, көп болды немерелерді көрмегелі.

— Жарайды тәте, ертең барамыз, — деймін қуанып.

— Алақай, ағам мен апама қонаққа барамыз?

Балалардың қуанышында шек жоқ, өйткені апасы тәтті- дәмділерін пісіріп, жақсы көріп, тым еркелетеді.

— Мен апамды сатынып қалып едім, — дейді кішкентай ұлым көзі жәудіреп. Ертеңінде 9-мамыр Жеңіс күні болатын. Халима тәте балалардың бетінен сүйіп бауырына басып құшақтап жатыр. Сол жылы Ерлан мектепке бірінші класқа бармақшы еді.

— Мектепке барғанда үздік оқисың ба? деді Халима апасы Ерланның маңдайынан сипап.

— Білмеймін, — дейді Ерлан аққұба жүзі қызара ұялып.

— Білмегені несі? — Әзілхан ағасы ақыл айта бастады, — генерал болмаймын деген жауынгер, нағыз жауынгер емес. Қой, оның жарамайды, балам.

— "Беске" оқисың ба? — деймін мен де шыдамай.

— Білмеймін, — дейді Ерлан одан сайын ұялып.

— Ерлантай, сен өйтіп жасық болма, — дейді Әз ағасы. Халима апасы Ерланды құшақтап, бетінен өбіп, — Кішкентай бала әлі мектеп табалдырығын аттаған да жоқ, сондықтан қайдан білсін. Ал біз жан-жақтан қаумалап, "үздік оқушы боласың ба, екпінді боласың ба?" деп, жас баланың есін шығардық, — деп сыңғырлап күлді. Халима тәтенің көңілді күлкісі бәрімізді жадыратып жіберді.— Расында әлі білмейді ғой, шынын айтып тұр ғой, — дейміз бәріміз Халима тәтеге қосыла күліп.

Халима тәтенің табиғи мейірімді мінезі, имандылық үйірілген сүйкімді бет-бейнесі, биязы, әдепті сөзі баланы да, үлкенді де бірден баурап алатын. Бота көзі жәудіреп, күлімдеп іш тарта қарағанда-ақ, адамның ішкі жан-дүниесін рентгенмен көргендей, сәл қас-қабағыңнан ақ қуаныш, ренішіңді жан-тәнімен ұта қоятын. Бұрын мен қызмет істейтін Қазақ телевидениесінде Сағат Әшімбаев, Қамал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Ғаділбек Шалахметов сынды үлкен тұлғалардан үлгі-өнеге алып, бірге әріптес болсақ, соңғы кездері дікен деген "Жаңа қазақ" бастықтар қаптап кетті. Олардың қайсібірі келе қалып, жасы жиырма-отыз жыл жұмыс істеген ардагер журналистерді "қысқартуға" түсіріп, заман талабына сай жастармен жаңалап жатқаны, "көре-көре көсем боласың" демекші, отан да көз үйренді. Сондай бір мезетте Қазақ телевидениесінде жиырма жыл қызмет істеген маған да тықыр таянып қалыпты.

Бірде Әз ағамен әңгімелесіп отырып, сол жайлы айтып қалтам. Ертеңінде телефон шыр ете қалды, алсам Халима тәте екен.

— Бақытжан, қалың қалай, айналайын? Балалар аман есен бе? Кеше сен "жұмыста "қысқарту" жүріп жатыр, мен де қырықтан асқандардың ішінде ілігіп тұрмын" деген жаңалығыңды естіп, күйеу баламыз Оңғар марқұм жақында ғана қайтыс болды, енді сен жұмыссыз қалсаң балалардың күні қалай болар екен деп түнімен ұйықтай алмадым, — деді.

— Тәте, маған қызмет табылар, оны несіне ойлап уайымдайсыз, сіз өзіңіз ауырып жүрсіз, сөйте тұра түнімен ұйықтамай немерелеріңіздің жайын ойлайсыз. Тәте, бәрі дұрыс болар, ештеңе уайымдамаңыз.

Балалар мен менің жайымды Халима тәтенің ойлап мазасызданғаны — аналық шексіз мейірбандығы көңіліме қуаныш, адамға деген сенімділік, жылылық ұялатты. "Шіркін, жер бетіндегі адамдардың бәрі Халима тәтемдей ізгілік нұрын шашып тұрса, жұрттың бәрі қазірдің өзінде-ақ жұмақ бағында турар еді-ау. Қазіргі белес ала бастаған мемлекетаралық, ұлтаралық соғыстың өрті өшіп, қой үстіне бозторғай орнаған мамыражай заман орнар еді-ау," — деймін Халима тәтемнің мұншама мейірімділігіне риза болып. "Мына заманда басқа қызмет табу қалай болар екен" деген мазасыз ой да мүлде жоғалып, кеудемді қуаныш кернеді. Тіпті, қызметтен қысқарту да ұсақ-түйек түкке тұрмас шаруа болып көрінді. Халима секілді аяулы анамыз түн ұйқысын төрт бөліп, мені, балаларды ойлағаны — мұндай биік адамгершіліктің жанында басқа күнделікті күйбең күнкөрістің бәрі ұсақ-түйек болып көрінді.

Қайран Халима тәте бүкіл қазақ балаларының анасындай мейірімді жан еді-ау. "Бетегеден биік, жусаннан аласа" биязы, мейірбан мінезі қандай тамаша! Үлкенге ізет, кішіге қамқор, өзгеше қайталанбас тұлға еді. Әзілхан Нұршайықов секілді ағамызға қос аққудай жарасқан Халима Өзбақанованың жарқын бейнесін ізгілік нұрын шашып, жанымызға жылылық шуағын бергендей.

("Дала мен қала" газеті,

№19(44), 14-мамыр, 2004 ж)

Наши рекомендации