БӘлдік байтоҒайҰлы

(1891–1944)

Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі болған, ақын Бәлдік Байтоғайұлы 1891 жылы Торғай уезі, 1-Наурызым болысы Қызбел ауылында дүниеге келген.

Ауыл арасында жастайынан ақындық өнерімен танылған Бәлдік есейе келе ел ісіне араласа бастайды. Қызбелдегі М.Дулатов ашқан мектепке өз үйін беріп, елді сауаттандыруға ат салысқан. Торғай өңірін аштық жайлаған кезеңде де арнайы топ ұйымдастырып Қараөткел, Есіл бойын аралап, астық жинап әкеліп, жұтаған елге өз көмегін тигізген ақын 1937жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, Магаданға 25 жылға айдау жазасына кесіледі. Ақынның көптеген өлеңдері жойылып кеткен. Бізге жеткені жазасын өтеп жүрген кездегі өлеңдері мен ақталып елге келген кездегі шығармалары ғана.

САРЫАРҚАҒА ШЫҒАРҒАН ӨЛЕҢ

Сәлем де Сарыарқаның алабына,

Бұрылып бөлек шыққан танабына.

Жасымнан қоныс қылып мекен еткен,

Ақсуат Толтан түбек аралына.

Кіндігі Қоңыраулы сағасы еді,

Бас қосса үш Апайдың адамына.

Мәжіліс ойын тойы жарасушы ед,

Жеткендей көңілге алған талабына.

Мен туған сол алапта бір жан едім,

Сағынып сөз түседі қаламыма.

Жас жетіп жер ортаға таянғанда,

Кез болды нақақ жала таланыма.

Ісімді әділ үкімет адал шешіп

Ақталып туған елге барамын ба?

Болмаса бір күн басқа ажал жетіп,

Көміліп бір шұңқырда қаламын ба?

Болжаусыз мұның бәрі тағдыр ісі

Көңілдің кімдер жеткен қалауына.

Аз емес мойнымдағы артылған жүк

Жетпестей қалған өмір санауыма.

Өмірі адамзаттың тегіс болмас,

Көңілдің кім жетіскен қалауына.

Әуелі туып-өскен жерге сәлем.

Сол жерді мекен еткен елге сәлем

Ел үшін ықыласымен қызмет еткен

Ақ ниет, адал жүрек ерге сәлем.

Мекені Қазақстан Сарыарқада

Көк орай, айдын-шалқар көлге сәлем.

Үн қосып анасына жамырасқан

Төрт түлік малдан туған төлге сәлем.

Өсірген төл анасы малға сәлем,

Жоқ емес, осы күнгі барға сәлем.

Ауруды шипа қылып сауықтырған

Сары қымыз сапырулы балға сәлем.

Ертеңін жазған хаттай айтатұғын

Қария көп жасаған шалға сәлем.

Бірге өсіп, туған жерді білетұғын

Сұраған мені еске алып жанға сәлем.

Сарқопа, буың шығып мұнарланған,

Айнала көк бетеге шұбарланған.

Кей жылы қамытшылық қыс болғанда

Саған кеп паналауға құмарланған.

Ақпанның қалшылдаған аязында

Жып-жылы буың шығып тұмандаған.

Жүрмейтін қара боран қалың дүлей

Қыстаушы еді шаруалар құралданған.

Қыс болса бетке жылы буың шыққан,

Мал жанға бірдей жайлы нұрың шыққан.

Колхозшы қаза басып балық алып

Әпәнда қауышты суың шыққан.

Ішінде таусылмайтын аң мен балық,

Шаруа қуанушы еді балық алып.

Қазыны майландырып күлімсіреп,

Тұрушы ед Нұрмағамбет қапқа салып.

Үйшіктен сүзекімен лақтырғанда

Шортандар бұлқып жатар мұзға барып.

Аралас ақ балықпен алабұға,

Көргенде бұл да қызық көзің қанып.

Мұз бетіне ойран салып асау шортан,

Бұлқиды өзі-өзімен ылаңданып.

Атады дәу табанды қолсандықтай

Нұрекең сүзекені суға малып.

Қоймайды ізге түссе қандай аңды

Ақ тиын, түлкі, күзен – бәрін қағып.

Еңбекпен атақ алған екпінді ердің

Ісіне таң қалушы ед көрген халық.

Қызығы Сарқопаның сондай еді

Жасымнан туып-өсіп көрдім анық.

Қамысы қарағайдай қызулы отын

Шаруа маздатушы еді отқа салып.

Таусылса алып келу қиын емес

Түгелдей қазір барып шауып алып.

Шөп жемей жайылыммен мал шығушы еді,

Қаз оты, сүйрік саусақ барын шалып.

Осылар еске түссе сағындырып

Өртейді өзегіңді күйіп-жанып.

Қар еріп жазғытұрым су болғанда,

Күн жылып жердің беті бу болғанда.

Бұл-дағы мезгілінде қызық еді.

Ән салып түрлі құстар шу болғанда.

Айдынға келіп қонып аққу мен қаз,

Сыңқылдап әнге салып қылады мәз.

Келуші еді мекеніне жануарлар

Қыс өтіп, күн жылынып болғанда жаз.

Көк теңіз қопа толды құла суға,

Жер жібіп, шөптер өсіп жылы буға.

Жасаған табақтай қып ұя салған

Жыл құсы жұмыртқалай қалғанында.

Екі өзен – Теке менен Қоңыраулы,

Сай-сала толып жатыр аты даулы.

Таласып Сарықопаға құюшы еді

Еткендей бір ауыздан бәрі қаулы.

Сарықопа осылардың арнасы еді,

Өзен сай бұл қопаның баласындай.

Толтырып Шүмектіден құятұғын

Мұқырым сен де айтылмай қаласың ба-ай.

Алабы Сарықопаның көрінуші еді,

Шыққанда Қарекеңнің обасын-ай.

Даярлап еңбекшілер салып қайық,

Айдынның кемеріне қақпан жайып.

Құспенен жұмыртқаны қатар алып

Қалушы сол уақытта бір тоғайып.

Қайықпен қалың нуды тіліп жарып,

Қай жерде ұя барын біліп алып.

Әуелі жұмыртқаға тимей тұрып

Кетеді ұясына қақпан салып.

Аралап келесі күн сыпырады

Құсымен жұмыртқаны қатар алып.

Қайықты толы қылып кешке таман

Нұрекең қайтушы еді гүлдей жанып.

Әкеліп замандасқа беруші еді

Азырақ шаттықпенен күліп алып.

Бір емес талай адам кәсіп еткен

Қылады таусылмайтын құс пен балық.

Жылдарда күйзеушілік көмек болып

Күнелтіп кетуші еді талай халық.

Су тасып Қоңыраулы сағасына,

Өзеннің асып шығып жағасына.

Көк шалғып ұлы байтақ өсуші еді

Шегініп су қайтқанда сабасына.

Колхоздар ие болмай көп шабынға

Шабылмай қалушы еді даласында.

Үйіліп мая, шошақ үсті-үстіне

Қарасаң көз сүрінеді қарасына.

Мол жетіп қол ұзарды айдауына,

Биенің құлыны өсіп байлауына.

Шарабас, Қызбелімнен аққан бұлақ,

Ел қонып отырушы еді жайлауына.

Қызбелім, Қызбел десе белің қандай,

Көк адыр сұлап жатыр тартқан сымдай.

Төгіліп екі жаққа мөлдір бұлақ

Таласып ағып жатыр бір күн тынбай.

Қызығың еске түссе қайран Қызбел

Зарығып сағынамын сабыр қылмай.

Көк шалғын көк бетеге шөбің шүйгін,

Жұпардай таза ауа шықса биігің.

Қатыр мен Қыземшектің адырына

Шаңқылдап көк қаршыға қонар тұйғын.

Жайлаудың жанға рахат қайран Қызбел

Келеді сағынғанда қыздай сүйгім.

Қызбелім сұлу қыздай керіліп тұр,

Үстіне қыпша белдің шыққан кезде

Аңғары Қарт пен Күйік көрініп тұр.

Көкорай шалғын өскен жиегіне,

Мұздай су жұтсаң өтер сүйегіңе.

Наурыз алабымен көрінуші еді

Шыққанда Тоңқайманың биігіне.

Бұлдырап бұлақтары жетіп жатыр

Жетелеп алып барсаң Күйігіңе.

Қабағы Тоңқайманың сондай биік,

Төрелер бағынғандай басын иіп.

Наурызым алабымен Бозқасқаны

Көзіңе көрсетеді бәрін жиып.

Бозқасқа бұған қарай мұнаратын

Айту мен шақырғандай көңіл сүйіп.

Мен сенен аласа емен дегендейін

Шоқтығың кербезденеді бөркін киіп.

Қасында қарсы қарап есен-аман,

Қара жол жортып жатыр соған таман.

О дағы үш адырдың бірімін деп

Мұнартып қабақ түйіп қарап бұған.

Алабы Қартпен Күйік жатқан байтақ,

Көк шабын малға жайылым көрсең байқап.

Колхозшы машинемен сыпырушы еді

Көкорай шалғын кезде шауып жинап.

Жұпардай ауа жақсы салқын самал.

Түлкімұрт, көк бетеге, жоңышқалы

Шайлайды семіздіктен жайылған мал.

Сағынып сені жоқтап тұрмын бүгін,

Таусылмас айта берсе көп қызығың.

Жаз күнде жанға рахат қайран Қызбел

Болмаушы еді ызыңдаған маса-шыбын.

Құттыбай ағып жатыр Қартқа қарап,

Тұрмайды ағысына тас домалап.

Қыс болса буы шығып қатпай ағып

Колхозшы егін салады сені қалап.

Дұрыстап бөгеп алса аққан суың

Салсада неше гектар жатыр жарып.

Көлімізге малды жайып айдағанда,

Биені желі тартып байлағанда.

Ойын-той көп қызығың түседі еске

Ел қонып Жалғыз көлге жайлағанда.

Мейірі құлағыңның қанушы еді

Айдынға аққу қонып сайрағанда.

Көк адыр таусылмайтын бойың ұзақ,

Қақ жарған қара жолды жатыр сұлап.

Зулатып қара жолмен жүргеніңде

Түсуші еді Айтбайдан ойға құлап.

Лекер мұнда кел деп шақырып тұр

Арасы жүргендерге емес жырақ.

Алабы Жыландының малға тебін,

Тұрса да қысты күні қарлы боран.

Шыққанда Лекердің қабағына,

Көз жетпейді Сарықопаның алабына.

Қара жол тартып жатыр күн батысқа...

Андағұл, Шеңбербұлақ, Талдықұдық,

Жайлаған шаруашылық малды құдық.

Аунаушы ем жас күнімде шаңдағыңа

Жат болды енді менен қалғаны ма?

Жартыбас күн ыстықта суың тастай,

Жұтқанда мейірің қанады ішкен астай.

Жүргенде қара жол мен ерсіл-қарсыл

Кетпейді бір жолаушы сені баспай.

Түседі сағынғанда жер есіме,

Келмейді жерден бұрын ел есіме.

Саласы Талдысайдың көрінуші еді

Шыққанда Есенбике төбесіне.

Бәрі де енді жат боп қалып барады

Тағдырдың салғанына көнесің де.

Аршалы аңырайып бұлдырап тұр,

Көк майса жекесінде ылбырап тұр.

Аршасы, тобылғысы ұшқаттары

Жел соқса ызың қағып сылдырап тұр.

Мекендеп арасында қызыл түлкі,

Аулаған екпінді ердің болар мүлкі.

Тазысын қосарына ертіп алып,

Аңшылар салушы еді ойын-күлкі.

Қызығың толып жатыр еске тұтар,

Зарығып сағынғанда көңіл мұңар.

Аршасы алып келіп отқа жақсаң

Аңқиды үй ішіне иісі жұпар.

Қайран жер туып өскен Сарыарқада

Өлгенінше қызығыңды кім ұмытар.

Шарабас Қызбеліммен бір тұтасқан,

Көк шалғын мөлдір бұлақ жер ұнасқан.

Мұнартып күн шығыста Қотыр тұрса

Екідің едірейеді күн батыстан.

Бұлдағы кербезденіп керіледі,

Менсінбей төбелерді жерлерді.

Болғандай Сарқопаның мұнарасы

Алыстан атой беріп көрінеді.

Иіріліп Теке жатыр нақ қасында,

Бәрінде аралаушы ем мен жасымда.

Сеңгірі Құлбекемнің көрінуші еді

Шыққанда үлкен Діңнін қақ басына.

Шаруа күн көретін жер едің сай,

Тебуші еді бауырыңды жабағы-тай.

Азықты еңбекшілер мол алатын

Сарыоба бейнеттенген егінге жай.

Наурызым, Сыпсың менен шөбің шүйгін,

Сағынып қызығыңды еске түйдім.

Жазықсыз жерден ауып кеткен кезде

Осындай туған жерді нағып қидым.

Қимасқа өз басыңда еркің бар ма

Кетерде жүрек жанып от боп күйдім.

Ақырында сабыр етіп болған іске

Көзімнің бұршақтаған жасын тыйдым.

Аман мен Қазанбасы қалың орман,

Айнала шалқыған көл сол мен оңнан.

Өседі өрім ағаш сый даланың

Кәдімгі шығарғандай егін қолдан.

Даласы егінге жай көк бетеге

Қап-қара топырағы дымқылданған.

Көсілітіп трактормен бұйралатып

Колхоздар жазғытұрым егін салған.

Егіннің көптігіне көз жетпейді

Бұрылып жүре алмайсың қара жолдан.

Кей жылдар бітік шығып бере қалса

Колхозшы үш жылдығын бірақ алған.

Көз жетпейтін өсіп тұрған көк егінге,

Арқаның бәрі де бай шөп егінге.

Жайқалып пісер кезінде толқынданады

Жеткенше ұлы тобыр кемеріне.

Арал мен Обағанның бары солай,

Арқаның таусылмайды жері талай.

Көк Есіл, Көкшетау мен Әйет, Тобыл

Жер едің еңбекші елге ағылған май.

Май емей бұл немене ойлап тұрсаң

Маялап жиналатын қызыл бидай.

Табысы жалғыз ғана егін емес

Мыңды айдап әр түлектен колхозы бай.

Бұл жерлер нағып мені сағындырмас

Болады ойлағанда көңіліме жай.

Сарықопа кеттің қайда сенен бастап,

Айтамын көрген қызық жерді растап.

Өлкеаяқ, Қабырға мен Қошалақты

Кетуге жарамайды айтпай тастап.

Қошалақ қысты күні қатпайды қалың,

Шөп бермей жайып шығар көп жұрт малын.

Ұядай боран жүрмес шұңқырлары

Мал келіп паналаса шиі қалың.

Арыққа шөбі жемнен қем болмайды,

Жоңышқа, көк бетеге шалуларың.

Құдығы белден қазса суы тастай,

Шегендеп қысты күні бетін ашпай.

Колхозға мал өсірген жер ұнамды

Қалмайды күйек алсаң тоқты қашпай.

Отарлап малын салып, қосып қосын,

Колхозшы келтіруші еді көңіл қошын.

Атыңды қалмақ қылша май деп қойған

Айтылмай қаласың ба ұлы Тосын.

Қыс болса боран жүрмес панаң биік,

Еңбекті ел қостаушы еді сені сүйіп.

Тобылғы, арша, жидек қатар өсіп

Отынға жер қарада алар жиып.

Жауған қар арасында борамайды

Секілді түндіксіз үй тұрған тұйық.

Жайылса мыңдаған мал бір шұңқырда

Жайланып арасында жатар сыйып.

Арасы толып жүрген түлкі, қарсақ,

Жетелеп ізге түсіп тазы салсақ.

Байлайды қанжығаға бұлаңдатып

Екпінді ер ел ішінде болған аңшы-ақ.

Артықша семіред деп Тосын малы,

Мақтайды бір мен емес елдің бәрі.

Қалмақтан ер Жәнекең таңдап алған

Деп айтып отырушы еді қариялары.

Ортасын ұлы Торғай жарып жатыр,

Батысқа бұлдыр қағып ағып жатыр.

Мақал сол су аяғы құрдым деген

Түк шықпас ұлы сорға барып жатыр.

Жер бар ма Сарыарқаның даласындай,

Өзен, құм, орман, қопа панасындай.

Айнадай атпен шапса жері тегіс

Көз жетеді алыстағы қарасындай.

Бәйгеге жүйріктерді қосушы еді

Үстіне мінгізгенді баласын бай.

Арғанаты Ұлытаудан ағып жатқан

Жер қайда ен Торғайдың саласындай.

Қабағы аққан бұлақ айнала өзен,

Шың, құз боп кездеседі тау мен кезең.

Тебінде жабағы-тай өсіп шыққан

Жер еді аралаған бәрін сезем.

Түбегі борап жүрмес қалың қияқ,

Тебіннен боран шығар салсаң тұяқ.

Шарасыз ерік бар ма тастап кеттім

Неғылып қызығыңды көзім қияд.

Колхоздар мыңдап малды айдаған жер

Мақтауға сені Торғай сөзге сияд.

Өзіңе қалың тоғай паналадық,

Отардың алшақ салып араларын.

Жаз күні колхоз малын семіртуші еді

Торғайдың жайлап жайын салаларын.

Табаны таусылмайтын ұлы шабын,

Оралып жүре алмайтын шөбі қалың.

Көсіліп машина мен сыпырады

Көкорай піскен кезде биік шалғын.

Бір жылда, жыл жарымдық шөбін шауып,

Малына мол жететін азық алып.

Үйілген маяларға көз сүрінеді

Қандай жұт болса-дағы жоқ қой қауым.

Жалдама Торғайдың бір саласы еді,

Ел қыстап мекен еткен жамасы еді.

Қыр егін өсіп шабын таусылмайтын

Басқадан берекесі тамаша еді.

Құйылысы Жалдаманың Батпаққара,

Шөп, қамыс қалың жері пана.

Малға бай мекен еткен елі қалың

Айдаған колхоздары мыңдап қара.

Бет алып Сүліктіге шыға келсең

Малға орын, салсаң егін беткей дала.

Қаратып 15 ауыл бағып елді,

Мекендеп малға жайлы байтақ жері.

Геройдың атыменен атақтанып

Гүлденген аудан болып Аманкелді.

Көз салсаң қыр қуыстың алабына,

Таусылмас ұлы шабын табанында.

Көк шалғын аққан бұлақ қызыл қайың

Дәмдінің шығып көрсең қабағына.

Отырсың арасында курорттай

Жұпардай салқын ауа самалына.

Осылар ойға түссе сағынасың,

Қайғырып жалғыз өзің қамығасың.

Төзесің сабыр етіп амалың жоқ

Тағдырдың тәртібіне не қыласың.

Екеулеп ақыл, сабыр жеңіп шығып

Соларға ақырында бағынасың.

Ісімде әділ өкімет адал шешіп,

Ақталып бұл жаладан көңілім өсіп.

Дүниеге жаңа шығып туғандай боп

Көремін сонда сені болса нәсіп.

1940 жыл, Колыма

Наши рекомендации